Әдеби KZ Әжем ғана бұл сөзге құлақ аса қойған жоқ. Атамзаманнан қалыптасқан, сүйекке сіңіп сірі
болған әдет лезде сеңдей бұзылып жүре берді дегенді бір түрлі ұғымына сыйдыра
алмайтын сияқты. Бұл ойын бізге де білдіріп қояды.
— Қалыңмал деген ата-бабамыздың салып кеткен жолы ғой. Қашаннан қалыптасқан
кәдеміз емес пе. Менің шешеме де қалыңмал төлеген, маған да қалыңмал төледі.
Қыздарымның қалыңмалын алып құтты орнына қондырғанмын, ұлдарыма қалыңмал
төлеп келін түсіргем. Енді немерелерім қалыңмалсыз-ақ жөндерін табады дегені несі
екен?—Ол осылайша күңкілдеп қояды.—Қалыңмалсыз өзге босағаны аттаған қызда
қандай қасиет бар дейсің? Құны жоқ қызды кім сыйламақ? Ондай қызды байлары тегін
алып, тегін қуып жібермей ме? Өз аяғымен келіп, өз аяғымен кетті деген сөз болмай ма?
Қалыңмал алмадым дегенше — жасау жасалмайды, той өтпейді десеңші. Оның не қасиеті
қалар дейсің, — деп өз-өзінен бұрқылдайды. — Жоқ, олай бола қоймас. Мен тірі тұрғанда
қалыңсыз қыз бермеспін. Менің жолыммен, менің жөніммен жүресіңдер. Ал мен өлген
соң не істесеңдер де еріктерің.Салалы тараштап өрген сегіз бұрымы иығына төгілген
апаларым түкке түсінбей, әжеме аңтарыла қарайтын. Әжемнің қатулы жүзі, түнерген
қабағы, зілді даусы олардың нәзік жанын қалтыратып, өздерін абыржытып тастаушы еді.
Осынау сәби сезімнің қайғысына масаттанғандай мен орнымнан ұшып тұрдым да, әжеме
тіл қаттым:
— Ал мені қалай үйлендірмексің?
Әжем күліп алды:
— Алдымен мына шүйкебастарға құда түскендерден қалыңмал алайын. Қабырғамызға
шыр байлап, әлденіп алайықшы. Сонан соң іздеп жүріп сұлу қалыңдық тауып берем.
Қалыңмалын да аямай төлеп, өзіңді де аяқтандырамын. Сонан соң үй болды деген осы.
Өз отауың бар. Томпаңдаған келінімді жұмсап қойып, жылы-жұмсағын жеп, ізетін көріп,
көсіліп отырмаймын ба, — деп мейірлене күліп сөзін жалғастырды. — Тек тәңірім соған
жеткізсін, сол қуанышты кезге дейін тірі жүрсем деп тілеймін тәңірімнен.