«Қазақ Әдебиеттану ғылымы: ДӘСТҮр және сабақтастық» атты


М.ЖҰМАБАЕВТЫҢ ТӘРБИЕ ТУРАЛЫ ТОЛҒАМДАРЫНЫҢ МӘНІ



Pdf көрінісі
бет72/92
Дата23.10.2023
өлшемі2,56 Mb.
#120672
түріСабақ
1   ...   68   69   70   71   72   73   74   75   ...   92
М.ЖҰМАБАЕВТЫҢ ТӘРБИЕ ТУРАЛЫ ТОЛҒАМДАРЫНЫҢ МӘНІ 
 
Дастанбаева Ә.,
Ғылыми жетекшісі: Молдабаева К.Р., педагогика ғылымдарының магистрі, оқытушы 
М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі,-Қызылорда қ., 
Қазақстан 
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп атам қазақ айтқандай, бүгінгі жастар елдің 
болашағы екеніне бәріміз кәміл сенімдіміз. Олай болатын болса, біз бүгінгі жастардың 
бойынан Қандай қасиеттерді көргіміз келеді? Біз іздеген қасиеттер қазіргі жастардың 
бойында бар ма?-деген мазмұнда әңгіме өрбіткіміз келеді. 
Жастар қоғамымыздың жүрек дүрсілі, өзегі. Есігінен енді аттап отырған жаңа 
ғасырда ұлтымыздың өсуі де, өшуі де осы жастарға тікелей байланысты. Ел алдындағы 
басты мұрат – тәуелсіздік алып келген ұлттық құндылықтарды өскелең ұрпаққа насихаттау 
болмақ. Ел болашағы – өскелең ұрпақты елінің көркеюіне үлес қосар азаматы етіп, ұлт 
болашағын тәрбиелеудегі Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» өлеңінің қосар 
үлесі зор. 
Дәлірек айтсақ, руханият таразысынан алар салмағын екшелеп, көңіл көзінен 
өткізсек, мейлінше жіті зерделеп қарасақ, бүгінгі күнмен сабақтастырылған. 
Мағжан Жұмабаевтың ұлттық тәрбие беру туралы ой-пікірлері оның «Педагогика», 
«Бастауыш мектептегі ана тілі», «Бастауыш мектептегі ана тілін оқыту жөні», «Сауатты 
бол» атты еңбектері мен поэтикалық шығармаларында баяндалған.
Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика» атты еңбегі - қазақ топырағында тұңғыш 
жарық көрген ұлттық педагогика оқулығы. Ол - мектеп мұғалімдері мен педагогикалық оқу 
орындарының тыңдаушыларын оқушыларға ұлттық тәрбие беруге даярлау мақсатында 
жазылған. Ол оқулықты «Алты алаштың баласы бас қосса, қадірлі орын - мұғалімдікі», - 
деп, ұстаздарға арнаған. Ол өзінің осы «Педагогикасын» 17 ірі бөлімнен құрып, оның өзін 
бірнеше шағын бөлімдерге бөле отырып, ұқыпты түрде талдау жасап, түсініктеме береді. 
М.Жұмабаев тәрбиені дене тәрбиесі, ақыл тәрбиесі, сұлулық тәрбиесі, құлық тәрбиесі деп 


