ХІІІ-ХVIII ғ.ғ. ортағасырлық Қазақстан тарихының негізгі жазба деректеріне талдау жасаңыз.
Жазба дерек мәліметтері әртүрлі тілдерде, әртүрлі аумақтарда, әртүрлі әулеттердің билігі тұсында жазылғандықтан тілдік, аумақтық және әулеттік принциптер бойынша топтастырамыз.
Тілдік принцип бойынша жазба деректер араб, армян, орыс, монғол және түрік тілдеріндегі деректер деп жеке-жеке топтастырылды.
1. Араб тіліндегі жазба деректерге Ибн әл-Асирдың, ән-Насавидың (Несеви), Ибн Абд әз-Захирдың, Рукн әд-дин Бейбарс әл-Мансури әл-Мысридың, ән-Нувайридың, әл-Омаридың, әл-Айнидың, әл-Дженнабидың тарихи-географиялық сипатта жазылған еңбектері жатады. ХІІІ-ХV ғасырларда Алтын Орда мен Египеттің арасындағы қарым-қатынастар достық, одақтастық сипатта болғандықтан, екі ел арасында елшілік, сауда-саттық байланыстар жақсы дамиды. Араб елшілері мен саудагерлері өздерінің тікелей міндеттерінен басқа, жалпы Алтын Орданың саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени, рухани, этникалық өмірі туралы құнды тарихи материалдар, географиялық сипаттағы деректер жазып қалдырады. Осы деректердегі мәліметтерге сүйеніп, біз ХІІІ-ХV ғасырларда Алтын Орданың ішкі, сыртқы саяси өмірін, әлеуметтік-экономикалық, этникалық, діни, рухани, мәдени жағдайларын қарастырамыз.
Араб тіліндегі деректердің мәліметтерін В. Тизенгаузеннің 1884 жылы шығарылған «Сборник материалов относящихся к истории Золотой Орды» атты жинағының бірінші томы бойынша пайдаландық.
2. Тілдік принцип бойынша топтастырылған жазба деректердің екінші тобына армян тіліндегі деректер жатады. Дерек авторлары инок Магаки, Варден, Айривон Вардапет Мхитер, Стефан Орбелян, Смбат, Киракос Гандзакеци, Себастаци, Степанос, Оганес Тавушеци, армян патшасы Гетум және тағы басқалар өз деректерінде Жошы Ұлысының ХІІІ ғасырдағы жалпы жағдайы, ондағы Шыңғыс хан ұрпақтары арасындағы билік үшін болған күрестер, Алтын Орданың жеке хандары, олардың ислам және христиан діндеріне көзқарастары, ХІІІ ғасырдың екінші жартысынан бастап, исламның күшейе бастағандығы және т.б. мәліметтер туралы баян етеді. Біз армян тілінде жазылған деректердің мәліметтерін К.П. Паткановтың, А.Г. Галстянның ежелгі армян тілінен орыс тіліне аударылған нұсқалары бойынша пайдаландық.
3. Орыс тіліндегі деректер ішінде «Троицк жылнамасының», «Никонов жылнамасының», «1497 жылғы Жылнамалар жинағының», «Уваров немесе 1518 жылғы Жылнамалар жинағының» мәліметтері біздің қарастырып отырған тақырыбымыз үшін өте маңызды.
Орыс жылнамаларындағы мәліметтерде Алтын Орданың ХІІІ-ХY ғасырлардағы саяси тарихы жүйелі түрде баяндалмаса да кейбір ірі оқиғалар өте қысқаша бірақ, өте нақты берілген. Әсіресе, біз үшін ХY ғасырдың бірінші ширегінде Алтын Ордада болған билік үшін күрестер жөніндегі мәліметтер өте маңызды.
4. Монғол тіліндегі деректерден тақырыбымызға қатысы бар «Монғолдың құпия шежіресі» және Лувсанданзанның «Алтын шежіре» (ХVІІ ғ. 2-ші жартысы) атты еңбектеріндегі мәліметтерді пайдалдандық. Бұл деректерде Шыңғысханның шығу тегі, оның өмірі мен билікке келуі, жаулап алу соғыстары, ең бастысы, чаджарат, барин, салжиут, барлас, маңғыт, таишиут, бесут, кенегес, боржігін, дөрбет, қатаған және т.б. көптеген тайпалардың шығу тегі туралы құнды мәліметтер баяндалады.
5. Түрік тілінде жазылған деректер тобына біз Махмұд Қашқаридың «Түрік тілінің сөздігі» атты еңбегі мен Қадырғали Жалайырдың «Жылнамалар жинағы» атты еңбегінің мәліметтерін жатқыздық. Махмуд Қашқари еңбегінде XI ғасырда Дешті Қыпшақ пен оған іргелес аумақтарда өмір сүрген түрік тілдес тайпалар туралы жалпылама мәліметтер баяндалады. Ал Қадырғали Жалайырда біздің тақырыбымыз үшін маңызы бар Орыс хан, Құйыршық хан, Барақ хан, Жәнібек хандар туралы мәліметтердің, ХІY –ХY ғғ. Жошы Ұлысында болған оқиғалар туралы, Ноғай Ордасындағы Едіге және оның ұрпақтар Мансұр, Қази, Наурыз, Нұраддин, Афас, Оқас, Хорезми, Мұса, Жаңбыршы билерге қатысты мәліметтердің, Сібір хандары мен Шибанилық Әбілқайыр хан мен Иадгар хандарға қатысты мәліметтердің орны ерекше екендігіне көңіл аудардық.
Жазба деректердің келесі тобын аумақтық принцип бойынша топтастырып, оны аумақтық немесе европалық авторлар деректеріндегі мәліметтер деп шартты түрде атадық. Оған Марко Полоның, Плано Карпинидың мен Вильгельм Рубруктың, Матвей Меховскийдың шығармаларындағы мәліметтер жатады.
Қазақ хандығының құрылу тарихына қатысты жазба деректердің ең басты, ең негізгі тобын әулеттік деректер тобы құрайды. Бұл топтағы жазба деректердің өзі өз ішінде хұлагулық, делилік, жалайырлық, темірлік, шайбанилық, бабырлық, аштраханилық және Хиуадағы қоңыраттық деректер деп жіктеледі.
Достарыңызбен бөлісу: |