Байланысты: Әлеуметтану-дәрістер қысқаша мазмұны 2
Дәріс №3 Қазақ ойшылдарының қоғам туралы ой-пікірлері Бәрімізге мәлім, қазақ елі XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың бірінші жартысында феодалдық қоғамдық қатынастар дәуірінде болды. Қазақ халқы, бір жағынан, жергілікті феодалдардың, екінші жағынан, Ресей Патшасының зор қанауының, езгісінде болды. Еңбекші бұқараның хал жағдайы өте нашар болды, өйткені олар әр уақытта алуан түрлі ауыр салықтар төлеп отыруға мәжбүр болды. Қанаушылар олардың құнарлы – шұрайлы жерлерін тартып алып, өздерін шөл және шөлейт жерлерге ығыстырды. Ресей патшасы байырғы ұлтты одан әрәі жаныштап, езуді күшейтті. Ал, жергілікті үстем тап, қалыптаса келе жатқан буржуазия, дін басылары, патшалық ресей үкіметі халықты революциялық күрестен аулақ ұстауға тырысты, қазақ бұқара халқын орыстын жұмысшы – шаруа табынан, алдыңғы қатарлы интеллигенциясынан алыс ұстауға әрекет жасады, араға іріткі салды, ұларалық дау – дамайды, жанжалды насихаттады. Осылардың салдарынан Қазақстанда бұқара халықтың патшалық ресей өкіметіне, жергілікті хандарға байларға қарсы әлденеше стихиялық еруіл – көтерістері болды, бірақ олардың бәрі күшпен басылып отырды.
Осындай ауыр жағдайлардың нәтижесінде және орыс демократиясының, мәдениеті мен ғылымының игілікті әсерінің негізінде Қазақстанда алдыңғы қатарлы философиялық әлеуметтік – саяси ой – пікірлер қалыптаса бастады.
Қазақ халқы ұлттық мәдениетінің тарихына жаңа жол ашушы бір топ ұлы ойшылар мен прогрессивті ағартушылар, қоғамдық – саяси қайраткерлері шықты. Олардың қатарында Шоқан Уалиханов (1835 – 1865 ж.ж.) Ыбырай Алтынсарин (1841 – 1889 ж.ж.), Абай Құнанбаев (1845 – 1904 ж.ж.) сияқты қоғамдық – саяси қайраткерлер, Әлихан Бөкейханов (1870 – 1937 ж.ж.), Ахмет Байтұрсынов (1873 – 1937 ж.ж.), т.б. оқымыстылар болды.
Шоқан Уәлиханов әлеуметтік ғылыми көзқарастары, оның демократиялық, гуманистік ой – пікірлері Петербургте және Сібір Кадет корпусында оқып жүргенде, сонымен бірге сол кездегі орыстың ұлы демократиялық өкілдерінің шығармаларын оқып, олардың кейбіреулерімен жақындасып, кездесіп, араласып жүргенде қалыптасты. Ол қазақты орыс мәдениетіне жақындату, орыс ғылымына үйрету идеясын жақтаған адам.
Ш. Уәлихановтың қоғамдық - әлеуметтік және саяси мәселелерді сөз ететін «Записка о судебной реформе», «Очерки Джунгарии», «О мусльманстве в степи», «Следы шаманства у киргизов», «Тенгри» сияқты еңбектерінде және достарына жазған хаттарында біз оның көзқарастары көп жағдайда озық идеяларымен ұштасып, үндесіп жатқанын байқай аламыз. Ескерте кететін бір жайт, Ш. Уәлиханов өзінің саяси көзқарасын жан – жақты, жүйелі көрсететін үлкен еңбектер жазбаған. Бірақ, бұл оның халықтың болашағы үшін күрескен, орыс өнер – білімін үндеген алдыңғы қатарлы адам болғандығын анықтауға кедергі келтіре алмайды.
Айталық, Сібір казактарына арналған сот реформасы туралы мақаласында / жазбаларында/ ол ресми үкіметке көптеген талаптар қояды. Бұл талаптар негізінен халық өмірін жақсартуға, оның сот мәселесі жөнінде дербестігін сақтай отырып, орыстармен араласуға мүмкіндік алуға бағытталған.
