Әдеби KZ * * *
Қыстың ұзақ кештерінде әкем бізге ертек айтып беретін. Өлең үйретіп, дауыстап кітап
оқитын. Шағатай тілінен оқитын болу керек, сөйлемдері «боладур», «геладур» «бередур»,
«үшбу» деп келеді екен. Кейбір түсінбеген сөздерімізді әкем ежіктеп отырып мағынасын
ұғындырады.
Совет үкіметінің алғашқы жылдары біздің өлкемізде бұрқырап тез өте шықты. Қым-қиғаш
тартыспен, таптық күреспен, рулық айтыспен, жікшілдікпен, топ ұйымдастырып тор
жаюмен, жала жауып, жарға итерумен шұғылданған бұрынғы байлар жасырын тұзақ
құрып жанталасып бақты. Олар кедей туыстарының тасасында тұрып алып жаңа өмірге
тас атқылады, адал жандарды аяқтан шалуға ұмтылды. Ауылдағы үстемдікке, болыстыққа,
уездегі ықпалға ие болуға қол созды.
Әдетте мұндай қым-қиғаш талас сайлаудың алдында басталушы еді.
Байлардың мүддесін қорғап. соның сойылын соққандар мұндай тартыстарды лезде өз
пайдасына жаратып, қарапайым еңбеккер халықтың назарын негізгі нысанадан
ауытқытып жіберуге тырысты. Бұл сияқты жікшілдіктің салдарынан ауыл арасының бірлігі
шытынай берген еді.
Елге уәкіл келгіштеп алды. Олар жаңа тәртіптің, жаңа нұсқаның мәнін, кедейлердің
правосы жайлы жиналыстарда түсіндірді. Мұндай уәкілдердің көп келетіні сонша, тіптен
ел олардың аты-жөнін де біліп үлгермейтін. Сондықтан өздерінше ат қойып, айдар тағып
алады. Уәкілдің түр-тұрпатына, жүріс-тұрысына, мінез-құлқына, ақыл-ойына қарай
әрқайсысы өзіне лайық атқа ие болады. Дударбас, шаш қойғанын — «шашты уәкіл»,
тақыр иек қырма сақалдысын — «көк иек уәкіл», шошайма бас киім кигенін — «молда
торғай» тағы бірін «жау тұмақ уәкіл» деп атайтын. Енді бір уәкіл әрбір сөзін «боевой
приказ» деп айта берген соң, оны «бообой пркез» деп атағаны есімде. Тағы бір уәкіл
астына ат мінсе, қара сорпа етіп қамшылайтын да жүретін. Мұны көрген ел уәкілді «ат
соры» деп атап кетті. Келген өкілдің мән-жайына, жөн-жобасына қарай қойылған аттар
қаншама еді: жер уәкілі, су уәкілі, салық уәкілі, ағарту уәкілі, сайлаушы уәкілі, айдаушы