Әдеби KZ
бергенімде, әлгі әйел асқан бір жылы мейіріммен құшып, еркелете сөйледі.Киізге кайта
жайғасқанымызда, менің хал-жайымды, денсаулығымды, мынау «қағынған соғыс
кезіндегі» амандығымды сұрай бастады. Өзінің ерте келіп сәлем бере алмағанына
кешірім сұрап жатыр. Сонда барып майшамның алакөлеңкесінде әйелдің Зәпира екенін
әрең танып едім. Әбден қажып бітіпті. Шүйкедей боп шөгіп, бүріскен күйі отыра берді.
Шамның күңгірт жарығы әжімдерін адырайта айқындап, тіссіз қушиған иегін де әйгілеп
тұр.
Мен шыдай алмадым.
— Жеңеше-ау, қартайып кеткенің қалай?
Зәпира алғашында бұл сөзімді естімегендей бейжай қалпы ауыр бір күрсінді. Сонан соң
мұңлы жанарын маған қадап, жай ғана үн қатты:
— Е, шырағым-ай, жеңешең не көрмеп еді? Тобыңа сегіз күшік асырап қосқанда, жалғыз
жанымның несі қалды дейсің? Әйтеуір аман жүргеніме шүкірлік еткейсің, шырағым!
Бұл сөзді ол толғанып, қайғылы үнмен айтып еді.
Ошақбай қарт мына сөзді ұнатпай, бас шайқай берді:
— Асылық етпе, келін. Ауыл әйелдерінің бақыттысы өзің емессің бе Зәпира?! Есігіңді
соғыс сойқаны қаққан жоқ, байың да алдыңда, сегіз балаң да алдында. Бұдан артық не
демексің Аллаға....
- Бөрік кигеннің бәрі азамат атын жоғары ұстап халқын қорғауға аттанғанда, Дәулет оған
да жарамады ғой, — деп ызалы сөйледі Зәпира. — Анасы сол үшін туғандай менің
қорушым боп жәрбиіп отырған жоқ па.
Оның үнінен мен сол баяғы қарсылық кегінің, зорлық көргісі келмеген бұлқыныстың,
қалыңмалға деген қарғысының ұшқыны әлі өшпегенін аңғарып едім.
95
Әдеби KZ
* * *
Енді әпкемнің бой жетіп, жар тандап, ұзатылған кезін баяндайын. Мамыттан қол
үзгенімізді естіген жұрт тұс-тұстан қыз айттырып, жаушы жіберуді көбейтті.
— Мамыттан кейін бар қалауды қыздың өзіне бергенбіз. Барар жерін, бақытын сеніп
тапсырар азаматын өзі қаласын! — деуші еді әжеміз.
Әпкем әбден толысып. ауылдың бұрала басқан бойжеткені болды. Содан ба, оның қолын
қара жұмысқа тигізбей, тек өрнек тігуге отырғызатын еді. Әпкем кестенің не түрін, алаша
тоқудың сырын, кілемнің өрнегін салуды үйреніп алды. Енді ол мойны мен кеудесін
алқаға толтырып, шашына шолпы тағатынды шығарды. Үкілі кәмшат бөркінің жиегіне де
шетірмек тігуші еді. Саусақтары жүзікке толы. Ауылдың еркесі атанып, жиын-тойдың,
айтыстың көркіне айналды. Өзі де еркін жүріп, ән-күйдің ортасында өсіп, жасының
жиырмаға шығып бара жатқанын аңғармай да қалып еді. Кейбіреулер әпкеме «кәрі қыз
боп отырып қалады» деген кінәрат та таға бастады. «Айттырып келгендерді алдаусыратып
сыпайы сөзбен сырғытып жібере беруші еді. Міне, жиырмаға да келіпті. Мұның артын
оңғарсын» — дейтіндер де табылды.
Бір күні ауылымызға екі салт атты келді. Бірі Батырбек әулетінен шыққан Балтабай деген
кісі де, екіншісі мұрты енді тебіндей бастаған жиырма бестер шамасындағы бейтаныс жігіт
екен. Әкем үйде жоқ. Жолаушыларға самауыр қайнатып, дастарқан жайылды. Жасжігіт
басын сәл иіп үнсіз отыр. Кеседегі шайын баппен ұрттайды. Әпкеме айтқан екі-үш ауыз
сөзі үйлеспеді.
Олар кеткен соң, біз ортаншы әпкеміз екеуміз әлгі жігіттің сызданған түрі мен сызылған
қылығын салып, сөйлеген оралымсыз сөзін қайталап мәз болыстық. Алғашында үлкен
әпкем қосыла күліп еді, кенет лезде ашуланды. Біз одан сайын мазақтап күлдік. Осылай
көпке дейін үлкен әпкемнің мазасын алып қоймаған соң, ақыры шапалақ жеп тындық.
Кешке әкем үйге келгенде, біз бүгінгі қонақтар жайын айттық. Үбиан үйден шығып
кеткенде, ортаншы әпкем екеуміз әлгілердің қылығын жүріс-тұрысын, сөздерін салып
мазақтадық. Сонан соң: «Жігіт Үбианға ұнап қалса керек, біз күліп едік, қатты ашуланды»,
|