Патша үкіметі Сібірдегі қазақтардың билігін заң жүзінде өзінің қолына алуды мақсат етті. Осы қитұрқы саясатқа тікелей қатысы болған 1860 – шы жылдары жүргізіле бастаған сол реформадан Ш. Уәлиханов жақсы хабардар еді. Халықтын әдет – ғұрыпын, дәстүрін жақсы білетін ол реформаны дайындаған обылыстық басқарманы халық тағдырына немқұрайдылығы үшін сынға алады, халыққа тиімді өзгерістерді талап етеді. Атап айтқанда, біріншіден, Ш. Уәлиханов өз халқының өзіндік ерекшелігін ескеру реформа дайындау барысында ерекше маңызды фактор екенін айтады. Ш. Уәлиханов осы сот реформасы жайындағы хатында қазақ даласында жүргізілуге тиісті реформа халықтың мүддесіне, оның материалдық мұқтажына сай келуі, әрі сол қоғамның ұлттық мінез – құлқына сәйкестендірілуі қажеттігін терең талдап қорытты. Ш. Уәлиханов әдет – ғұрыпты өте жақсы білген, билердің сотындағы кейбір жайыттар бітімгершілік /мировой/ сотқа қарағанда, әділдікке әлдеқайда жақын деп көрсетті. Мысалы, би болу үшін халық болуы керектігі, бидің билігі ұнамаған адамның екіншісі бидің төрелігіне жүгінуге құқы барлығын және тағы басқа фактілерге сүйене отырып, Шоқан осы кезеңде билер сотын сақтау керек, деген тұжырымға келеді. Патша үкіметінің қазақтарға кемісітушілік саясатты қолданып отырғанына ол үзілді – кесілді қарсы шықты. Халқының сауатсыз болғанын жасырмай айтқан Шоқан оның қабілетті, өркениетті қабылдай алатын ел екенін де дәлелдеді.
Ы. Алтынсарин Қазақстанның Ресейге толық қосылып, кең қазақ даласын игеру мәселесі міндет етіп қойылған дәуірде өмір сүрді.
Ыбырай Алтынсарин өз халқын орыстың озық мәдениетіне жеткізудің ынталы жақтаушысы. Ол қазақ халқының экономикалық және рухани дамуын тездетудің негізгі құралы етіп барлық қазақ ауылдарында орыс – қырғыз мектептерін ашу міндетін қойды. Мектептерді халық арасында білім таратушы мәдениет ордалары деп санады және бұқара ортасында орыс ғылымының табыстарын насихаттаудың тіректері деп қарады. Өзі бас болып, қазақ тілінде тұңғыш орыс әрпімен «Киргизская хрестоматия» оқу құралын жарыққа шығарды. Мұндағы көздеген мақсаты, қазақ оқушыларының орыс тіліндегі кітаптарды пайдалана білуге баулу, орыс мәдениетін түсінуді жеңілдету болатын. «Қырғыз хрестоматиясы» - қазақ халқының рухани өміріндегі үлкен маңызды оқиға болып табыл
Ы. Алтынсарин ашылып жатқан орыс – қырғыз мектептерінде білім алудың өте пайдалылығын және қажеттілігін көпшілік бұқараға ұғындыру және жас балаларды білімге қызықтыру үшін «Қырғыз хрестоматиясының» бірінші беттерін білім үйрену, ғылым игеру туралы жалынды өлен сөздерімен бастайды. Сауатсыз, білімсіз адамдар – қараңғылықта адасушы, көзі жоқ соқыр, ақылы жоқ надан, деп жазды Ы. Алтынсарин. Нағыз адамдар – ғылымды игеріп, білммен қаруланған, дүниенің игілігін пайдалана білетін кісілер. Ғылым адамды надандықтың түнегінен шығарады, оның ой өрісін шексіз кеңейтеді.
Оқысаңыз балалар,
Шамнан шырақ жағылар.
Тілегенің алдыңнан
Іздемей – ақ табылар – деп жазды Алтынсарин.
Ы. Алтынсаринның түсінігі бойынша, білім дегеніміз, төңіректегі ақиқатты тану. «Табиғи ақыл айналадағы бізді қоршағанды ғана қамтуға қабілетті, ететін дүниелік (светский) білім ғана» деп көрсетті Ы. Алтынсарин.
Ыбырай Алтынсарин патша өкіметінің Қазақстанда жүргізген ұлт саясатына сын көзімен қарады. Ресейдің үстем таптарының орыс ұлтына жатпайтын басқа халықтарға жүргізген ұлттық кемісітушулік саясатын көре білді. Орыс шенеуніктерінің қазақтарды төменгі нәсілдердің адамдары деп санауы, қазақ халқына надан, тұрпайы көріп, жиіркенішпен қарауы Ы. Алтынсарин секілді халықтың адал ұлдарына өте ауыр тиді. Ы. Алтынсарин «білімді» орыстардың жергілікті халықты жек көре қарауын сынай отырып, мәдениетті адамдардың міндеті – қазақ халқын мешеусің деп қорламай оның мәдениетінің дамуына көмектесу деді.
Әлеуметтану мәселелері туралы арнайы еңбек жазбағанымен, ресми баспа орындарында басылып шыққан мақалалары оның әлеуметтанудан терең білімі барлығын байқатады және бұл еңбектерінде кейбір қоғам дамуының мәселелерін ғылыми пікірлерге сүйеніп шешуге тырысады. Сонымен бірге Ы. Алтынсарин Қазақстанның дамуын табиғи процесс ретінде қарады. Ы. Алтынсарин қазақ халқының бұдан мылайғы дамуына қолдан жасалған сыртқы күш керек деуші пікірлерді қате деп санады. Ы. Алтынсариннің бұл ойлары осы күнде де маңыздылығын жоймаған.
Қазақ халқының ұлы ақын және ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының ағартушылық қызметі XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басынла өтті.
Абай әлеуметтанудан арнаулы еңбектер жазбағанымен шығармаларында алуан түрлі әлеуметтік мәселелерді қозғап отырған. Өзінен бұрын және кейін өмір сүрген ақын – ойшылдармен салыстырғанда Абай қоғамдық құбылыстардың даму қағидалары туралы, оларды басқару, қоғамның құрылымы, адам, тарихтағы бұқара халықтың және тұлғаның қалыптасуы, оның жоғары әлеуметтік – моральдық қасиеттері туралы терең ой қозғады.
Қоғам туралы мәселе Абайды терең толғандырған. Оның пікірі бойынша, біртұтас құбылыс ретінде қоғамның табиғи негізін халық құрайды. Қоғамның әлеуметтік құрылымы бірыңғай емес, ол бір – біріне қарсы тұрған жіктерден, яғни байлар мен кедейлерден тұратын ақиқат, дейді Абай.
Абайдың әлеуметтік көзқарасында: байлар мен кедейлердің арсындағы айырмашылықтарын, олардың жағдайын, қоғамдағы алар орындарын салыстырып, сауатсыздардың көзін ашып түсіндірмек болған.
Абай адамдарды көркіне қарап емес, адамгершілік деңгейіне қарап бағалау керектігін еркше атап көрсетті. Ұлы ойшыл ақын жастарға жар таңдау мәселесіне де дәл осы тұрғыдан келудің қажет екндігін үйретті.
Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан аса ірі қоғам және саясат қайраткері, оқымысты, жазушы, Петербург массондарының мүшесі. Ол Ресейдің I Думасының депутаты. «Алаш» қозғалысын ұйымдастырушы, әрі «Алаш» партиясының көшбасшысы, ұлттық «Алаш Орда» үкіметінің төрағасы, т.б. саяси - әлеуметтік қызметтер атқарады.
Ә. Бөкейхан басқарған Қазақ кадеттерінің бағдарламалық міндеттері көптеген мәселе бойынша орыс кадеттерінен айырмашылықтары болды. Біріншіден, Ә. Бөкейхан қоғамдық - әлеуметтік қатынастарға түбегейлі өзгерістер енгізуді талап етті, екіншіден, ол ұлттық мәселелерді шешуде де әлдеқайда терең ойлап ілгері кетті.
