Ежелгі дүние тарихы жетістіктері мен қасіреттері тікелей адамзаттың одан арғы дамуын анықтаған көне өркениеттердің тарихы болып табылады



бет16/92
Дата08.09.2022
өлшемі442,2 Kb.
#38696
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   92
3. Ерте әулеттік дәуір
Б.з.д. ІІІ мыңжылдық аяғында шумерлер қарапайым тарихтың түрін – «Патшалар тізімін» жасады. Онда дүние жаратылғаннан бері Месопотамияның әр түрлі қалаларында билік құрған патшалар рет-ретімен аталған.
Бір қалада бірінен кейін бірі билік құрған патшалар шартты түрде бір әулетті құрған. Іс жүзінде бұл тізімге тарихи тұлғалармен бірге мифтік персонаждар да енген, оның үстіне аталған билеушілердің көпшілігі әлі де патша дәрежесінде болмаған: олар жоғары абыз (эн) немесе “үлкен адамдар” (яғни лугаль – көсем-қолбасшылар) немесе абыз-құрылысшы (энси) болды. Тізімде көрсетілген жекелеген әулеттің билік құрған уақыты шындыққа өте сирек сәйкес келеді.
Патшалар тізімі мен археологиялық дәуірлеу бойынша ерте әулеттің өзі үш кезеңге бөлінеді.
І-ші кезеңде (б.з.д. 28-27 ғғ.) билік құрған Киш әулетінің патшасы – Эн-Менбарагеси Шумердің алғашқы мемлекеттік қайраткері болған. Ол туралы бізге тек патша тізімі ғана емес, оның өз жазбалары да көрсетеді. Ол Эламмен, яғни Шумердің көршісі, Карун және Керхе өзендері аңғарындағы қалалармен соғысады. Сонымен бірге оның ұлы – Агганың да шын мәнінде өмір сүрген тарихи тұлға болғандығы күмәнсіз. Ол өзіне оңтүстік Урукты бағындыруға тырысқан. Уруктың ақсақалдар кеңесі бұған келісуге дайын болған еді, алайда қауымның халық жиналысы көсем-абыз (эн) Гильгамешті көсем-қолбасшы (лугаль) етіп жариялай отырып, қарсылық көрсету туралы шешім қабылдады. Агганың Урукты қоршауға алуы сәтсіз болды да, нәтижеде Киш Гильгамешке бағынуға мәжбүр болды.
Кейіннен Гильгамеш шумер эпикалық әндерінің, ал одан кейін аккад тілінде құрастырылған «Гиьгамеш туралы жыр» деп аталатын ұлы эпикалық дастанның қаһарманына айналды. Эпос оның маңызды ерлік үлгілері ретінде Урук қаласының дуалын тұрғызуын және бал қарағай ағашы үшін биік тауға сапарын көрсетеді.
Гильгамештен Ерте әулеттік дәуірдің екінші кезеңі (б.з.д. 27-26 ғғ.) басталады. Бұл дәуірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайлары жөнінде Шуруппак қаласынан табылған мұрағат көп мәліметтер береді.
Бұл құжаттардан көретініміздей Шуруппак территориялық қауымы (ном) Урук басқарған қауымдардың әскери одағына кірген. Шуруппак жауынгерлерінің бір бөлігі одақтың әр түрлі қалаларына орналастырылды, бірақ Урук лугальдары қауымдардың ішкі ісіне араласпаған. Храмның шаруашылығы территориялық қауым жерінен және ондағы үлкен отбасылардың жеке шаруашылықтарынан толықтай бөлектенді, алайда храмның қауыммен байланысы әлі де болса айтарлықтай болды. Мысалы, территориялық қауым әр түрлі қиындықтар болып қалғанда, ауыр күндері храмға жүк тасымалдауда (есектермен) көмектесіп отырған, мүмкін өз мүшелерінің еңбегі арқылы да көмектесіп отырған болуы мүмкін, ал храм шаруашылығы халық жиналысы кезінде болатын дәстүрлі тойды азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырған. Шуруппак номының билеушісі – энси болған, ол аса маңызды қызмет болып есептелмеген, оған салыстырмалы түрде кішкентай ғана жер үлесі берілген. Ақсақалдар кеңесі мен кейбір абыздар одан маңыздырақ болған тәрізді. Жыл санау энсидің билік құрған жылдарымен есептелген жоқ.
Храм шаруашылығында әр түрлі әлеуметтік жағдайдағы қолөнершілер, малшылар мен егіншілер еңбек еткен. Олардың қолында өндіріс құрал-жабдықтары болмады және экономикадан тыс жолдармен қаналды. Олардың бірқатары басқа қауымдардан қашып келгендер, кейбіреулері – тұтқындардың ұрпақтары болды.
Б.з.д. ІІІ мыңжылдықтың ортасына қарай өз номдарының ақсақалдар кеңесіне толық саяси тәуелді болған әскери және діни көсемдермен (лугаль, эн және энси) қатар жаңа бір тұлға – лугаль-гегемон бой көтере бастады. Мұндай лугаль өзіне шын берілген адамдарға және жасаққа сүйенді, оларды лугаль-гегемон ақсақалдар кеңесімен ақылдаспай-ақ өзі асырай алды, осындай жасақтың көмегімен ол басқа номдарды жаулап алып отырды және осылайша таза номдық ұйым болған жекелеген кеңестерден жоғары тұрды. Лугаль-гегемон елдің солтүстігінде Киштің лугалі атағын, ал елдің оңтүстігінде бүкіл елдің лугалі атағын алды. Бұл атаққа ие болу үшін Ниппур құдайының храмы мойындауы тиіс болды.
Номдық қауымдық өзін-өзі басқару органдарынан тәуелсіздік алу үшін лугальдарға дербес қаражат көздері, ең алдымен жер қажет болды, өйткені өз жақтастарына жер үлестерінен беру азық-түліктен немесе басқа да заттай паек түрлеріне қарағанда анағұрлым ыңғайлы болды. Қаражат та, жер де храмдарда еді, сондықтан да лугальдар храмдарды өз қолына алуға тырысты. Бұл жоғарғы абыз әйелдерге үйлену арқылы немесе кеңесті өзін бірден-ақ қолбасшы және жоғарғы абыз етіп сайлауға көндіру арқылы іске асты, бұған қоса, храмдағы әкімшілік басқаруды қауымдық ақсақалдардың қолынан алып, өзіне тікелей тәуелді адамдарға тапсырды.
Уруктың І әулетін ауыстырған Урдың І әулетінің билеушелері – Месанепад пен оның мұрагерлері анағұрлым бай лугальдар болды. Олардың байлығы храм жерін басып алуға ғана негізделген жоқ, сонымен бірге саудаға да негізделді.
Урдың І әулетінен бастап Ерте әулеттік дәуірдің соңғы кезеңі (б.з.д. 25-24ғғ.) басталады. Төменгі Месопотамияда Ур қаласынан басқа да тәуелсіз номдық қауымдар болды. Олардың кейбіреуін Ур лугалінен кем емес гегемондыққа ұмтылған лугальдар басқарды. Олардың бәрі бір-бірімен үнемі қақтығысып отырды – бұл жағдай дәуірдің сипатты белгісі болды, олар құнарлы жер бөліктері үшін, каналдар үшін және байлық үшін күресті. Мемлекеттің ішінде Төменгі Месопотамияның солтүстігінде Киш, ал оңтүстігінде Лагаш номының билеушілері гегемонияға ұмтылды. Лагаш Евфраттың И-Нина-гене тармағында орналасты. Астанасы – Гирсу қаласы болды.
Лагаштан Төменгі Месопотамияның басқа қалаларына қарағанда көбірек құжаттар мен жазбалар сақталып жеткен. Әйел құдайы - Бабаның храмдық шаруашылығының мұрағаты әсіресе маңызды. Бұл мұрағаттан білетініміз храм жері 3 категорияға бөлінген: 1) храмның өз жері – ниг-эна, оны храм егіншілері өңдеді, ал одан түскен табыстың бір бөлігі шаруашылық қызметкерлеріне (персоналына) бөлініп берілді, алайда ол негізінен құрбандыққа шалу, резервтік және айырбастау қорын құрды; 2) учаскелерден тұратын үлестік жер, бұл учаскелер храм қызметкерлерінің бір бөлігіне – ұсақ әкімшілік жүргізушілерге, қолөнершілер мен егіншілерге берілді, кейде үлестік жер бір топ адамға берілді, мұндай жағдайда жұмыскерлердің бір бөлігі өз бастығының тәуелді адамы болды, үлестік жер оны ұстаушылардың жеке меншігі болған жоқ, ол тек қызметкерлердің күн көрістік көзі ғана болды, егер әкімшілікке қажет болса, ол үлесті алып қоя алды, храмдағы тоқымашылықпен, жіп иірумен және малға қараумен айналысатын күңдерге, сондай-ақ барлық қара жұмыспен айналысушы ер адамдарға натуралды түрдегі паек қана берілді, олар іс жүзінде құлдық жағдайда өмір сүрді, алайда күңдердің балалары кейіннен жұмыскерлердің басқа категорияларына өте алды; 3) сыбағаластық жер, бұл жерді храмдар айтарлықтай жеңіл шарттармен жерге зәру барлық адамдарға беріп отырды, мұндай жерден түскен пайданың белгілі-бір бөлігін оны ұстаушы кісі храмға беріп отыруға тиіс болды.
Бұдан басқа, храмнан тыс үлкен отбасылық қауым жерлері болды, бұл жерлерде құл еңбегі өте сирек қаналды.
Номдық мемлекеттің ірі қызмет адамдары, соның ішінде абыздар мен билеушінің өзі де өз қызметіне орай айтарлықтай жер иеліктеріне ие болып отырды. Бұл жерлерде дәл храм жерлеріндегідей тәуелді адамдар жұмыс істеді. Мұндай жерлер мемлекеттік қорға жататын, бұл қызмет адамдары уақытша пайдаланылатын жер болды ма, әлде олардың жеке меншігі болды ма, ол жағы анық емес. Бұл лагаштықтардың өзіне де белгісіз болған тәрізді. Жеке меншік жер уақытша иеліктегі жерден ең алдымен, оны өз қалауынша пайдалану, яғни сату, сыйға тарату, мұраға қалдыру құқығымен ерекшеленеді. Алайда жерді толықтай сату ұғымы ежелгі месопотамдықтардың түсініктеріне мүлдем жат болған, ауқатты, шонжар адамдарда өз жерін сатуға деген мұқтаждық болмаған, керісінше мұндай мұқтаждық кейде, кедей қауымдастарда болып қалатын (өз қарыздарынан құтылу үшін). Бірақ мұндай сату-сатып алу келісімдері толық сипатқа ие бола қоймаған. Кейде билеуші біреудің жерін өзіне беруге мәжбүр етіп отырды. Қоғамның таптық антогонистік құрылымын толықтай көрсететін меншік қатынастары б.з.д. ІІІ мыңжылдықта Төменгі Месопотамияда әлі де болса жеткілікті дәрежеде анық формаларға ие болмаған болуы керек. Қоғам басқаның еңбегін қанауға мүмкіндігі бар ауқатты топқа, әлі де болса қанауға ұшырамаған, бірақ өзі де басқаның еңбегін қанамайтын еңбекшілер тобына және еңбек құралдарына меншік құқығынан айырылған және экономикадан тыс қанауға ұшырап отырған адамдар табына ажыратылды. Соңғылардың қатарына үлкен шаруашылықтарға бекітілген қаналушы тәуелді жұмыскерлер және патриархалды құлдар кірді.
