51
даму қажеттіліктерін қанағаттандырмайтын, оның грамматикалық және фонетикалық
құрылымын көрсетпейтін латын, әсіресе, орыс алфавитін енгізуге қарсы болды. Өз халқына
дербес әліпби сыйлап, қазақ тілінің фонетикасы, морфологиясы, синтаксисінің негізін қалады.
Тұтас буынның төлбасы болған Ахмет Байтұрсынұлының алғашқы кітабы - «Қырық
мысал». Ол бұл еңбегінде Ресей отаршыларының зорлық - зомбылығын әшкерелей отырып,
демократияланбаған заманда елдің тұралаған халін жұмбақтап, тұспалдап жеткізді. Сөйтіп,
мысал жанрының қызықты формасы, ұғымды идеясы, уытты тілі арқылы әлеуметтік сананың
сілкінуіне ықпал жасады. Ақынның азаматтық арман-мақсаты, ой-толғамдары кестеленген
өлеңдері «Маса» деген атпен жеке кітап болып жарық көрді. «Масаның» негізгі идеялық
түйіні - халықты оқуға, өнер-білімге үндеу, мәдениетті насихаттау, еңбекке шақыру.
Абайдың ағартушылық, сыншылдық дәстүрін жаңарта отырып, Ахмет Байтұрсынұлы
ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетін өміршең-демократтық деңгейге жеткізді.
А. Пушкин, М. Лермонтов, Ф.Вольтер, С.Надсон өлеңдерін аударды. Бұл аудармалардың
тақырыптық, идеялық-көркемдік деңгейі өте жоғары туындылар болып саналады. Ахмет
Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш» атты зерттеуі қазақ тіліндегі тұңғыш іргелі ғылыми-
теориялық еңбек. Ол әдебиет тарихына, теориясы мен сынына, методологиясына тұңғыш рет
тиянақты анықтама беріп, қазақ әдебиеттану ғылымының жүйесін құрды.
Халық тілінің бай қорынан мағынасы терең, ұғымдық аясы кең сөздерді термин етіп
алып, соның негізінде қазақ әдебиетінің барлық жанрлық формаларын топтап, жіктеп берді.
Халық мұрасына үлкен жанашырлықпен қараған Ахмет Байтұрсынұлы: «Әдебиет тіліне негіз
етіп ел аузындағы тіл алынбаса, оның адасып кететіндігін» мәлімдеді. Ол шығарған «Қазақ»
газеті халықтың рухын сергіткен зор құбылысқа айналды. Ахмет Байтұрсынұлы - әлеуметтік
мәселелерге, қоғамдық ой-пікірге ықпал жасаған публицист. Оның мақалалары ғылыми
байыптауымен, өткір ойларымен сол кезеңнің ақиқатын айтады.
Ахмет Байтұрсынов – қазақ халқының «рухани көсемі» болған тарихта айрықша орны
бар зор тұлға, ірі қайраткер, ақын, қазақ халқының тілін, әдебиетін, мәдениетін зерттеуші
ғалым. Ол қазақ балаларының ана тілінде сауатын ашып, оқуын жалғастыруға көп күш
жұмсаған ағартушы. «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі һәм сондай
болмақшы. Ең әуелі мектепке керегі - білімді, педагогика, методикадан хабардар, оқыта
білетін мұғалім. Екінші, оқыту ісіне керек құралда қолайлы һәм сайлы болуы. Үшінші,
мектепке керегі белгіленген программа». Ал енді «Жұртқа тәртіпті мектеп керек. Мектепке
сайлы мұғалімдер керек» деп айтқаны мектептің адам өмірінде алатын зор міндеті барын, оны
дұрыс қолға тапсыруды көрсеткені деп білеміз.
Ахмет Байтұрсынұлы әдебиет зерттеушісі ретінде қазақ әдебиетінің даму процесін
жеке дара бөліп қарамай, барлық халықтар әдебиетіне ортақ сипаттармен ұштастыра талдады.
Қазақ фонетикасы мен грамматикасын талдауда тілдің типологиялық ерекшеліктері мен
өзіндік даму барысы принципін берік ұстанды. «Оқу құралы» - қазақша жазылған тұңғыш
әліппелердің бірі. Бұл әліппе оқытудың жаңа әдістері тұрғысынан өңделіп, бірнеше рет қайта
басылды. «Оқу құралы» әдістеме тұрғысынан әлі күнге дейін маңызды оқулық ретінде
бағаланады. «Тіл - құрал» оқулығы үш бөлімнен, яғни фонетикаға арналған бөлімі,
морфологияға арналған бөлімі, синтаксис бөлімі жарық көрді. «Тіл - құрал» - қазақ тілінің
тұңғыш оқулығы. Оқулық қазіргі қазақ тілі оқулықтарының негізі болып қаланды. «Тіл -
құрал» қазақ тіл білімінің сан салалы құрылымын жүйелеп, ғылыми негізін қалаған зерттеулік
еңбек болып табылады.
Қорыта айтқанда, Ахмет Байтұрсынов шығармашылығы ХХ ғасырдың бас кезіндегі
қазақ әдебиетінің даму тарихындағы биік белес. Оның ұлт жанашыры ретінде халқына
жасаған еңбегі ешқашан ұмытылмайды.
Достарыңызбен бөлісу: