ƏМЕҢГЕРЛІК
Халқымыздың бұрынғы салты бойынша, күйеуі қайтыс болғанда оның жесірі «ерден
кетсе де, елден кетпек жоқ», «аға өлсе – іні мұра» деген қағидамен əмеңгерлік жолмен
күйеуінің ағасына не інісінің біреуіне өзінің таңдауы бойынша тұрмысқа шығады. Бұл
дін жолымен де негізделген. Күйеуі өлген жесірді басқа жаққа жібермеудің бірнеше
əлеуметтік маңызы бар. Біріншіден, əйел де, оның балалары да туыс-туғанынан
бөлінбейді, ру, ел қауымдастығында бірге тəрбие алады. Екіншіден, жесірдің кетуі сол
елге үлкен мін саналған.
424
АДАМНЫҢ БІР ҚЫЗЫҒЫ – БАЛА ДЕГЕН
«АЗАН ШАҚЫРУ» – АТ ҚОЮ
Қазақ отбасында баланың дүниеге келуіне
байланысты ежелден келе жатқан салт-дəстүрлер
бар. Кейбір дəстүрлер сəл өзгерген түрде бүгінге
дейін сақталған.
Бала дүниеге келгеннен кейін атасы мен əжесі
немесе ауыл ақсақалы балаға ат қояды. Кейде
баланың атын «азан шақырып» молда қоятын
болған. Ат қоюшы адам баланың құлағына:
«Сенің атың ... (баланың аты айтылады)», – деп
үш рет қайталайды.
Ат таңдаған кезде түрлі ырымдар, түсініктер,
тілектер ескеріледі. Ата-аналар бала есімінің
мағыналы əрі көркем болғанын қалайды.
Ұл бала күтіп жүрген əке-шешесі кезекті қызына «Ұлбосын (ұл болсын)» деп ат қояды.
Тілегені орындалған ата-аналар балаларына: «Қуаныш», «Құдайберген», «Күнтуды»
деген есімдер береді.
ШІЛДЕХАНА
Шілдехана – жаңа туған нəрестенің құрметіне арналған той. Оған көбінесе жастар
жиналады. Олар шілдеханаға арнайы шақырумен де, шақырусыз да келе береді. Бұл
тойда «Балаңыздың бауы берік болсын!» деген құттықтау айтылады.
Қонақтар таң атқанша домбыра тартып, өлең айтады. Түрлі ойын-сауықтар
ұйымдастырады. Жұмбақ, жаңылтпаш айтысып жарысады. Жеңгендері отбасының
сый-құрметіне бөленеді.
Шілдехана – баланы жын-шайтаннан қорғап,
күзетуден пайда болған дəстүр. Сондықтан
шілдехананы кейде «шілдекүзет» деп те атаған.
Шілдекүзет кейде үш күнге дейін созылған.
425
АДАМНЫҢ БІР ҚЫЗЫҒЫ – БАЛА ДЕГЕН
БЕСІККЕ САЛУ
Шілдехана өткеннен кейін баланың əке-шешесі
бесік тойын жасайды. Ағаштан жасалған бесікті
баланың нағашылары немесе жасы үлкен, қадірлі
аналардың бірі əкеліп, сыйға береді. Оның себебі
– сəби де кейін көп балалы болсын деген тілекпен
байланысты. Баланы бесікке салу рəсімін бесік
сыйлаған анаға тапсырады.
Ең алдымен, бесікке салушы əйел бесіктің
өзін жын-шайтандарды қуу үшін, түрлі иістерден
арылту үшін отпен аластап шығады. Содан кейін көрпешелер мен жастықшаларды
баптап салады. Баланы жатқызып, бөлейді. Қолбау, белбеу жəне аяқбаумен тартып
байлап қояды. Əйел тілектерін айта отырып, бесіктің үстіне алдымен көрпе жабады.
Бала халықшыл болсын деп тон, шапан жабады, ат жалын тартып мінсін деп қамшы
іледі, көз тимесін деп тұмар тағады, қырандай көреген болсын деп бүркіттің тұяғын
байлайды.
Тойға келгендер шашу шашып, балаға батасын береді.
ҚЫРҚЫНАН ШЫҒАРУ
Туғанына қырық күн толғанда баланы қырқынан шығарады. Қырық күн өткеннен
кейін баланың өмірінде жаңа кезең басталады деп есептеледі. Қазақ халқының ұғымында
қырық саны – қасиетті сандардың бірі.
