ЖАРАТҚАНҒА ЖАНЫ ҒАШЫҚ БОЛҒАНДА
І
Қара түннің қою шашын жастанып,
Қаратау тұр, Хан ұлындай мастанып.
Мен қараймын жұлдызы жоқ аспанға,
Жұдырықтай жүрегіммен жасқанып.
Шамы сөнген бөлме сынды қап-қара,
Жұлдызсыз түн, айсыз аспан масқара.
Ниетінен тапқан шығар адамзат?
Тəңірімнен зауал келіп қасқаға.
Түн қараңғы, ұры-қары сымпыған.
Əр кеудеде жұлдызсыз түн – бір тұман.
Ағып-тамып келе жатыр адамзат
Майшелпегі ұрлап алған ұртынан.
ІІ
Қара түн мен қара ниет астасты.
Дүниені қара тау боп тас басты.
Бірін-бірі көзге түртіп көп соқыр,
Жол үстінде бас жарысып, қастасты.
Қастық болды, бар білері – дұшпандық.
Жерді жемсеп, көктен жатты құсты аңдып.
Күліп тұрып, біліп тұрып у берген
Əр жүректе – мың айлалы мыстандық.
Қайда кетті Темірқазық жұлдызым?
Кірпігіне түн ілдіріп тұр мұзын
Мен де мұзбын, сенің қайда жылуың
Менен кейін қандай болмақ ұл-қызым?!
ІІІ
Ей, адамзат, қара ниет, қап-қара
Басың дайын – отқа да һəм оққа да.
Жарық ізде – қанағат пен иманнан,
Бір Аллаға қолыңды жай, тоқтама!
Бар адамзат бір бақшаның гүліміз,
Оған куə – зеңгір аспан, ұлы құз.
Жүрегіңнен өз күніңді тауып ап,
Өзгелерге жарық сыйлап тұрыңыз.
Бауырың ғой барлық адам, қаның бір,
Маған солай сыбырлайды – жалын жыр.
510
511
Тəңір сыйы – қара жер мен көк аспан,
Қас-қабағын Жаратқанның бағып жүр.
Маған да жат – мəнсіз тірлік, саған жат,
Көз жасыңнан қалай іздеп табам бақ?!
Жаратқанға жаны ғашық болғанда –
Бірін-бірі сүйер еді-ау, адамзат!
* * *
Шаршады, Бапаң жырдан, жан қарағым.
Қақпасы – мендік жүрек бар даланың.
Көзіне бұл тірліктің шырақ жағып,
Сəн көріп, сəулесіне таң қаламын.
Құлыным, құлын-тайдай жүгіргенім,
Төрт қызым төрімдегі күнім – Менің!
Үш ұлым – үш құзар шың асқар тауым,
Шүкірмін!.. Жұлдыздардың біріндемін!
НЕ КӨРДІК
Білмеген ит тірлікке таласуды,
Бөрімен бөліп ішкен қара суды,
Ақ шұбат, ақ дастарқан дəмім балдан
Көшкен жұрт, көл дария дəбім қалған.
Ə, жалған, əлай жалған, əнім жалған.
...Сағымды ерттеп мінген
Кер Маңғыстау,
Көреді ендігінің бəрін жалған.
Иманның көз жасы боп тамшыладық,
Ұлтты ойлап, намыс іздеп қамшыладық.
Не көрдік аңқылдаған
Ақ көңілден,
Қаныма кетті қолын малшып алып.
Сатты екен
Қай ағайын құныңды алып?!
Кеудемді кеміреді бір үн қалып.
Əнеки маңырайды
Іздегіге,
Көп киік көр аузына бұрын барып.
ЖЕЛМЕН КЕЛДІ БІР ДАУЫС
«…Пенде бiлгендi – Құдай да бiледi.
Əдiл Құдай егiлген жас пен төгiлген қан -
ның есесiн, əдiлетсiз жандардың есебi-
нен қайтарар! ...Жаңаөзен-11»
Автор
(Жас Алаш №102 (15664)
23 желтоқсан, жұма 2011)
Шыңғырысқан кімдер бұл, шыңнан ұшқан қылаң ба!?
Көктен келді бір дауыс,
«Ұлтым» деген ұран ба!?
Жерден келді бір дауыс
Қағынан қашқан құлан ба?!
Жар астында бір дауыс, айдаһар тектес жылан ба?!
Желмен келді бір дауыс егізден қалған сыңар ма?!
Құйқам жатыр қоңырсып, қуырған қара табада.
Сағана тамның басында,
Сары шалдың қасында,
Өмір де деген көк толқын, Мен қалдым солай жағада.
Құлпытас қолын жайып тұр,
Құран шығып бозторғай,
Маңғыстау деген мекенде, екі көзі аға да.
Ай сызат түсті-ау араға.
Шырын да шипа қайда бар, жүректе қалған жараға!?
Бозторғай дейді: «Айта бар!..
Ат жүрісін тай салар,
Əділетсіз зорлықтың,
Есесін көктен бір күні – Əділ де Құдай қайтарар!»
512
513
ƏР ЖУСАНДЫ СЫРҒАЛАП
Айға талас ақ жұлдыз
Манарланып қарайды.
Жұлдыз тектес ұлдарын
Жұлқып-жұлқып санайды.
Сүйген құлы Алланың Пірім Бекет қуаттан!
Жетім қозы отығар саған біткен шуақтан.
Көк аспанға бара жатыр ай батып
Көмейіме көп самаурын қайнатып,
Аруындай Адайдың салтанатпен ұзатқан.
Жел сыңсиды жеңгемдей
Зер шапанды шағылда
Ауыл-үйді жылатқан.
Қарындастың дауысы қараңғыда белгім-дүр,
Саған ғана сендім жыр!
Жыр құндақта іңгалап,
Əр жусанды сырғалап
Дəуреніне қош айтқан, ей, жалған-ай елмін бір.
ҚАЙТА САТТЫ БЕРГЕНДІ
Алтын арба,
Күміс күйме – Маңғыстау,
Алтын қазсаң белден-ді.
Кестелі қыр
Шархат жаулық мекенім,
Тұяқ серпіп серменді.
Енді қанша шыдайды –
Деп тұрғанда Тəуелсіздік келген-ді,
Ішке тартты, ел демді.
Тəуелсіздік – базар екен ол да бір,
Қайта сатты бергенді.
Барып едім базарлап,
Ұрлап алды теңгемді.
Өзге біреу билеп алған сыртынан,
Өмір деген жеңгемді.
ЕКІ СҮРЛЕУ, БІР ШЫБЫҚ
(Шежіре шалды көмген күн)
Ел жадағай, Ер сыңарсыз тұл шығып,
Күй кештік-ау екі сүрлеу, бір шыбық.
Көпті ойлаған,
Кекті ойлаған
Соңғы шалдың сүйегін
Өзімшіл топ көміп жатты құлшынып.
Құм жылады тобылғы мен жыңғыл-ды,
Жұбатады кім қырды!?
Ал, қырсық шал рухына ұлтымның
Орап алып кетті соңғы мың жылды.
Қарт Маңғыстау
Қайдағыны естиді
Сол жүректе көп сыр барын біліп тұр.
Қаратаудың екі көзі көк тепкі,
Соқыр көзден сонда да жас шығып тұр.
ƏЖЕ-ТӨБЕ, ƏЛДИ-КӨК
Əже-төбе, əлди-көк көктем келді бүр шығып.
Бүрге біткен тамырға бүлкілдейді жыр сіңіп.
Кімді күтіп жүр екен,
Етектері гүл екен,
Əр төбенің басына мұнаралар бір шығып.
Бір арман бар ағайын,
Қыр көзінде, қыратта,
Болашақ пен бір атта.
Біз бəріміз жауаптымыз ертең-ақ,
Ұл мен қыздың көзіндегі сұраққа.
514
515
* * *
Жұбатудың қажеті не, өртендім!..
Жылап тағы туар екен ертең кім?