Сөйтіп, Ә. Бөкейхан қазақ халқын алдыңғы қатарлы Ресей, онан әрі Еуропа мәдениетінің деңгейіне жеткізу мәселесін қойды. Қазақ халқының Ресей империясына бағыныштылығы оны ұдайы толғандырады. Осымен бірге қазақ халқының ру, жүздер арасындағы өзара дау – дамайлары мен жанжалдардың толастамай отырғандығы, ескі рулық тайпалық, феодалдық қатынастардың үзілмегендігінен надандық, қараңғылық, сауатсыздықтың, т.б. орын алуы оның жанына жай таптырмады. Тығырықтан шығудың жолы – халықты ағарту, білімге тарту деп түсінді. Ә.Бөкейхан қазақ халқының шаруашылығы, қазақтың тарихы туралы еңбектер жазды. Оның «Сібір темір жолы аудандарының экономикалық зерттеу материалдары» 1904 – ші жылы Ташкентте жарияланды. 1914 –ші жылы Бөкейхан социал – демократиялық паритяның құрылтайына қатысып,нда Ресей мемлекеттік депутаты А. Ф. Кененскиймен кездеседі. Ә. Бөкейхан Батыс Қазақстандағы уақытша үкіметтің комиссары болып тағайындалады.
Ә. Бөкейхан мемлекет, құқық, партия, дін, т.б. мәселелер жөнінде көп келелі ой – пікір, кеңес, ұсыныс берген оқымысты. Ә. Бөкейханның пікір бойынша, жер сатылатын болса, бірнеше жылдан кейін қазақтар жерсіз қалады, ал, орыстар қысқа мерзімнің ішінде барлық жерді сатып алады; Ұлтқа автономия бермесе, теңсіздік болады; Мемлекет пен дінді айырмаса, дін мемлекеттің қолжаулығы болып кетеді.
XX ғасырдың алғашқы ширегінде Қазақстандағы алдыңғы қатарлы өкілдерінің бірі, әрі ірі оқымысты – ғалым Ахмет Байтұрсынов болды. Ол еңбек жолын ағартушылықтан бастады. Алдымен қазақ балаларының сауатын ашатын «Әліп - би» мен ана тілін үйрететін «Тіл құралын» жазу үшін оған қазақ тілінің фонетикасы мен грамматикасын зерттеу қажет болды.
А. Байтұрсынов – қазақ балаларының ана тілінде сауат ашуына көп күш жұмсаған адам. 1902 – ші жылдан бастап ашылған «ауыл мектебі» деп аталатын үш жылдық бастауыш оқу орнының өзінде шәкірттер сауатын орыс тілінде ашатын, кейбір пәндердің тілі қазақша болғанымен, оны оқытуға арналған, ресми түрде қабылданған кесте жоқ болатын, әр мұғалім өз ыңғайына қарай орыс, не араб жазуларын пайдаланатын. А. Байтұрсынов пен өзге де бір топ қазақ оқығандарды қазақ даласында оқу – ағарту ісінің дұрыс жолға қойылуын, ол үшін ауыл мектептерінде балалар қазақша сауат ашулары керектігін, оқудың ана тілінде жүргізілуін үкіметтен талап етеді.
Көп ұзамай (1912 ж. тұңғыш әліппе жазғаннан кейін) А. Байтұрсынов қазақ балаларына қазақ тілін тереңдетіп оқытатын оқу құралын жазуға кіріседі. «Тіл құралы» деп аталған бұл оқулықтың фонетикаға арналған 1 бөлімі 1915 – ші жылдан, морфологияға арналған II бөлімі 1914 – ші жылдан бастап 1927 – 1928 – жылдарға дейін 6-7 басылым көрінді.
Сөйтіп ана тіліміздегі ғылым саласы – қазақ лингвистикасы 1917 – ші жылғы Қазан революиясынан бұрын, өткен XX ғасырдың 10 – ыншы жылдарынан бастап қалыптасты және оның ірге тасын қалаушы Ахмет Байтұрсынов болды. Қазақ лингвистерінің бұл күнде аға буыны болып отырған тобының білім – ғылымдағы алғашқы ұстазы А. Байтұрсынов болғандығы, бірқатары Ташкенттегі Қазақ Халық Ағарту Институтында, Алматыдағы ҚазПИ – да, қазіргі АМУ – де дәрістерін тыңдап, тікелей шәкірті болғандықтары ақиқат. Екіншіден, ол – араб кестесіне негізделген қазақ жазуының реформаторы. А. Байтұрсынов жасаған жаңа араб жазуы күні бүгінге дейін қолданылып келеді: Қытай Халық Республикасындағы, Ауғаныстандағы, Ирандағы қазақ бауырлар сауаттарын осы жазумен ашып, баспа дүниелерін осы әріптің қазақ тіліне лайықталған түрімен шығарады.
