Әдеби KZ жекпе-жекке шығып, жеңе алса Зәпираны әкете берсін. Ал жеңіліп қалса, Зәпира деп
аузын ашпасын, ат-шапан айыбын төлеп ауылына аттансын дейді Нұрбай.
Біздің жақ қарсы алдында қаңбақша қалтырап тұрған бір шөкім кекеш Дәулеттің кейпінен
шошып, Нұрбайдың ұсынысына келіспейді. Нұрбай екінші ұсыныс айтты.
— Ау, халайық, ауылымда ат ойнатып жатқаныңа аз болған жоқ. Сен иісі Үсен әулетінің
намысын жыртып аттана шапқанда, мен үкіше үлбіреткен жалғыз қызымның жанына сая
бола алмасам, несіне тірі жүргенім. Сен руыңды қорғасаң, мен бауыр еті баламды
қорғаймын. Сен ата намысын айдар тұтсаң, мен баламның көз жасына тұншығудамын.
Сен сағым сынбасын деп күрессең, мен құса мен күйіктің лаулаған ошағына өзім тастап,
жанып жатқан жас өмірге жайбарақат қарап тұра алмадым. Ендігі өмірімде сол өртке
қарлығашша су тасып сөндіріп, қызымды қанатыма қайта аламын.
Аянып қалар халім жоқ. Айбат шексең, алдыңа қаймықпай кеуде тосам. Бес белестей
биігім деп жүрген бес ұлым да алақанында аялаған жалғыз қарындасының қарғысына
қала алмайды. Ендеше бес мың қолдай бел тұтқан бес ұлымды атқа қондырып, алтыншы
боп өзім де айқасқа шығамын. Нығметтің намысын жамылғам азамат арасынан алтауың
қарсы шығыңдар. Әділ күресте бағымызды сынайық.
Дәулеттің дәрменсіздігінен жер шұқылап, қор болып отырған даушылар бұл жолы
Нұрбайдың ұсынысынан бұрыла алмады.
Ақыры Нығмет әулетінің алты жігіті Нұрбай тобына қарсы шығады. Қалған жұрт екі жаққа
бөлініп, тілеулес боп тұрады. Әр көңілде күдік ұялаған, жанарда жас ұялаған жабырқау сәт
еді бұл. Нұрбай аулының жанындағы қырқаға жиналған жұрт екі рудың намысын
көкпарша тартып, таласқа еніп еді. Бір ру мен бір үйдің таласы, ер намысы мен ана
арының айқасы басталған сияқты. Сайысқа шыққандар білегіне қамшы іліп, тақымына
шоқпар басып, қойнына тығып бір-біріне өшіге шүйлігіп еді.