217 
төртке бөледі. «Егерде адам баласына осы төрт тәрбие тегіс берілсе, оның тәрбиесі түгел 
болғаны. Егер де ол ыстық, суық, аштық, жалаңаштық сықылды тұрмыста жиі ұшырайтын 
күштерді елемейтін мықты, берік денелі болса, түзу ойлайтын, дұрыс шешетін, дәл табатын 
ақылды болса, жамандықтан жаны жиреніп, жақсылықты жаны тілеп тұратын құлықты 
болса ғана адам баласының дұрыс тәрбие алып, шын адам болғандығы», - дейді. «Балам 
адам болсын дейтін ата-ана осы төрт тәрбиені дұрыс орындасын», - дей отырып, оларды 
ұлттық тәрбиенің құрамдас бөліктері деп санайды [2]. 
Мағжан халықтық педагогиканы жалпы педагогиканың ең негізі етіп қояды. Бала 
тәрбиесінде ұлттық педагогиканың, ұлттық тәрбиенің алатын орны ерекше екендігін 
мысалдар арқылы дәлелдейді. Ұлттық тәрбиенің құнды жақтарын пайымдап ашып 
отырады. Осыған орай педагог М.Жұмабаев «Әр тәрбиешінің қолданатын жолы – ұлт 
тәрбиесі. Әрбір ұлттың бала тәрбие қылу туралы ескіден келе жатқан жеке-жеке жолы бар. 
Ұлт тәрбиесі баяғыдан бері сыналып, көп буын қолданып келе жатқан тастақ жол 
болғандықтан, әрбір тәрбиеші, сөз жоқ, ұлт тәрбиесімен таныс болуға тиіс. Ұлт тәрбиесінің 
жақсылық жағы көп», - деп жазады. Осылайша ол қазақ педагогикасының тарихында 
тұңғыш рет «ұлт тәрбиесі», «әрбір тәрбиеші, сөз жоқ, ұлт тәрбиесімен таныс болуға тиіс» 
деген ұғымдарды педагогика ғылымына ендірді. Мағжан педагогтар, тәрбиешілер 
халықтық педагогиканы қолдана отырып, түрлі кезеңдегі педагог ғалымдардың ойларымен 
жақсы таныс болуы керектігін айтады. 
Мағжан өзінің оқулығында тіл мәселесіне ерекше тоқталып, оның тәрбиелік және 
саяси мәндерін ашып көрсеткен: «Тілсіз ұлт, тілінен айрылған ұлт дүниеде ұлт болып жасай 
алмақ емес, ондай ұлт құрымақ. Ұлтының ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болуы. 
Ұлттың тілі кеми бастауы ұлттың құри бастағанын көрсетеді. Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе 
болмасқа тиісті... Қазақ тілінде қазақтың сары сайран даласы, біресе желсіз түнде тынық, 
біресе құйындай екпінді тарихы, сары далада үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, 
саспайтын сабырлы мінезі - бәрі көрініп тұр. Күндерде бір күн түрік балаларының тілі 
біріксе, ол біріккен тілдің негізі қазақ тілі болса, сөз жоқ, түрік тілінің келешек тарихында 
қазақ ұлты қадірлі орын алмақшы. Келешектің осылай болуына иманымыз берік» [2].
Педагог бала тәрбиесіндегі, әсіресе қыз баланы тәрбиелеуде әйелдің, ананың рөлінің 
зор екендігін айтады. Өйткені бала анаға жақын тұрады. Шешесі үйде баланың көзінше не 
істесе, қалай қимылдап, қалай сөз сөйлесе, ертең ұшқанда баласы, әсіресе, қыз бала, соны 
істейді. Көбіне қыз бала тәрбиесі анаға байланысты. Сол себептен ананың - әйелдің 
балаларының көзінше өте әдепті, мәдениетті болуын қалайды.
Мағжан өз халқының патриоты ретінде оны халқының, ұрпағының болашағы үнемі 
толғандырып, тәрбиенің басты міндеттерінің бірі бала бойында ұлттық сезімдерді ерте 
қалыптастыру, оларды халықтың рухани мәдениетімен, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрімен 
кеңінен қаруландыру қажет деп санайды.
Баланың мінез-құлқы, табиғатқа қатынасы айналадағы басқа адамдармен қатынасқа 
түсу арқылы қалыптасатын болғандықтан, Мағжан баланың отбасындағы қатынасқа 
түсетін адамдардан, олардың мінез-құлқынан үлгі алатындығын және бала үшін бұл әсердің 
өте маңыздылығын көрсетеді. Сондықтан баланың айналасындағы адамдардың мінез-
құлқының дұрыс, жағымды болуына айрықша мән береді: «...баланың ізгі құлықты болуы 
үшін оның маңайындағы адамдар, ата-ана, туған-туыстары өздері құлықты болуы тиісті. 
«Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген қазақ мақалымен қорытындылайды.
Мағжан баланы отбасында жас күнінен тәртіпке үйретудің қажеттілігіне баса назар 
аударады. «Баланы құбылмайтын, ұсақтықпен қажытпайтындай еркіне жіберу оны ерлікке, 
батылдыққа үйретсе, темір тәртіпке бағындыру, оны шыдамдылыққа, табандылыққа 
үйретеді», - дейді. 
Мағжан педагогикасындағы негізгі категориялардың бірі – баланың өзін-өзі 
тәрбиелеуі. Қандай тәрбие, тәрбиешінің, басқаның әсері мен үлгісі болмасын, сайып 
келгенде, адам өзін-өзі тәрбиелейді, адам тәрбие ісіне араласқанда ғана оның ықпалы күшті 
болады. Сондықтан отбасының міндеті – баланы өзін-өзі тәрбиелеуге дайындау, яғни өз 


