XVІ ғасырдың аяғы мен XVІІ ғасырдың басында Ресейдің крепостниктік езгісінен қашқан шаруалар мен казактар Жайық өлкесінекөшіп келіп, қоныстарын сала бастады. Сөйтіп 1584 жылы Ақ Жайық өзенінің жағасында шағын қалашықтың іргетасы қаланды. 1613 жылы қала статусын иеленді. Осылайша тарихта (қазіргі Орал қаласының) Жайық қалашығы пайда болды.
Біртіндеп Жайықтың бойына патша үкіметі де қызығушылық білдіре бастады. Өлкенің шұрайлы жерлеріне орыс помещиктерін әкеліп қоныстандырды. Петербург билеушілерінің осы аймақты жазалаушы топтармен ойрандауға көшті. Жайық бойына патша үкіметінің бекіністерін сала бастады. Қазақтар үшін мал жайылымдық жері азайды. Осындай шаралардың жүзеге асуы жергілікті қазақтар мен казактарға ұнамады.
1772 жылы Жайық казактарының феодалдық езгіге қарсы көтерілісі бұрқ ете түсті. Осы көтерілістің нәтижесінде казактар «тыңдамайтындар» және «тыңдайтындар»болып екі лагерге бөлінді.
Жайық бойы қайғыға тұнды. Жазалау, қиын жұмыстарға айдау, тыңдамайтындардан әсіресе кедейлерден үлкен мөлшерде айыппұл алу кең құлаш жайды. Кедей халықтың осындай жағдайы мен көңіл-күйі жаңа, ірі көтеріліске 1773-1775 жылғы Е. Пугачев бастаған шаруалар соғысына әкеліп соқты. Көтеріліске қатысушылар Пугачевты «өздерінің патшасы» деп санады.
Орта жүз, әсіресе Кіші жүз қазақтары патша үкіметінің жер мәселесіндегі отаршыл саясатына қарсылық танытып, Емельян Пугачев бастаған шаруалар көтерілісіне қосылды. Пугачев үндеуінің Кіші жүзде таралуы қазақтарды стихиялы түрде көтеріліске тартты. Халық жасақтары билеуші топтардың қол астына шоғырлана бастады. Өйткені патша үкіметінің Жайық, Ертіс өзендерінің оң жағасындағы шұрайлы жерлерді орыс-қазақтарға беріп, қазақтардың бекіністер орналасқан өңірге жақындауына тыйым салуы халықтың ашу-ызасын тудырды. Ал Пугачев болса езілген халық бұқарасын «жермен қамтамасыз етуге» уәде берген еді.
1773-1775 жылдары Жайық қалашығы Е. Пугачев бастаған халық қозғалысының тірегі болды. Көтеріліс басып жанышталғаннан кейін Екатерина ІІ патшайымның жарлығымен қала Орал болып өзгертілді. Қаланың экономикалық өмірінде сауда үлкен маңызға ие болды.
1846 жылы Орал ірі қалалар қатарына қосылып, үлкен сауда орталығына айналды. ХХ ғасырдың басына дейін Орал қаласы Орынбор губерниясының бөлігі Орал казак әскерінің орталығы Орал облысының әкімшілік орталығы болды.