Сұхбаттасқан, Қызжібек БӘКІР.
2011 ж.
218
ЖАМБЫЛ –ЖЫРДЫҢ
ЖАНАШЫРЛАРЫ
Ұлы жырау Жамбылдың өнерін халыққа кең насихаттауда,
танытуда, бағалауда әдебиетіміздің алыптарының үлкен
үлес қосқанын байқаймыз. Сәкен Сейфуллиннің, Мұхтар
Әуезовтің, Сәбит Мұқановтың, Ғабит Мүсіреповтің, Ғабиден
Мұстафиннің, Әбділда Тәжібаевтың, т.б. қазақ жазба
әдебиеті өкілдерінің Жамбыл туралы ой-толғаныстары,
мақалалары, естеліктері суырып-салма ақындық дәстүрге,
айтыс өнерінің тарланына, жыршылық, жыраулық өнердің
майталманына деген ерекше құрметті байқатады. Сәкен
Сейфуллин 1927 жылдан бастап Жамбылмен бірнеше рет
кездескен. Өз үйіне шақырып алып та жырларын тыңдаған.
«Жабай батыр» дастанын, Құлмамбетпен айтысын жазып
алып, әдебиет оқулығына қосқан. С.Сейфуллиннің Көп
томдық шығармалар жинағының 6-томына жазған алғы
сөзінде профессор Тұрсынбек Кәкішев Сәкенге қатысты:
«Ақан сері, Біржан сал, Майкөт, Қарақожа, Мүсайып, т.б.
өнер қайраткерлерінің мұраларын ел аралап жүріп жазып
алса, Жамбыл, Кенен-сынды халық ақындарымен жүзбе-
жүз кездесіп, Жетісуға аты мәшһүр өзге жыршылардың
сөздеріне назар аударған» [1.6] – дейді. «Жамбылдың
жырлары теңіз түбінде шашылып жатқан маржандар
сықылды. Оны жинап алып, халқының қолына беру – біздің
әрқайсымыздың азаматтық борышымыз» [2.373] – деген
Сәкен Сейфуллиннің бағалауынан өз замандастарына үлкен
міндет жүктеушілік аңғарылады. Өйткені, Жамбылдың
тоқсан жасына дейін ауызша шығарған өлеңдері,
айтыстары, толғаулары қағаз бетіне түспеген, тек өмірінің
соңғы он жылында ғана жадындағы жырларын жаңғырта
жырлап, жаңадан шығарғаны бар, заманға үн қосқаны
бар мол рухани мұра қалдырған. Жамбылдың жыр селі
ХХ ғасырдың 30-40 - жылдарындағы қазақ зиялыларына
«өшкен жанып, өлген тірілгендей» әсер еткені байқалады.
Темірбек Жүргенов, Ораз Исаевтар 1934 жылы қазақ халық
таланттарының слетінен кейін Жамбылдың жарқыраған
219
жұлдызына айрықша назар аудара бастаған.
Әбділда Тәжібаев 1936 жылы Жамбылды Ұзынағаштан
Алматыға алып келіп, өз үйінде бірнеше күн қонақ қылады.
Сол жолы Мұхтар Әуезовті, Сәбит Мұқановты Жамбылмен
үйінде жүздестіріп, таныстырады. «Осындай еді ағалар»
атты естелігінде ол былай деп жазады:
« – Е, Құнанбай елінен екенсің ғой, – деп Жәкең Мұхтарға
бір қарап қойды.
– Абай еліненмін.
– Абайды да білемін. Ол оның өлеңші баласы емес пе?..
Біздің жақ дуан басы әжі Құнанбайды жақсы білген. Өзі
қырғыздың Шәбдені секілді болса керек қой....
– Ал мен Сарыарқаданмын. Біржан, Ақан, Балуан
Шолақтардың жеріненмін, – деп Сәбит дауыстады.
– Болсаң боларсың, – деді Жәкең Сәбитке кеудесімен
бұрылып, – өзің де Балуан Шолаққа келеді екенсің...
Бәріміз де қарқылдап сүйсіне күліп қалдық» [3.86].
Осы жолығысуда Мұхтар Әуезов өзі бастап Жамбылдың
бірнеше сағатқа созылған жыр нөсеріндегі жылт-жылт ой,
образ маржандарын қағазға түсіріп алып отырады. Сәбит
Мұқанов та Әбділдаға «жаз, жазып ал!» деумен болады.
Мұхтар, Сәбит, Ғабиттердің халық ақынын, ұлы жырауды
танып, бағалауы өз алдына, Қалмақан Әбдіқадыров,
Тайыр Жароков, Ғали Орманов, Қасым Тоғызақов, Қапан
Сатыбалдиндер кезекпе-кезек Жамбыл үйінде хатшылық
қызмет атқарған екен. Жәкеңнің шабыт қысқанда шашып
тастайтын жыр-шумақтарын қалтқысыз қағазға түсіріп
отырған.
