Əкем мен Анамның рухына, құрметіне бағыштадым!



Pdf көрінісі
бет28/31
Дата03.03.2017
өлшемі1,8 Mb.
#6661
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   31

КҮЙШІ МЕН КҮЙ АЛЫСПАҚ
Сексеуілдерге қан бітіп,
Сеңгір тауларға жан бітіп,
Таң алқымдап, түн қашып,
Қаралы бұлтты мұң басып,
Хабар салып жел тұрды,
Халалдан болған ел тұрды,
Ұл семсерге серт ілді,
Қыз кірпікке дерт ілді,
Манаурады маңыстап,
Маң-маң нарлар алыстап,
Саз самғады ғарыштап,
Күйші мен күй алыспақ,
Ындын кепті ырғалды,
Мың қыстауда сыр қалды,
Қылаңытып қыр қалды,
Шыңғырысып шың қалды,
Шыңнан қыран үркінді,
Тау талықсып сілкінді,
Үрей билеп бір түрлі,
Жүрек жылап, бір күлді.
Қарашанақ күркілдеп,
Еркімді алды біртіндеп.
Сен нағылып жүрсін деп,
Көк желкемнен ұрсын кеп.
Шөлмін дедім қаталап,
Жалбарындым ата-лап.
Атам ұрды шапалақ,
Алғыс айттым жата ғап.
Жылап жүріп тыңдадым,
Дүниенің бір мəнін
Шырылдатып ұр жаным.
Ғапыл күйдің құлымын,
Сырыңды аш ұлы мұң.
Шайқалмасын тұнығың,
Жат салмасын құрығын.
Жалын күйін Адайдың,
Жанған отқа балаймын.
Жан құбыла сараймын
Жанға нұр боп тараймын.
Маңғыстауда ұлылық,
Күй мен күйші жүр ұғып.
Күйлеріме құнығып
Күн қарайды бұрылып.
Ай жылады ақырын,
Түннен тігіп шатырын.
Таулар қысып тақымын,
Көзін сықты жасырын.
Ырғап тартқан, ыңымен,
Ықылымнан – сырым ең.
Тылсым тағдыр ғұмыр ең,
Кімге айтамын мұны мен?!..
Күс-күс болған саусағы,
Қайран шалдар дəу сары,
Күйге ауғанда аңсары,
Қара шанақ қаусады.
Жанға араша сұрайтын,
Егіз ішек жылайтын.
Өңкей шындық, кіл айқын,
Шөлің қанып құлайтын.
Дəурен еді мөп-мөлдір,
Қалай өтіп кеткен бұл?
Суын айғыр секілді
Жал-құйрығы төгіліп,
Мың жылда бір көрініп
Біздің күйлер шеттеп жүр.
Құлын дауыс неткен жыр.
Шідері мен
Шер айтып
Көкмойнағым ептеп жүр.