218 
тіршілігі мен іс-қимылына сын көзбен қарауға, өз мінез-құлқына бақылау жасауға, оны 
үнемі жетілдіруге үйрету деп санайды. Адамның өзін-өзі бақылауы, әрдайым өзіне-өзі есеп 
беруі оның өз қатесін көруіне, оны жоюына итермелейтін болады. Ол: «Адамның өзін-өзі 
тексеруі – оның дұрыс жолға түсуінің бірінші шарты, қатесін білген адам өзін тексермесе, 
ілгері баса алмайды», - деп теориялық дұрыс, практикалық өте маңызды тұжырым 
жасайды[3].
Адам өмірін мәнді және мазмұнды етуде эстетикалық талғамның қалыптасуы үлкен 
орын алады. Мағжанның пікірінше, сұлулық сезімдері адамның табиғат берген қабілеті мен 
мүкіндіктерін жан-жақты дамытуға жол ашады. Мағжан эстетикалық тәрбиенің тарауларын 
жан-жақты талдай отырып, бала жаратылыс, табиғат сұлулықтарымен бірге өнерден 
барынша мол ләззат алып өсуі қажет деп қорытындылайды. Ол сонымен бірге жоғарыда 
айтылғандай адамдар арасындағы қатынасты да сұлулыққа негіздеп құруға ерекше мән 
береді. Бұл шынында қазақ тұрмысы үшін жаңалық емес, бірақ жоғалтқанымыз да бар. 
Қазақтарда үлкен мен кіші, жеңге мен қайны, қайын сіңлі, аға мен іні арасындағы қатынас 
бірін-бірі сыйлауға, құрметтеуге негізделіп құрылып, басқалар үлгі алатындай, таңырқап 
таңдай қағатын дәрежеде болатын. Бірақ сол 20-шы жылдардың өзінде де біздің бұл 
қатынасымызды босаңдата бастағанымызды сезген Мағжан: «Қазақ! Жұртқа күлкі 
болмайын десең, бұл мінездеріңді таста, балаңды сұлу, сымбатты қылып өсір» деген өте 
маңызды өсиет қалдырады.
«Педагогика» оқулығындағы «Жалпы педагогика» бөлімінде дене және жан тәрбиесі 
жайында сөз болады [2].
Мағжан балаға жан тәрбиесін беру үшін ата-анаға психология, логика, этика, ал дене 
тәрбиесін беру үшін анатомия, физиология, гигиена және гимнастика ғылымдарын меңгеру
қажет екендігін оқу құралында жан-жақты баяндаған. Автордың пікірінше, әке-шеше 
баласының жаны туралы дұрыс түсінігі болуы үшін психология ғылымын меңгергені абзал. 
Психология – баланың қимылынан, көзінің тітіркенішті заттар мен амалдарға ілесуінің, 
жанының жайын, жан тұрмысын, жан көріністерін, жан күштерін, ақылын, қайратын, көңіл 
қуатын мөлшерлейтін пән.
Екінші бір жан нысанасын бақылау пәні – логика. Логика – дұрыс сөйлеу, сөздерді 
сөйлем тәртібіне ауызша дәлдеп құрастыру, ойын дөп айта білу секілді нышандарын 
бағдарлайтын пән.
Этика – баланың ішкі құлқын емеуріннен тануға мүмкіндік беретін пән.
Мағжанның пікірінше, бала тәрбиесіндегі екінші мәнде тұратын нысан – дене тәлімі. 
Жанның құралы – дене. Денені тәрбиелейтін пәндер: 
-
Анатомия. Баланың жас ерекшелігіне байланысты денесінің өсіп-өнуін, 
құрылысын, жаратылысын бақылайтын нысан.
-
Физиология. Баланың денесінде болатын көріністерді, қанның жүруін, дем 
алу, тыныстау секілді күйін байқайтын пән.
-
Гигиена. Дененің саулығын сақтау үшін қойылатын талаптарды жүзеге 
асыратын пән.
-
Гимнастика. Баланың денесінің саулығын ширату үшін белгілі талаппен, 
бағдарламамен жасалатын дене қозғалысын жүзеге асыратын пән. 
Жан мен дене тәрбиесі қатарынан, кей тұста жан тәрбиесі денеден озық кеткен 
жағдайда баланың рухы биік болады.
Дене тәрбиесінің компоненттеріне тоқталып өтейік. М.Жұмабаевтың пікірінше, дене 
тәрбиесі жайлы теориялық тұжырым былай болып келеді: жаңа туған балада жанның 
нышанынан тәннің белгісі басым. Баланың жаны рахатта болуы үшін тәннің дұрыс дамуына 
әке-шешенің сауатты түрде еңбек сіңіруі көзделеді.
Бала тәрбиесінің бөлме мәселесінен кейінгісі – тамағы. Ең бастысы, ананың сүтімен 
қоректендіру басым рөлде болуы керек. Ананың сүтінде баланың денесіне қажет заттардың 
бәрі бар.


219 
Балаға емізік емізуден аулақ болған жөн. Себебі баланың ішіне жел толып, 
мазасыздық басталады. Қазақ баласының көбінесе ауру болуы талғамай тамақ беруден.
Сондықтан баланы тамақтандыру мәселесіне қатысты дәрігерлік кеңесті басшылыққа алып, 
рационын ескерген абзал. Жаңа туған баланы 2-3 сағатта, бір түнде 3-4 сағатта бір, күннен-
түнге емізу санын әдейі азайта түсу баланың режиммен тамақтану дағдысын 
қалыптастырады.
Баланы шомылдыру. Шомылу – кірден тазару. Үш айға шейін судың ыстықтығы 29°, 
жыл аяғына дейін 28°, екінші жылда 27°, мұнан соңғы жылдары 26°, 25° болып төмендей 
береді. Әуелі тәулікте 2 рет, ай жарымға шейін 1 рет, алты айға шейін күн ара, екі жастан 
асқан соң жұмасына 1 рет шомылдыру керек. Үйдің жылылығы 17-18°-тан сәл жоғарырақ 
болуы қажет. Қазақ әйелінің баланы тұзды суға шомылдыруын М.Жұмабаев қолдаған. 
Баланың денесін маймен сылау дұрыс емес. Себебі баланың тері клеткасын бекітіп, тез 
жетіліп өсуіне кедергі жасайды. Баланы «өс, өс, өс!» - деп, аяқ-қолын созып, денесінің 
құрысын жазу бүгінгі физкультура, гимнастика, аутагендік жаттығуға әзірлік жасауға 
талпыныс демекпіз.
Баланың киімі. Киім дененің жылуын сыртқа, сырттың суығын денеге жібермейтін 
болсын. Баланың нәзік денесіне қолайлы пішіліп тігілуі көзделеді. Денесіне шақ киім 
ыңғайлы. Биік өкшелі туфли кигізуге және беліне белбеу салуға болмайды. Баланы бөлеу 
және бесік. «Қазақтың этностық тұрмысын ескерсек, бесіктен безуге болмайды»,- дейді 
М.Жұмабаев. Бұл ойымызды М.Жұмабаевтың өз дәйегімен бекіте түсейік: «Қазақ бесігі – 
аса ұсталықпен жасалған нәрсе. Жөргегі, тартпалары, астындағы тесігі, шүмегі, түбегімен 
бала таза, жинақы жатуына көп себепші. Бірақ әңгіме мұнда осы бесікке баланы қалай бөлеу 
керектігінде болып тұр. Тартпаны біреу қылсақ, біреу қылғанда баланың мойнынан аяғына 
жететіндей қылу дұрыс. Енді тарпа демей, жабу делік. Баланы жөргегіне орап, төсегіне 
салып, әлгі жабуды жаппай жауып, бесіктің екінші жағынан алып келіп, тағы 6-7 баумен 
байласақ, мұнда қысу деген болмас еді» [2]. Мағжанның пікірінше, баланы тербетіп 
ұйықтатуға болмайды. Ұйқысына кедергі келтірмеуді ойлаған жөн. Баланы серуенге 
шығару да үлкен өнер.
Қорыта келгенде, баланың дене тәрбиесінің алғашқы кезеңі – анасының рухани жан 
әлемі екенін түсіну. Баланың іштегі қалпын оң ұстанымға бағыттау, алғашқы танымның 
негізі ананың ішкі болмысына мән беру секілді іс-әрекеттерге сауаттылықпен қарағанда 
бала өмірге дұрыс келеді. Сонымен, М.Жұмабаев өзінің «Педагогика» атты оқу құралында 
балаға дене және жан тәрбиелерін беруді теориялық жағынан тұжырымдап, отбасында 
тәрбиені олардың жас ерекшеліктерін ескеріп жүргізуді негіздегенін көруге болады.
ӘДЕБИЕТТЕР 
1.Жарықбаев Қ., Қалиев С. Қазақ тәлім-тәрбиесі: Оқу құралы. - Алматы: Санат, 1995 
- 352 б. 
2. Жұмабаев М. Таңдамалы шығармалары. - Алматы: Ғылым, 1992 
3.Бөлеев Қ. Қазақ этнопедагогикасы – ұлттық тәрбие берудің негізі. - Алматы: Нұрлы 
әлем, 2008- 160 б. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   68   69   70   71   72   73   74   75   ...   92




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет