Тармақ – әр шумақ көбінесе төрт жолдан тұрады. Жолды тармақ деп атайды.
Портрет – (франц. бейнеленген) – әдеби кейіпкердің сырт бітімін, кескін-келбетін, бой-тұлғасын, жүріс-тұрысын суреттеу. Мысалы, М.Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясында Тоғжанның суреттеуі: «Сылдырлаған шолпысы әлдеқандай былдырлаған тілменен Тоғжанның келері мен кетерін паш етеді. Толықша келген, аппақ жүзді, қырлы мұрын қара көз қыздың жіп-жіңішке қасы айдай боп қиылып тұр...»
Этнография – халықтың байырғы тұрмыс-салтын зерттейтін саланы айтамыз.
Мемуарлық роман – жеке адамның, тарихи тұлғаның тағдырын халықтың өмірімен тығыз байланыстырып жазылған көркем шығарма. Мысалы, С.Мұқановтың “Өмір мектебі» романы жазушының өз өмірбаяны бойынша жазылған.
Сюжет – француз тілінен енген сөз. Ол оқиғалардың жалғасқан тізбегі деген ұғымды береді.
Символ – бір нәрсені не құбылысты тура суреттемей, оны астарлап, немесе ұқсас басқа бір нәрсеге байланыстырып түсіндіру. Символ – көркем шығармаға әсем ажар мен байсалды философиялық ажар береді.
Импровизация – (лат. кенеттен, тұтқиылдан) суырыпсалып айту өнері.
Суреттеу – шығарма оқиғасын баяндау барысында адамның, табиғаттың не бір нәрсенің тұрпатын ретпен айтып және оны көзге елестете сипаттауы. Мысалы, Күн ашық. Көкшетау маңы. Айнадай тұнық сұлу көлшемектің қасы. (С.Сейфуллин)
Пейзаж (франц. ел, жер) – шығармадағы жаратылыстың немесе табиғаттың әсем көрінісі мен көркем бейнесі. Мысалы, Жаздың бір түні, көрген аспандағы көп жұлдыз көк торғынға шашылған бриллиант тасындай жылт-жылт етеді (Ж.Аймауытов «Қартқожа»)
Фольклор – ағылшын сөзі «халықтың ауызша шығарған шығармасы» деген ұғымды білдіреді. «Ауыз әдебиеті» терминімен қатар қолданылады.
Мінездеме – кейіпкердің ішкі болмысы мен дүниеге көзқарасын, суреттеу. Мысалы, Әзімхан – қалжың, әзілдің гүлі. Көп ашуланбайды. Даусы жуан әрі ашық.
Қайталау – белгілі бір айтар ойды күшейте түсу үшін, сөзді не сөйлемді сан рет қайталау. Қайталаудың бірнеше түрі бар.