702
703
ОТПАН ТАУДА АДАЙ АТА
Отпан тауда Адай Атам нағып тұр,
Ұран салып ұл-қыздарын бағып тұр.
Көк зеңгірге қолын созып Ер Бабам
Болашақтың босағасын қағып тұр.
Ұлан-байтақ ұлы көшті бастаған,
Көкірегі көктен нұрлы асқақ əн.
Нұрдан болған халық едік əу баста
Ерге қылыш, елге ырыс тастаған.
Құдай өзі құлай сүйген бабамды,
Пірім Бекет Хақтан жарық шам алды.
Үш жүз алпыс Əулиесі қол жайған
Бұл Маңғыстау жаралғаннан халал-ды!
Жан дауылын жел көтеріп басылды,
Дауыл жыр кеп көзіме шық жасырды.
Таңдайына тамырлаған боз жусан
Атамекен – аруанадай асыл-ды!
Отпан-Отпан!..
Ордалы жұрт көкбөрі.
Көкбөріге ит пенен құс өкпелі.
Адай Ата темірқазық білгенге
Алаш үшін алтын жұлдыз көктегі.
Ұран от пен намысыңды шыңдап ал,
Тірлік күрес, жүз тосқауыл, мың қамал.
Адай Ата мəңгі тірі біз үшін
Болашаққа баба-салт пен бірге бар!
Қарашаңырақ ен қазақтың діңгегі,
Қалың Адай ел едік қой іргелі.
Дəмнен аттап баба салтты ұмытсаң
Қарақазан киесімен тілдеді.
Тегіңді ізде, оян елім, сілкін де!
Амал келді басыңды қос бір күнге.
Өз Атасын сүйе алмаған Адайдың
Алты Алашты сүйе алуы мүмкін бе?!
Шын ықылас шырақ болып жанып тұр!
Алтын күмбез күннен моншақ тағып тұр.
Бір Алланың сүйген құлы Ер Адай –
Ұл-қыздарын ниетінен танып тұр.
Дұшпан күлген жанған оты сөнді деп,
Көрген елміз тажал тартыс көрді көп.
Баба рухы – ұрпағының қанында,
Кім айтып жүр, Ер Адайды өлді деп!?
Адай тірі, мына біз де тіріміз!
Тіріміз біз, бірлік пенен ұлымыз.
Бар қазаққа баба салтын паш етпек,
Қаратауда Отпан атты ұлы құз!
Амал келді сүйіншілеп самалым.
Жасай берсін жасампаз ел, жаңа күн!
Қолыңды жай, ордалы жұрт Отпанда
Баба рухы бата берсін, қарағым!
ОРАЛҒАН КӨШ   
 (Ақ Жыр, Пəк Сыр)
Ақшагүл апа, ақ қанат!
Бірің ай, міне, бірің күн.
Сен – сырғалы Маңғыстау, Мен тізерлеп жүгіндім.
Лə-Иллаһа ил-Алла, тілегім қабыл қашаннан,
Сары алтын құмға Самдағы
Сағым боп келген ініңмін.
Шаршыны көрсе қаршыға
Қаларма бір сəт сілкінбей,

704
705
Сілкінсін сеңгір таулардай толассыз шабыт іркілмей.
Жоғалтпай жеткен жан апам
Жорықты күннің дүбірін
Адайы-алтын сандықтың шашбауға таққан кілтіндей.
Қақыралы жаулыққа
Хан төрткүлді қарар тау.
Əр сөзіңе əн бесік, шырын, шекер, бал арқау.
Сар-самаурын, жез құман
Сексеуілдің шоғындай
Тал бойыңда сағыныш, жан бойыңда жанар тау.
Мамырлаған көктемсің
Мақтан қылсақ айып па ал.
Көтеріліп көліңнен көкке қанат жайып қал.
Ауған таудың өрінен
Алып келген ебімен
Сенің анау кеудеңде Қалнияз бен Қайып
1
 бар.
Қалнияздан қалған жыр
Қаралы көштің сөзінде.
Қайыптан қалған арман жүр
Ақбөбек күннің көзінде.
Тесік таудан телмеңдеп
Теңдік көрмей өлген көп
Есесі жатыр Ерлердің
Еңіреген біздің төзімде.
Қан сасыған қаратау,
Көл борсыған жат дала.
Тəнге қуат, жанға азық
Бір жаратқан Хақ қана.
Көтеріп бұлттар жөнелді
Көгендеп өңшең бейбақты
Дəтке дəрмен болатын кім бар дейсің қасқаға.
Əр бұтаның басында
Жаулығы қалды əжемнің.
Шерлі кеуде шеменнен шекердей татып нəр емдім.
Хиуа терді басымды,
Патша ішті жасымды,
1
 Қалнияз – Қалнияз Жырау, Қайып – Қайып Қорабайұлы. (Бұл кісілер 
Тəжік жеріне ауып көшкен).
Мен дегенде мерезшіл шелденген көзі əлемнің.
Ел адасты ағадан, ер адасты ініден,
Салтанат кетті, саз кетті,
Сайдағы-қаңбақ тіріден.
Өрден құлап нар қалды, шерден құлап жар қалды,
Жəрдем сұрап жалынды Əулие-Бекет Пірінен.
Тағдыры қайыс шідерлі,
Таспа алдырған тілім бар.
Басыңды сүйер бақ тайса, Бекеттен басқа кімің бар.
Терлігімнен зар батты, тебінгіге қан қатты,
Тепкіге салып жығардай тегімде қандай мінім бар.
Сүйегім нұрдан текті едім,
Тілегім жырдан епті едім,
Алашқа қорған күнімде ата жауға кекті едім.
Ноғайлы кетті шығынып, Түрікпен кетті түрініп,
Жеті жұрт пен жеті жұт –
Олда көрген үңіліп,
Майлы қиян Маңғыстау мекенім еді, тек, Менің!
Шеңгел жеді уыстап
Шерден қатқан етімді.
Құл жұмарлап ойнады құйрық жал мен кекілді.
Қолдан келер қайран жоқ
Біз көрмеген ойран жоқ
Қоғалы көлден шошынған қаралы үйрек секілді.
Көл жайладың тұнық деп, ел жайладың ұлық деп,
Төлеген
1
 кеткен мекен бұл қаралы, мойнын бұрып көп.
Ақшагүл
2
 деген ақын бар,
Жүрекпен сезіп ұқ мұны!
Тілегі – қыдыр, құт – жыры.
Памирден
3
 шыққан лапылдап
Падиша жырдың ұшқыны!
1
 Төлеген – Төлеген Айбергенов.
2
  Ақшагүл – Ақшагүл  Рамазанова,  жат  жерде  дүниеге  келді.  Тəжік-
станда бой жетіп, кейін Қазақ еліне, Атақонысына, Маңғыстауына қоныс 
тепті.
3
 Памир – Тесік тау – Тəжік еліндегі жер атаулары. Ақшагүл апамыздың 
мерекелік, өлең кешінде оқу үшін жазылды.

