ҒҰМАР ҚАРАШЕВ (1876–1921)
Туған жері: Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданы.
Қызметі: «Уақыт», «Тәржіман», «Ұлфат», «Шора» т.б. татар-ноғай газет-журналдарына ат салысып, танымал көсемсөзші болған. «Жәдидтік» жаңаша оқу жүйесін құптаған. Абай поэзиясынан көп үйренген ақын. Өз ұстазы Ш.Бөкеевтің әсері бүкіл шығармашылығына өнеге болған.
1911-13 ж.ж. Уфа, Қазан қалаларында «Қарлығаш», «Тумыш», «Бәдел қажы», «Бала тұлпар», 1914 жылы Орынборда «Аға Тұлпар», 1918 жылы «Тұрымтай» кітаптарын шығарған.
Ғұмар – «Алаштың» ұранын (гимн) жазып алаштың рухын көтерген өнерпаз.
Ақын ретінде діннің тазалығы жолында да күрес жүргізген. Меккеге қажыға сапар шеккендердің аярлығын, арамзалығын әшкерелеп («Бедел қажы»), дінге деген адалдығын сақтап өткен.
«Аға тұлпар» кітабында патшалық өкіметтің озбырлығы, жерінен айрылған ел зары, ұлт зардабы, қазақ елі көріп отырған әділетсіздіктің небір қыры ақындық тереңдікпен ашылған.
Спандияр Көбеев (1878–1956)
Туған жері: қазіргі Қостанай облысы, Меңдіқара ауданы.
Қызметі: Абай, Ыбырай салған ағартушы-демократтық үлгідегі педагог-жазушы, аудармашы, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі.
1887-1892
Ы.Алтынсарин ашқан мектепте оқиды.
Бұдан соң Қарағайлыкөл деген жердегі төрт жылдық мектепте, Қостанай қаласындағы екі сыныптық орыс-қазақ мектебінде оқиды.
Ұстазы Ы.Алтынсариннің қазасынан кейін оның қызмет жолын жалғастырмақ болып, Қостанайдағы екі жылдық курсқа түсіп, бастауыш класс мұғалімі болып шығады.
1910
И.А.Крыловтың мысалдарын аударып, Уфада «Үлгілі тәржіма» деген атпен бастырады.
1912
Қазан қаласында «Үлгілі бала» кітабын бастырады. Бастауыш сынып балаларына арналған бүл оқулықта ол өзінің төл шығармаларын, орыс классиктерінің балаларға арналған әдебиет үлгілерін, қазақтың ауыз әдебиеті түрлерін, орыс мысалшыларының еңбектерін кіргізді.