Әдеби KZ Қылаусыз ашық аспан... Жарқын күлкісі жүзін жайнатып жібергендей биікте ай баяу
жылжиды. Майда, мамық сыбдыр бар — бұл түнгі ұйқыдағы ағаштардың тынысындай
секілді... Өркеш-өркеш жота. Жоқ, бұл қаз тізілген түйелердің өркешіндей елестеді. Сонау
көгілдір аспан жиегінде шөккен түйенің өркештері көз алдымнан кетпей тұрып алды... Бұл
Алатаудың айғыз-айғыз шындарына тіпті де ұқсамайтын еді. Нағыз алып өркештер
көргендей болдым. Сол сәтте тағы да бала кезім ойға оралып еді...
Онда мен бесте ме, әлде алты жаста шығармын. Әжеммен бірге жатушы ем. Әже құшағы
қандай ыстық, қандай мейірбан десеңші. Көзім ұйқыға кеткенше, әжем айналып-
толғаныпарқамнан қағып жатқаны. Еркелеп жатып қалғып кеткеніңді өзің де аңғармай
қаласың. Бір күні түн жарымында оянып кеттім. Орнымнан сездірмей тұрдым да, әжемнің
төсегінен алыстай бердім. Ондағы ойым қораның екінші бетіндегі .жем жатқан үйге бару
еді. Екі үйдің ортасында иін тіресіп, мойындарын көкке созған күйі маңғаз түйелер жатыр
екен.
Жүндері үлпілдеп түнгі самалға желпілдегендей сезілді. Түйелердің арасымен жүріп келе
жатып мен мамық жүнді ақ ботаның қасына еріксіз тоқтадым. Осы жерде отырып
жұлдызды аспанға телміріп ұзақ қарағаным есімде. Ай мені еркелете күлгендей сезілді.
Ал қаз тізілген түйелердің өркеші тау жоталарындай көлбеңдеп көрінгендей еді. Түннің
мамықтығы сонша, мен боталардың баяу демін айқын естіп тұрдым.
Мен әкеме келе жатқанымды ұмытып, осы жерде таңырқап тұра беріппін...
Ертеңіне үйдегілер мені екі ботаның ортасында ұйықтап жатқан жерімнен тауып алды.
Әкем мейірлене күліп алды, ал әжем қатты ашуланды. Содан бастап әжем үйдің есігін
бекітіп алатын болды...
Осы бір алыста қалған балалық шақтың бал түні сұрапыл соғыс кезінде елестер деп үш
ұйықтасам түсіме енген емес еді. Алайда қан майданда жүріп мен сондай түнді
елестеткенім бар. Өзімді көп өркештің ортасында, тау ішінде, нұрлы айдың аясында
баяғыдай кіп-кішкентай сәби сәтімде тұрғандай сезіндім...