706
707
АЛҚАРАКӨК
1
(құрдасқа)
Бармысың жан құрдасым ал қара көк,
Жанына жан біткеннің шам жаға кет.
Кеудеңде күміс сарай күмбірлейді
Мамырлап əн салғандай маң дала кеп.
Ұлтымды уыз нəрден айырмасын,
Нар шөгер заман белден майырғасын.
Əні бар бұл даланың айтылмаған
Тек, қана, біз саламыз қайырмасын.
Кең тұсау кемел елді шынжырлаған,
Білгенге жүзден зият бір-бір балаң.
Көмейің көп бұлбұлдың ұясындай
Тоқсан саз, мың иірім, сыңғырлаған.
 
Тағдырын тарлан боздың ұршық қылған,
Маңғыстау – көздің жасы бір шық тұнған.
Адайдың жанын алып, əнін тонап
Бір кезде бұл даланы тұншықтырған.
Жан досым,
Ал қара көк қылаңытқан
Жан едім жанның мұңын жылап ұққан.
Іздеген қайқыларын қайран дала
Қасқадан төбел туса шырамытқан.
 
Базарға жібек түссе бөз қорынған,
Айдан көз, ақиқаттан сөз қорынған.
Танып тұр,
Өз құлынын, өз дауысын
Адаспа Ал қара көк өз жолыңнан.
1
 Алқаракөк – М. Ордабаев. Марат Ордабайдың (сазгер) авторлық ке-
шінде оқылған өлең, Жыр Шашу! 
Бейнең тұр арулардың сырғасында,
Төбесі тіреу болған бір ғасырға.
Баласы Ордабайдың Марат салған
Əн қалар, əндеме қыр шың басында.
Əн керек əлай жалған қалықтарға,
Атқан таң, өткен күнде бағыт бар ма!?
Аялы алақаны ел-жұртыңның
Қаусырып қанат болсын тарыққанда.
Əн өлмес кейінгіге жаршы болар,
Сусындар ақтың сырын аршып олар.
Əн керек көңіліңнің көзін сүртіп
Кезерген ерініңе тамшы болар.
Əн керек күннен көркем, айдан айқын,
Жан бар ма, жан жылынса жайнамайтын?!
Əн керек қызылшақа дүниені
Қып-қызыл жүрегімен аймалайтын.
Құлдырап қуаладым жыр сағымды,
Жамылып жатыр шалдар құм шағылды.
Салдырған саздан жөргек, əннен өрнек
Маңғыстау кір шалмасын құрсағыңды.
Бəрін де мұнар шалар күн өткесін,
Ұл тумау алтын айдар Түбекке сын.
Талғаттың
1
 «Сағынышын» арқалаған
Аман жүр, Ал қара көк жүректесім.
03.09.2014 ж. Ақтау қаласы
1
 Талғат – Талғат Атшыбаев. «Сағыныш» – Талғаттың əнінің аты. Мар-
құм, дүниеден өтті. Өте талантты сазгер еді.