Бір молаға қалақ бола қалыпты
Қой бастаған ай мүйізі серкемнің.
Қолат-сайдан қобыз тартты нар қамыс,
Бұл да енді бұлыңғыр күн, алданыш.
Өмір у-ғой, У ішінде тіршілік,
Уын ішсең тəттісінен таңдап іш.
Жын көбелек жыр қауызын жастанған,
Келді ұшып аспаннан.
Көбелекшіл көңілі бар пенденің,
Тəңір айдап тəтті у-ға бассалған.
* * *
Күзбін жаным, жапырақпын сап-сары,
Көктем өтті, жаз жырымды жаттады.
Тулап тасып, турап басып өкшелер
Жапырақтар жансыздана бастады.
Қар қылаулап қалар сосын тапталып,
Қош айтысар қоңырауын бақ қағып.
Қолды болып ажал атты ұрыға
Айтты-айтпа кетер байғұс аттанып.
Күз де көркем тіл табысып байқармын.
Оңашада ой бөлісіп, айтар мұң.
Жарық күннен жанға шуақ құт сұрап,
Алғанымды жырымменен қайтардым.
МҰЗ ЖАЛАСАМ БАСЫЛМАС
Ен қазақтың қабағы
Қан-қан болып ісіп тұр.
Жарғақ тон мен жабағы
Иығынан түсіп тұр.
Мұз жаласам басылмас
Көңіл дертім асқынды.
Жан жарасын жасырмас
Ит талады қасқырды.
Жарылған бас шекеден
Ақыл сұрап аңырды.
Жусан менен бетегең
Ақылынан жаңылды.
АСЫҒАМЫЗ
Арбакеш аттан көрер зорыққанын
Ат байғұс жолдан көрер сүрінгенін.
Білдірмес екі тағдыр торыққанын,
Көзінің желмен сүртіп іріңдерін.
Арбакеш, ат пен арба айдалада
Қорлайды бірін-бірі ентіктіріп.
Аңдысқан дүние ғой қайда қара
Таңдайды құрбандығын шертіп тұрып.
Ат өлді, арба сынды,сүрлеу қалды
Арбакеш қожайынға құлдық қылды.
Əйтеуір бірді-біреу күндеу мəңгі
Еңкілдеп есі кетіп шындық тұрды.
Күнəһармыз, күншілміз,
Жасырамыз.
516
517
Жолға шықтық бір шыңға жету үшін.
Болашаққа біз байғұс асығамыз,
Өткен күнге айналып кету үшін.
* * *
Мынаусы иман-зарық молдам еді
Анаусы достық жайлы толғап еді.
Шұбалған шұрық тесік кезбе бұлттар
Келеке қылып өтті ол да мені.
Қылаң боз, шымқай көрік қырдың белі
Кеудемде күміс кемер жырдың легі.
Бір қастық
Бір достық пен күн өтуде
Жалғаннан кімді сүйіп, білдім нені?
* * *
Іңір келді, шыдасақ болар сəрі,
Пенденің таңға құмар, сол аңсары.
Көз сықты көн етіктің қонышынан
Кесілген кер табанның толарсағы.
Тең-құрбы ол да қонақ аз күн ғана,
Сарнауық сары желмін, сазбын дара.
Ішінен жүрегіңнің мені іздеші
Отырған қара түнде жалғыз ғана?!
* * *
Кеудеме жеті қат көк, жер қонақтап
Ай мен күн дамылдады.
Көңілге аз күн сыйлас ер қонақтап,
Төгілді əн ырғағы.
Жайнаған гүлзар бақша көкірегім,
Жан-қауыз, жасыл желек.
Жыр баптап, елді сүйіп өтіп едім,
Біздің қан асыл демек.
ҚҰЛАМАЙТЫН БИІК ЖОҚ
Сұқтанады сан қарға,
Арлы жүрек алданба!
Түлкі бұлғар құйрығын
Қыран бүркіт самғарда.
Тобылғылы тораңғыл,
Топты жарда боран қыл.
Қамсау болар түлкіге
Қара шеңгел, сораң қыр.
Ымы бірге ындын көп,
Көп қорқытар бір күн кеп.
Көзді жұмып қалғыма
Шың басында тұрмын деп.
Жер бетінде зұлымдық,
Екі зорлық, бір ұрлық.
Өңеш біткен өрлейді
Бас сүйегін тұғыр қып.
Көкті сүйген қыраным,
Көптен қорық шырағым.
Жар түбінде жауың тұр
Көз бен тігіп құлағын.
Жарды ұмытсаң құладың.
Жауды ұмытсаң жыладың.
Қызғаныштың қақпаны
Шыңға біткен тұрағың.
518
519
Шыңға ұшып барғанға
Шын мақтанып алданба!
Құламайтын биік жоқ
Құл жағадан алғанда!
* * *
Ат-шапан,
Ат-тон айып бергелісің.
Серт байлап, серке сайлап сенгені үшін.
Төзіммен қанағаттан
Туған халық,
Көп шыдап ту түбінде келгені үшін.
Тереңнен тергеп жидық сөз халал-ды.
Көптен сөз, көктен найза көз қадалды.
Сен маған қарыздарсың хан мен төре –
Білмейді деп жүрсің бе өз бағамды.
МАС КӨҢІЛ
Қосылып ырылдауық, үрегешке,
Жосынып жын мен жырмаш жүр емес пе?!
Қарқара қауырсынын таққанменен
Сұқты көз өтпей тұрмас күлегешке.
Көлдеуік өткел бермес шалқығанда,
Көсем ер, күміс күйме, алтын арба.
Алды жөн, арты соқпақ адасқанның,
Мас көңіл не демейді балқығанда.
Жан дос бар, жамағайын сарай дос бар.
Иіліп итше еркелеп қалай қоштар.
Мақтан ғып май құйрығын базарға сап,
Басынан айырылды талай қошқар.
Əлай жалған!..
Солай болған!..
Жері жоқ тақ пен бақтың оңай болған.
Əлай жалған!..
Солай болған!
Солай болған!..
ДҮНИЕ
Батар күнде – бақ бар ма!?
Атар таңым – ақ қарға!
Сұңқылдаған көп қарға
Сүрінсең содан жат бар ма!?
Сүрдік дəурен сүйіне,
Сосын тойдық күйіңе,
Сəлем айт, болашақтарға!
Қанға малған қанатын
Ескі күн мен жаңа түн,
Алдамшысың, ақталма!
* * *
Қылыш тілін мұзға жанып қаңтарым,
Бүрсең қағып тартамын.
Кəрі төбет аяз қысса қыңсылап,
Ауыл-үйдің жақтырмайды тарпаңын.
Тоқал ешкі сауыс-сауыс сақалы,
Сəл суытса кəлимасыз қатады.
Өңкей тоқал өз жанынан садаға,
Кер текенің жоқ онымен шатағы.
Мұз моншақтап кірпігіне тананың,
Кешегіден қыса түсті жаңа күн.
Ауыл бір сəт тұяқ серпіп күрсінді,
Бұлт боп көкке көтерілді қара мұң.
Абайла, Қарағым!?
Жолыңа қарағын!..
520
521
ЕРКЕК ТАСТАЙ ЕЗГІЛЕП
Кеудеге қылыш салғандай,
Кеузеп жанды алғандай.
Қарқаралы дуылға
Хан ұлынан қалғандай.
Қожайын күліп, құл қарап,
Ұлт бақытын ұрламақ.
Білтелі мылтық, көк жебе
Көктен дəурен тұр қарап.
Кімнен сорым, қайдан бақ!?
Аз ғана күлдік сайрандап.
Еркек тастай езгілеп,
Күн-диірмен айналмақ.
Жер ортаға жеттік пе?!
Шер тұтатып шектік пе?
Шідерлі жалған, шемен ой
Шеше алмай оны кеттік пе!?
САНАНЫҢ ЕЛІРКЕУІ
Ер түбіне жеткен күн,
Ел бұрылып кеткен күн.
Хан ұлында үн болмас
Қарадан қайғы шеккен күн.
