Куман-қыпшақ-половец тілінің ерекшеліктері:
Фонетикасында: 9 дауысты (а, ä, е, ы, и, о, ө, у, ү), олардың барлығы да жалпы редукцияға ұшырамайды; қ/қ дыбысының тұрақсыздығы (йоқ / йох «жоқ»); сөз басындағы (инициалды) й дыбысының жиі кездесуі (йемиш «жеміс», алайда, мұнымен қатар, дж дыбысы да қолданылады джүзүм / жүзүм «жүзім»);
Морфологиясында – септеу мен жіктеудің қыпшақтық түрі қолданылады, оғыз тілдерінің жекелеген формалары да кездеседі (тұрақты әмбебап қимыл атауымен қатар (–ған (-ған)) есімшенің ‑мыш тұлғасы мен қимыл есімінің ‑дық тұлғасы);
Лексикасында иранизмдер, арабизмдер және орыс сөздері бар.
Алтын Орда мен Мәмлүк Египетінің оғыз-қыпшақ аралас тілінен айырмашылығы, Кодекс тілінде халықтық-ауызекі (сөйлеу) тілінің басымдығы байқалады. Бұл қырынан алғанда, латын дұғалары мен гимндерінің түркішеге аударылуындағы тазалығы таңғаларлық.
«Кодексте» қолданылған түркілік атақ-лауазым атаулары, ономастика және жалпы қолданыстағы лексика диалектілік тұрғыдан біркелкі емес, бұл Қыпшақ одағына кірген түркі тайпалары одақтарының және Еуропаға ертеректе келіп, олардың құрамына кірігіп кеткен түркі бірлестіктерінің (ғұндар, аварлар, бұлғарлар, хазарлар, печенегтер) аралас сипатымен байланысты болса керек.
«Кодекстің» басында жазуы латынша, немісше бөлігінде – көлбеу бағытта жазу басымырақ. 30 парақтың оң бетінің сол жақ бұрышында битик/бітік «жазу» деген сөз ұйғыр әліпбиімен тігінен ойылып жазылған.
Құмық тілі
Құмық (қумуқ) тілі – түркі тілдері қыпшақ тобының қыпшақ-половец топшасына жатады. Құмық халқының бұрынғы КСРО аумағында 1989 жылы 282 мың адамы тұратын, оның 232 мыңы Дағыстанда өмір сүреді.
Достарыңызбен бөлісу: |