708
709
ЗАМАНҒА ЗАРЫН ҚОСҚАН ЕЛ
 
Балқан тауға босқан ел
Заманға зарын қосқан ел
Құдайдан басқа пана жоқ,
Құлағын желге тосқан ел.
Ел жаңылып бағынан,
Ер жаңылып жағынан.
Құладын құлап шаршыға
Құландар кетті қағынан.
Құлагер құлап шыңғырды,
Шындықты торғай жыр қылды.
Күлге шөгіп көрт үлек,
Күллі əлемге қыр қылды.
Нарларым боздап, қалжырап,
Қанжылап қалды, бал-құрақ.
Қалнияз болып егілді,
Сүгір болып төгілді.
Маңғыстау деп зар жылап.
Балқан да, Балқан, Балқан-ды,
Берен қылыш қалқан-ды.
Сегіз арыс Сейілхан,
Сенің де көрдік алқаңды.
Көкбөрі келмей жорықтан,
Көкмойнақ өлді қодықтан.
Жығылды Ерлер шалқалап,
Тепкенде заман тобықтан.
Аңқасы кепкен ұлы құм.
Алпысқа келді бір Ұлың.
Қара өлеңмен жуды ма,
Қаратаудың бұрымын?!.
Қаршығадай қағыстық,
Қарт бурадай шабыстық.
Құнысып жүріп қуғында,
Ұлысып жүріп табыстық.
Есепсіз естен таныппыз,
Ел болып бірақ қалыппыз.
Нарқымды білер жан болса,
Бекетті туған алыппыз.
Сенің де жырың бұл дала,
Менің де жырым бұл дала.
Айнымай сүйер өз жұртын,
Атадан туған ұл ғана.
Ақынсың аға, зерлісің,
Күтеді талай Ерді сын.
Сүйеу болған Адайға,
Күйеу болған Шабайға.
Апамның «Аппақ-Темірі»
Мыңжастың ұлы сенбісің?!.
Қатепті қара нармысың,
Арты – аңыз, алды – шын.
Айшықтап орын берді ме
Алпыс деген қарлы шың?!.
Анау – орман, мынау – бақ,
Шық жамылды қылаулап.
Ақ тамшы боп сіңіп кет,
Ақ шағылға бір аунап.
Өлең, сөзді жарлық қыл,
Өртке айналсын зарлық кіл.
Темір қайда деп тұрсын,
Телмен қағып барлық гүл.

