Туркестанская Библиотека - www.turklib.ru – Turkistan Library 89
қатыгез ұшқын орнапты. Жүріс-тұрысы да шып-ширақ.
Ханымдарының бойындағы мына өзгерісті нөкерінің қырағы көзі бірден
байқап
қалды.
Бұрынғыдай
жабыса-жармаса
кетуге
бір
түрлі
қаймыққанмен, ішінен риза боп, қайтадан мəз-мейрам күйге түсті.
Ханым кешке құлқы болмай, көріп тұрып, көзге ілмей кеткен асыл мата,
қымбат тері, қызылды-жасылды жиһазды сарайына алдырып, қайтадан
қарап шықты.
Күтуші кемпірге көңілі ауғандарын көрсетіп, не киіп, не тіктіретінін айтып
əмір бере бастады. Ханшаның байыбына бара алмаған жерінде күтуші
кемпір ретін тауып, ақыл қосып қояды. Ханым ондайда бұрынғыдай
аузын ашып таңырқап қалмайды, «е, осы дұрыс екен» деп елп ете де
түспеді, қызметшісінің сөзін үн-түнсіз тыңдап, келісім бермес бұрын біраз
ойланып алады.
Қақсал кемпір ханымның билік дəмін түсіне баста-ғанын аңғарып, ішінен
қыбы қанып, бұрынғы-бұрынғы ма, енді ауыр денесін асықтай үйіріп,
шұнаңдап кетті. Ханымның қазынасында не бар, не жоғын тексеріп, не
керек екенін, оның қай өлке, қандай уалаяттан табы-латынын айтып,
құлағына құйып бақты.
Ханым өзіне керекті заттарды айтып бас уəзірге күтушісін жұмсады.
Бас уəзір күтуші кемпірді қомсынса керек, мардымды ештеңе айта
қоймапты. Қызметшісінің айтып келген хабарын естігенде, ханым сарайға
қайтадан кісі жұмсап, уəзірді өзіне шақырды. Өз жауабына ханымның
шамданып қалғанын іші сезіп келген кəрі уəзір есіктен құлдық ұрып аттап,
кіре сала тапсырмасының бəрі де орындалатын болғанын, бұл сұраған
қымбат тері, асыл мата, иіс май мен əтірлерді жіберуге тиісті уалаяттарға
хат жазылғанын, арнайы адамдар жіберілетінін баяндады.
Əміршінің өзі сыйлайтын бас уəзірдің Кіші ханымның аяғына кеп бас
игенін көргенде, күтуші бас ұлықты өз аяғына жыққаннан бетер айызы
қанып тұрды.
Кіші ханым шаһардағы ең атақты шеберлерді шақырып, киім тіктіріп
жатыр дегенді естігенде бəйбіше сарайындағылар тұлынын тұтып
қалыпты.
Ханым өзі ойлап тапқан жаңа шаруаның соңына құнығып кірісті. Кіші
ханымға тігіліп жатқан киімдер мен уалаят-уалаяттардан жиылған асыл
дүниелер жайындағы алып қашпа əңгімелердің алды жорықта Əміршімен
бірге жүрген Ұлы ханымның да құлағына тиіпті.
Ұлы ханымның аузынан шығыпты-мыс деген лақаптар бəйбіше сарайынан
Кіші ханымның өзіне де жетіп жатты.
Ұлы ханымның шамына тигенін естіген соң, жас ханым бұрынғыдан
бетер масаттанды, жүрегіне күндесінің бейпіл сөзінен түскен жарақат
жазыла бастады. Қайтқан өштің сиқыр лəззаты жанына майдай жағып
барады, бəйбіше сарайындағылардың ішін күйдіретін, айла амалдың
бірінен соң бірін ойлап табады.
Бұрынғыдай емес, сейілді, серуенді көбейтті. Əсіресе күн қыза нөкер