Қара балта жылар ма,
Қарағай сұлап құларда!?
Сабы ағаш болғанмен,
Санасы өзге шығар да.
Ерен байтақ ақ шағыл,
Еліркеген қасқа жыр.
Тағдырың солай көк шеген
Тамыр салдың тасқа бір.
Ақын едік қамданған,
Шарға түсіп шамданған.
Сағымға ерген баладай
Сандалып өттік жалғаннан.
ҚАРАЛЫ ҚАСҚАЛДАҚ
Қасқалдақ көлден қанат сермесін кеп,
Сұр мерген атып салды ерге сын деп.
Көлбақа көл түбіне кетті қашып,
Құдайым мұндай күнді бермесін деп.
Əй, мерген!..Бұл байғұсты бостан аттың!
Құсыңды өзің тіккен қостан аттың.
Бүлкілдеп соғып жатты бүршік жүрек,
Астында қан-қан болған қос қанаттың.
Бүр жарған, бүршік жарған, тектен ғұмыр,
Ілінген нысанаға неткен ғұмыр.
Қапыда қасқалдағым көлден ұшып,
Күлкі боп көлбақаға кеткен ғұмыр.
Сұр мерген жаудан оқты сұрап алды.
Қай атаңнан бұл əдет, мұра қалды!?
Осыныңды Сен қашан қоясың деп,
Көп торғай тізілісіп тұра қалды.
522
523
ҚАЗАҚҚА БІТКЕН БІР ТАҒДЫР
(жұт жылдары қуғын-сүргінге ұшыраған ұрпаққа
арнаймын)
Халық көшпек жұттан-ды,
Жұтай көшіп құт қалды.
Көктей өртеп күл қылды,
Жау көзінде сұқ қалды.
Басқан да жері аран-ды,
« Ханның басын – хан алды.
Қардың басын – қар алды».
Қазаққа біткен бір тағдыр,
Қан менен зардан жаралды.
Бұлттай көшті жамырап,
Қаралы шаңырақ қаңырап.
Ізінен қалмай ерді сол
Қазақты ажал танып ап.
...........................................
Тəуба!..Тəуба!..Нұлы күн!
... Бұл күнім!
ДЕЙЛ КАРНЕГИ
Əкесінен артық көріп Дейлді,
Бір пəтшағар сен болмаққа пейілді.
Қатын-қалаш ісмерсінер сені айтып,
Гүл бақшадан құрып келіп сейілді.
Мен іздеймін сахабалар бақшасын,
Иман-байлық!..
Адал еңбек жасқа сын.
Пайда көздеп жалған күлген дүние,
Өтіріктен бақ іздеуді тастасын!.
Адамды алдау ғылым емес жымысқы.
Тек, маңдай тер, ырыс-ты.
«Өркениет» көп күледі өтірік,
Жүрегіне салып алып қылышты.
* * *
Қара жер хабарласар көмгеннен соң,
Жанарың алтынға шөл сөнгеннен соң.
Хандардан қалған алтын жолдас болмас,
Сені де тастап кетер өлгеннен соң.
Айтасың,
Алтыныңды, байлығыңды.
Деміңнен күн күмілжіп, ай жығылды.
Алтынды сен сүйген мен өліп-өшіп,
Ол алтын Сені қашан қайғы қылды!?
Аралап сандықтарды, саналарды,
Тұрағын алтын-пері жаңалар-ды.
Əу бастан алтын-пері жаратпайды,
Иманды құлдар менен даналарды.
Жайлаған
Жын мен пері сол алтынға,
Көп үйір қыла берме балаларды.
БҰРАУЫ ТЕРІС КЕЛІП
Жер жентек,
Аспаны да алжасқан ба?
Ұқсайды сонау шыңды қар басқанға.
Найзағайын суырды қап-қара түн,
Тарғыл бұлт тауға келіп жармасқанда.
Бұрауы теріс келіп
Қатқылданды,
Жел ұлып шақырғандай қасқырларды.
Көк жасын сабау құйрық
Сақылдайды,
524
525
Бұл маңнан Мен де безіп астым мəңгі.
