Әдеби KZ келісім сөз екенін сол кездің өзінде қаршадай басыммен мен де сезгем. Екі аптадан соң
Балтабай Аюбайдың ауылынан жеті кісі ертіп келді. Ел жақсылары арнайы құда түсіп, бата
алысуға келген екен.
Қалыңмал жайы сөз болды. Келісім немен біткенін қайдам, әйтеуір әкем қыз ұзату тойы
ең жақын дегенде бір жарым-екі жылдан кейін өтетінін айтып отырып алды. Кұдалар
жағы оған көнгісі келмеді.
Қазір ойласам, әкемнің сондағы той мерзімін ұзартуға күш салып отырғанының түрлі
себептері бар екен ғой. Біріншіден, әкем дәулеті шалқып отырған бай емес еді. Сондықтан
қалыңдықтың жасауын қолма-қол әзірлей қоюға шамасы жоқ болатын. Ал бір жарым-екі
жылдың ішінде әкем шәрі аралап, базар барып жүріп, қыз жасауын атына сай етіп әзірлеп
үлгеретініне сенген сияқты. Екіншіден, болашақ отау тігетін екі жас бірін-бірі толығырақ
білсін, қалыңдық дәуренін қызықпен өткізсін дегені екен. Үбиан әпкем ренжімей
аттансын, бойжеткен шағында көрер тамашасын қысқартпай-ақ қояйын деген қамқор
көңілден шыққан шешім екен. Құдалар жағы болса келіндерін ертерек қолына алуға
асығады. Кім біледі, қайтадан айнып кетіп, қыз өзге біреуді қаласа масқара ғой. Сонан соң
даурығып, дауласып жүргенің. Ондайда кейде өткізген малың түгел өнбей, жырымдалып
кететіні бар. Жігіт жағы соны да ойлап қыпылдаған сияқты. Өйткені қалыңмалы төленіп,
енді-енді келін боп түседі деп жүрген кейбір қыздар Октябрь берген жаңа заманды арқа
тұтқанына, сөйтіп өзінің сүйгеніне қашып кеткенін естіп те, көріп те жүр еді олар.
Дегенмен құда түсіп, бата алысқан бұғауды көп ару бұза алмай, көнбіс әдетінен кетіп
жатқан.
Базар күні еді, Аюбайдың ауылынан жиырма шақты адам келді. Сөз бастары, жөн бастар,
жол сілтері Аюбайдың немере ағасы Онғарбай деген ақсақал екен. Қонақтардың
құрметіне мал сойылды. Бүкіл ауыл барын құдалардың алдына тосып, аяғынан тік тұрып
күтіп жүр. Барлық сый-сияпаттан соң, екі ауылдың игі жақсылары тізе қосып отырып бата
алысты. Қонақтар ат-шапан алып, көңілді аттанды.