Қыпшақ-ноғай тілдері
Қазақ тілі жөнінде келесі үшінші бөлімде толығырақ баяндалады.
Қарақалпақ тілі
Қарақалпақ тілі (қаралпақ; этникалық топтары: қоңырат – шүллүк (қыйат, ашамайлы, қолдаұлы, қостамғалы, балғалы, қандекли, қарамойун, мүйтен), жауынғыр (теристамғалы, бақанлы-шәұжейли, тийекли, ырғақлы, баймақлы, қазайақлы, ұйғыр), он төрт уруұ «он төрт ру» – қытай, қыпшақ, кенегес, маңғыт) – түркі тілдері қыпшақ тобы қыпшақ-ноғай топшасына жатады.
Жарты миллион қарақалпақтың 400 мыңнан астамы Өзбекстанның
Қарақалпақ Автономиялы Республикасында, 6 мыңнан астамы Ауғаныстанда тұрады.
Әдеби тілінің ерекшеліктері: фонетикасы бойынша – 9 дауысты (а, ä, е, ы, i, о, ө, у, ү);
дауыссыздардың фонематикалық қарама-қарсы қойылуы: в/ұ, қ/х, х/ғ; ч>ш, ш>с (үш «үш», бес «бес») сәйкестігі;
сөз басында (инициалды) ж дыбысының қолданылуы (жүз өзге тілдерде «йүз/жүз»);
ассимилятивтік өзгерістер: лм>мм, нб>мб, сш>шш, нл>лл (кеммейди «келмеді», ембек «еңбек», башшы «басшы», селлер «сендер»);
үнді орнына ұяңның жұмсалуы (десоноризация) м>б: душбан «дұшпан/дұшман», кесбе «кеспе/кесуге болмайды», кетбен «кетпе»;
Морфологиясында – ‑а/‑е/‑й, ‑п тұлғалы көсемшелердің және соның негізінде жасалатын аналитикалық етістікті тіркестердің жиі қолданылуы (соға жазладым «құлай жаздадым», жеп тойып алдым «тойдым»);
‑мақ –мек тұлғалы қимыл атаулары (етістік есімдері) (алмақ «алу» (алмақтың да салмағы бар), ашпақ «ашпақ/ашу», өкинбек «өкіну») және сол мағынадағы –ұ тұлғасы (алыұ), сондай-ақ –с формасы (алыс); келер шақтың –ажақ формасы (алажақ «ол алады»);
1 және 2 ж. жекеше түрдегі баяндауыш аффикстері ‑ман/‑мен және ‑санъ/‑сенъ (аламан «аламын // алмаймын», бересенъ «бересің»); нәтижелі өткен шақ тұлғасы ‑п (алыппан «алыппын/я взял»);
Синтаксисінде – дербес бастауышы бар және бағыныңқы сөйлем семантикасы бар етістік-есім, есімше және көсемшелі оралымдардың белсенді қолданылуы;
Лексикасында – араб-парсы сөздерінің біркелкі пішінде қалыптасуы.
Қарақалпақ тілі диалектілерінің, негізгі топты қоспағанда (Әмударияның төменгі ағысы – Хорезм оазисі), ол әдеби тілдің негізін құраған, қазақ (солтүстік-шығыс диалекті), өзбек (оңтүстік диалекті) және түрікмен (батыс диалекті) элементтерімен ерекшеленеді.
Дәстүрлі жазуы араб алфавитіне негізделген. 1929-1939 жж. латын, содан кейін бейімделген орыс жазуы (кириллица) қолданылып келеді.
Қарақалпақ әдеби тілі шығыс (ортаазиялық) түркі тілі мен қазақ және ноғай халықтарына ортақ сан ғасырлық халықтық-поэтикалық дәстүрлер негізінде қалыптасқан.
Ноғай тілі
Ноғай (ноғай) тілі түркі тілдері қыпшақ тобының қыпшақ-ноғай топшасына жатады.
80 мыңға жуық халқының, шамамен алғанда 75 мыңдайы Ресей Федерациясында (Ставрополь өлкесі, Краснодар өлкесі, Дағыстан, Қарашай-Черкес Автономды облысы, Шешен-Ингуш Автономды Республикасы), қалған бөлігі Қазақстан мен Украинада тұрады.
Нақ ноғай тілінен басқа, соңғы жылдары алабұғат және юрт (жұрт) татар-ноғайлар мен астрахань ноғай-қарағаштарының тілдері айрықша тілдер деп бөлініп көрсетілген. Олар ноғай тілінен бөлек өмір сүретіндіктен, бірқатар типологиялық ерекшеліктері бар және жеке сипатталады.
Достарыңызбен бөлісу: |