ШЕШЕНДІК СӨЗ
Шешендік сөз – би, шешен секілді сөз шеберлерінің дауда, жиында терең ойға, көркем сөзге байланысты айтқан тапқыр сөздері. А. Байтұрсынов бұл жайлы: «Шешендік сөз дегеніміз – белгілі бір мәселені баяндау, сипаттау, белгілі бір ойдың ақиқаттығын түсіндіру, сөйтіп, ақылға қону жағын көздеу. Одан әрі адамның жүрегін билеп, жүйесін босату, қанын қыздыру, намысын келтіру, арқасын қоздыру», – дейді.
Көбіне авторы белгілі болып келеді және. Ежелгі ауыз әдебиетінің жалғасы әрі жаңа көркем әдебиеттің бастауы болып табылады. Өйткені ауыз әдебиетіндегі басқа жанрлардай емес, авторы белгілі шешендік сөздерде қиял-ғажайып нәрселер болмайды, шынайы оқиғалар, өмірде болған адамдар, олардың арасындағы қарым-қатынастар әңгімеленеді, әрі көркем образды түрде келеді.
Ұлттық шешендік сөз тарихы сонау сақ, ғұн туындыларынан, Орхон ескерткішінен, бер жағында орта ғасырдағы түрлі жазба ескерткіштерінен басталады. Ежелгі түркі шешендері: Алып Ер Тұңға, Анақарыс,Тонықұқ, Тұмар (Томирис), Еділ (Атилла), Мөде хан т.б.
Ұлттық шешендік өнер негізі түркі халықтарына ортақ көне түркі шешендігінде де жатыр. Мысалы, Орхон-Енисей ескерткішіндегі толғау, жоқтау, арнау, мадақтаулар – шешен сөйлеу тәсілдері. Көне түркі шешендігіне Қорқыт ата жырлары да жатады.
Ұлттық шешендік өнердің жалғасы орта ғасырдағы М.Қашқари, Ж.Баласағұн, А.Яссауи, А.Иүгнекилердің жазба мұраларында жатыр.
Б.Адамбаев қазақтың шешендік өнерін Майқы би мен Аяз биден бастатады. Бұл – шамамен XI–XIII ғасырлар аралығы. Қазақта «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би» деген мақал да кездеседі.
Достарыңызбен бөлісу: |