Бұл мәліметтердің бәрі бізге негізінен Лагаштан жеткен, бірақ осыған ұқсас жағдай Төменгі Месопотамияның басқа да номдарында да болды деуге негіз бар.
Лагаш билеушілері Төменгі Месопотамиядағы гегемонияға жетуді армандады, алайда елдің орталығында үстемдік ету жолында оған көршісі Умма қаласы кедергі жасады, оның үстіне Уммамен бірнеше ұрпақтардан бері екі қаланың орталығындағы құнарлы аудандар үшін қанды қақтығыстар жүріп келе жатқан болатын. Лагаш билеушілері энси титулына ие болды, ал лугаль атағын ақсақалдар кеңесі мен халық жиналысынан уақытша ғана - маңызды әскери жорық кезінде немесе басқа да маңызды шаралар кезінде ерекше құқықтарымен бірге алып отырды.
Лагаштың осындай уақытша лугаль атағын алған билеушісі Эанатум б.з.д. 2400 ж. шамасында Умманы толықтай өзіне қаратады. Бұдан кейін ол басқа да номдармен табысты соғыстар жүргізе отырып, ақырында Киш лугалі атағына ие болды. Алайда оның мұрагерлері басқа номдарға гегемониясын ұстап тұра алмады. Біраз уақыт өткеннен кейін Лагаштағы билікті Энентарзи деген біреу қолына алады. Ол Нингирсу атты жергілікті номдық құдайдың жоғарғы абызының ұлы еді, сондықтан да ол жоғарғы абыз қызметін де өз қолына алды. Лагаштың энсиі болып алғаннан кейін ол мемлекеттік жерлерді Нингирсу құдайы храмының жерімен, сондай-ақ оның әйелі – Баба әйел-құдайыны храмының жерлерімен біріктірді. Сөйтіп, билеушінің қолында Лагаштың барлық жерінің жартысынан көбі шоғырланды. Көптеген абыздар қызметінен алынды, ал храм жерлерін басқару билеушінің қызметшілеріне өтті. Билеушінің адамдары ұсақ абыздар мен храмға тәуелді топтардан әр түрлі алым-салықтар жинай бастады. Сонымен бір уақытта, қауымдастардың да жағдайы нашарлап кеткен тәрізді – олар шонжарларға қарызға түсіп, өз балаларын сатып отырғандығы жөнінде деректерде мәліметтер кездеседі. Бұл жағдайлардың себептері бұлдыр: мүмкін мемлекеттік аппараттың өсуімен байланысты алым-салықтардың артуы, қоғамның әлеуметтік және экономикалық жіктелуі нәтижесінде жер және басқа да ресурстарды бөлудегі бұрынғы салыстырмалы түрдегі теңдіктің жойылуы, және осыған байланысты тұқым мен құрал-жабдықтар сатып алу үшін несиеге деген мұқтаждық т.б. – өйткені айналымдағы металл (күміс, мыс) өте аз болды.
Осының бәрі Лагаш халқының әр түрлі топтарының наразылығын туғызды. Энентарзидің мұрагері Лугальанда биліктен қуылып, оның орнына халық жиналысы Уруинимгинаны (Урукагина, б.з.д. 2318-2310 жж.) сайлады. Билік құруының екінші жылы ол лугаль құзыретіне ие болып, реформа жүргізді. Реформа жөнінде Урунимгинаның бұйрығымен жазбаға түсірілді. Ол Шумердегі алғашқы реформа жасаушы болмаған тәрізді. Мұндай реформалар бұдан бұрын да аракідік жүргізіліп отырылған. Реформаның мәні, Нингирсу, Баба және т.б. құдайлардың жерлері билеуші отбасының меншігінен қайта алынып, дәстүрге қайшы келіп отырған алым-салықтарға тиым салынды, және билеушінің басқа да шектен тыс әрекеттері тоқтатылды, төменгі абыздардың және храм шаруашылығындағы тәуелді адамдардың жоғарғы бөліктерінің жағдайы түзетілді, қарыз келісімдері жойылды. Алайда реформа айтарлықтай нәтижелер бере қоймаған тәрізді, көп жағдайда ол тек сөз жүзінде ғана қалып қойды. Оның үстіне, Урунимгина көршілес Уммамен соғыс бастап кетті. Бұл соғыс Лагаш үшін ауыр салдарларға алып келді, ұзаққа созылған соғыс Лагаштың құлауымен аяқталды. Умма мен Лагаш арасындағы б.з.д. 2312 жылғы соғыста Умманың билеушісі Лугальзагеси Лагашты талқандайды. Бұдан кейін Лугальзагеси Кишті жеңіп Киш лугалі атағын алады.