Ә. Тәжібаев өзінің естелігінде Мұхтар да, Сәбит те
Жамбылдың суырып-салма айтқыштық өнеріне тәнті бола
түскісі келіп, тақырыптар ұсынып, тарихқа, өткенге баға
бергізіп, біраз сынап та көргендерін жазады.
Жамбылдың тоқтаусыз төкен жыр жаңбырын тыңдай
отырып: «Жәкең осындай екен-ау... Ақын емес, топан ғой
шалың!», – деп мұндай тұста Сәбит қиқуға басып-басып
жібереді.
– Мінеки, – деді Мұхаң Сәбеңе қарап, екі қолын бірдей
жайып, – импровизатордың шеберлігі деген осы. Эпостағы
бұрын қолданылып жүрген образдарды қалай пайдаланады!
220
Мүдірмей ағытып, өзінің биік идеясы тамаша жырын
табанда тудырып отырғанда, халық байлығы оған алтындай
құйылып, жарқылдап жатқан жоқ па?! Бұрынғы ұлы
ақындар осылай сөйлеген... – Бұл – жүз жылдарда бір-ақ
көрінетін құбылыс. Гомер деуімізге осы Жәкең ғана сиятын
болу керек...» [3.90.].
Бұл – Жамбылды Мәскеудегі Қазақ көркем-өнерінің
онкүндігіне апарар алдындағы сынақта берілген баға!
Кейін Сәбит Мұқанов өзінің «Өмір мектебі» романында:
«Онкүндік зор абыроймен аяқталды. Күләш Байсейітоваға
«СССР халық артисткасы» деген атақ берілді. Қазақтың
бірнеше артистері мен артситкаларының кеуделеріне
ордендер тағылды. Қазақ көркем әдебиетінің өкілдерінен
екі адамға Еңбек Қызыл Ту ордені берілді: ауыз әдебиетінің
биігі – Жамбыл Жабаевқа, жазба әдебиетінің биігі – Сәкен
Сейфуллиенге» [4.471] – деп жазды.
Жамбыл жырының Қарақастектен қалықтап шығып,
Алатаудың мұзарт шыңдарын айнала ұшып, Мәскеу асып,
одан әрі әлем халықтарының игілігіне айналуы осылай
басталған еді. Сонда Жамбыл жырдың жанашырлары
болып алдыңғы лекте қазақ әдебиетінің классиктері жүргені
қандай ғанибет.
1938 жылы Мұхтар Әуезовтің «Жамбыл және
халық ақындары» атты мақаласы әуелі орыс тілінде
«Казахстанская правда» газетінде жарық көреді, кейін
қазақ тіліне аударылып басылады. Жалпы, қазақ халқының
ұшан-теңіз фольклорлық бай мұрасынан сусындап өскен,
кейін еуропалық білім деңгейінен көрінген М.Әуезов
Жамбылды қазақ халық поэзиясының, ғасырлар бойы інжу-
маржандарын бойына жинаған фольклорлық әдебиеттің
теңдессіз өкілі деп таниды. Ұлы Абайды зерттеп, қазақ
жазба поэзиясының ХІХ ғасырдағы ғұлама ақынын сан
қырынан ашқан Әуезов, енді ұлы Жамбылдың эпостық
тұлға-жаратылысын тануда, ХХ ғасырдағы қазақтың
соңғы жырауын жұртшылыққа таныстаруда да көрегендік
байқатады. Ол: «Жамбыл творчествосының негізгі мотивтері
мен идеялық, тарихи тамырлары тікелей оның алдында
өткен Махамбет, Сүйімбай, т.б. поэзиясында ғана жатқан
жоқ, әлдеқайда тереңде – сан халықтың әрі сан ғасырлық
221
көне заманғы эпосында, тарихи жырларында, аңыздары
мен әңгіме, хикая-мұраларында жатыр» [5.448] – деп
тұжырымдайды. Әлем халықтарының фольклорындағы
сияқты халықтың арман-аңсарын арқалау, болашаққа
үміт-сенімін ояту – Жамбыл жырларының да негізгі тіні,
өзегі болғандығын, сонымен бірге, ол өзі өмір сүрген ортада,
қоғамда да халықтың сөзін сөйлеп, елдің мұңын жоқтағанын,
озбырлық, қиянат атаулыға өлең сөзбен қырғидай тигенін,
елдің қамын ойлаған ерлерін, батырларын әспеттеп жырға
қосқанын, дастандар жазғанын айтады.
.... Сәбит Мұқанов 1946 жылы Жамбылдың 100
жылдығына арнап шығарылған толық жинағына алғысөз
жазып, мақаласын «Ұлылық сыры» деп атайды. Кейін бұл
мақала толықтырылып «Жамбыл Жабаев» деген атпен
әдеби портреттер жүйесінде жазушының он алты томдық
таңдамалы шығармалар жинағында жарияланды (15-том).
Жамбыл Жабаевтың өмірбаяндық әрі шығармашылық
жолын неғұрлым мол қамтыған бұл мақала өзінің
құндылығын жоймайтынына уақыт төреші көз жеткізе
түсуде. Биыл Жамбылдың туғанына 165 жыл толуына
орай мерейтойлық іс-шаралар Жамбылдың Ұзынағаштағы
музей-үйінен бастау алды. Мәдениет үйінде мерекелік
жиын болды. Оған Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов,
Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы
Нұрлан Оразалин, академик Сейіт Қасқабасов және бір
топ қаламгарлер қатыстық. Осы мерейтой қонақтарына
Жамбылдың 2 томдық таңдамалы шығармалар жинағы
сыйға таратылды. Алғысөзіне «Кемеңгер ақын» деген
атпен С.Мұқановтың жоғарыда аталған мақаласы берілген.
Қос томдықтың құрастырушысы – профессор Сұлтанғали
Садырбаев екен.
С.Мұқанов өзінің портреттік мақаласында Жамбылды
қазақ жыршылық, жыраулық мектебінің ХХ ғасырдағы
ірі өкілі деп танып, осы ойын былай да аңғартады.: «Жәкең
әлеуметтік және жеке өміріндегі сөзінің көбін өлеңмен
сөйлеген кісі. Бірақ оқушы көпшілікке ескерте кететін нәрсе:
Жәкең де, сөзді өлеңмен сөйлейтін өзге ақындар да ешуақытта
өлеңдерін жинау немесе сақтау мақсатымен айтпайды, олар
кезегі келген жерде өлеңмен сөйлеп қалады да, сол өлең сөзді
222
тыңдаушылардан ұғып тарататындар болмаса, ақынның өзі
айтқан өлең-сөзін есіне сақтауға тырыспайды, қайталап
айтпайды. Сондықтан да қазақтың я болмаса басқа елдердің
халық ақындарының бір зор тарихи оқиғаға арналған ұзақ
желілі жырлары, я ұзақ көлемді айтыстары болмаса, қысқа
тақырыпқа арнаған жырларының жүзден тоқсан тоғызы
ұмытылып отырады. Арғы ғасырлардың ұмытылған қазақ
ақындарын айтпағанда, ХІХ ғасырда аттары мәлім қазақ
ақындарының көбін айтыс жанры арқылы ғана білетіндігіміз
осыдан» [3.254].
1846 жылы туып, 1945 жылы дүниеден озған Жамбылдың
ғасырлық ғұмырының 85 жылы ақындықпен өткеніне
назар аударта отырып, С.Мұқанов оның өмірінің соңғы он
жылында ғана жырларын қағазға түсіріп алу ісі жедел қолға
алынғанын, осының нәтижесінде қыруар жыр-дастандары
халық игілігіне жаратылғанын тілге тиек етеді. С.Мұқанов
Жамбыл туралы мақалаларындағы ой-пікірлерін «ауыз
әдебиетінің биігі», «халық ақыны», «сөзді өлеңмен сөйлейтін
адам» деген анықтама атаумен айқындап отыратынын
байқаймыз. Жамбыл мен С.Мұқанов арасындағы қарым-
қатынасты жазып отырғанда мына бір дерек ойға орала
берді. Негізі, С.Мұқановқа қатысты бұл деректі келтіруші
– Есенкелді Жақыпов, оны жазып алған – Герольд Бельгер.
Біз енді соған назар аудартайық:
«....Әбден қартайып, тозған Жамбыл бір күні қатты
ауырып қалады. Шалды үйтіп-бүйтіп емханаға жеткізеді.
Есі кіресілі-шығасылы. Көңілін сұрап Сәбең барады. Барса,
шалдың жағдайы өте нашар. Әзер сөйлейді. «Сәбит, – дейді
шал, – кетіп барам. Демім таусылды. Сен менің жаназамды
шығар». Не істеу керек? Совет заманы. Сәбит болса
қызылдың қызылы. Бірақ шал кетіп бара жатыр. Жүзге
келген шал Совет өкіметін қайтсын?! Сәбең дереу дәрігер
мен медбикені шығарып жіберіп, есікті жауып, Жәкеңнің
қасына отыра қалып, аят оқи бастайды ғой. Жәкең тыңдап
жатып, жүріп кетіпті...
Міне, ерлік, азаматтық, адамгершілік деп осыны айт.
Мұндай Сәбеңді кім білген, кім көрген?! Естелік жазсаң,
осындай жұрт естімеген мәлеметтерді көрсетіп, тізіп,
адамның рухын көтерер дерек келтір. Солай емес пе? Әлде,
223
менікі дұрыс емес пе?» – депті Е.Жақыпов [5].
1941–1945 жылдардағы сұрапыл соғыс жылдарында
қысқа мерзімдік сапармен туған жерлеріне келіп қайтқан
қазақтың қос батыры Мәлік Ғабдуллин мен Бауыржан
Момышұлын «Жәкеңнің батасын алыңдар!» – деп Сәбең
кезекпе - кезек Жамбылға ертіп барады. Бұл жөнінде
Сәбең де жазды, Мәлік пен Бауыржан да өз естеліктерінде
тартымды тоқталған. Жәкең қазақтың атақты ақындарын,
жазушыларын, батырларын бір көргенде сынай қарап, дәл
баға беріп отырғаны да қайран қалдырады.
«Ұлы Абайдың құрдасы, көзі тірісінде Гомер атанған
алып ақын атамыз Жамбыл дүниеге екі рет туып келген
адам: тоғыз ай, тоғыз күнде ана құрсағынан туды, тоқсан
жасқа келгенде заман құрсағынан тағы бір туды... Қазақтың
Гомерін туғызу үшін заман тоқсан жыл толғатты...
Ақын Жамбылдың екі рет туғаны да, түрлі заманда
жасағаны да, өмірінің ең соңғы он жылында бүкіл дүние
таныған атақ алуы да – феномен. Сирек кездесетін, себебін
осы күнге дейін ғылым таба алмай қойған сыр. Әсіресе
тоқсан жас пен жүздің арасындағы он жылда ақындық
дарынның бұрынғысына қарағанда еселеп шарықтап кетуі
дүниежүзілік даналардың өмірінен де кездескен емес»
[6.44]
Бұл – қазақтың сөз зергері, классик жазушымыз
Ғабит Мүсіреповтің Жамбыл туралы жазылған «Феномен
– Феникс» атты мақаласынан алынған үзінді. Онда ұлы
жыраудың жүз жыл жасаған ұзақ ғұмырына таңғалудан гөрі,
жүз жылдың соңғы он жылындағы бұрқырап көзі ашылған
жыр дариясына таңырқау басым. Бұл мақаласында Ғабең
Жамбыл Жабаевтың ғұмырбаяндық қырына аз тоқталады,
ішкі жан дүниесіндегі ғаламат буырқанудың сырын ашуға
ұмтылады: «Жамбыл өмірге жымия қарап, сынай өскен
ақын еді. Оның ойлы көздерінің түбінде қашанда бір сықақ
ұшқыны тұратын. Әлденені түсіндіре бастасаң «Мен бір
алжуға айналған шал деп отырсың-ау!» дегісі келгендей,
мұрт астынан миығы жымия бастағанын сезуші едің. Айта
бастағаныңды іліп әкетіп, өлеңмен өзіңе қайта айтқанда
ақын жүрегінің ыстық жалынына, ой-сезімінің тереңдігіне
таң қалатынсың». [7.44]
Кейде ойлайсың, таңырқап отырып та талай сырды ашуға
224
болады екен-ау деп. Ғабең жазады: «Таңқаларлық бір нәрсе
– өзімен тұстас ақындардың бірінде азырақ торығу болса,
Жәкеңде ол жоқ. Түн артында Күн барына шектенген емес..»
[7.44] Осының бәрін кеңестік дәуірде қайта туған ақынның
өзіндік ерекше болмысы деп ұғындырады. 1953 жылы
Н.Погодин мен Ә.Тәжібаевтың сценарийі бойынша режиссер
Ефим Дзиган «Жамбыл» кинокартинасын түсіреді. Басты
рөлде – Шәкен Айманов. Осы фильм туралы Ғабит Мүсірепов
талдап рецензия жазады. Кинокартинаның жетістіктерімен
қоса, көптеген кемшілік тұстарын бақайшағына дейін
шағып, талдайды. Ғабеңді толғандырған киноның түсірілуі
ғана емес, Жамбыл образының қай деңгейде шыққандығы.
Бұл ретте де Ғ.Мүсіреповті халықтық ақынның ғажайып
ғұмырнамасы бейжай қалдырмағанын байқаймыз.
Жамбыл ұлы жырау ретінде тұстас замандастарына,
әдеби қауымға қаншалықты ұғынықты болды десек те,
болмыс-бітімі тұлғалана беретін, зерттеле беретін, жаңа
қырларымен таныла беретін күрделі түлға.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. С.Сейфуллин.Көп томдық шығармалар жинағы. Т.6.
Алматы, Қазығұрт, –2006.
2. Ж. Жабаев. Таңдамалы шығармалары. Т.2. Алматы.
Ғылым. – 1996.
3. Дастан ата. Естеліктер (Құраст. Н.Төреқұлов). Алматы
Жазушы. – 1989.
4. С.Мұқанов Таңдамалы шығармалары. Т.11. Алматы.
Жазушы. – 1977.
5. М.Әуезов. Жиырма томдық шығ. жинағы. Т.18.
Зерттеулер. – 1985.
6. Г.Бельгер. Жадымдағы жазбалар. Парасат. №2 . – 2003.
7. Ғ.Мүсірепов. Заман және әдебиет. Алматы. Жазушы, –
1982.
2011 ж.
225
ӨМІР ӨРНЕКТЕРІ
Қани Тоқсанбаевтың «Орындалған ой-арман» кітабына
жазылған алғысөз.
Алматы. Өнер. 2011 ж.
