Алғашқы мемлекеттер. Ауыл шаруашылығы мен қолөнердің дамуы өнімінің өсуін және артық азық-түліктің пайда болуын тудырады. Артық өнімнің пайда болуы тайпа көсемдерін байыта түсті. Енді тайпа көсемдері халықтан алған байлықты өзінің қасында бақылаушылар, сақшылар және жауынгерлер ұстау үшін пайдаланды. Сақшылар мен жауынгерлердің саны артқан сайын көсемдердің билігі де күшейе түсті. Осылайша, көсемдер бірте-бірте өз тайпаларының әміршісіне айналып, барлық мәселені өзі шешкен.
Сөйтіп, ежелгі Египетте қанаушылар мен қаналушылар пайда болды. Осыған байланысты құлиеленушілік құрылыс қалыптасты. Құлиеленушілік құрылыстың қалыптасуы нәтижесінде б.з.б. IV мыңжылдықта Египетте шағын мемлекеттер пайда болды. Олардың саны қырыққа дейін жетті. Мұндай мемлекеттерде қарамағында әскерлері, күзетшілері, жендеттері және түрмелері бар патша билігі орнады. Бұл мемлекеттер бір-бірімен жиі соғысып тұрды. Осындай соғыстардың нәтижесінде жеңген мемлекет жеңілген мемлекеттердің иеліктерін тартып алып отырды. Тайпа әміршілерінің кейбіреулері өздерін патша деп атады. Ақырында Ніл аңғарында екі ірі мемлекет пайда болды. Патшалардың біреуі Египеттің солтүстігін – өзеннің төменгі сағасын – атырауын бағындырса, ал екіншісі оңтүстік аңғарын бағындырды. Оңтүстік Египеттің патшасы басына биік ақ тәж кисе, ал солтүстіктің патшасы қызыл түсті тәж киген. Екі патша да бүкіл Египет жерін дара билеуге ұмтылды. Сондықтан екі патшалықтың арасында кескілескен ұрыстар жиі жүргізілді. Өзара бәсекелескен екі мемлекеттің арасындағы күрес өте қатты, ауыр және ұзаққа созылды.
Бір орталыққа біріккен мемлекеттің құрылуы. Б.з.б. 3000 жылдары оңтүстік патшалығының патшасы солтүстік патшалығын жеңіп, атырауды басып алды. Сөйтіп, Ніл шоңғалдарының Жерорта теңізіне дейінгі бүкіл Египетті біріктірген қуатты мемлекет құрылды. Енді оңтүстік Египеттің патшасы қосарлы ақ және қызыл түсті тәж киді. Біртұтас Египеттің патшалары – перғауындар (фараондар) деп аталды. Египеттіктерше «перо» (үлкен үй) патша сарайы деген мағына берді.
Деректерде Египетті ең алғаш біріктіруші патша Менес (Мина) перғауын делінеді. Атырау мен аңғардың түйіскен жеріне үлкен бекініс салынды. Ол бекіністі «Ақ дуал» деп атаған. Кейін сол бекіністе Египет мемлекетінің алғашқы астанасы салынды. Ол – Мемфис қаласы еді. Мемфис жүздеген жылдар бойы астана болды. Египеттегі екінші ірі қала Фивы саналды. Бүкіл Египетті бір мемлекетке біріктірудің нәтижесінде оның сыртқы жағдайы жақсарып, басқа елдермен байланысы ұлғая түскен. Сөйтіп, күшті әскері бар, бір орталыққа бағынған мемлекет қалыптасты. Қуатты патшалықтың әскерлері бірте-бірте Египеттен тыс елдерге – шығыста Синай түбегіне, ал оңтүстікте Нубияға шапқыншылық жорықтар жасай бастады. Египет біртұтас мемлекетке біріккеннен кейін ішкі және сыртқы сауданың өркендеуіне жол ашылды. Бір жүйеге келтірілген суландыру құрылыстары салынды.
Қуатты, бір орталыққа бағынған мемлекеттің нәтижесінде жазу біржола қалыптасып, ғылыми білімдер мен сәулет және құрылыс өнері дамыды.
Б.з.б. II мыңжылдықта Египетте құлиеленушілік құрылыс біржолата қалыптасып, нығая түскен. Египет сол кездегі дүниедегі ең бай, әрі қуатты елге айналды.
1. Ежелгі Египеттің табиғат жағдайларын сипаттаңдар.
2. «Ніл – құтты мекен деген пікірді қалай түсіндіресіңдер»
3. Табиғат жағдайларының егін шаруашылығына тигізетін әсерін салыстырып айтып
беріңдер.
4. Ежелгі Египетте алғашқы біртұтас мемлекет қашан құрылған?
5. Бір орталыққа бағынған мемлекеттің құрылуының маңызы қандай?
Достарыңызбен бөлісу: |