Үшіншіден, А. Байтұрсынов – қазақ тіл білімінің іргетасын қалаушы, тұңғыш лингвист – ғалым. Ол – қазақ лингвистикалық терминдерінің авторы.
А. Байтұрсынов 1917 – ші жылғы Ақпан революциясын, монархияны құлатып, халықтарға азаттық әкелді деп шын көңілмен қарсы алды. Осы азаттықты нығайту саясатымен патшаның қол астында болған әр халықтың өз ішінде бас қосып, бірігу, ол үшін құрылтайларын өткізу әрекеттері қолға алынады. А. Байтұрсынов сол құрылтайды ұйымдастйрушылардың бірі болды. Қазақ ішінде саяси партия құру жөнінде тұңғыш рет мәселе орыс құрылтайда көтерілді. Петроградта өтетін мұсылмандар құрылтайына – Құрылтай жиналысында осы партияның делегаттары сайлауы керектігі айтылды.
«Қазақ» газеті осы мақсатты орындау үшін Қазақстанның түпкір – түпкіріндегі ұлт комитеттерінің басын құрап, партия етіп, оған «Алаш» деп ат қойып, делегаттар сайлау науқанына кірісу керектігін жазды.
Бұл газеттің 1917 – ші жылдың 21 қарашасындағы санында жаңадан құрылған «Алаш» партиясының бағдарламасы жарияланды. Бағдарламаны жасап, қол қойған алты адамның бірі А. Байтұрсынов еді.
«Алаш» - 1917 – ші жылдың орта тұсында құрылып, 1920 – жылдың орта шенінде тараған ұйым болатын. Ұлттық идеологияны негізге алған бұл партияның алғашқы кезеңдегі платформасы ұлттық даму, ұлттық тең құқықтық үшін күрес болса, бұл идея сол теңдікке оқу – білім, халықтың мәдениетін көтеру арқылы жетуге болады деп танып, осы майданда ширек ғасырдай аянбай тер төгіп, еңбек етіп келе жатқан А. Байтұрсыновты елеңдетпей тұра алмады.
А. Байтұрсынов «Алашқа» қызмет ете жүріп, өзге партиялардың да көздейтін мақсаттарына, ұстанған бағыттарына үңілді. «Алаш» партиясының Қазан төңкерісінен кейінгі ұстаған автономи – ұлтшыл платформасы қазақ қоғамының әрі қарайғы дамуына қол емес екенін түсінеді. А. Байтұрсынов халық ағарту комиссары, Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің мүшесі лауазымдарын атқара жүріп, Қазақстанда автономиялық мемлекет құру ісіне, жаңа әлеуметтік қатынастар орнату ісіне зор үлес қосты. Оның қазақтың автономиялық мемлекетін құруды қалай түсінетінін 1920 – шы жылдың 17 мамырында Ленинге жазған хатынан анық көреміз.
Онда ол, біріншіден, қазақ өлкесін басқаруға халықтың күйін жақсы білетін, халық сенетін адал коммунист қазақтардан қою керектігін дұрыс дейді; екіншіден, аралас ұлт өкілдерінен тұратын аймақтарды басқару орындарында езілген ұлт өкілдері кемінде үштен екісін құру керек дейді; үшіншіден, қазақ өлкесінің шаруашылық – экономикалық мекемелерін басқару ортақтандырылуына немесе ортақтандырылмауына қарай ешбір бөліске түспей немесе басқа губерниялар мен обылыстарға бағындырылмай қазақтардың қолында болуға тиісті; төртіншіден, қазақ коммунистері мен интнллигенциясының барлық саяси – мәдени жұмысы кеңес социалистік шаруашылық саясатына негізделіп, жүргізілу керек, бесіншіден, Қазақстанды, оның астанасы Орынбормен біріктіріп басқаратын әскери округ құру; алтыншыдан, қалалардағы әскери гарнизондар міндетті түрде қазақтардан болу керек; Ахмет Байтұрсынов шын мәніндегі автономия осылай болу керек деп түйген еді. Әрине, оның ұсыныстары іске асу былай тұрсын, тіпті Қазақстан Одақтас Республика болғанда да оның мемлекет ретінде егемендігі болмады. Қазақ қоғамының дамуы мешеулеп қала берді.
Осындай қоғам дамуындағы келеңсіздікті (кемшіліктерді) сынағаны үшін А. Байтұрсынов абақтыға жабылып, 1937 – ші жылы атылып кетті.