Сексеннің сеңгіріне сергек шығып, өткен өмірін көктей
шолып өтіп, «Орындалған ой-арман» деп кітап жазудың өзі
бір ғанибет шығар. Кітап авторы Қани Қазиұлы Тоқсанбаев
– Қызылжар өңірінің тумасы. Қожаберген жырау, Сегіз
Сері, Шал ақын, Біржан, Ақан Сері, Мағжан, Сәбит, Ғабит,
Сафуан, т.б. әдебиет пен өнер ұсталары шыққан өңірден. Қани
Тоқсанбаев жасынан қазақ ауыз әдебиетінің нұсқаларымен
жақсы таныс болып, батырлар жырын, ертегілерді,
қиссаларды жаттап өссе де, тағдыр соқпағы әдебиетке емес,
ауыл шаруашылығына қарай бұрып әкеткен екен. Ауыл
шаруашылығы институтын Алматыда бастап, Түменде
аяқтаған. Одан соң ұзақ жылдар бойы әртүрлі шаруашылық
қызметтерін атқарған.
Алғашында бұл кітаптың қолжазбасымен танысып
шықтым да көп ойға қалдым. Негізінен, шежіре, күнделік,
өлеңдер, ой-толғаныстар, фото-суреттер, әртүрлі құжаттар
қамтылған. Шежіре дегенде, Керейдің Ашамайлы
Танашының Шұбарат-Самай бұтағынан таратады.
Қызылжар өңірінде тыңға түрен түскен кезеңде де Есілдің
екі жағалауында моншақтай тізілген қазақ ауылдары
сақталып қалған. Солардың бірі – Жамбыл ауданындағы
Жарқын ауылы. Сол елді мекендегі шұбарат-самайлар
жөнінде мол деректер бар. Қазақтың ортақ шежіресін
жасауда әрбір рудың, әрбір атаның кіші шежіресінің
жазылып, жинақталуы да аса маңызды. Мұны, әсіресе,
шежірешілер шетін түсінеді.
Әкесі Қазидың бастап қолға алған шежіре тарқату үрдісін
Қани ақсақал жарасымды жалғастырған екен. Сондай-ақ
мұнда ата-баба, әке-бала, немере, шөбере, т.б. сабақтастығы
да сақталған. Кейде мұндай шежірелер бір әулеттің ғана
кәдесіне жарайтындай көрінуі де мүмкін, дегенмен, әр
226
әулеттің тарам-тарам бұтақтары қағазға түсіп қатталып,
ұрпақ жадында жатталып қалса, соның бәрі ұласа келе,
тұтаса келе Қазақтың тұтас Төр шежіресін толықтыруға
септігін тигізіп жатса, қанеки.
2009 жылы Қани ақсақал музейге арнайы келіп, маған
жолығып, бір сарғайған фотосуретті көрсетті. Фотосуретте
– төрт адам. «Мынау – менің әкем Қази Қощығұлов,
жанындағы – қарындасы Рахима, оның қасында отырғандар
– Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов» – деп ол маған көз
қиығымен сынай қарап, «Осыдан не түсіндің?» дегендей
үнсіз отыр.
– Рахима! Сәбеңнің бірінші әйелі ме?! – деппін таңырқап.
– Иә. Сол Рахима – осы! Сәбеңнен төрт жас кіші екен.
Әкем Қази Қощығұлов Сәбит Мұқановпен Орынбордың
рабфагінде оқып жүргенде танысады. Каникулда үйге
ертіп келеді. Сәбит пен Рахима бір-бірін ұнатып қосылған.
Арыстан деген тұңғыш ұлдары болған...
– Иә, иә... Бұл жөнінде Сәбең «Өмір мектебінде» жазды
ғой! – дедім мен.
Сәбит пен Рахима алғаш рет ауыл сыртындағы
алтыбақанда жолығысып, танысады. Жеңгетайлыққа
жүрген кісілер де бар, әрине. Болашақ қалыңдығына ұрын
барған жігіттің алғашқы сезім-әсері мынадай:
«... әуелі түр-тұлғасын көріп алайын» деп, отырған
тұрпатына көз тіктім: шықты салқыннан тоңазуы ма, түнгі
күңгірт сәуледен бе, әлде жаратылысы солай ма, қыздың
қазақылау біткен дөңгелектеу жүзі, қоңыр қалайы сияқты
сұп-сұр; тоңазудан ба, әлде танымайтын, «күйеу болам» деп
ойлайтын әлдекім қасына отырудан қымсынуы ма, әлде бет-
пердесі жыртылмаған ұялшақ қыз ба денесі дірілдеңкіреген
сияқты... киімдері ауылша: басында төбесіне үкі таққан,
барқытпен тыстаған дөңгелек құндыз бөрік, сыртында өңірін
оқалаған, кең етек, қынама бел пүліш қамзол, оның ішінде
көлкіген қос етек жібек көйлек». ( С. Мұқанов. Таңдамалы
шығармалар. 11-том. Өмір мектебі. Алматы. Жазушы, 1977.
– 476 б.)
Міне, біз Рахиманың кескін-келбетін Сәбеңнің осы
суреттеуі арқылы ғана білетінбіз. Жазушының жеке
мұрағатында Рахиманың суреті сақталмаған, музей қорында
227
жоқ. Енді, күтпеген жағдайда, жиырма жастағы Рахиманың
фото-суреттегі дидарын көріп, таң-тамаша болдық.
Бұл кітапта Қани Қазиұлы, әкесінің айтуы бойынша,
Сәбит пен Рахима арсындағы тым келте жұбайлық ғұмырдың
жадыда қалған суреттерін жаңғыртады. Сәкен, Мағжан,
Сәбит, Ғабит және әкесі Қази туралы сөз сабақтайды.
Рахима туралы бұған дейін тек Сәбит Мұқановтың өзі ғана
жазған деректерді нақтылайды, толықтырады. Екі жыл ғана
тату-тәтті отбасылық ғұмыр кешкен Рахима ауырып қайтыс
болады, ұлдары Арыстан да бір жасқа толмай шетінеп
кетеді. С. Мұқановтың 1926 жылғы «Сәбидің өліміне» деген
өлеңі осыған байланысты туған. Сәбең бұдан соң Мәриям
Қожахметқызына үйленеді де, тұңғыш ұлдарының атын
тағы да Арыстан қояды. Сәбең Мәрияммен екеуі 47 жыл
бірге түтін түтетіп, үбірлі-шүбірлі болып, алты баладан
(төрт ұл, екі қыз) көптеген немере, шөбере сүйеді. Сәбит
Мұқанов 73 жасында, ал Мәриям апамыз 101 жасқа қараған
шағында өмірден озды.
Қани Тоқсанбаевтың бұл еңбегіндегі тұтас бір әулет
тарихына қатысты шежіре-деректер келер ұрпақтары үшін
қаншалықты құнды болса, ал қалың алаш оқырмандары
үшін үлкен олжа – қазақ әдебиетінің классигі, академик-
жазушы Сәбит Мұқановтың алғашқы сүйіп қосылған жары
Рахима Қощығұлқызының фотосуреттерінің (екеу) тұңғыш
жариялануы! Фотосуреттердің көшірме нұсқаларын Қани
Қазиұлы Музей кешеніне де тапсырды. Мұражай қорында
сақталатын құнды фотосуреттер алдағы уақытта әдеби
бөлімнің экспозициясынан да лайықты орын алатыны анық.
Шежіре өз алдына, мұндағы күнделік жазбаларында, ой-
толғаныстарында, сан алуан фото-суреттер мен құжаттарда
да көп сырлар тұнып тұр. Ормандай орыстың ортасында
таласа-тартыса өз мүддесін және ұлт намысын қорғап өскен
солтүстіктің қайсар қарағайындай қазақ азаматының түр-
тұлғасы танылады. Өзінің қарапайым да күрделі өмір жолын
ұрпағына өнеге әрі аманат етіп жазып отыр.
2011 ж.
228
ЖАНЫ ЖАЗ АҒА – ӘЗ-АҒА
Мынау тылсым тіршілікте махаббаттың, ерліктің
жыршысы атанған әйгілі қаламгер, Қазақстанның халық
жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әзілхан
Нұршайықов – мыңдаған, миллиондаған оқырмандарының
жүрегіне қапысыз жол тапқан, лирикалық прозаның ұлттық
әдебиетіміздегі көрнекті өкілдерінің бірі болып қалды.
Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық, мол жылдар»
романын мектеп қабырғасынан түлеп ұшар қарсаңда, 1971-
1972 жылдары, қолдан қолға тигізбей қызыға да құныға
оқығанымыз есімде. Біздің де алдымызда белгісіз әлем –
студенттік өмір күтіп тұрғанын іштей сезінгендіктен бе екен,
әйтеуір, Алматыға жеткенше, университет табалдырығынан
аттағанша, алып-ұшып арман жетегінде жүрдік. Әз-ағаның
шығармасы бізді керемет қанаттандырды, қатардағы
кейіпкерлері арқылы достық пен махаббат әлеміндегі
адалдыққа, кіршіксіз тазалыққа шақыратыны ұнады.
Сөйтсек, бұл тек біздің ғана емес, бізден басқалардың да –
алдыңғы, орта, кейінгі буынның да көңіл төрінен орын алған
туынды екен. Арада біраз жылдар өткен соң «Ақиқат пен
аңыз» роман-диалогы оның даңқына тағы да даңқ қосты.
2000 жылы мен Алматыдағы Сәбит Мұқанов пен
Ғабит Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешеніне
басшылық қызметке келдім. Осы жылдардан бастап Әз-
ағамен арамызда кездесудің, жүздесудің, әңгімелесудің сәті
жиі түсіп тұратын болды. Оның бір себебі – қазақ әдебиетінің
классиктері, әдебиет алыптары Сәбит Мұқанов пен Ғабит
Мүсіреповтің музей кешенінде өтіп жататын әртүрлі
әдеби кештерге, кездесулерге ең бір сыйлап, құрметтеп
шақыратын жазушымыз Әзілхан Нұршайықов еді. Әз-аға
әрқашан да біздің шақыруларымызға дайындықпен келетін.
Өзінің жеке мұрағатында сақталған Сәбеңе, Ғабеңе қатысты
құнды деректерді қайтадан тірілтіп, тыңдаушыларына
(зиялы қауым өкілдері, оқушылар, студенттер, т.б.) көл-көсір
сыр шертетін еді. Көбінесе сөйлейтін сөзін қағазға түсіріп,
229
кейде қысқаша тезис түрінде ой оралымдарын жинақтап,
жүйелеп алып келетін. Әз-аға сондай бір кездесудегі
жазбасының көшірмесін маған қалдырып еді. Содан үзінді
келтірсем, сөзімнің дәлелі болатын сияқты. Әз-аға былай
деп жазыпты: «Биылғы (2004ж. Ә.Қ.) 15 октябрьде Сәкен
Сейфуллиннің туғанына 110 жыл толады. Соған байланысты
бүгін С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің мұражайында
«Сәкен мен Сәбит оқулары» өткізілмек екен. Сағат бесте
басталмақ. Мұражай директоры Әділғазы Қайырбеков соған
қатысуымды сұрап, таңертең телефон соқты. Алдыңғы күні,
Марфуғаның тойынан қайтқанымызда, Тұрсынбек те соны
айтып, «қалайда келіңіз» деген болатын.
Мұражай директорына барайын дедім.
– Сіз Сәбит Мұқанов туралы естелік айтасыз. Сіздің
алдыңызда Мәриям апай Мұқанова (Сәбит Мұқановтың
бәйбішесі) Сәкен туралы естелік айтады.
– Жарайды, Әділғазы.
Түскі астан кейін үстел басына отырдым. Мұндай
жиындарда мен бұрын жазып сөйлейтін едім. Бұл жолы
уақыт тығыз, жазып үлгере алмаймын. Сондықтан не
айтарымды пункттеп, қағазға түсіруге кірістім.
Сәбит Мұқанов мұражайында сөйлейтін сөзімнің жобасы:
1. Сәбиттің «қара қазандай» шляпасы туралы төбелес.
Мұрын қанауы.
2. Сәбиттің сәлемі: «Пионер» журналынан келген хат,
онда журналдың жауапты секретары Т.Әбдірахмановтың:
Сенің «Бір» деген өлеңің журналда басылады. Сәбит
Мұқанов мақтады. Саған сәлем айтты» деген хабары. Менің
қуанышым. («Бір» өлеңін жатқа айтып беруім керек).
3. Сәбит Мұқановтың үйінде қонақ болуымыз (1944). «СҚ»-
ға шыққан «Делегация келді» деген хабар, үш сержанттың
суреті. (Екеуінің де фото-көшірмесін жұртқа көрсету керек).
4. Менің майданнан Сәбеңе жазған хатым («Сәлем саған
майданнан, Қазақстан» кітабы, 1975, 371-373 беттер). (Ол
хатты оқып беріп, кітабын жұртқа көрсету керек).
5. Сәбең үйінен қонағасы жеп, қонақ үйге қайтарымызда,
Мәриям апайдың айтуымен, алақанын жайып, бізге батасын
берген. Маған өзінің «Сұлушаш» поэмасын сыйлаған.
6,7,8. Жоғарыда Сәбеңе жазған хатымда айтылған Тәкен
230
туралы бір ауыз сөз айта кетейін.
9. 1953 жылы Павлодарға облыстық газеттің редакторы
болып бардым. Мен газеттің тілін жақсартып, авторлар
аумағын кеңейтуге тырыстым. Алдымен Алматыдағы
Сәбит Мұқановқа хат жаздым. Газетімізге не бір әңгіме,
не бір очерк жіберуін өтіндім. Романнан үзінді берсеңіз де
басамын, – дедім. Алматыда тұратын басқа да бірсыпыра
ақын, жазушыларға осындай тілек білдірдім. Ең алдымен
Сәбеңнен жауап алдым. Қысқаша хат жазып, «Украина
даласында» деген 30 беттік ұзақ очеркін жіберіпті.
Қуанышымызда шек болмады. Газетіміз «Қызыл тудың» бес
нөміріне бөліп бастық. Газеттің беделі көтерілді. Оқырмандар
телефон соғып: «Сәбиттің енді қандай шығармасын, қашан
басасыздар?» – деп дамылсыз сұрайтын болды.
10. 1960 жылы Сәбеңнің 60 жылдығы өтті. Оған мен де
атсалыстым. Ол жазғаным менің «Екі естелік» кітабыма
кірді. Мерейтойы өткеннен кейін Сәбең маған мынандай
автограф жазып, «Өсу жолдарымыз» деген кітабын жіберді
(кітапты жұртқа көрсетіп, автографты тұтас оқып беремін.)
11. Сәбит Мұқанов туралы өз ойларым.
Менің бұл кеште айтайын дегенім осы. Көп сөйлегенім
үшін кешірім сұраймын. (28.05.) Әз.Нұршайықов».
Наурыз, сәуір айларында өткізіліп тұратын дәстүрлі
«Ғабит оқуларын» 2010 жылы Екінші дүниежүзілік
соғыстағы Жеңістің 65 жылдығымен орайластырған едік.
Майдангер-жазушы Әзілхан Нұршайықовты арнайы
шақырып, әңгіме тыңдадық. Әз-аға ерекше шабытпен,
қанаттанып, Ғабең мұражай-үйінің кең де жарық залында
жиналған тыңдаушыларына – ғалымдар, ақын-жазушылар,
оқытушы-мұғалімдер, студенттер, т.б. – бір жарым сағаттан
аса уақыт бойы тік түрегеп тұрып сыр шерткен еді. Бұл 88
жастағы ардагер жазушының, ардақты қарияның біздің
мұражай кешеніндегі соңғы кезедесуі екен ғой. Кеш өте
әсерлі болып, жиналған қауым зор ризашылықпен тараған-
тұғын.
Әз-ағаның үйінде алғаш болғанымда мені бір қайран
қалдырғаны: жұмыс кабинетіндегі кітаптардың көптігі
емес, сол кітаптарды қалқалап жауып тұрған үлкенді-
кішілі фотосуреттердің көптігі. Әсіресе майдангерлердің,
231
соғыста қан кеше жүріп кейбірі мәңгілік қайтпас сапарға
кеткен, Отан қорғау жолында шейіт болған жауынгерлердің
сарғайған суреттері көп-ақ. «Менің кабинетімдегі жазу
үстелімнің арт жағындағы кітап шкафтарының кенересінде
әскери адамдардың сарғайған суреттері тұр. Олар кімдер?
Ұлы Отан соғысы кезінде мен қызмет еткен 100-ші дербес
атқыштар бригадасының жауынгерлері…» деп жазыпты ол
қойын дәптеріне.
Өзінің майдан жазбаларында, күнделіктерінде,
естеліктерінде Әз-ағаның фотобейнелерді барынша нақты
беруге тырысатынының бір сыры осы жинақылық пен
ұқыптылықта жатқандай еді.
Әз-ағаң әрдайым қолына фотоаппарат ұстап жүріп өзінің
болашақ шығармаларының кейіпкерлерімен кездесетін
журналист-жазушылардың қатарынан болды. Әуестікпен
басталған осы бір фотосуретке құмарлық кейін әдетке,
дағдыға, тіпті, шығармашылығының ажырамас бір бөлігіне
айналып кеткендей, сірә.
Мұражай кешеніндегі әртүрлі кездесу кештеріне
шақырғанымызда Әз-ағаң фотосуретке түсетін сәтке
ерекше мән беретін. Бірде сондай кездесулердің соңында
Сәбеңнің жары – Мәриям апайды қолтықтап, суретке түсуге
шақырды. Мәриям апай мен Әз-ағаңды ортаға алып тұра
қалдық. Немересі Динаның қолында фотоаппарат жүрген,
енді соған арнайы суретке түсірткізді. Арада бірнеше күн
өткенде Дина әлгі түсірген фотокадрлердің бірнешеуін
шығарып, музейге әкеліп берді. Мәриям апай да риза болды.
Әз-ағаңның осы бір ұқыптылығы, фотобейнелерді өзінің
әңгіме, очерктерінде шебер пайдаланатыны қаламгерлердің
қай-қайсысына да үлкен өнеге.
Әз-ағаның 85 жасқа толу мерейтойы аталып өтілгенде мен
арнау өлең жазып, жұртшылық алдында оқып бергенмін,
өзіне ілтипатпен тапсырғанмын. Өлең мынадай еді:
Кемелдік тауып, кеңдік те,
Елдікке үндеп, теңдікке,
Өрдіңіз сөзбен мұнара,
Махаббат пенен Ерлікке!
232
Тынбастан шарлап даланы,
Тынығып қана шамалы,
Сөзбенен емдеп жаздыңыз
Соғыстан қалған жараны.
Өтеді уақыт, сырғиды,
Ұшады бастан қырғи күн.
Сіз жазған әрбір шығарма
Жүрекке шуақ, нұр құйды.
Асудан асу астыңыз,
Жалғандық десе қаштыңыз.
Бауыржан батыр бейнесін
Аңызға орап аштыңыз.
Еңбекпен екпін еселеп,
Қажыған жоқсыз десе де.
Халима апай басына
Қойдыңыз аппақ кесене.
Жайдары, жаны жаз аға,
Тұныққа іңкәр, тазаға.
Махаббат жырын толғаңыз,
Азаттық жырын толғаңыз,
Аман болыңыз, Әз-Аға!
Асыл ағаның соңында қалған мол мұрасы келер ұрпақтың
игілігіне жарай беретіні сөзсіз. Өмірде қарапайым, өнерде
қанатты жан еді Ол.
2011 ж.
233
«ҒАБЕҢНІҢ АЛҒАШҚЫ
ТУЫНДЫСЫНА БЕЙІМБЕТ
МАЙЛИН БАТА БЕРГЕН»
Достарыңызбен бөлісу: |