19.Маңқа ауруының диагнозы және дифференциалдық диагнозы. Маңқа (Malleus, can) – созылмалы өтетін, өкпеде, танау қуысының кілегейлі қабығында және терінің әр жерінде бірте-бірте жараға айналатын түйіндер пайда болуымен ерекшеленетін негізінен жылқы тектес жануарлардың жұқпалы ауруы. Қоздырушысы – Burkholderia mallei, бұрынғы атауы Pseudomonas mallei - түзу немесе имек екі ұшы дөңгеленген, ұзындығы 1-5 мкм, ені 0,3-0,8 мкм, қозғалуға қабілетсіз бактерия.
Балау клиникалық талдау, індеттанулық деректер негізінде іске асады. Егер ауру созылмалы немесе жасырын түрде өтсе, онда аллергиялық зерттеу жүргізеді. Оны маллеин қолдану арқылы іске асырады. Аллергиялық зерттеу үшін маллеинді көзге тамызып, теріге және тері астына жібереді.
Көзге тамызу (көз байқауы) жылқы және басқа малдар маңқасын анықтауда негізгі тәсіл болып саналады. Маллеинді арасына 5-6 күн салып, 2 мәрте тамызады. Оны таза пипеткамен қабақты ашып, конъюнктиваға 3-4 тамшы тамызады. Организмнің реакциясы маллеинді бірінші тамызғаннан кейін 3-6-9 және 24 сағат өткеннен кейін есепке алынады. Егер көзде іріңді конъюнктивит байқалса, онда реакция оң деп саналады. Кейде оң реакция маллеин тамызбаған көзде де болуы мүмкін. Ал реакция күмәнді болса, онда конъюнктива қызарып, қабақтары сәл қабынады, көзден жас ағып, аздаған ірің жиналады.
Егер реакция теріс болса, онда конъюнктивада өзгеріс болмайды, көз аздап қызарып, сәл жас ағады. Күмәнді және теріс реакциялы малдарға маллеинді бұрынғы көзге қайталап 5-6 күннен кейін жібереді. Реакцияны 3-6-9-12 сағаттан кейін есепке алады. Маллеинмен тексергенде малды байлап ұстайды. Комплемент байланыстыру реакциясымен маллеинге оң реакция берген малдың ғана қан сарсуын тексереді. Егер КБР оң нәтиже берсе жылқының денесінде маңқа түйіні болғаны. Бұл реакцияның көмегімен маллеинмен тексерудің нәтижесі теріс болғанда маңқаға диогноз қоюға болмайды. Кей жағдайда бактериологиялық және гистологиялық зерттеулер жүргізіледі. Сонымен қатар, мысық пен теңіз тышқанына биосынама қоюға болады. Маңқа негізінен кеңсірікті зақымдаса, оны сақаудан айыра білу керек, ал негізінен тері зақымданса, онда бұл ауруды мандаммен шатастырмау қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |