198
Әдеби KZ
Киелі малдың құны осылай бағаланған.Жүйрік аттан айрылған жігіт жолдасын жауға
бергендей қайғыратын болған. Әйтпесе «Құлагерді» ардақты Ақан әнге қосып зарламас
еді, халқымыз әлі күнге сол әнді асқақтатып шырқамас еді.
Ертегіге үңіліп, ән-күй тыңдасаңыз да, поэма мен эпостарға зер салсаңыз да, ат туралы
айтылған жылы сөзді естімей қалған емессіз. Осы күнге дейін жақсы ат көрген жан «бір
сұлудың құны бар жүйрік» екен деседі. Бұдан артық жүйрікке кім таңдана алады, кім әділ
баға бере алады екен.
Дәл сол сияқты Аққұлдың «Көкшолағы» оның өміріндегі ең соңғы сәйгүлігі еді, ал өзі
жүйрік үшін ең соңғы серігі еді. Жүйрік те, иесі де бірін-бірі
қия алмаған дос сияқты бір
күнде көз жұмып, бұл тірлікпен бір күнде қоштасты. «Шіркін-ай, екеуі де әулие екен-ау»
деп еңірегенде, елдің қабырғасы қайысқандай болған.
Аққұлдың соңғы сөзі де, соңғы өсиеті де біреу еді. Ақырғы демі атына арналды: — Өле
кетсем денемді «Қөкшолақтың» терісімен ораңдар, — деп көз жұмды ол.
Аққұл атам өзінен соң «Көкшолағының» біреуге қалатынына қайғырып көп жатыпты. Ат
пен адамның шыбын жаны егіздей, ақыры екеуі де бір күнде үзілді. Енді сол жайлы аздап
әңгіме қозғасам деймін.
Әжемнің тұңғышы Айша деген қыз еді. Ол менің әкемнен он жас үлкен болатын. Осы
үлкен әпкемізді Қазығұрт етегіндегі Шегір руының Жантөре деген жігітіне ұзатқан екен.
Жездемнің ауылына бару үшін алдымен Шақпақ асуынан асатынбыз. Орыстар бұл жерді
«Кремень» деп атайтын. Өйткені бұл араның жылтырақ шақпақ тасы мол болушы еді.
Қараңғыда екі тасты бір-біріне үйкесең, ұшқын шығатын. Содан қазақтар «Шақпақ»,
орыстар «Кремень» деп атап кетіпті.
Шақпақтан өткен соң, Майлыкент, Түлкібас жазығын басып өтіп, Қарақшы белден асасың.
Сонан соң Машат ойпаңымен жүріп отырып, Ақсу бойын жағалайсың. Ақсу десе — ақ су.
Сонан тау шыңынан басталатын өзеннің бүкіл арнасы ақкөбіктеніп арқырап жатқаны.