97
Әдеби KZ
Осылайша жігіт ешкімге көңіл тоқтатпай аттанып кетеді.
Үйге келіп әкесіне бар жайды айтқан екен.
— Жеті күн жол жүріп, қияндағы елдерді араладым. Өзіме тең таппадым. Бір көрікті қыз
кездесіп еді, өкінішке орай ақылы шамалылау боп шықты. Сынай сұрақ беріп едім «жақсы
ат бір-бірлеп тартар, жаманы екеуден артар» деп жауап қайырды. Ұлының сөзін естігенде
әкесі күйіп кетіпті.— О, сормаңдайым-ай есуастың үлкені
сен екенсің ғой, балам. Қыз
сөзінің байыбына бара алмаған көкми сен болдың. Шамасы сен қомағай дастарқандағы
бауырсақты қос- қосынан бұралақтап аузыңа тыққансың ғой. Қыз соныңды мінеген. Ол
ақылды ғана емес, дана қыз екен.
Сонда жігіт бармағын шайнапты. Естеріңде жүрсін, балаларым,—деп күліп еді әкем.—
Бәлкім біздің үйге келген жігіт әдеп сақтап тартынған шығар.
Шайды сыздықтатып ұрттады
дейсіңдер ме?
— Иә.
— Е-е, онда мен сендерге тағы бір әңгіме айтып берейін, — деп әкем сөзін қайта
жалғастырды. — Баяғыда қыз айттырған
бір жігіт шаршап-шалдығып, шөлдеп бір ауылға
әрең жетіпті. Қызы бар үйге бас сұғып демін алған екен. Алдына дастарқан жайылып, шай
келіпті. Шөлдеп ерні кезеріп отырған жігіт қыз ұсынған шыныаяқты ала салып ұрттап
жіберіпті. Абайсызда аузы күйіп шайды әрең жұтады.
Көзі жасаурап, қызға сездіргісі
келмей аспанға қарай беріпті. Енді тіл қатпаса жеңілетінін біліп жігіт шаңырақтың ағашына
көзі түсіп:
— Мынау, қандай жердің ағашы болды екен? — депті.
Сонда қыз күлімдеп:
— Бұл саздау жердің ағашы, сабырсыз ердің жазасы, — деген екен. Жігіт өзге тілге келмей
аттанып кетіпті. Біздің үйге келген жігіт әлгі айтқандай қолайсыз
жайға ұшырап қалудан
сақтанған шығар.