Әдеби KZ
Оңтайға келсе шоқпармен соғып, жақындаса қамшымен жасқап, алшақ кетсе таспен
атқылап аямас, аянбас айқас бастады. Сілкілесіп-жұлқыласып, тіктесіп-тістеніп, беттесіп-
белдесіп бір сойқанның әр пұшпағынан ұстасқан жайы бар.
Үш қайтара қақтығысқанда, Нұрбайдың балалары Нығмет тұқымының қорбаңдаған
қолапайсыз үш жігітін шоқпармен қаңбақша қағып түсіріп еді. Алғашқы жеңіске желіккен
Нұрбай туыстарының бір баласы қуанғаннан қырдам қиқу сала көтеріліп, айқас ортасына
жетінші боп шауып кірді. Бұл сайыс шартын толық бұзғандық еді.
Онсыз да шыбын жанын шүберекке түйіп тұрған Нығметтің руластары өре тұрды. Менің
қызу қанды ағайым Момынқұл өзінің жаман байталынан қарғып түсіп, әкемнің
астындағыатқа келіп жармасты. Ат шылауын ұстап әкемді ер үстінен түсіреді де, өзі
қарғып мініп, қарсы шабады. Ұзын бақанды қолға алып, Нұрбай тобына сыпыра тиіп, қуып
жүріп үшеуін құлатады. Жеңіле бастаған әулетінің намысын жердей қайта көтеріп алады.
Тағы бір айнала соққанда ағам төртінші етіп Нұрбайдың өзін сұлатып кетіп еді. Есінен
танған Нұрбай қарт қара жерді құшып қала берді.
Айқас аяғы айқындалып қалып еді. Ағам ер үстіндегі Нұрбайдың ендігі екі баласын
ауылына дейін қуалап, тоз-тозын шығарады.
Әкем сұлап жатқан Нұрбай шалға жүгіреді. Басын сүйеп, көтереді. Есін жиған Нұрбай
кемсеңдеп: — Сенбісің Момыш, — дейді қалтыраған үнмен.
— Қайтейін, осыны қалаған өзің ғой, амалым не, ақсақал, бейбіт сөзге келмедің ғой, —
дейді әкем оған.
Нұрбай күдер үзген бәсең үнмен:
— Ендігісін өзің білесің, Момыш. Би де, билік те сенде. Әлгі есерсоқ болмағанда бұл күйге
ұшырамас едім-ау, Қайдан ғана келе қалды, сол найсап. Уәде бұзылған соң, үміт те үзілді
ғой, — деп сұлқ түседі.
93
Әдеби KZ
Әкем айқасты тоқтатуға белгі береді. Ат айылын босатып, дауласқандар екі күн ойлануға
мұрсат алады. Үшінші күні Нұрбай ауылынан шабарман келді. Біздің адамдар қайта кетті.
«Ата жолын аттап өтіп, баба салтын бұзғаны» үшін әкем Нұрбайға азын-аулақ ат-шапан
айыбын төлетіпті. Ал байғұс Зәпира лажсыз сағы сынып, тұншыға қайтып келді.
Ағайым өмір бойы мақтанатын. Жалғыз Дәулет пен Нығмет әулетінің намысын ғана емес,
бүтін аз ғана Үсен руының да арын сақтап қалдым деп көрінген жерде күпінетін. Әкем
оның бұл қылығын жақтырмаушы еді. Қарт Нұрбайға қол көтергенін кешірмейтін.
— Ұрғаныңа ұлдары да жететін еді ғой, — дейтін жем кейісті үнмен. Ат астында аунап
жатқан Нұрбайдың аянышты жүзі жүрегінде ұмытылмас бір түйткіл қалдырған-ау,
шамасы.
Зәпираның сол бір қайғылы оқиғасынан кейін, мен оны екі жылдан соң көрдім. Баяғы
батылдықтан, еркіндік пен өжеттіктен жұрнақ та қалмапты. Қатты шөгіп, ауым-сауым
халге түсіпті. Шамасы, бұрынғыдай бой түзеп, таранып, жинақты жүруді де ұмытқан-ау.
Басындағы ақ жаулығы да бозарып бітіпті. Жүрісіндегі өзіне тән ерке қимыл суға түскен
кесектей еріп кеткен сияқты. Жәудіреген мөлдір жанары бұрынғыдай нұр шашпай,
жасаурап, солғындап кеткен. Айналадағының бәріне өшіге, жанымен жек көре қарайтын
сияқты. Жұрт енді ол безілдеген Анаргүлдің жыбыр-жыбырына көніп болған, тіптен күйеуі
дауыс шығарып, қол көтеретін де болыпты деп жүрді.
Осылайша қалыңмалдың қара күші, ескі әдет, тырнағы у боп жабысқан ру қатынасының
ұзын қолы асау Зәпираның алқымына да бұғауын мықтап салып бұрап тастаған еді.
Жанындағы жарқын нұрды өшіріп, үлкен сезімнің тамырын қиып біткен болатын. Енді
жайнап тұрған гүл емес, күздің күлгін жапырағындай күн сайын солып барады екен.
Зәпира да әйел басына түскен езгіні үнсіз көтеріп жүре берді...
1943 жылы ауылға демалысқа келгенде, қайтыс болған бір ағайынымның үйіне көңіл
айтуға кірдім. Сырттан елдің ең соңы болып белі бүкшиген, кір орамалы көзіне дейін түсіп
кеткен бір әйел келді. Алғашында кім екенін танымай қалып, сәлем беруге орнымнан тұра
|