Мұнда әр бөлім бойынша тыңдалым тапсырмалары мынадай үлгіде берілген:
1.1.1. (1-бөлім, 1-сабақ, 1-тапсырма), 1.1.2. (1-бөлім, 1-сабақ, 2-тапсырма).
Оқушылар 3-тоқсанда ғана қазақ тіліне тән дыбыстармен таныса бастайды. Сондықтан қазақ тіліне тән дыбыстарды толықтай үйреніп болғанша, оқулықтағы барлық материалды мұғалімнің түсіндірумен және аудиодискіден тыңдау арқылы ғана қабылдайды. Осыған орай оқулық бойынша дайындалған аудиодиск мұғалім үшін де, оқушы үшін де өте маңызды. Мұғалім аудиоскіні оқушыларға оқулықтағы жаңа сөздерді, құрылымдық үлгілерді, диалог, мәтіндерді үйрету, таныстыру мақсатында қолданады. Осы мақсатта дискідегі материалды кемінде екі рет тыңдату ұсынылады. Алғашқыда тек тыңдату, түсіндіру жұмыстары жүргізілсе, екінші қайтара тыңдағанда тыңдату, қайталату әрекеттері жүзеге асырылады. Сондай-ақ жазбаны қажет тұсында тоқтатып қойып қайталату, түсіндіру де тиімді болады.
Дәптер бойынша тыңдалым тапсырмалары да оқулық үлгісімен берілген.
Жұмыс дәптерлерінде тыңдау арқылы орындалатын тапсырмалар мынадай үлгіде берілген: - Тыңда. Суретін сал.
Тыңда. Белгіле.
Тыңда. Боя.
Тыңда. Жаз.
Тыңда. Сұраққа жауап бер.
Мәселен, 1-бөлімнің 4-сабағындағы 3-тапсырманы (3.4.3) орындау үшін, оқушылар ненің суретін салатынын тыңдайды. Мысалы: Алты қарындаш. Бес текше. Яғни оқушылар дәптерге алты қарындаш пен бес текшенің суретін салуы керек. Тапсырманы орындау кезінде оқушылар «Алты қарындаш» деген сөйлемді тыңдағаннан кейін, мұғалім оқушылардың осы суретті салуына уақыт беруі қажет. Содан кейін екінші суреттің тапсырмасын тыңдатады, оқушылар суретін салады. Бұл арқылы оқушылар тыңдаған ақпаратты қаншалықты дұрыс түсінгендерін көрсете алады.
Оқулыққа арналған электрондық қосымша тапсырмалар.
Бұл тапсырмалар оқулықта қамтылған лексикалық тақырыптар бойынша құрылған, оларды орындау арқылы оқушылардың АКТ-ні қолдану дағдылары қалыптасады. Тапсырмалар өткен материалды қайталауға, бекітуге бағытталған. Электрондық қосымша белгілеу, сәйкестендіру, дұрыс жауапты таңдау, әріптерден сөз құрау, сөйлемдегі сөздерді және мәтіндегі сөйлемдерді ретімен орналастыру сияқты оқушылар үшін қызықты әрі танымды болатын тапсырмалардан тұрады. Қосымша тапсырмалар мынадай үлгіде берілген: 1.1. (1-бөлім, 1-сабақ), 1.2. (1-бөлім, 2-сабақ).