Әдеби KZ Әкемнің бұл сөздері бізді ойлантып тастады. Кейін байқасам, қыз айттырған жігіт қыз
сынаймын деп отырғанда, оны ауылдың кәрі-жасы түгел барлайды екен ғой.
Арада екі апта өткен соң Балтабай қайта соқты. Әкем екеуі оңаша әңгімелесті де, қайтып
кетті. Біз сияқты балаларға мұндай кеңестің жөнін айтпақ түгілі үй маңына жолатпай
жіберді. Бірде әкем екеуміз қыстауға барғамыз. Әкем жоңышқа шапты. Кешке ауылға
жиналып жатқанбыз. Ойда жоқта Балтабай келді. Әкем мені қайраққа жұмсап жіберді.
Іздеп-іздеп таба алмадым.
Кенет атын жетектеген жігітті көрдім. Жүзі таныс сияқты. Ол мені қасына шақырып алып,
атымды сұрады. Тәтті беріп, мақтап жатыр. Ішім әлденеге сезіктенгендей болды да,
бағдарлай зер салдым. Алпамса денелі, ебедейсіздеу, шықшыты томпайған құс тұмсық,
қоңыр жігіт екен. Саусақтары шектен тыс үлкендеу көрінді. Тәтті ұсынғанда алақанының
мүйізденіп қатып кеткенін байқап қалдым. Қағазға ораған үгітпе темекіні сорып тұр. Киімі
әжептеуір екен, бірақ белтек-салтақ болып өзіне қонымсыздау көрінді. Әкемнің қасына
қайтып келгенімде, Балтабай қоштаса бастады.
— Асып жатқан атағы болмаса да, адал жігіт. Табан ақы, маңдай теріне сүйенген еңбекқор
ер. Қарапайым болғанмен, жаны кең. Жақында ғана әскерден оралды, — деді
Балтабай.
— Жарар-жарар, Балтабай. Ақылдасалық. Қабырғамызбен кеңеселік. Аздап мұрсат бер, —
деді әкем.
Сөйтсем Балтабай жігітке қыз көрсетіп, қыз ұнаған соң, екі ел арасында жаушылыққа
жүрген кісі екен. Сол жаушылық парызымен Балтабай ауылға талай келді. Қалыңмал мен
кәде жайына дейін әңгімелесіпті. Сөйтсем әпкем мен Аюбай жиын-тойларда, жастардың
сауық кештерінде бірнеше рет «кездейсоқ» кездесіп те үлгеріпті. Енді екі жақ
берікшешімге келер алдында әпкемнің ойын білуге сұрау салды. Әпкем бұл сұраққа
жауап беруден жалтарып, көзін тайдыра беретін. Бар айтқаны «мен бір байлаулы бұзау
емеспін бе. Әжем мен әкем кімге жетектетем десе еркінде» деген сөз болды. Бұл сөздің