127
Әдеби KZ
Орталарында елтіріден тымақ киген, түйе жүн шекпенді желбегей жамылған қарт кісі бар.
Таяққа сүйеніп, еңкіш денесін әзер игеріп тұр. Мұрты қияқтанып,
аппақ сақалы
желбірейді. Әбден тарамыстанған салалы саусақтарымен сақалын дамылсыз тараштайды
екен. Сөйлегенде иегі дірілдейді.
Осыншама кәрілігіне қарамай, тістері әлі бүтін көрінеді. Денесінің сіріңке қаралығын
аппақ сақал ерекше айқындап тұр. Айналасындағының бәрі «ата-аталап!» елпілдеп жүр.
Бұл біздің бас құдамыз — Аюбайдың әкесі Майлыбай ақсақал екен.
Бізді үлкен үйге Майлыбайдың өзі бастап кірді.
Әжем екеуі қатарласа жайғасып, маған
әжемнің сол жағынан орын берді. Өзге ағайындары жасына қарай,
құрметіне қарай
қатарласып отырды. Үйде бір сәтке тыныштық орнап, бәрі де бір-біріне жылы шыраймен
қарасады. Әлден соң Майлыбай әжеме бұрылып амандық сұрады. Мен шалдан көз алар
емеспін. Ол сөйлеген кезде, тамағы бейне бір қымыз толы сабаның бүлкіліндей тербеледі
екен. Әжем де амандық-есендік сұрасып жатыр.
Мұнан кейін Майлыбай бізді үйде отырған құдалармен таныстыра бастады. Үлкен ұлының
сақалына да ақ кіріп қалған кісі екен. Ортаншысы қою қара сақалды, толық кісі көрінді.
Одан кейінгі екеуі де жігіт ағасы боп қалғандар. Кенжесі Аюбай жездем боп шықты.
Үбиандар бөлек отауда отыр. Тап қазір ол жақта не боп жатқанынан хабарсызбын.
Қасындағы әр қыз «жеңешелеп» сәлкешінің шашағын тартқылап отырған шығар.
Біз отырған үйге енді елдің қадірменді аналары, қарт кемпірлер келе бастады.
Бәрі де
әжеммен емірене амандасады. Майлыбай ол кісілердің жақындық жағын айтып
таныстырып отыр.
— Ал, қара жігіт, — деді бір аппақ кемпір жас кезіндегі әдетімен, — кемсеңдеген шағында
кенжеңе де отау тігіп, көңілің орнықты ма. Ақ түйенің қарынын ақтаратын кезің енді келді.