Қырқынан шығаруға жиналған əйелдер баланы теңге, сақиналар салынған тегешке
шомылдырады. Əйелдердің үлкені «Отыз омыртқаң жылдам бекісін, қырық қабырғаң
жылдам қатсын» деп, баланың үстіне қырық қасық су құяды. Сақиналарды баланы
шомылдыруға қатысқан əйелдер бөліседі.
Келесі кезекте баланың шашын, тырнағын алады. Шашын шүберекке түйіп, киімінің
иығына қадайды. Тырнағын адам баспайтын жерге көмеді.
Бала қырқынан шыққанға дейін киген итжейдесіне тəттілерді түйіп, иттің мойнына
байлап қоя береді. Балалар итті қуып жетіп, тəттілерді бөліседі.
Баланы қырқынан шығару дəстүрін бесік тойымен бірге өткізу жиі кездеседі.
426
АДАМНЫҢ БІР ҚЫЗЫҒЫ – БАЛА ДЕГЕН
ТҰСАУ КЕСУ
Тұсау кесу – сəби қаз тұрғаннан кейін тез, жығылмай, сүрінбей
жүріп кетсін, болашағы жарқын болсын деген тілекпен жасалатын
дəстүр. Арнайы дайындалған ала жіппен баланың аяғын тұсап
байлайды. Ала жіппен тұсаудың негізінде «Болашақта бала
ешкімнің ала жібін аттамасын!» деген тілек бар. Жіпті қадірлі,
ісі алға басып тұрған, əрі жылдам, сүрінбей жүретін адам кеседі.
Бұл – бала осы адамға тартсын деген тілектен туған рəсім. Тұсау
кесуші өткір қайшымен ала жіпті кесіп жатып:
– Қаз-қаз, балам, қаз, балам,
Қадам бассаң, мəз болам.
Күрмеуіңді шешейін,
Тұсауыңды кесейін, – деп жырлайды. Тұсау кескен əйелге баланың əке-шешесі арнайы
сыйлық береді. Тұсауы кесілген баланы екі адам екі қолынан ұстап тез жүгіртеді.
Баланың алғашқы қадамына арналған той қызу əңгімемен, əн-күймен жалғасады.
АТҚА МІНГІЗУ
Бала тəрбиесіне байланысты салт-дəстүрдің бірі – 3-4 жасқа келген ұл баланы атқа
мінгізу. Алдымен ағаштан ашамай жасалған. Оның қолтырмашы – баланың белін
буатын жұмсақ белбауы жəне тепкішегі – баланың аяғын салатын, үзеңгі орнында
жүретін дорбасы болған. Осыған орай:
– Мықтап тарт ашамайдың қолтырмашын,
Жас болса, жол үстінде болдырмасын, – деген тілек айтылған. Ашамайдың алды-
артында биік сүйеніші болған.
Ашамайды жуас құнанға ерттеп, баланы мінгізіп байлап қояды. Тізгінді балаға
ұстатып, бір адам құнанды жетектеп жүреді. Осыдан кейін ауылды айналдыра жүргізіп,
жиналып тұрған үлкендерге сəлем бергізеді. Қариялар:
– Атқа жақсы шаба біл,
Өнеге-өнер таба біл,
Аймағыңа жаға біл! – деп тілек-бата берген. Əйелдер баланың атқа міну құрметіне
шашу шашқан. Ересек балалар таймен жарысып, бірімен-бірі күресіп, түрлі ойындар
ойнаған. Үлкендер қымыз ішіп, ет жеп, бата беріп тараған.
427
АДАМНЫҢ БІР ҚЫЗЫҒЫ – БАЛА ДЕГЕН
ТОҚЫМ ҚАҒУ
Өзінің бəсіре атына ашамайын ерттеп мінген бала алғаш үйінен алысқа жолаушылап
шыққан кезде баланың əке-шешесі мал сойып, ауыл адамдарына «тоқымқағар» тойын
жасайды. Қуанышқа келгендер той иесіне:
– Баланың жолы болсын!
– Жақсы азамат болсын!
– Аман-сау оралсын!
– Оң сапар болсын! – деп тілектерін айтады. Жиналғандар домбыра тартып, əн
салады. Шағын айтыс болып, арты ойын-сауыққа айналады.
СҮНДЕТ ТОЙ
Сүндетке отырғызу араб елдерінен шығып, мұсылман жұртына тараған. Ер баланы
сүндетке 3, 5, 7, 9 жаста отырғызған. Бұл салт көктем не күз мезгілдерінде атқарылған.
Сүндетке отырғызу бала өміріндегі қуанышты кезең болғандықтан «сүндет той»
жасалған.
Алыс-жақын ағайын, дос-жаран, ауыл адамдары бас қосып, той-думан өткізген.
Тойда құнан бəйгесі болып, балалар күрескен. Сүндетке отырған балаға көрімдік беріп,
шашу шашылған. Сүндетке отырғызу мұсылмандық парыз саналып, балаға ер жетіп
азамат болдың деген ойды ұғындырған.
428
АДАМНЫҢ БІР ҚЫЗЫҒЫ – БАЛА ДЕГЕН
ТІЛАШАР
Бала жеті жасқа толған соң, ата-анасы баланы медресе не мектепке оқуға апарған.
Баланың оқуға баруы – үлкен қуаныш, сондықтан əке-шешесі «тілашар» тойын жасаған.
Тойға келген адамдар баланың əке-шешесіне құтты болсын айтып, шашу шашқан. Мал
сойылып, тойға келген қонақтарға сый-құрмет көрсетілген. Қарттар оқуға алғаш барған
жас балаға: «Хатты тез танып, он сегіз мың ғаламның тілін білсін. Еліне елеулі адам
болсын!» – деп бата беріп, тарасқан.
ЖАС САНАУ
Ұл бала 10 жасқа толған
соң, оған қозы бақтырған.
Сондықтан осы жасты «қозы
жасы» деп атаған. Бұл – еңбекке
баулудың алғашқы басқышы.
Бала еңбектің қиындығын көріп,
дəмін татқан.
Қозы жасы
Қой жасы
Бала 13 жастан асқан соң қозы емес,
қой бағуға ауысқан. Сондықтан 13-
20 жастың арасын «қой жасы» деп
есептеген. Қыстың суығына, жаздың
ыстығына шыдап, бір қора қойды бағу
оңай болмаған. Ит-құсқа жегізбей, ұры-
қарыдан сақтап, жоғалтпай бағу төзімділік
пен шыдамдылықты қажет еткен.
429
АДАМНЫҢ БІР ҚЫЗЫҒЫ – БАЛА ДЕГЕН
Жылқы жасы
Патша жасы
Қой бағуға төселіп, сыннан сүрінбей өткендер «жылқы жасына» ауысқан. Қызығы
мен қиындығы көп жылқы малын бағуды 25-40 жас аралығындағы жігіттерге тапсырған.
Сондықтан жиырма бесті «жылқы жасы» деп білген.
40 жас «патша жасы» деп есептелінген, себебі бұл жастағы адамдардың кейбірі атқа
мініп, ел басқарған. Өзінің ақылымен, батырлық-батылдығымен, өнерлі шешендігімен
көпке танымал болып, даңқы шыққан.
430
БАТАМЕНЕН ЕР КӨГЕРЕР
БАТА-ТІЛЕК
Бата беру – сөздің күш-құдіретіне сенген ертедегі
адамдардың таным-түсінігінен туған көне дəстүр.
Бата отбасы əдет-ғұрыптарына қатысты айтылып,
халықтың күнделікті өмірінен кең орын алған.
Бұрынғы замандарда халық ізгі тілек, ақ бата
арқылы мақсат-мұратқа жетуге болады деп сенген.
Сондықтан халық «Батамен ел көгереді, жаңбырмен
жер көгереді» деп даналық сөздер арқылы тұжырымдай
отырып, үлкендерден бата алуды мұрат санаған.
Батаны оң бата жөне теріс бата деп екіге бөледі.
Бата берудің мақсат-мазмұны сан түрлі болып келеді.
Сонау көне заманнан келе жатқан игі дəстүрге халық
ерекше мəн берген. Күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан ақ бата берудің, алғыс
айтудың жас ұрпақты кішілік пен кісілікке тəрбиелеуде айтарлықтай əсері бар. Өйткені
бата – ізгі ниеттен туған игі тілек.
Ел сүйетін бала бол,
Ержеткенде дана бол.
Туып-өскен еліңнің,
Жел жағына пана бол! – деп балалардың бақытты болуына тілек білдіреді.
«Жақсы сөзді жарым ырыс» санаған халық алғысқа бөленуден артық абырой жоқ
деп білген. Ақ бата жастарды алға жетелейді. Адамгершілік, қадір-қасиет қағидаларын
нығайта түседі. Сондықтан əрбір жас батаны өмірге қажетті дана сөздер деп
қабылдайды.
Халық қыз ұзатып, келін түсіруді үлкен қуаныш санайды. Осындай жиын-тойлардың
соңынан да бата беріледі. Оның бір үлгісі мынадай:
Уа, жас отау иесі,
Қолдасын тəңір киесі.
Алған жарың жерік болсын,
Босағаларың берік болсын.
Жаның арамдыққа көнбесін,
Ошағыңның оты сөнбесін! – деп жас жұбайлардың
арман-тілегінің орындалуына жақсы ниет білдіреді.
Аталы сөз, ақ тілек айтылады. Бұл тілек отбасы
татулығын арттырады.
Қазақ халқының күнкөріс кəсібінің бірі мал болған.
Оны бағып-қағу оңай емес еді. Жазда жайлауға көшіп,
бие байлауды халық мерекеге айналдырған. Осыған
орай айтылатын тілек мынадай:
431
БАТАМЕНЕН ЕР КӨГЕРЕР
Сұрасаң, бата берейін,
Үстем болсын мерейің.
Ықыласпен қол жайсаң,
Ақ тілекті төгейін!
Дастарқаның мол болсын,
Абыройың зор болсын.
Көк жайлауды жайласаң,
Тай-құлынды байласаң,
Сабаң толсын қымызға,
Шараң толсын уызға.
Халық арасында ақ бата алдық, мұрат-мақсатқа жетеміз деген сенім ұялайды.
Сонымен бірге алыс сапарға аттанғанда, айт мерекелері, «Ұлыстың ұлы күні» сияқты
көп халық бас қосқан үлкенді-кішілі тойларда да бата беріледі.
Жыл басында аман-сау бет көрісіп, береке-бірлік тілеу халқымыздың салауатты
салтын, өнеге тəлімін танытады. Мысалы:
Ұлыс мұратты болсын,
Мекен тұрақты болсын.
Малға құрақты болсын,
Елге шуақты болсын.
Өзен суатты болсын.
Ерлер қуатты болсын,
Алқап малға толсын,
Халқыңа береке берсін! – деген бата-тілек наурыз дастарқанында айтылады.
Халқымыз атамекеннің тұтастығына, ел ішінің тыныштығына ерекше назар аударған.
Көпшіліктің береке-бірлігіне кесірі тиетін жамандықтың үлкен-кішісі жоқ екенін есте
ұстаған. Тіршіліктің талабы осыны қажет еткен. Сондықтан беделі зор қариялар:
Жалақтаған жаудан сақта...
Ашынған ұрыдан сақта.
Құлқыны құрыдан сақта!
Дауылдың кəрінен сақта,
Жыланның зəрінен сақта!
Аяқ-асты кезігер
Бəле-жаланың бəрінен сақта! – деп ел амандығын тілеген, көптің көңілдегісін
айтқан.
Халық əрқашан жақсы салт-дəстүрді сақтап, өз ұрпақтарын кішіпейіл,
бауырмашылдыққа, əдепті, ибалыққа, білім-өнерге баулып отыруды мақсат еткен.
Мысалы:
Оқу оқып, ғалым бол,
Жанған оттай жалын бол.
Атың шығып халыққа,
432
БАТАМЕНЕН ЕР КӨГЕРЕР
Затыңменен мəлім бол!
Əділ шешер əр істі
Ақылың асқан дана бол!
Немесе:
Шыбықтан өсіп шынар бол,
Білім жолын қуар бол.
Ата-бабаң шықпаған,
Биікке шырқап шығар бол,
Аллаһуакбар! – деп тақпақтаған батаның ғибраты
аз болмаған.
Үлкендердің жастарға үнемі бағыт-бағдар беріп,
ақ тілек айтуы – ежелден келе жатқан дəстүр. Олар
ұрпақ тағдырына енжар қарамаған. Əр кез ақ тілек
тілеп, бата айтуды салт еткен. Жас ұрпақтың ел
қамын ойлайтын азамат болуын армандаған. Бата жас өркеннің болашақ өміріне игі
əсер етеді деп ұққан. Сондықтан ақсақалдарды шақырып, ақ батасын алу өнегелі дəстүр
саналған. Ол:
Бір үйдің баласы болма,
Көп үйдің санасы бол.
Бір елдің баласы болма,
Бар елдің данасы бол!
Бір тонның жағасы болма,
Көп қолдың ағасы бол! – деп бата берген.
Бата беру – ақ ниеттен туған жарқын салт. Ол жамандықтан қашық болуға үндейді.
Бата-тілектің көркемдік бояу-өрнектері, мазмұн байлығы уақыт рухына сай өңделіп
отырады. Бата – ізгі тілек. Одан халықтың алдан күткен үміт, арманы көрінеді. Бата-
тілектің ұлағатты үлгісі үлкен, тəрбиелік мəні зор.
433
БАТАМЕНЕН ЕР КӨГЕРЕР
434
ТҰРМЫСТЫҚ СAЛТ-ДƏСТҮРЛЕР
АС БЕРУ
Қазақ халқының ертеден келе жатқан ең үлкен тойы – ас беру. Бұл – дүниеден өткен
адамдардың жылы толғанда оған жасалатын ақырғы зор құрмет жəне ұлы жиын, бас
қосу. Аста жүздеген ордалар, киіз үйлер тігіліп, үш жүзге бірдей сауын айтылады. Бұған
əр елден есімі белгілі ақсақалдар, батырлар, ақындар, балуандар, əнші-жыршылар,
көкпаршылар, мергендер арнаулы шақырылып, жүйрік аттар келеді. Асқа өте зор қаржы,
мал жұмсалған. Жеңімпаздарға зор бəйге тігілген. Мұның сыртында шақырылғандар
да аруаққа деп малын сойып, сабасын жəне əкелген. Аста елдің бірлігі мен байлығы,
мырзалығы, біліктілігі сынға түседі. Ас беру дəулетті адамдардың, елдің ғана қолынан
келген. Ас беру дəстүрі казір де жалғастырылып жатқанын айта кету керек.
АСАТУ
Ет желініп болғаннан кейін төрде отырған ақсақал табақта қалған етті жас балалар
мен жігіттерге асатуға тиіс. Бұрынғы кезде жас балалар «ет асаймыз» деп қонақ келген
үйдің маңайында жүретін болған.
АЙТТЫҚ
Айттық – айт күні «айттық» деп сұраған адамдарға берілетін сыйлық. Оны ақшалай
да, заттай да беруге болады. Бұл айтты да, дəстүрді де, сұраған адамды да құрметтеудің
белгісі болып табылады.
435
ТҰРМЫСТЫҚ СAЛТ-ДƏСТҮРЛЕР
БАСТАҢҒЫ
Үйдің үлкендері жол жүріп кеткенде ауыл жастары сол үйге жиналып, жолаушылардың
жолда басы ауырмасын деп «бастаңғы» жасайды. Бастаңғының мəнісі – жастардың сол
үйде ойын-сауық жасап, бас қосуы. Дəстүр бойынша бұған тыйым салуға болмайды.
ЕРУЛІК
Ерулік беру дəстүрі – бүкіл қазаққа ортақ салт. Жарыса көшкен ауылдардың бірі озып,
бірі қалып отырады. Сонда бұрын қонып отырған ауыл соңынан көшіп келіп, маңына
қонған ауыл адамдарын қонаққа шақырып, қонағасы береді. Ерулік – қазақтарды
алыс-жақынына қарамай араластырып, бір-бірін қонақ етіп жақындастыра түсетін
салт. Қазіргі күнге дейін, тіпті үлкен қалаларда да бұл жайт кездесіп тұрады: жаңа
қоныстанған көршіні ерулікке шақырып жатады.
БƏЙГЕ
Бəйге – ұлы тойда, аста, мерекеде жыққан балуанға, озған жүйрікке, жеңген ақынға
берілетін жүлде. Тойдың, астың дəрежесін, қызығын осы бəйгеге қарап анықтауға
болады. Бəйгенің ең үлкені, əдетте, бас палуан мен жүйрік атқа тағайындалады. Əсіресе,
ат бəйгесіне мол мал, дүние-мүлік тігіледі. Бəйге алдында озып келген 10, 15, 20 атқа да
беріледі. Аты озып бəйге алғандар оның бəрін еліне айдап кетпейді. Бұл – жомарттық,
мəрттік, ерлікті көрсететін ғұрып. Оның біраз бөлігін аруаққа, ақсақалдарға атап,
қалғанын жанындағы жолдастарына бөліп береді. Палуан бəйгесі де үлкен. Оған кілем
жабылған түйе берілген, ақындарға шапан кигізіп, ат мінгізген.
Бəйге жеңімпаздарға берілетін жүлде болғанымен, кейде ат жарысының өзін де
«бəйге» деп айта береді. Бəйге – қазақ халқының рухани, мəдени дəрежесін көтеретін
жəне көрсететін үлкен дəстүр.
436
ТҰРМЫСТЫҚ СAЛТ-ДƏСТҮРЛЕР
ЖЫЛУ
Өртке ұшыраған, мал-мүлкі суға кеткен немесе тағы басқа бақытсыздық жағдайға
ұшыраған жанұяға ауыл-аймақта тұратын адамдар мал, дүние беріп, ақшалай көмек
көрсетіп, жəрдем жасауды халық «жылу» деп атайды. Жылу беру – адамгершілік
көрінісі.
КӨРІМДІК
Жаңа туған балаға, жас келінге, ботаға, т.б. алғаш көрген сəтте көрімдік сұрау
– халықтың ежелгі жəне лайықты дəстүрі. Мұның маңызы алып-беруде ғана емес,
жақын-жуықтың адамгершілігін, ниетін, ашық қолдығын да танытудың белгісі ретінде
қаралады. Жоғарыда айтылған байғазы мен көрімдік – екеуі екі басқа ұғым. Көрімдік
адамға, жандыға, ал байғазы көбінесе жансыз дүниелерге қатысты айтылады.
КӨҢІЛ СҰРАУ
Ауырып жатқан адамның көңілін сұрау – адамгершіліктің белгісі. Көңіл сұрай барған
адам науқасты жұбатып, «ауырып тұрдың – аунап тұрдың», «ауру батпандап кіріп,
мысқалдап шығады», «дертіңізге шипа берсін» деген сөздермен оның жазылуға деген
сенімін арттыра түсуге тиіс. Бұл да адамға деген құрметтің бір түрі.
ЕНШІ
Балалары ержетіп, жеке үй болғанда ата-анасы оған отау тігіп, дүние-мүлік, мал
береді. Мұны «енші» деп атайды. Қыздарға берілетін дүние-мүлік «жасау» деп
аталады.
АМАНАТ
Аманат – бір адамның екінші біреуге сақтауға берген бағалы заттары. «Аманаттың»
түбірі аман деген сөзден шыққан болуы керек. Аманатты сақтау жəне оны мезгілінде
тапсыру зор адамгершілікке жатады. «Аманат аман сақтайды», – дейді халық. Аманатқа
қиянат жасамайды. Ол өте ауыр күнə деп есептеледі.
Аманаттың бұрын еларалық қатынаста да үлкен мəн-маңызы болған. Көбінесе, ол
бірлік, татулық, бітім жолына қызмет еткен. Тарихымызда «ақ үй аманат алып барған
екен» деген деректер жиі кездеседі. Ерте кезде жауласушы екі ел татуласқан кезде
аманатқа адам да қалдырып кететін болған.
437
ТҰРМЫСТЫҚ СAЛТ-ДƏСТҮРЛЕР
ҚАЛАУ
Біреудің жақсы малына, затына, мүлкіне көңілі кеткен адам сол үйге барып «қалау»
қалайды. Яғни үй иесіне, əйеліне немесе баласына лайықты бағалы тарту жасап, қалауын
айтады. Оның тартуының бағасы өзі қалаған затының бағасымен сəйкес келуі шарт
емес. Дəстүр бойынша, үй иесі қалаушы адамды қонақасы беріп, қалағанын орындап
қайтаруға тиіс. Бұл – жомарттық пен мəрттіктің, іліктік жақындық пен сыйластықтың
белгісі.
ҚОНАҚАСЫ
Халқымыздың тарихи, əлеуметтік, тұрмыстық жағдайларындағы ерекше қымбат
дəстүр – қонақжайлық. Үйіне келген қонақты құрметпен қарсы алып, мал сойып,
қонақасы беру – жомарттықтың, елдіктің үлкен белгісі. Қазақ семіз қойын, басқа
да жылы, жұмсақ тағамдарын қонаққа əдейі сақтап, «қонақ келеді» деп күтініп
отырған. «Құдайым би қылмасаң да, би түсетін үй қыл» деп тілек тілеген қазақ үйіне
қонақ түскенді мəртебе, бақыт санаған. Қонақ та кез келген үйге түспей, қонақжай,
дастарқаны мол, таза, көргенді ұл-қызы бар үйге түсетін болған. Қазақта «қонақтың өз
ырыздығы бар» деген ұғым қалыптасқан. Халық дəстүрінде қонақ шақырмау, қонақты
үйге түсірмеу үлкен айып болып саналады. Қонақты арнайы қонақ, құдайы қонақ деп
бөледі. Қыдырма қонақ деген де бар. Бірақ ол сыйлы қонақ емес.
ҚОЛ ҰШЫН БЕРУ
«Бітер істің басына, жақсы келер қасына» дегендей, жұмыс істеп жатқан жерге
келген əр адам қанша асығыс болса да, сəл аялдап, қол ұшын беруге тиіс. Мысалы,
үй салып жатқан жерде, ағаш, кесек əперу, егін жинап жатқан жерде екі-үш күрек дəн
тасып əкелу, тағы сол сияқты көпшілік жұмылған іске өз үлесін қосу азаматтық борыш,
міндет болып саналады. Егер мұндайда кейбіреу еңкеймей тұрса, онда оған «еңкей,
қол ұшын бер, балаңның белі бүкір болады» деген əзіл-шыны аралас ескерту жасайды.
Осындай көп жұмылған жерде бос тұру тəрбиесіздік əрі білімсіздік болып саналады.
АСАР
Бір жанұяның қолынан келмейтін жұмыстарды атқару үшін ауылдың адамдары
«асар» жасайды. Мысалы: үй көтеру, егін салу, шөп шабу, тағы сол сияқты көлемді,
ауыр жұмыстарға ауыл азаматтарын көмекке шақырады. Асарға келгендер еңбегі үшін
ақша талап етпейді. Оның есесіне, асарға шақырушы адам оларға арнаулы мал сойып,
қымыз құйып, жақсы ас əзірлеп тойғызады. Асар қазақ елінің ұжымдық топта жұмыс
істеуінің бір көрінісі деп қарауға болады. Мұндай жақсы дəстүр ел ішінде əлі де бар.
438
ТҰРМЫСТЫҚ СAЛТ-ДƏСТҮРЛЕР
СҮЙІНШІ
Қуанышты хабар жеткізуші адам «Сүйінші! Сүйінші!» деп келеді. Мұндайда
қуанышты үй иесі «қалағаныңды ал» дейді немесе оған риза болатындай сыйлық
ұсынады. Бұл – қуанудың, ризалықтың белгісі. Сүйінші сұраудың да, оның сүйіншісін
алудың да ешқандай сөкеттігі жоқ.
Құрметті қонаққа немесе өздерінің жақын-жуығына арнап сақтаған кəделі ет мүшелері
сыбаға деп аталады. Айталық, ақсақалдарға, құдаларға, т.б. жолы үлкен адамдарға
сыбаға əдейі сақталады. Бас, жамбас, ірі малдың белдеме омыртқалары сыйлы мүшелер
болып саналады. Сол сияқты құдаларға, құдағиға жая, жамбас, қыздар мен күйеулерге
төс, балаларға құлақ, бүйрек сияқты лайықты сыбағалары беріледі. Өзі келе алмайтын
қарт адамдардың сыбағасын беріп жібереді. Үлкен адамдарға жамбастың шұқыршағы
(ірі малдың), жауырын, кəрі жілік асылмайды. Қыздарға кəрі жілік, өкпе берілмейді.
Жалпы қол жіліктері құрметті адамдарға тартылмайды. Қазақ дəстүрі бойынша, əр
жолаушы адам өзі қонатын үйде сыбағам бар деп санаған. Тиісті сыбағасын бермесе,
қонақ ол үйді сынап, өкпесін айтып кетуге хақы бар.
Достарыңызбен бөлісу: |