МЕЗГІЛІНЕН ЕРТЕ ГҮЛДEГЕН АҒАШ ҮСІККЕ ШАЛДЫҒАДЫ: СТУДЕНТТІК КЕЗЕҢ Біздің қоғамдағы адамдардың басым бөлігі бірден байып кеткісі келеді. Дайындыққа уақыт кетіріп, күткісі келмейді. Бірден бастық болуды, жеңіске жетуді қалайды. Студенттік кезімнен бір танысым бар. Бірге жоғары оқу орнын
бітірдік, араласпай кеттік. Екі айдан кейін əлгі жігіт жаңа автокөлікке,
бірнеше пəтерге қол жеткізді.
Астанадан бизнес сатып алды. Кейін басқа бір жолдармен табыс
тапқанын естідім. Жақында сол жігітті кездестіріп қалдым. Кəсібі жүрмей
жатыр екен, даму жоқ. «Неге үйренбейсің, жап-жақсы ісің бар,
дамытпайсың ба?» – десем, ол білім алғысы, оқығысы келмейтінін айтты.
Біз мектепте алтыншы сыныптан бірден сегізінші сыныпқа секіріп
кетпейміз ғой. Барлығы рет-ретімен, кезегімен болу керек. Ал жаңағы жігіт
ортадағы дайындық кезеңін аттап секіріп кетіп, бірден барлығына қол
жеткізді. Бірақ, қазір оның барлығын қолда ұстап қалудың, əрі қарай
өркендетіп, дамытудың жолдарын білмейді. Себебі, басында-ақ бизнесті
бір жүйеге келтірген жоқ, маркетингпен таныс емес, стандарттарды
енгізбеген.
Өмірде де дəл солай. Адам өміріндегі ең пайдалысы – дайындық
кезеңі, ол – студенттік шақтар. Нағыз білім жинап, оқитын кез. Бұл уақытта
біз арзан күлкіге беріліп, қыдырып жүреміз. Ал нағыз дер кезінде сол сəтті
пайдалы қолдансақ, ертеңгі күні оның жемісін көреміз. Сондықтан да
оқымай жатып, бірден жұмысқа кірісіп кету, дайындық мезгілінен аттап
өту, мезгілсіз гүлдеген ағаш үсікке шалдығатындай, бізді жеңіліске əкеледі.
Алға секіріп, аға-көке арқылы бастық атанып, қалағаныңа жетіп алып, оны
əрі қарай алып кете алмасаң, оның ешандай пайдасы жоқ.