710
711
Гүл ішінде апам бар,
Сөз ішінде батам бар.
Сырымды айттым, сырмақтап,
Жақын білмес, жат аңдар.
Бізден де өтер ауып көк,
Сөз асылын тауып кет.
Қауырсынын жаныңның
Жамағатқа жауып кет.
Хақтан мейірім төрлесін,
Халқың мəңгі өлмесін.
«Ақын болу – от кешу»,
Тірлік те сын, көр де сын.
Хан көтерген тегің бар,
Жездемде менің не мін бар?
Сөз қылыш та, жыр майдан,
Ту түбінде Темір
1
 бар.
2012 жыл, 29 қыркүйек
ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ!
(Балқұрақ-Жиендерім: Керімбек пен Назеркеге
жəне Қарақатқа естелік!)
Тағысын тағы айтармыз,
Тағынтып тұмар байқармыз.
«Жиеннің қолы ашық» – деп,
Жиренді мініп қайтармыз.
Біздегі көңіл дос көңіл,
Өткен-ді өмір қо-о-ш небір.
Той жасап жатыр толықсып,
Қосайдан шыққан Қос Қоңыр.
1
 Темір – Темір Мыңжас. Ақын, Темір Мыңжастың 60 жасқа толуына 
арналған өлең. (Жезделігі де бар).
Батаға көңіл бөлген-ді,
Тілегі көптің көлденді.
Қарындас қамшыл, Ер мінсіз,
Қос Қошақан төрге енді.
Ұғады жиен бір ұқса,
Ұл сүйіп, қызды ұлықта!
Берен қылыш, ақ найза,
Нағашың Шабай, ұмытпа!
Туыс та керек, дос керек,
Көп болсаң қайғың жоқ демек.
Береке-ырыс, құт қонып;
Жайқалып өссін қос терек!
Шашулы болсын ғұмыр-бақ,
Жыр жаздым жиен ырымдап.
Тілегі бірге Бапаңның,
Жақсыға болмас жырым жат.
Өмір ме-өмір бір нүкте,
Бақыттың мəні – бірлікте.
Сыр айтып, сырбаз той жасап,
Сыйласқан жақсы тірлікте.
Қыз болып өссін бұрымды,
Ұл болып өссін ұғымды.
Бабасы Қосай қолдасын,
Құлдырап жүрген құлынды!
Қыз жайқалсын, ұл түлеп,
Бір шалдан қалған бүршік ек.
Қарақат ақын тұр міне,
Көшкен бұлттай дүркіреп.
Кеудеде қанша арман жүр,
Сəулелі жарық, таңнан нұр.

712
713
Біреуге біреу қонақ боп,
Кететін аз күн жалған бұл.
Қалықта қалқам, шыңға шық.
Шынарлы шыңға тіл қатып.
Бергенін біліп Алланың,
Той жасау деген шын бақыт.
21.10.2012 жыл
«Шаңырақ» мейрамханасы
Бейнеу кенті
ОТПАН ТАУДА ҰРАНОТ
Ар  іздеген  Алаштың  баласы  Амал  мерекесінде  Отпан  тауға 
келіп көрісіп, қарашаңырақтың қарақазанынан дəм татып, қазақ 
халқын  тұтастық  пен  бірлікке  жəне  ұлттық  ар  мен  намысқа, 
имандылыққа, салт-дəстүрге, бірлік пен берекеге шақырып – Ұран 
Отты  жақсын! «Мен  Қазақпын!» – дейтін  қаракөз  бауырлары-
мызды Қаратаудың басында, Адай Атаның қасында құшақ жая 
қарсы алуға дайынбыз!
Автор
 
Маңғыстауда мың төбе
Күнде кеңес күл төбе.
Ар қозғаған жүректі
Азғантай топ іркеме.
Уыз қандай, бал қандай,
Ұран салып талғандай.
Уыз-балдай ұлтымнан,
Ұрандаған жұртымнан
Отпанда ошақ қалғандай.
Беренді күні жайнаған,
Бес қаруын сайлаған,
Ошақ емес тілек бұл,
Бабамнан қалған жүрек бұл,
Жанартау болып қайнаған.
Жаннан өзге жамалым,
Қара шалдар қамалым.
Қоламтаңнан шоқ тауып,
Қолыммен жағып барамын.
Бұлт бұрқанып кектенді,
Бура боздап шөккенді.
Өрттей лаулап еске алдық –
Өткен менен кеткенді.
Хиуаның ізі қырғын-ды,
Қызыл
1
 келіп шын қырды.
Таңнан тұрып кешке айттым
Таусылмайтын бұл жырды.
Əсіре қызыл жайлан ба,
Сауық пенен сайранға!
Қалмады қайда біздің бас
Əділетсіз майданда.
Қоша мылтық оқтатпай,
Қолаң шашты жоқтатпай,
Тегімде жоқ тек өлген
Ұран салып, от жақпай.
Тексіз жауды кектей ме?
Тектіге халқы кет-дейме?!
Мен өртеніп жанбасам,
Қаратау қалғып кетпей ме!?
Қоң етіңді кеміріп,
Қорқау-құзғын еліріп
Тірілей көміп теппей ме?!
Дəуірім дабыл қағып тұр,
Қас пен көзді бағып тұр.
Əдіра қалғыр Отпан тау –
От жақпасам нағып тұр.
Отты көрсем бұрылдым,
Шоққа күйген тұлыммын!
Намыс іздеп, дерт ембей,
Лапылдамай, өртенбей,
Ез жиналып ел болмас,
Өзгелермен тең болмас!
1
 Қызыл – қызыл Армия.

714
715
Бір тауыңды маған қи,
Өзіңнен туған ұлыңмын!?
Өрге шапқан құлынмын!
Жаудың қолы желкемде,
Есесі кеткен жұлынмын!
(Жалғаны бар ма мұнымның?..)
Жақынды балап қасыңа,
Жау жағалап тасыма.
Жүрген жоқ па жат сарып
Əр тауыңның басына.
Ханнан зият қара өлең,
Жаннан зият – Жаңаөзен,
Отпан тауда Ер Адай,
Оғыландыда Пір Бекет,
Бар екен, шүкір, бар екен!
Бар екен шіркін, адайым!
Барымды кімге балайын?
Адайы жылқы сайлап қой,
Босағама байлап қой,
Батасы бірге бауыр деп,
Атасы бірге ауыл деп,
Алты Алашқа барайын.
Ұран салып, от жағып
Əр жүрекке салайын!
Үш Арыстың баласы –
Көзімнің ақ пен қарасы!
Қара түнді қақ жарып,
Шырақ жағып табайын.
Мен қайтейін сақтанып,
Жыр айтайын ақтарып.
Қауырсын қанат жебеге –
Шалдарым кетті хат жазып.
Хатқа қатқан қаным бар,
Қатпар-қатпар жаным бар.
Арамның қолы тимесін
Ұран отта арым бар.
Ар ішінде – зарым бар.
Ер жыласа – ел десін,
Езге ерік бермесін.
Атасы сатқын арсызға
Абайсызда сенбесін.
Құрсағынан құл болған,
Құмалақ санап тұл болған.
Ерді ұстатып төрінен –
Аңдығаны пұл болған.
Қырын үйрек қырындап,
Түлкі қашар жылымдап.
Отпанға кел-шырақ жақ,
Шындық ізде шырылдап.
Қайда сенің нар ұлың?
Сөздің білер парығын.
Алтынды Орда, Ақ Орда –
Сағана там, сары құм.
Ашу мен түсті шаршыға,
Заманның күйіп зарпына,
Пенденің көріп залымын.
Залымның көрдік қарымын.
Өшпейді Отпан-жалыным!
Керегелі кеудемде
Күлтелі үміт, қалы-мұң.
Қалы-мұңда зерім бар,
Қанға бөккен жерім бар.
Өзегімнен тебердей,
Тегімде менің не мін бар?!
Атасы нұрдан
Жаралған –
Адай деген елім бар!
Тіл мен көзден қаққан от,
Торыққаннан тапқан от.
Отпан тауда Ұран-От,
Олда біздің жаққан От!
Қазанат өлер қазадан,
Халық жылар азадан.
Не демей жүр, сыртымнан –

716
717
Жазғыш пенен жазаған.
Əділ Құдай
Бар болса,
Жан құтылмас жазадан.
Хақтан болған халал бар,
Халалдан қымбат бағаң бар.
Отпан тауда ұран от,
Одан асқан мұра жоқ.
Көрсетпе көпке қайғыңды,
Өшпесін отың айбынды.
Алда қандай заман бар!..
Ер біріксе деп едік,
Ел біріксе деп едік,
Басқа қандай амал бар!?..
ЕҢСЕҢДІ КӨТЕР, ҚАРАТАУ!
(Əбіш Кекілбаевқа көңіл айту)
Қара бұлт Қаратауға шығып алды,
Қаранар көзбен боздап тұрып алды.
Қайысып қаптың суы қақ жарылып,
Жар таста жан ағамның мұңы қалды.
Жел жоқтап жез бұйдалы қия басты,
Бақ тайып бал пернеден күй адасты.
Баласы ақ сұңқардың мезгілсіз кеп,
Мекендеп Қамысбайды
1
 ұя басты.
Кімдердің жұтпай жатыр жолын ғайып,
Мысалы: өмір – өксік, көңіл – майып.
Бір Алла артын қайыр қылсыншы – деп,
Күрсінді қарт Маңғыстау қолын жайып.
 
Келмесін Ақтұнжырдың
2
 біліп енді,
«Аһ» ұрды айдан қалақ іліп енді.
1
 Қамысбай – əулиелі қорымның аты. Əбіштің ұлы Əулет марқұм сол 
қорымда жатыр.
2
 Ақтұнжыр – қаршыға құстың бір түрі.
Басында əр төбенің бір əулие –
Мың мешіт дұға жасап күңіренді .
Бөз шағыл, аппақ торғын жатыр далам,
Əр тағдыр – бір-бір жебе атылмаған.
Аңырап адырнасы қалар бір күн,
Ғайыптан қол созғанда ғапыл ғалам.
Бел байлап, берен қайрап бекін қырға,
Ен жайлап ел жусайды есіл жырға.
Еңсеңді көтер енді, – Қаратауым!
Етекте ел-жұртыңды жетім қылма.
Өткен күн өрттен ыстық от шырайлы,
Ажал мен жерге тойым жоқ сыңайлы.
Алтынды тістеп сынар адам байғұс,
Алла да сүйген құлын көп сынайды.
Бір ноқат Қамысбайда қалды нүкте,
Толтырып қаратаудай жанды жүкке.
Қамықпа, Əбіш аға, балапанын
Маңғыстау əлдилейді мəңгілікке.
Көз шылап, көңіл жылап таң жүдеді,
Мұң басып, мұнарланып жан жүреді.
Қайта соқ қалыбыңнан нұрыңды шаш
Халқымның дүрсілдеген қан жүрегі.
АЗА ЖЫР – АҚБОТА БОЗДАУ
(Адамзаттың асыл перзенті – 
Əбіш Кекілбайұлының рухына)
Бота көрдім мен түсімде боздаған,
Қан жүрегі жанған шоқтай қоздаған.
Боздай-боздай айналды да дастанға,
Сол ақ бота сіңіп кетті аспанға.

718
719
Құз басынан суық хабар үрледі,
Оянып ем жылап тұр ел, іргелі.
Маңғыстау тұр Ай-Сəулелі , Үр-қабақ,
Ақ жаулығын ботасына бұлғалап.
Бір нар мая исінеді тұлыпқа,
Уыз тамыр Ана болған ұлысқа.
«Ботам қайда ?!..Ботам қайда?!.. Құлын» – деп,
Сол Кейуана қолын жайды «Ұ-лы-ы-м!» – деп.
Қаратауым көкке көшті сенбек кім?!
Əр жусанға көңіл айтып Мен кеттім.
Жүрегінің тұсын ұстап Түбегім,
Жұбатып тұр үнсіз ғана қыр елін.
 Мың жыл бірге толғатсада мың қазақ,
Туылмайтын кетті өмірден бір қазақ!
...Шын ғажап!!!
Жыламаймын!..Дұшпандары жыласын.
«Тастады – деп – адамзатқа мұрасын»
Жаратқанның жаратылған нұрынан,
Өлмейді Ол, – қалғып кетті Ұлы Жан!
Оянады, сəл, тыныстап алғасын,
Ақиқаттың айту үшін жалғасын.
Көмейінде бұлбұлы бар жан еді,
Көңілінде шын мұңы бар жан еді.
Жоқтың бəрін өзі іздеп табатын,
Бар нəрсеге сəби сынды таң еді.
Жүрегіне салып алған əлемді,
Үнсіз қара нар еді.
Көкірегі күміс сандық,
Алтын сыр –
Əбіш деген менің ағам бар еді.
Дана десем өштеседі данаға,
Бала десем қарамайды балаға.
Енді кім деп айтып өтем жалғаннан,
Сені Əбем, Жан Аға!?...
Сөз таппасам өзімді-өзім кешем бе?!
Темірқазық
 
– атар таңы кеш елге.
Хан мен қара бұл сөзіме тоқтар ма,
Парасаттың патшалығы десем бе!?
Қалай айтсам жарасады қалпыңа,
Қазиналы іс тастадың артыңа.
Сен – Қазақсың, Қазақ – Сенің болмысың,
Жалпы – Саған, Сен айналдың – Жалпыға!
 
ДАНЫШПАНДАР ӨЛМЕЙДІ, ТЕК, МЕКЕНІН АУЫСТЫРАДЫ. 
ЖЕРДЕН КӨККЕ, КӨЗДЕН КӨҢІЛГЕ КӨШЕДІ. Елесі алыстап, 
есімі  мен  еңбегі  жақындайды.  Əбекең  де  халқына  бұрынғыдан 
жақындай түседі. Əбіш Кекілбайұлы – Тарихқа адал қызмет жа-
сады. Енді, Тарихтың – Əбіш Кекілбайұлына қызмет жасайтын 
кезі келді. Тарих – жанды да, арлы құбылыс. Ол, өзіне адал да, құр-
метпен  қатынас  жасаған  таным  иелерін  жерге  тастамайды. 
Баба тарих Əбіштің Əлеміне өз қолымен шырақ жағатын болады.
Əбіш Кекілбайұлы – Адамзаттың асыл перзенті. Алаштың қор-
ғаны. Қазақтың асқар тауы, тірегі. Естір құлақтың, көрер көз дің, 
сезінер  жүректің,  парасат  пен  пайымның  қайнар  бұлағы.  Киелі 
сөздің  жүрегі.  Кешірім  мен  кеңдіктің,  кемеңгерлерге  тəн  шы-
дам мен төзімнің үлгісі мен өнегесі. Ұлт пен ұлдың ұстазы. Адал 
еңбек,  шексіз  білімнің,  арлы  ғұмыр,  айқын  бағыттың,  ақ  тілек, 
рухани сұлулықтың, Тəңірден тін тартқан ұлы таланттың иесі, 
шырағданы. Əбіш ағаның рухы риза болсын десек – оның еңбек-
теріне  ұлт  болып  ден  қойып,  санамызбен  саралап,  арымызбен 
аялауға кірісуіміз керек. Болмаса, айтылған сөздің бəрі бос. Əбіш 
аға  өмір  бойы  асқақ  арманға,  күнге  қолын  созып  өтті.  Əрине, 
күн бар жерде көлеңке де болады. Көлеңкелерге көңіл аудармады. 
Кешіріммен  қарады.  Сол  үшінде  Жаратқан  Иемнің  Əбекеңдей 
сүйген құлына деген сыйлығы ол дүниеде де молынан болар.
Алтын  қолыңда  тұрсада – алтын,  жерге  көмсеңде – алтын. 
Əбіш  аға  да  сол  тозбайтын  алтынның  бірі.  Енді  оның  құны 
арт паса,  кемімейді.  Əбіш  дегеніміз – Қазақ  деген  сөздің  ба-
ламасы.  Ал,  Қазақ  деген  сөз – Əбіш  деген  сөздің  баламасы. 
Қазақ  тың  осындай  алып  тұлғалары,  тұтас  ұлттың  болмысы-
нан  жаралған.  Сондықтан  тариxи  тұлғалардың  болмысы – 
тұтас  ұлттың  болмысына  тең.  Əбіш  Кекілбай  ағаны  да  өзінен 
бұрынғы  Қазақтың  алыптары  секілді  ұлтынан  тыс  елес -
тету  мүмкін  емес.  Демек:  ƏБІШ  ДЕГЕНІМІЗ – ҚАЗАҚ!
ҚАЗАҚ  ДЕГЕНІМІЗ – ƏБІШ!  Қазақ  xалқы  жер  бетінде  қанша 
өмір сүрсе – Əбіш ағаның руxы, есімі сонша өмір сүретін болады.

720
721

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   31




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет