125
Әдеби KZ
* * *
Мені Әлиман жұлқылап оятты. Сәске болып қалған екен. Ел түгел жиналыпты. Палуан
күрес басталған сәтке дөп тұрыппын. Елдің бәрі ығы-жығы жайғасып,
орталарына
палуандарын шығарыпты. Екі жақтың палуаны белдеріне орамал байлап, білектерін
сыбанып шарт та шұрт айқаса кетеді.
Бірін-бірі сынап, бірін-бірі бағдарлап, бірін-бірі
тексеріп топ ортасында алшаңдап жүріп алды.
Иыққа иық тіресіп, білектері сіресіп
сілкілесіп, біраз жүрген соң біреуі қарсыласын жерден тік көтеріп алды. Басынан асыра
лақтырмақ еді, анау
балтырдан шалып, қармақ жұтқан балықтан бұлқынып тұрып алды.
Сонан соң екеуі де қайтадан әдіс аңдып біраз жүрісті. Жұрт гулесіп бол-болдың астына
алуда. Кейбіреуі шыдай алмай, өз палуандарына тәсіл айтып айқайлайды. Айқайға құлақ
салар сәт пе. Тек күш ырқына, айла-шарыққа ғана бағынып анау екеуі аңдысумен жүр.
Ақыры біреуі жеңді-ау. Жеңген жақ палуанының аяғын жерге тигізбей дедектетіп, той
ортасына жасырып та үлгерді. Елінің ақсақалы келіп бәйгесін алды.
Бәйге де аз емес еді.
Шапан киіп, ат мініп, атлас орамал алып жатыр. Палуан күресін
балалар аяқтады. Осылайша қызықпен жүріп бұл күннің де аяқталғанын сезбеппіз...
Ертеңіне таң азанмен қалыңдықтың отауынан Үбианның сыңсыған даусы естілді.
Жеңгелері қыздың қызыл көйлегін шешіп, аппақ көйлек киіндіріп жатыр екен. Қыз
дәуренінің соңғы нүктесі қойылғандай сезе ме, әпкем булыға жылады. Жар-жарға ұқсас
бір әнді созып жылайды.
Осылайша жаңаша киіммен безеніп Үбиан отаудан шықты. Жеңгелері қолтықтап алыпты.
— Айналайын, бикешжан, бағыңды ашсын, — дейді біреуі. Екіншісі:
— Ата жолы осындай, еркежан. Ата-енеңнің
жоралғысын жасап жатырмыз, айыптама,
алтыным, — деп қояды.
Бір қарасам, Үбианның үйін жығып, түйеге артып жатыр екен. Тағы бір түйеге жасау
жайғасыпты. Бір жігіт Үбиан мінетін сәйгүліктің тізгінін ұстап тұр.