46 XVI ғ Қазақ хандығының әлеуметтік экономикалық және саяси жағдайы. Есім
ханның Сырдария бойындағы қалалар үшін күресі
.
XVI ғасырдың басында нығайған Қазақ хандығының жағдайы аталған ғасырдың 20-
жылдарынан бастап әлсірей бастады. Қазақ хандығын нығайтуға және күшейтуге
қажырлы қайрат жұмсаған Қасым хан қайтыс болғаннан соң оның мұрагерлері арасында
өкімет билігі үшін ішкі талас пен қырқыстар туды. «Тарихи Рашидидің» авторы
Мұхаммед Хайдар Дулати айтқандай: «Қазақ сұлтандары арасында дау-шар басталды».
Қасым ханның баласы Мамаш әкесінің орнына хан болып, бірақ көп ұзамай өзара
қырқыстың бірінде қаза тапты.
Бұдан соң 1523-1533 жж. Қасымның немере інісі Тахир хан болды. Бірақ оның ел билеуге
қабілеті төмен, әскери-саяси және елшілік істерге олақ адам еді. Ол феодалдық
қырқыстарды тия алмады, көрші елдердің көпшілігімен: Шайбани әулетімен, Ноғай
Ордасымен және Моғолстан хандарымен де жауласты. Бұл соғыстарда қазақтар жеңіліп,
Қазақ хандығы оңтүстіктегі және солтүстік-батыстағы жерінің біраз бөлігінен айырылып,
оның ықпалы тек Жетісуда ғана сақталып қалды. Тахир хан Жетісуға қашып барып
Моғолстан ханына қарсы қырғыздармен одақ жасасты. 1527 жылдан кейін ол көбінесе
қырғыздарды биледі, ойрат-жоңғарлардың Жетісуға жасаған шабуылына қарсы күресті.
Мемлекеттік билік құлдырап, мемлекеттің шекара аумағы қысқара түсті.
Тахир ханның өлімінен кейін оның інісі Бұйдаш (1533-1534 жж.) қазақ-қырғыз
бірлестігінің басшысы болды. Жетісу өңіріне билік еткен ол қазақтардың бір бөлігін ғана
билеген. Оның тұсында да феодалдық қырқысулар мен соғыстар тоқталған жоқ. ХҮІ
ғасырдың 30-жылдарында Бұйдаш ханмен қатар өзге де қазақ хандары, мысалы,
Қазақстанның батыс өңірінде Ахмет хан, Жетісуда Тоғым хан болған. Міне, бұл жағдай
Қазақ хандығының феодалдық бытыраңқылыққа ұшырағандығын көрсетеді.
Қасым ханның баласы Хақназар хан (1538-1580) тұсында Қазақ хандығы қайта бірігіп,
дами түсті. Ол хандық билікті нығайтуға және күшейтуге қажырлы қайрат жұмсады.
Өзінен бұрын бытыраңқы жағдайға түскен Қазақ хандығын қайта біріктірді. Хақназар
қазақ-қырғыз одағын одан әрі нығайтты, сол заманның тарихи деректерінде оны «қазақтар
мен қырғыздардың патшасы» деп атады. Ол осы қазақ-қырғыз одағына сүйене отырып,
Моғолстан хандарының Жетісу мен Ыстықкөл алабын жаулап алу әрекетіне тойтарыс
берді. Хақназар хандық құрған кезде Қазақ хандығының сыртқы жағдайында аса ірі
тарихи оқиғалар болып жатты. Мемлекеттің солтүстігінде Ресей өз иеліктерін қазақ
даласына едәуір жылжытты.
Хақназар хан қаза болған соң оның орнына Жәдік сұлтанның баласы Жәнібек ханның
немересі Шығай 1580-1582 жылдары хан болды. Ол бұл кезде сексен жаста болғанымен,
қазақтардың ішінде беделді хан болды. Оның өміріне қатысты мәліметтер тарихта аз
сақталған. Шығай хан қазақ хандығының сыртқы саясатындағы Хақназар хан ұстаған
бағытты жалғастырды. Ол Шайбани мұрагерлерінің арасындағы қақтығыстарды қазақ
мемлекетін нығайту мақсатында ұтымды пайдаланды.
1582 жылы Шығай хан қайтыс болғаннан кейін таққа Тәуекел (1582-1598 жж.) отырды.
Тәуекел хан Бұхара ханы Абдолламен жасасқан шартты бұзып, қазақ және өзбек
билеушілері арасындағы жаугершілік қайта қоздады. Абдолла ханмен одақтан Тәуекел
ханның бас тартуының себебі, біріншіден, Абдолла әуелдегі Түркістаннан төрт қала беруі
туралы уәдесінен бас тартады, екіншіден, біздің ойымызша, басты себеп – Абдолла
Тәуекел ханның беделінен, батырлығы мен батылдығынан қорқа бастайды, яғни Тәуекел
ханнан өзінің бақталасы ретінде қауіп төнгенін сезді.
Тәуекел сыртқы саясатында хандықтың оңтүстігіндегі қалаларда билікті нығайтуға күш
салады. Ендігі жерде ол Сыр бойындағы қалалар үшін Абдолламен күресті бастайды. 1586
жылы Ташкентті алуға әрекет жасайды. Абдолланың негізгі күштері Мәуереннахрдың
солтүстігінде шоғырланды. Бұны білген Тәуекел хан Мәуереннахрдың оңтүстік
аймақтарына шабуыл жасайды. Оның шабуылы Түркістан, Ташкент, Самарқанд
қалаларына қауіп төндіреді.
«Еңсегей бойлы ер Есім» атаңған Есім хан (1598-1628) Қазақ хандығын бір орталыққа
бағынған мемлекет құруды көздеді. «Есім ханның ескі жолы» атты заңды құрастырды.
Тәуекел ханның орнын басқан Есім хан 1598 жылы Бұхара мен Самарқанның билеушісі
Мұхаммедпен бітім шартын жасасты. Бұл бітім Қазақ хандығының ұлы жеңісін паш етті.
Бітім бойынша, Сырдарияның ұзына бойындағы Түркістан, Отырар, Сауран бастаған
отызға жуық қала, Ташкент қаласы бүкіл уәлаятымен Қазақ хандығының құрамына
қосылды. Қазақстанның солтүстік аймағын реттеуге кеткен Есім хан, Тұрсын сұлтанға
хандығын тапсырып «ант» берісіп уәделескен болатын. Есім ханның жоқтығын
пайдаланған Тұрсын сұлтан Есім ханның жұртына әлек салып, билікті өз пайдасына
жұмсаған болатын. 1627 жылы ойрат жорығынан оралған Есім хан антты бұзғаны үшін
Тұрсынды өлтіреді. Бір деректерде Есім хан 1628 жылы, ендігі мәліметтерде 1645 жылы
қайтыс болды дейді.
Достарыңызбен бөлісу: |