Жеңіске жеткен Умманың да ғұмыры ұзақ болмады. Бұл Ежелгі Месопотамия тарихының шумерлік кезеңінің аяғы еді. Бұдан кейін аймақта территориялық мемлекеттер тарихы басталады.

Білімін тексеруге арналған сұрақтар:



  1. Қосөзеннің табиғи жағдайының ерекшеліктері қандай?

  2. Ирригациялық жүйенің қалыптасуы қай кезеңге жатады?

  3. Ерте жазба дәуірінде орын алған жағдайлар?

  4. Ерте әулеттік дәуірдің кезеңдерін көрсетіңіз.

ҮІ ТАРАУ
МЕСОПОТАМИЯДАҒЫ ТЕРРИТОРИЯЛЫҚ МЕМЛЕКЕТКЕ ӨТУ


1. Саргон мемлекеті


Төменгі Месопотамияның бүкіл оңтүстік бөлігін (Шумер) дерлік өзіне бағындырған Лугальзагеси алайда біртұтас мемлекет құруға тырысқан жоқ. Шумер номдарының храмдық және қауымдық шонжарларының дәстүрлі жоғарғы топтарына сүйене отырып, ол жергілікті ақсақалдар қолынан жергілікті абыз немесе билеуші титулын алумен ғана шектелді. Өз жауларымен күресті де ол аяғына дейін жеткізген жоқ. Мысалы, Кишті жеңгенімен, ол Киш лугалінің көзін жойған жоқ, Лагашты талқандағанмен, Уруинимгинаны биліктен аластата алмады. Лугальзагеси тұсындағы Шумер Гильгамеш пен Агга тұсындағы номдардың әскери одағына ұқсас жағдайда болды.
Алайда Лугальзагесиге жаңа, мүлдем күтпеген қарсыласпен қақтығысуға тура келді. Бұл, тарих ғылымында шартты түрде Саргон Ежелгі деген атқа ие болған кісі еді, ол Төменгі Месопотамияның солтүстік бөлігінің шығыс семит тілінде сөйлейтін халқынан шыққан, осы тілде ол өзін Шаррум-кен деп атады, бұл “нағыз патша” дегенді білдіреді. Ғалымдардың тұжырымы бойынша бұл оның өз есімі болмаған, бұл атты ол өзін патша деп жариялағаннан кейін алған. Кейінірекке жататын ерте шығыс аңыздары Саргон Ежелгінің шығу тегі ақсүйек болмағанын көрсетеді. Ол бағбан әрі су тасушының асырап алған баласы болған, кейінірек Киш лугалінің жеке малайы болады, ал Кишті Лугальзагеси талқандағаннан кейін өзінің кіші-гірім патшалығын құрады.
Саргон өз тағдырын қандай да болмасын қауымдық және номдық дәстүрлермен байланыстырмайды, ол бұрын мүлде белгісіз болған кішкентай ғана қала Аккадты көтереді. Әлі күнге дейін археологтар бұл қаланың орнын тапқан жоқ, алайда осы қала Месопотамия тарихында үлкен роль атқарды. Саргоннан кейін көп уақыт өте келе Төменгі Месопотамияның бүкіл солтүстік бөлігі Аккад деп атала бастады, ал сол уақыттан бастап шығыс семит тілі аккад тілі деп аталып кетті.
Дәстүрлі номдарда тірегі жоқ, храмдармен және шонжарлармен байланысты болмаған Саргон ерікті халық жасағына сүйенген болса керек.
Лагашта Уруинимгина төңкерісіне алып келген оқиғалар көрсеткеніндей қоғамда әлеуметтік қайшылықтар шиеленісіп тұрған болатын, сондықтан да Саргонды төмендегілер қолдаған болуы керек. Қауымдастардың ең кедей бөліктері барған сайын күшейіп отырған номдық шонжарларды әлсіретуге мүдделі болды, ал Саргон әскерінде қызмет ету төменгі топтардың әлеуметтік және мүліктік жағдайының жақсаруына жағдай туғызды. Осындай төменгі топтарға сүйене отырып Саргон елді біріктіру жолындағы күресін бастап кетті. Ол бұл бағыттағы әрекетін өз билігін бүкіл Жоғарғы Месопотамияға орнатудан бастайды, бұл арада ол Жерорта теңізіне дейінгі жерлерді өзіне қаратады, бұдан кейін ол Лугальзагесиге дипломатиялық неке арқылы жақындасуды ұсынады, алайда бұған Лугальзагеси келіспейді. Осыдан кейін Саргон әскери қимылдарға көшіп, өз қарсыласын тез арада-ақ талқандайды. Саргон аз уақыт ішінде Төменгі Месопотамияның барлық маңызды қалаларын басып алады. Сонымен Саргонға Жерорта теңізінен Парсы шығанағына дейінгі бүкіл Месопотамия территориясы қарайды. Кейінірек оның әскерлері Кіші Азияға және Эламға да жорықтар жасайды.
Саргон тұсында (Саргонның билік кұрған жылдары – б.з.д. 2316-2261 жж.) номдардың әрқайсысы өз ішкі құрылымын сақтайды. Бірақ жекелеген энсилер енді іс жүзінде патша алдында жауапты шенеуніктерге айналып қалды. Олардың қолында патшаға тәуелді храм шаруашылығын басқару шоғырланды. Әлі де болса сақталып қалған ном ақсүйектерін Саргон және оның мұрагерлері өз сарайында бекзадалар ретінде іс жүзінде кепілдікте ұстады.
Саргон тұрақты әскер ұстады, сонымен бірге өзінің жеке жасағына да сүйенді. Сондықтан да храм жерінен үлес ұстап отырған жасақты қажет етпегендіктен, таратып жіберді. Жалпы алғанда Саргон әулетінің патшалары жұмыскерлерді натуралды паекпен (азық-түлікпен) қамтамасыз етумен шектеліп, мемлекеттік шаруашылық қызметкерлеріне үлес берудің көлемін қысқартты. Бұл жұмыскерлерді қанау мөлшерін өсірді.
Саргон бүкіл ел көлемінде бірыңғай аудан, салмақ және т.б. бірліктерді енгізді, ол құрғақтағы жолдар мен су жолдарының жағдайына көңіл бөліп, олардың қалыпты жұмысына қамқорлық жасап отырды, аңызға сенсек, Саргонның тұсында Мелаха (Үндістан) кемелері өзен бойымен Аккадқа дейін келіп отырған. Алайда сауданың бұл гүлденуі ұзаққа созылмады.
Бастапқыда Саргонға қолдау көрсеткен қатардағы қауымдастар оның саясатынан көп пайда көрген жоқ. Жергілікті жерде халық жиналыстары өтіп тұрды, бірақ іс жүзінде ықпалынан айрыла бастады. Жалпы мемлекет істерімен орталықтандырылған бюрократиялық аппарат айналысты.