Ұрда-жық,
Ұрыс-керіс түңілдірді,
Жайлайын жанға тыныш бір үңгірді.
Дүние шама берші
Мына маған,
Өмірге əкелгенше құлын жырды.
КҮНТІЗБЕ
Күнтізбесі қопырап үстелімнің,
Өңім емес өлшеулі түсте жүрмін.
Шағып-шағып тастаған тіске салып,
Бұрқырайды қабығы пісте күннің.
Аппақ парақ, ақ ноқат – ақ таңымдай,
Жүрісіңнен сүрлеу жол жат жаңылмай.
Қайда барсаң күнтізбе жыртық-жыртық,
Өткен күннің аманат хаттарындай.
АТЫРАУ САПАРЫ
Жайықтың бойы – жасыл бақ.
Алтын да сырға асыл бақ.
Ағайын келсе бек сыйлап,
Алтыннан шашу шашылмақ.
Жайықтың бойы – Сарайшық.
Сар желіп барда қарай шық.
Көмілмей қалған сүйек пен,
Шықпай да қалған жан айшық.
Атырау қаласындағы авторлық кешке дайындалған өлең.
(Жыр шашу)
05.04.2013 ж. Махамбет атындағы мəд.сарайы. сағ.19.00.
ХАҚНАЗАР ХАН
(үзінді)
Хабарын қара жер берді,
Қабарып көңіл шерленді.
Көкжалдар жортқан мекеннен,
Көрсем деп келдім Ерлерді.
Бабтардан қалған байрақтым,
Бағыңды кетті айдап кім?!
Хан Ордалы Созақ тұр,
Жағалай төбе, жайдақ құм.
Төрімнен созып асқа қол,
Дейді анау, маған: «Басқа бол!..»
Дертіме шипа қайдасың –
«Қасымнан қалған қасқа жол?!»
Жалқын жамал таң қайда,
«Халқым!..» дейтін жан қайда?!
Алты Алашқа дем берген,
Хақназардай Хан қайда?!
ОҚО облысы төрелер қауымдастығының қолдауымен салын-
ған Хақназар Хан кесенесінің ашылу салтанатының құрметіне
орай өткізілген Ас-садақада оқылған өлең.
ОҚО облысы, Созақ ауданы, Созақ елді мекені.
7 қазан, 2012 жыл. Сағат 10-30 – 13-00.
ТІЛЕКШІМІЗ
Ел келді дос пен туыс əн байрағы,
Қырмызы қыз өспесе, сəн қайдағы.
Болғайсың,
Ерге сүйеу
Еліңе құт,
526
527
Бармақтай бағыңа сен маңдайдағы.
Ұша ғой
Ұлық күннің қос сұңқары,
Біз енді тілекшіміз шалғайдағы.
* * *
Сен ішпегін мен ішейін бұл у-ды,
Сен-ақ болшы ғұмырлы.
Естіп қойып өлең деген бақытым,
Есігімнен күліп кейін бұрылды.
Босағаға құшақ ашып жүгірдім,
Бордай босап үгілдім.
Күміс күй мен жасын жырдан жаралғам,
Басқа маған керегі жоқ түгіңнің.
Мен-өткенмін,
Болашақпын,
Жə, жарайды бүгінмін!
Қауызынан
Шырын ұрттап, балын іш,
Өлең деген – гүлімнің!..
* * *
Елесін есте қалдырып,
Кірпігін жасқа малды үміт.
Сарғайды сансыз жапырақ,
Уəйімнен алқа салдырып.
Адам түгіл
Күн батты,
Тамағын тауға шалдырып.
Ай болсаң да – асқынба,
Күн болсаң да – күбінбе,
Таңғы торғай секілді,
Қарын тойса қалғыдық.
Ой түбінде –
Маржан бар,
Оянып көр, ал жігіт!?
* * *
Халық болдық қамдандық,
Табыт болдық алдандық.
Жағалау алыс, жан пида,
Сағымыз сынып сандалдық.
Түсіндік сосын түңілдік,
Телміріп түнге үңілдік.
Телегей теңіз көңілмен,
Толықсып, толқып бүліндік.
Құлдырап шауып шідерсіз,
Тірліктен бақыт тілерсіз.
Өксіген осы өлеңнің –
Қадірін бір күн білерсіз!
* * *
Сөз айтқан талай шешен суырылып,
Жоғалған сан шындықтың туы құрып.
Байларды байлар қорғап,
Жарлыны алдап,
Келеді қу дүние қуырылып.
Зар айттым зауал кешіп заманыма,
Ар түсті ахиреттің табанына.
Əділетсіз майданның құрбандары,
Нағылеттің құламақ аранына.
528
529
* * *
Қоңыр қала,
Қожайыны жас бала,
Туа салып əкім болған тас бала.
Бұл баланы қайта туу керек қой,
Ақыл айтып жүру үшін басқаға.
Бос қойғаның
Жақсы еді үстелді,
Не ойладың, Астана!?
Кім қарайды!?..
Мынауыңды алып кет,
Тастама!
МҰЗ ҚАЛА
Қызуы жоқ, жылуы жоқ мұз қала,
Етекшілдеу ұқсап-ақ тұр қызға ана.
Барлық «БАР»-дан «ЖОҚ» жасаған əулекі,
Дүниеде шығармыз тек, Біз ғана.
Сырғанаған шанасы мен шаңғысы,
Ағайынның астан-кестен алғысы.
Мұз қаланы ертесіне ерітіп,
Ішіп алмақ бар кісі.
* * *
Билікке келіп алғанша,
Халықтан басқа дауы жоқ.
Билікке келіп алған соң,
Халықтан басқа жауы жоқ.
Кер-саясат
Кемеңгер,
Өзіңді сенде танытқын.
Тарихта аз ба
Тажалдар –
Көз жасын ішкен халықтың.
Өлеңім қайда,
Өлеңім –
Жасыған жанға жол көрсет,
Қайсысы дұрыс бағыттың?!
ИМАНДЫ ҚҰЛДЫҢ ЖЕҢІСІ
Əбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте:
«Аллаһ елшісі (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм):
«Нағыз мықты – күресте қарсыласын жеңген
емес, қатты ашуланғанда өз-өзін ұстай (же-
ңе) білген адам», – деп айтты» – делінген (Бұ-
ха ри, əдəб 102; Муслим, бирр 106).
Хадсинама
Далалықпыз, төбе – тұғыр, қыр – Стан.
Рух – айдын, күй – кеңістік, жыр – Стан.
Түн дегенде қара мысық зымыстан.
Атқан таңға
Айбат шегіп тырысқан.
Иман – төзім
Соған қолды беріп ем,
Күнін бақты, күлім қақты ырыс таң.
Сыным асыл, сыр ұшқан.
Қара мысық
Сүт-ниетке жүгірген,
Шыға қашты,
Көңіл атты ыдыстан.
Төзе білу адал менен аққа сын,
Хақ демесін, жақтасын.
Қанағат пен қайыр келіп қағып тұр,
Болашақтың қақпасын!
530
531
НАРЫНДА ЖАҚТА НАР ҚАЛДЫ
Ескі сүрлеу сар қалды,
Етектен басып қар қалды.
Ауылға ақын қара деп,
Нарында жақта нар қалды.
Нарында жақта нар қалды,
Құлама төбе, жар қалды.
Иесі қайда елдің деп,
Сұңқылдап қарға қарғанды.
Нарында жақта нар қалды.
Тозбады дейді, тозбады.
Тозғанда қайтсін боздағы.
Кірпігін шаншып кеудеме,
Көзімен ішіп боздады.
Нарында жақта нар қалды,
Нар ізінде шаң қалды.
Намыс іздеп, ар іздеп,
Нарында жаққа барғам-ды.
ҚАРА ӨЛЕҢНІҢ КИЕСІ
Күй далам, күңіренген дастан далам,
Өмір жоқ өлең тербеп басталмаған.
Қара өлең – Хантəңірі күнге талас,
Ай алқа, жұлдыз жүзік аспандаған.
Па, шіркін, Падишалы бал-бал ерін,
Балқыған қорғасындай арман едім.
Жыртылған қара өлеңнің жөргегіне,
Сыр тұнған үмітімді жалғап едім.
Тап болсын тақ-тақ өлең иесіне,
Алып жүр ардың сөзін жиі есіңе.
Қара өлең – қазағымның бір атасы,
Тік тұрып сəлем бергін киесіне.
БҰЛ ҚАЗАҚТЫҢ КІМІ БАР?!..
Бұл қазақтың кімі бар?!..
Жастары бар – жалынды!
Таланты бар тағдырлы, бастары бар дарынды.
Бұл қазақтың кімі бар!?..
Ерлері бар – қылышты.
Дер кезінде қадірін ердің білген дұрыс-ты.
Бұл қазақтың кімі бар !?..
Аруы бар – ақ бесік!
Ақ бесікте іңгəлап аршыландар жатты өсіп.
Бұл қазақтың кімі бар!?..
Алласы бар – аппақ нұр.
Калимасын қарт айтып, жас дұғасын жаттап тұр.
Бұл қазақтың кімі бар!?..
Тəңір сүйген, құл қалған!
Қыз-қызғалдақ, ұл-балдан!
Қыздан – қыдыр, кетпесін де ұлдан – мəн!
ОҚЫРМАНҒА АРНАУ
Оқырман ба?
Оқырман да гүл ғой бір.
Жан-бесікке жата қалар тілдей жыр.
Əр тағдырдың кеудесінде бір мұң бар,
Қалай сеніп, кімге айтарын білмей жүр.
Бар тірлікті салып көріп теңдеуге.
Пенде көңіл кісінейді белдеуде.
Ей, оқырман,сендік жүрек, – менде тұр,
Мендік жүрек бар ма сенің кеудеңде?!
532
533
Тұтас Алаш менің жаным кəдімгі,
Жырың – жөргек, күйің – күйме, əн үлгі.
Кірпік қақпай тербетумен келемін,
Жүрегіме салып алып бəріңді.
Ей, оқырман, сені іздеген өлеңмін.
Маңырайды, маңыстайды көбең күн.
Сен мұңайма жүрегіңде мен бармын,
Сен мұңайсаң мен қайғыдан өлермін.
МАҢҒЫСТАУҒА ШАҚЫРУ
Кім айтып жүр тағы тектес тарпаң деп,
Мен мертілдім нардың жүгін тартам деп.
Мендік көңіл: ақ дастарқан, ақ шағыл,
Бабам өткен бар қазаққа қалқан боп.
Кім айтып жүр сүймейді деп, сүйгенді,
Жыр сыйлады, əн тербеді, күй берді.
Жетім қозы жылап жүріп отығар,
Енді, міне, үндемеуді үйренді.
Мұнартады мың төбеге мұң тұнып,
Тілегіне нұр тұнып, теңізіне құм тұнып,
Таң атқанда күнді көрсең, бізді көр,
Көкке қарай келе жатқан ұмтылып.
Пірдің соңын өсіргенбіз біз баптап.
Бұлт боп көштің бұрынғыдан із жаттап.
Өлмеу үшін жаратылған – Маңғыстау,
Өрлеу үшін ұл туып жүр, қыз баптап.
Жыл жөргектеп, ай аймалап, тұр апта,
Я, Жаратқан, ақтың туын құлатпа.
Өлгенімді мүмкін менің көруің,
Өшкенімді көре алмайсың бірақ-та.
Біздің тілек боз қауырсын балапан,
Балапанға бақыт тіле, ала таң!
Маңғыстау ма?!..
Шындық қой ол шыңғырған!
Күннің бетін жаба алмайды алақан.
Жүрмеңіздер жат пиғылға теліп тек,
Жаным жайлау жатырқамай еніп кет.
Қазақ үшін жан беруге серт қылған,
Ел іздесең Маңғыстауға келіп кет!..
Достарыңызбен бөлісу: |