Сондықтан да Саргонның өзі тұсында және оның мұрагерлері тұсында халық көтерілістері жиі болып тұрды, алайда олар қатыгездікпен басып-жаншылды. Осы жерде айта кететін жағдай, бұл кезде де ерте әулеттік дәуірдегідей этникалық негіздегі қақтығыстар болған жоқ. Негізінен алғанда, Аккад әулетін оған дейін және одан кейінгі шумер әулеттеріне қарама-қарсы семиттік әулет деп атайды. Алайда Саргон тұсында және оның мұрагерлері тұсында да шумер тілі жазу мен ресми іс жүргізу тілі болып қала берді, ал аккад тілі екінші дәрежелі тіл ретінде шумер тілімен қатар қолданылды.
Аккад патшалығы Саргонның немересі Нарам-Суэн тұсында (б.з.д. 2236-2200жж.) қуатының ең бір шарықтау шегіне жетті. Ол Киште орын алған халық көтерілісін қатыгездікпен баса отырып, жаңа жаулап алу жорықтарына аттанады. Нарам-Суэн ірі сауда орталығы – Эбланы талқандап, Жерорта теңізіне тіке шығатын жолды өз қолына алады. Оның тұсында Иранның батыс тау жоталарына жорықтар жалғасты. Нарам-Суэн тұсында Месопотамияда алғаш рет патшаны құдайға айналдыруға талпыныс жасалады. Алайда Саргонидтер қалыптастырған деспотиялық билік орнықты болмады. Ескі ақсүйек шонжарлар әлсіретіліп, жартылай қырылғанына қарамастан құдайға айналдырылған деспоттың билігіне наразы абыздар сақталып қалған еді. Сондай-ақ өз үлестерінен айырылып қалған қауымдастардың қарсылығы күшейе түсті.
Б.з.д. ХХІІ ғ. басында ішкі қайшылықтармен әлсіреп қалған Аккад патшалығын шығыстан, Иран қыраттарынан келген кутийлер талқандады. Жаулаушылардың саны аз болды және әлі де айтарлықтай дәрежеде ру-тайпалық ұйымын сақтаған еді. Сондықтан да, әлеуметтік-экономикалық жағынан өзінен анағұрлым дамыған елді өз билігінде ұстап тұру үшін олар елдің кейбір қалаларымен одақ іздей бастайды.
Кутийлердің басты тірегі – шумерлік Лагаш болды, ол Уруин-имгинаның талқандалуынан кейін қайта көтеріліп, оңтүстік Қосөзенде басымдыққа жеткен еді.
Б.з.д. ХХІІ ғ. екінші жартысында Лагашта кутийлердің жоғарғы билігін мойындаған Гудеа атты энси билік құрды. Гудеаның саясатына дәстүрлі номдық энси саясаты белгілерін Аккад әулеті тұсында үстем болған принциптермен ұштастыру тән болды. Ол мемлекет билеушісінің храм жеріне меншік құқығынан толық түрде бас тартты, бұнысымен ол Саргон әулеті емес, Уруинимгинаның дәстүрін жалғастырды. Алайда ол жекелеген құдайлардың көптеген храмдық шаруашылық жүйесіне оралмады, олардың бәрін бір жалпы мемлекеттік Нингирсу құдайының храмдық шаруашылығына топтастырды. Бұл шаруашылықтың жұмыскерлерін Гудеа Саргонидтер тұсындағыдай паекпен асырады. Гудеа белсенді түрде құрылыс жүргізуімен белгілі болды, ол жаңа, алып Нингирсу храмын тұрғызуға қаражатты аямай төкті және бұл үшін халыққа жаңа салық енгізіп, міндеткерліктердің жаңа түрлерін жүктеді. Сонымен бірге Гудеа тұсында бүкіл Лагаштық ақсақалдар кеңесі айрықша зор роль атқарғаны туралы мәліметтер сақталған, атап айтқанда, ақсақалдар кеңесі іс жүзінде билеушіні сайлап отырған.
Кутийлерден Гудеа үлкен мөлшерде алым беру арқылы құтылып, іс жүзінде бүкіл Төменгі Месопотамияны өз билігінде ұстады. Алайда Гудеаның мұрагерлері әулеттің бұл саяси жағдайын ұстап қала алмады, Лагаштың қуаты күн санап кеми берді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   92




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет