Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі ғылым комитеті м. О.ӘУезов атындағЫ Әдебиет және өнер институты



бет17/50
Дата01.04.2023
өлшемі1,97 Mb.
#78283
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   50
Мұхит Салқынбаев «ХХ ғасырдағы қазақ-араб әдеби байланыстары» атты зерттеуінде қазақ-араб әдеби қарым-қатынастары арнайы зерттелген. Қазақ-араб әдеби байланыстары бұған дейін де қазақ әдебиеттануында зерттеліп келген. Бұл зерттеудің олардан айырмашылығы – ХХ ғасырдағы қазақ-араб әдеби байланыстарын анықтау. Осыған орай аударманың теориялық мәселелерін, қазақ-араб әдеби байланыстарындағы атқарған міндетін, араб сюжеттері мен сарынды анықтап беру – бұл зерттеудің басты мақсаты болып табылады.
Зерттеуші бүгінге дейін жалпы «шығыстық» деп келген сюжет пен сарындардың ішінен таза арабтықтарын бөліп алып, оның қазақ әдебиетіне қандай ықпал болғанын саралап берген. Аударылуда кеткен көркемдік ерекшеліктер де арнайы талданған. Осы ретте зерттеуші өзіне дейін осы тақырыпқа байланысты зерттеулерді саралап қана қоймай, қазақ-араб әдеби байланыстарының даму тарихын көрсетеді. Қазақ әдебиетіндегі сюжеттердің арабтық түп негізін анықтап беру арқылы, зерттеуші нәзира дәстүрінің жанрлық және стильдік белгілерін ажыратып береді. Осы орайда мысал жанрының қалыптасуына, қазақ әдебиетіне ену жолдары айқындала түскен. «Мың бір түн» ертегілерінің орысша, қазақша, арабша түрлерін салыстыра келіп, текстологиялық талдаулар жасалған. «Қалила мен Димна» жинағын қазақ тіліне тікелей аударған С.Ғылмани (1890-1972) қолжазбасы қазіргі қазақ әрпіне түсіріліп, түпнұсқамен тұңғыш рет салыстырыла зерттеліп, аударманың көркемдік ерекшеліктері айқындалған. Осыған байланысты зерттеушінің мысал жанрының шығу төркініне қатысты теориялық тұжырымдары өте құнды болып табылады. Біз бұрын тек И.А.Крыловтан деп келген сюжеттердің ішінде арабтығы бар екендігі анықталған. Осы ретте М.Көпеев, Ш.Құдайбердіұлы, И.Байзақов, С.Дөнентаев, А.Байтұрсынұлы мысалдарының түп-төркінінде араб дәстүрі бар екені осылай дәлелденеді. Зерттеушінің бұларды дәл аударма емес, төлтума дүние деп қарастыруы да ғылыми негізі бар жаңалық.
ХХ ғасырдағы қазақ-араб байланыстары қалай өрбігені, қандай жетістіктерге жеткені нақты талдауларға сүйеніп айқындалған. Зерттеудің «Қазақ әдебиеті» және «Қалила мен Димна» кітабы» атты тарауындағы текстологиялық салыстырулардың ғылыми мәні зор екені анық. Әдебиетші нақты талдаулар арқылы қазақ мысал жанрының арабтың сюжеттік, сарындық арналарын анықтап береді. Бұл тараудағы салыстырулар бүгінгі тәуелсіз әдебиеттануға қосылған нақты үлес екені анық.
Тәуелсіздік кезінде қайта жарияланған әдеби мұра әдебиеттанулық зерттеулерге арқау болып келеді.
Белгілі әдебиеттанушы ғалым А.О.Мұсаның «Из истории казахско-киргизских литературных взаимосвязей»2 (2008) атты монографиясында қазақ-қырғыз әдеби байланыстары қазіргі ХХІ ғасырдың әдебиеттану талабынан жаңаша зерделенген. Зерттеудің келесі тарауларында: «О некоторых вопросах литературных связей казахского и киргизского народов в дореволюционный период; О типологическом сходстве развития литератур; Проблема изображения современного героя в казахской и киргизской прозе (опыт сравнительного изучения); М.Ауэзов и киргизская литература; Художественный перевод как одна из форм казахско-кигизских литературных связей» [247] негізгі ғылыми мақсат сұрыпталып қарастырылған. Монографияның келесі тұжырымдары тәуелсіз әдебиеттануға қосылған тың пікірлер болып табылады: «В установлении и укреплении казахско-киргизских культурных и литературных взаимоотношений дореволюционного и последующего периодов большую роль сыграли великие просветители-демократы казахского народа Ч.Валиханов и А.Кунанбаев. Чокан Валиханов был первым, кто своими многочисленными трудами о киргизском народе, о его культуре открыл миру «Манас», осуществил его перевод на русский язык, кто сделал попытку сравнительного изучения казахского и киргизского фольклора и тем самым открыл новую страницу культурных связей двух народов. С именем Абая Кунанбаева связан тот интересный процесс, когда киргизский народ, проникшись любовью к казахскому поэту, сам приступил к творческому освоению его творений.
И это было лишь началом литературных связей родственных народов. Впоследствии не только киргизский поэт-письменник Тоголок Молдо, но и многие из нового поколения киргизских поэтов творчески перенимали опыт классика казахской литературы.
Современному уровню развития казахской и киргизской литератур в известной степени способствовала взаимная учеба казахских и киргизских писателей. В этом отношении бесспорна учеба Ч.Айтматова у М.Ауэзова. Сам Ч.Айтматов оказывает благотворное влияние на современных казахских писателей. В свою очередь Ч.Айтматов усматривает ауэзовские традиции в романе Т.Сыдыкбекова «Среди гор».
Опыт М.Ауэзова в создании романа-эпопеи об Абае был творчески воспринят многими писателями, в том числе Аалы Токомбаевым в написании романа о Токтогуле. С другой стороны, эпичность, широта изображаемых в «Манасе» картин народной жизни не прошли бесследно и для самого М.Ауэзова» [230, 233-235].
Тәуелсіздік тұсында тұңғыш рет шетелдегі қазақ әдебиетін зерттеуге мүмкіншілік туды. Зұфар Сейтжанның «Тарихи эпос» 3 атты монографиясы (1994) жарық көрген. Автор тұңғыш рет Қытайдағы қазақтарда айтылып келген бір шоғыр тарихи жырларды («Арқалық батыр», «Мырзаш батыр», «Түкібай-Шолпан», «Хасен-Жәмилә», «Ахмет-Кәшім», т.б.) ғылыми айналымға кіргізген. Зерттеудің алғашқы тарауында жоғарыда аталған бір шоғыр тарихи жырлардың жанрлық сюжеттік сипатына талдау жасалады. Ғалым белгілі бір аймақтағы тарихи жырлардың туу себептерін назарда ұстай отырып, оларды түркі-монғол халықтарының эпикалық мұраларымен салыстыра қарастырады. Зерттеушінің нысанаға алған жырларының жанрлық ерекшелігін ашады. Бұл топтағы жырлар өмірде болған оқиға негізінде туғандығын атап көрсетеді. Тіпті қай жырдың қай кезде туғандығы нақты мысалдар арқылы айғақталған.
Шыңжаң қазақтарының фольклорында бұрынғы жырлар, шығыс дастандары, кейінгі кезде туған жырлар қатар өмір сүріп, үлкен де күрделі процестен өтті. Осы секілді жайлар эпикалық жырлардың дамуына әсер етті. Сөйтіп, эпикалық дәстүр негізінде бірқанша соны жырлар туды. Бұл жырлар бірде тарихи оқиғаның ізімен жырланса, бірде эпикалық дәстүр араласып келіп отырды. Осыған орай Шыңжаң қазақтарының эпикалық дәстүрінде төмендегідей сипаттарды атап көрсетеді. Бір топ эпикалық аңыздаулар бұрыннан келе жатқан бүкіл қазақ халқына белгілі батырлық және ғашықтық жырларды (Қобыланды батыр, Алпамыс батыр, Ер Тарғын, Қамбар батыр, Қозы Көрпеш-Баян сұлу, Қыз Жібек, Айман-Шолпан, т.б.) құрайды.Екіншісі – шығыс сюжетіне құрылған (Ләйлі-Мәжнүн, Таһир-Зуһра, Жүсіп-Зылиха, Сейфілмәлік-Мәлік, т.б) жырлар. Үшіншісі – XXIII-XIX ғасырлардағы сыртқы жау озбырлығына қарсы күрес идеясы негізінде туған ( Ер Жәнібек, Қабанбай батыр, Арқалық батыр, Мырзаш батыр, т.б. жырлар. Ал енді бір шоғыр шығармалар ұлт-азаттығына байланысты туған (Демежан батыр, Бүркітбай батыр, Зуха батыр, Керей толқыны, Үркін-Қарқын, т.б.) жырлар. Бесінші бір топ сүйіспеншілікке арналған (Түкібай-Шолпан, Ахмет-Кәшім, Хасен-Жәмила, Шайқан-Күләш, Әшім-Қалима, т.б.) жырлар.
Ғалым аталған монографиясында Шыңжаң қазақтарының фольклоры соның ішінде эпикалық жырлардың ерекшелігін саралайды. Оларға алғаш рет тарихи-типологиялық салыстыру жасайды, фольклорлық мұраның сақталып, эпикалық дәстүрдің өзгеруі, тарихи шындық (жырлардағы) пен дәстүрдің арақатынасының көрінісі, образдар жүйесі, жырдың поэтикалық ерекшеліктері сияқты проблемалар түркі тілдес халықтардың халық әдебиетімен салыстырыла отырып талданады. Өзгешеліктері мен ортақ қасиеттері айқындалады. Осы арқылы автор эпикалық дәстүрдің жаңа бір белесін яғни нақты (реалды) тарихи эпостың қалыптасуын тұжырымдайды.
«Эпостағы өмір өрнектері» (2004) атты зерттеуі үш бөлімнен тұрады. «Ғашықтық эпостардағы халық тұрмыс салтының көріністері» деп аталатын алғашқы бөлімде эпикалық жырлар соның ішінде ғашықтық жырлардағы өмір көріністеріне назар аударған. Басқаша айтқанда халықтың тұрмыс салты, әдет-ғұрпы романдық эпостарда қаншалықты дәрежеде және қалай көрінетінін жан-жақты қарастырған. Осы арқылы фольклордың тарихилығы (историзм) тұжырым жасайды. Ғашықтық жырлардағы тарихи шындық пен көркемдік ойлаудың арақатынасы сараланған.
Зерттеудің екінші бөлімі «Қаһарманды суреттеу принциптері» деп аталады. Бұл бөлімде батырлық жырлардағы батыр образының суреттелу ұстанымдары зерттелген. Эпостық туындыларда кейіпкерлерді (батырларды) бейнелеудің негізгі тәсілі әсірелеу екеніне талдау жасалады. Әсірелеу мен суреттеу батырлық пен ғашықтық жырларда түрліше берілетіндігіне назар аударылады. Сондай-ақ эпикалық образ жасауда қолданылатын түрлі әдіс-тәсіл мен көркемдік құралдар қарастырылған. Соның ішінде эпикалық жырларға тән көркемдік тәсілдің бірі – қайталау яғни формулалық айғақталған.
З.Сейітжан «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты ұжымдық еңбектің 8-томында «Қытай және Монғолиядағы қазақ әдебиеті» атты тараудың авторы. Бұл тарауда Қытай мен Монғолияда тұратын қазақтардағы әдебиеттің туып-қалыптасуы, даму жолдары, олардағы басты-басты ақын-жазушылардың шығармалары сөз болады. Әдеби жанрлардың (поэзия, проза, драматургия, әдеби сын, т.б) тууы, ондағы көтерілген мәселелер қарастырылған. Сонымен қатар З.Сейітжан «Қазақ әдебиеті тарихының» 9-томына кірген «Қытай және Монғолиядағы қазақ әдебиеті» тарауында 1950 жылдың 1991 жылға дейінгі кезеңдегі әдебиеттің ерекшеліктері, жанрлары, тақырыптық түрленуі, роман жанрының туып, қалыптасу жолдары сараланады. Белгілі бір аймақтағы әдебиеттің дамуы, қара шаңырақтағы қазақ әдебиетінің бір бұтағы екені тұжырымдалады. Осы аталған кітаптың 6-томында Ақыттың өмір жолдары мен өлең-толғау, дастандарына қазақ әдебиеттануында тұңғыш рет сипаттама береді.
Тәуелсіз кезде алыс-жақын елдердегі қазақ әдебиеті зерттеле басталды. Монғолия, Қытай жеріндегі қазақ әдебиеті арнайы зерттеу нысанына айналды.
Зұфар Сейітжанұлының «Шыңжаң қазақ әдебиеті»4 атты зерттеуі (1999) шетелдегі қазақ әдебиетін тұңғыш рет саралап берген зерттеу болып табылған. Сонымен қатар бұл зерттеуде аталған әдебиеттің теориялық негіздері айқындалған. ХІХ ғасырдың екінші және ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы Шыңжаң қазақ поэзиясының негізгі сарындары» атты тарауда Шыңжаңдағы қазақ әдебиеті жүйеленіп қарастырылған. Зерттеуші «дастандар», «проза жанрының тууы», «өмірбаян мәліметтері» атты тараушаларда шетелдегі қазақ әдебиеті туралы келесі мағлұматтар берілген: «Шыңжаң қазақтарының өзіндік тарихы-тағдыры бар. XX ғасырдың алғашқы жарымына дейін созылып келген көшпелі және жартылай көшпелі тіршілік әдеби мұралардың сақталып дамуына айрықша әсер етті. Халық рухын сақтаған ауыз әдебиеті жазба ақындар көркем поэзиясының қалыптасуына негіз болды. Бұл өлкедегі қазақ әдебиеті бір ғана ұлттық шеңберде дамыған жоқ. Арысы араб, түрік, парсы әдеби-мәдени үлгілері қазақ әдебиетінің тандаулы туындыларынан өнеге-үлгі алған жазба әдебиет XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап қалыптаса бастаған. Осыдан тартып XX ғасырдың алғашқы жарымына дейінгі кезеңде поэзия басты жанр болып келген. Себебі оның түп-тамыры ғасырлар қойнауында жатқандығы болса керек. Драматургияның алғашқы үлгісі 1938 жылы «Таң шолпаны» журналында басылған Асқар Татанайұлының «Талап», «Калыңмал» және Нығымет Мыңжанидың «Күрескер семья» (1942) атты пьесалары болса, проза жанры қырқыншы жылдардың соңын ала туған. Сонымен, бұл тұста әдеби жанрлардың аясы кеңіп, драматургия мен проза және әдеби сынның алғашқы бораздасы тартылған. Осы ретте Шыңжандағы қазақ халқының тәуелсіздік үшін күресі мен бодандыққа қарсылық сарыны барынша айқын аңғарылады. Отарлық дәуірдің болмыс-бітімі мен қандасына қары иілмей, жатқа жағымпаздана жағынған әкімдер мен манжур-қытай билік иелерінің кейпін, олардың іс-әрекеттерін өлеңмен бейнелеген. Өз заманының сыр-сипатына бағыт-барлау жасап, елінің дербестігін, халқының бақытын арман етеді. Шығармаларының тақырыптық жағынан олар ХҮ-ХҮШ ғасырлардағы жыраулар және бертіні зар заман ақындарымен үндес екені айқындалған. Зерттеуші тіпті тілдік өрнектері жағынан да ауыз әдебиеті мен жыраулар поэзиясындағы айшықтарды пайдаланып жетілдіргенін дәлелдеген. Осы арқылы дәстүр жалғастығын дамытса, екінші жағынан сол кездегі заман адамдарының кейіп өздеріне тән тілдік үлгі-моделімен бірге анықтап берген.
Зерттеуші әйгілі ақын Ақыт пен Шәкәрімнің баласы Зияттың гоминьдаң жендеттерінің қолынан қаза табуы осының бір ғана дәлелі деп санайды. Осы сияқты түрлі себептердің әсерінен үрей билеген халықтың азып-тозып, ата-жұрты, құт қоныстарын тастап кетуге мәжбүр екені айғақталған.
«Қырық пышақ болған» қилы заманда Түркия, Иран, Ауғанстан елдеріне босып кеткен қандастарымыздың жазған өлеңдерінде қайғы-зар басым болып келеді» – дейді зерттеуші. Бұл жеке адамның басындағы мұң ғана емес, бүкіл халық қасіретімен ұштасып жатқан қайғы. Өйткені олар қиянат пен қысымды көп көрген қауым. Сондықтан ол ақындар ата-жұртқа деген сыр сезімдерін өлеңмен өруді мақсат еткен басты тақырып болып табылған.
Саяси билікті өз қолдарына алған отарлық әкімшілік көптің көкірек көзінің, ой-санасының оянбауы үшін не бір аярлық әрекет істегені анық. Дінді адамгершілік негіздерімен ұштастыра жырлап, оның адалдық, бауырмалдық, қайырымдылыққа үйретер тәлім-тағылымына үлкен мән берілгені анықталған.
Шыңжаң қазақ әдебиеті қалыптасуының алғашқы кезеңінде жазылған дастан-поэмаларды тақырыбы жағынан шартты түрде төрт топқа бөлуге болады дейді зерттеуші. Ақындар өздерінің көлемді эпикалық туындыларымен дастан-поэма жанрының көркемдік шарттарын игеріп, оның қалыптасуына үлестерін қосқаны көрсетілген. Тарихи тақырыпты жырлауға алғаш қадам жасалып, аймақтық әдебиетте осы жанрдың дамуына жол ашылғаны қарастырылған.
XIX ғасырдың екінші және XX ғасырдың алғашқы жарымынын соңына дейінгі бұл өлкедегі әдебиетің басты ерекшелігі сол – идеологиялық (партиялық) талап-таным мен таптық тұрғыдан жазумен шектелмегені анықталған. Қайта әлеуметтік шындықты батыл айтып, ашық жырлаған. Әдебиет XX ғасырдың екінші жарымынан бастап басқаша бағытта дамыды. Аймақтық әдебиеттің шаңырағын көтеріп көпке танымал болған белгілі тұлғалардың есімдерін атап, шығармаларын насихаттауға тыйым салынған. Тіпті он жылдық ойран кезінде олардың шығармалары ел қолынан жиналып өртелуі өкінішті-ақ. Ол кезде әдебиет партия мен таптық күрестің негізгі құралына айналған. Тек 1983 жылдан бастап олардың шығармалары жиналып, жариялана бастаған. Оның өзінде де бұл қаламгер шығармасына әлі де сақтықпен қарап сөз ету қылаң береді. «Сондықтан тамыры бір, тағдыры басқа болып кеткен әдебиетті бүгінгі күн талап-тұрғысынан зерттеу басты парыз. Бұл ұлттық рухымызды көтеріп тұтастығымызды сақтауда, тарихымызды терең танып-білу де аса маңызды шарттың бірі болмақ» [181-184], – дейді зерттеуші.
Қазақ әдебиеттануы ұлттық идеяның теориялық негізін осы тәуелсіздік кезде зерттей бастайды.
Тәуелсіздік кезінде қайта жарияланған әдеби мұра әдебиеттанулық зерттеулерге арқау болып келеді. Әдебиет теориясының негізгі саласының бірі – текстологиялық зерттеулер.
«Кейбір халық әдебиеті мәтіндерінің салыстырмалы текстологиясы»5 атты ұжымдық зерттеуде мынадай ғылыми мәселелер қарастырылған: «Едіге туралы жырлардың нұсқалық ерекшеліктері. «Жүсіп-Зылиха» дастаны және оның текстологиясы. «Тахир-Зухра» дастанының текстологиясы. «Ғазауат сұлтан» дастанының ғылыми басылымын баспаға әзірлеу тәжірибесінен. Фольклорлық мәтіндердің жариялану принциптері (1992-1995 жж.). «Қисса қырық уәзір» дастанының ғылыми басылымын баспаға әзірлеу және оның текстологиялық мәселелері. Құланаян Құлмамбет шығармашылығының текстологиялық мәселелері» [169].
«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы төңірегінде шыққан әдеби мұра нақты салыстырулар арқылы зерделенгені айқын. Мәтіндерді салыстырып зерттеу сияқты теориялық еңбектер тәуелсіз әдебиеттанудың негізгі бағытының бірі. «Едіге» жырының нұсқалықтары қандай? Осыған қатысты нақты теориялық салыстырулар берілген. «Жинаққа енгізілген «Едіге туралы жырлардың нұсқалық ерекшеліктері», «Жүсіп-Зылиха» дастаны және оның текстологиясы», «Тахир-Зухра» дастанының текстологиясы» аталған еңбектерде осы туындылардың шығу, жиналу, жариялану тарихы, жыршылар мен жеткізушілер туралы мәліметтер, нұсқалар толық қамтылған. Сондай-ақ олардың орыс, ағылшын, т.б. тілдерге аударылуы, зерттелуі, әсіресе «Жүсіп-Зылиха», «Тахир-3ухра» дастандарының жырлану төркіні, олардың Шығыс, Түркі елдеріндегі нұсқалары мен қазақ мәтіндері арасындағы типологиялық ерекшеліктер барынша терең зерттелген. Аталған жыр, дастандардың сирек қорларда сақталған қазақ нұсқалары толық нысанға алынып, олардың оқиғалар желісіндегі өзгешеліктері, түпнұсқа-басылым арасындағы айырмашылықтары айғақты мысалдар келтіру арқылы дәлелденді.
«Ғазауат сұлтан» дастанының ғылыми басылымын баспаға әзірлеудің тәжірибесінен», «Қырық уәзір» дастанының ғылыми басылымын баспаға дайындаудағы кейбір мәселелер» деген мақалаларда мәтіндерді баспаға әзірлеу барысында кездесетін мәселелер, ғылыми басылымдардың өзіндік принциптері, нұсқаның ғылыми сипаты сарапталған. Мәселен, «Ғазауат сұлтанның» М.Юмачиков пен М.Тыныштықұлы XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында Қазан қаласында жариялаған басылымдары салыстыра талданып, мазмұнының сапасы мен көркемдік деңгейіне орай соңғы жыршының нұсқасы көптомдыққа ұсынылған. Ал сексенге жуық хикая, аңыз-әңгімелердің желісіне құрылған «Қырық уәзір» дастанының тарихы, оның шығыстық «Мың бір түн», «Тотынамамен», сондай-ақ ертегілермен, «Бақтиярдың қырық бұтағы» жырларымен сюжеттік тұрғыда ұқсастығы нақты дәлелдермен айғақталған. Туындының А.Сабалұлы 1911 жылы Қазанда бастырған нұсқасы мен Пекинде (1986) жарық көрген «Қазақ қиссалары» деген жинақта жарияланған мәтінмен салыстырыла зерттеліп, алғашқы басылым сериялы жинаққа енгізілген.
«Фольклорлық мәтіндердің жариялану принциптері» атты еңбекте 1992-1995 жылдар аралығында жарияланған халық әдебиеті үлгілерін зерттеулердің сапасы, жетістіктері мен кемшіліктері – кәсіби текстологтың көзқарасымен талданып, байыпты тұжырым-пікірлер жасалған. Сонымен қатар бір балаға таласқан екі әйелге, бір малға дауласқан екі даугерге байланысты көпнұсқалы ауызекі әңгімелер ғылыми сарапқа салынып, «Қисса Баһрам» дастанының түпнұсқасы мен басылымына (1995) қатысты текстологиялық зерттеу жүргізілген.
«Құланаян Құлмамбет шығармашылығының текстологиялық мәселелері» атты зерттеуде XIX ғасырдың екінші жартысындағы айтыскер Құлмамбет ақынның Орталық ғылыми кітапхана мен М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының сирек қорында сақталған туындыларының түрлі нұсқалары текстологиялық електен өткізіліп, зерттеудің нәтижесінде канондық мәтіндерді анықтауға қол жеткізілген.
«Әдеби мұра» бағдарламасы бойынша жарық көрген әдеби жәдігерлердің зерттелуі осылай қолға алынып келеді. Текстологиялық салыстырмалы талдаулар – бүгінгі әдебиет теориясының басты мәселелерінің бірі болып табылады.
Тәуелсіз кезде қазақ әдебиеті әдеби-теориялық зерттеулерге бет бұрды. Нақты жанрларды теориялық талдау арқылы айқындап алу орын алды.
Поэзия жалпы емес, нақты теориялық талдауға түсті: Т.Шапаевтың «Ой түбінде жатқан сөз» (1989) кітабында лирикалық поэзияның өзекті мәселелері, жанрдың даму тенденциялары, көркемдік ізденістер қамтылып, өлеңнің формалық-стильдік проблемалары талданды. «Көркемдік дамуының жаңа биікке шыққан өрлеу кезеңі саналатын 1980 жылдардағы қазақ поэзиясындағы сапалық өзгерістер (жыр рухы, өлең жарасымы, ақындық тұлға, лирикалық «мен», ақынның поэтикалық әлемі, поэзиядығы ұлттық сипат) үрдісінің көркемдік дамудағы дәстүр ұласуының басты ерекшеліктер тұрғысынан саралануы еңбектің атап өтер ғылыми сипаты болып табылады» [506].
«Ой түбінде жатқан сөзде» ақындық тұлға және лирикалық «менді» кеңінен саралаған зерттеуші ақындық тұлға табиғаты қоғамдық сананың өскелең үрдісімен тығыз байланыстағы азаматтық сынды ілкі қасиетпен сабақтас ұғым екені «ақынның азаматтығы – өзі өмір кешіп отырған кезеңнің нақты шындығына тамыр жіберген бекем де белсенді позиция» (643,88) деп тұжырымдалса, көркемдік дәстүрдегі Абай поэтикасының жаңашылдығы, соның ішінде ұйқас эволюциясы да арнайы талданды. Атап айтқанда, классик ақынның өлең өріміндегі жаңашылдық қыры «Абай поэтикалық мазмұнды беру тәсілдерін іздегенде, ұйқастың дыбыстық-мағыналық толымдылығынан гөрі оның (ұйқастың) көңіл-күй ауанына, салмағына орай құбылған ырғақ ыңғайымен келер келісіміне баса көңіл бөлген. Мәселен, «Тайға міндік, тойға шаптық» өлеңінде Абай өлеңнің ырғақ өрнегі өлеңнің жалпы философиялық-дидактикалық мазмұнына сәйкес бөлекше интонация тудырған. Ырғақ жүйесін, интонация әуенін тиянақтап, өрнегін айқындап, кестесін келістіріп тұрған – ырғаққа үйлескен ұйқас құрылымы» (643,105) деп айқындалады. Сол үрдістің тұтас қазақ поэзиясындағы желісі үзілмеген көркемдік арнасы «Қысқасы, құрылымы мен мағыналық қызметі күрделенген, жігі бөлінбес, кетігі көрінбес шымыр, қоладан қорытып құйғандай тұтас та сом ұйқас қазіргі қазақ өлеңін өлең ғып тұрған негізгі бір көркемдік тұтқасы» (643,110 бб.) деп түйінделеді.
Поэзиядағы ұлттық сипаттың кейбір қырларын жаңаша танымда ой безбеніне салған эстетикалық талғамдары да өнер мұратының асқақтығын әдіптеуімен құнды. «Ерек мінезді текті өнер, талантты туынды ең алдымен, ұлттық игілік. Ұлттық мақтаныш. Қай кезеңде, қай тілде, қай формада туса да шынайы сөздің өзегі, жаны – ұлттық қасиеті» (643,126 бб.) болып табылатынын әлем поэзиясына Олжас қосқан ақындық қуат қазақтың қасиеттен жаралған ұлттық рух тұрғысынан айқындалады. Оны зерттеуші «Олжас жырларындағы ұлттық рух, шығыстық колориттің айқындығы сонша, өзге тілдің жамылғысы формалық, тілдік-стильдік жүйедегі қазақы стихияны бүркей алмаған» (643,128-129) деген пікірмен дәйектейді [507].
«Тұтастай алғанда, қазақ әдебиетінің теориялық мәселелеріне арналған еңбектерде ұлттық сөз өнерінің сан алуан өзекті мәселелері талданды. Ғылыми зерттеушілік бағыт-бағдардың әдіснамалық негіздерін тұсаулап келген маркстік-лениндік ілім қағидаларының орнына өнердің өз табиғатына дендей енетін жаңаша зерделеу мен саралау басты орынға шықты.
Ұлттық әдеби-теориялық ой-пікірдің филологиялық мектебін негіздеп берген. А.Байтұрсынұлы сынды айтулы тұлғалардың құнды ғылыми мұраларының ғылыми айналымға енуі, «ақтаңдақтар» мәселесінің күн тәртібіне өткір қойылуымен әдебиеттанудың күрделі саласы әдебиет теориясына жүктелген келелі мәселелерде атқарылатын тақырыптар арнасы айқындалды. С.Мақпыров құрастыруымен жоғары оқу орындарының филология факультеттері студенттеріне арналған «Әдебиеттануға кіріспе» (1991) хрестоматиялық оқу құралы (645), Т.Есембековтің «Әдеби талдауға кіріспе» (1991) атты құралдары жарық көрді. Мәселен «Әдебиеттануға кіріспе» пәнін оқытуда маңызы зор хрестоматиялық оқу құралы алғаш рет құрастырылып, студенттерге қосымша оқу құралы ретінде ұсынылса, қазіргі сөз өнерін зерттейтін ғылымның жетекші әдістері, принциптері жүйелі байыпталған оқу құралында көркем шығарманың құрылымын зерттеудің, талдау мен саралаудың теориялық сипатының ғылыми-әдістемелік мәселелері, әдебиеттанудың келелі арналары талданды.
Тәуелсіз кездегі әдебиеттануда келесі әдеби теориялық тұжырымдар айқындалған: Біріншіден, көркемдік әдіс табиғатын, эпикалық жанрдың ұлттық топырақтан өсіп-өнген дәстүрлі бастауларын бүгінгі күн талабының биігінен жаңаша зерделеуде күрделі еңбектер жарық көрді. Қазіргі қазақ прозасының жанрлық жүйесіне тән көркемдік бастауларының түп негіздерін халық әдебиетімен байланыста қарастыру, одан ауызша және жазбаша әдебиетке ұласудың ғылыми жүйесі алғаш әдеби-теориялық тұрғыдан негізделді. Ол қазақ прозасының жанрлық жүйесінің түп төркіндеріне тән көркемдік қайнарларын, романның жанрлық поэтикасын қарастырудағы жетістіктер айқындалған. Екіншіден, қазақ прозасындағы психологизм, лиризм құбылысының поэтикалық табиғаты психологиялық талдау өнерінің шеберлік қырының күрделі әлемімен байланыста алғаш рет арнайы зерттеу өзегіне алынды. Үшіншіден, қазіргі қазақ романдарының жанрлық табиғаты тарихи өткен дәуірлер болмысын көркемдік тұрғыдан жинақтап қорыту, өмір шындығы және шығармашылық қиялдау мәселелері жүйелі қарастырылып, әдеби туындылардың поэтикалық құрылымында этнографиялық, фольклорлық және әдеби материалдардың атқаратын көркемдік, танымдық қызметі сараланды; роман жанрының табиғатына орай қаламгерлердің өмір шындығы мен көркемдік шындық арақатынасын салмақтау мен саралаудың өнерпаздық қыры, шығармашылық зертханасы да зерттеу өзегін құрады. Төртіншіден, қазіргі қазақ лирикасының даму тенденциясына тән жанрлық-стильдік ерекшеліктерін айқындайтын лиризмге тарихи поэтика тұрғысынан талдаулар жасалып, лириканың образдық жүйесін поэтикалық аспектіде жүйелі талдау мен лирикалық жанр табиғатының тарихи поэтикасын нақты зерттеудің ғылыми-әдіснамалық бағыттары жаңаша танымдағы еңбектермен іргесін бекіте түсті. Сондай-ақ қазақ поэзиясындағы лирикалық қаһарман, лирикадағы әсемдік, идея және тақырып, сюжет, композиция, поэзия және табиғат; ақындық тұлға және лирикалық «мен» сынды теориялық мәселелер де батыл талданды.
Түрлі көркемдік әдіс, әдеби ағымда ізденуді тұсаулап келген маркстік-лениндік ілімнің теориялық мәселелері жаңаша көзқарастағы танымда сын тезіне алынып, бірден бір жетекші әдіс деп күштеп танылған социалистік реализмнен арылу керектігі өткір көтерілді. Ең бастысы, А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш» еңбегінің қайта оралуы әдебиет теориясының мәселелерін терең екшеудегі ғылыми танымға серпін берді әрі тұтас ұлттық әдебиеттанудың қай саласының болмысын ғылыми негіздерінің әдіснамалық бағытының жаңа арнаға ойысуында ұстанар темірқазық болды»6.
Тәуелсіз кездің әдебиетшілері бұрын арнайы зерттелмеген Алаш әдебиетін арнайы зерттеуге бет алды.
Әдеби-теориялық мәселелер Ш.Елеукеновтың «Қазақ әдебиеті тәуелсіздік кезеңінде»7 (1991-2001) атты кітабында көрсетілген. Тәуелсіз кезеңде жарық көрген қазақ прозасы мен поэзиясындағы шығармаларды талдау, бағалау арқылы автор еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізуі – сөз өнері мазмұнын, идеялық-эстетикалық принциптерін күрт өзгерткенін айта келіп, қазіргі әдеби процестің барысын, заңдылықтарын, даму ерекшеліктерін ашады.
Кітап негізгі екі бөлімнен тұрады. Басты тақырыптарды жіктеуде жанрлық қағида басшылыққа алынып, проза: роман, повесть, әңгіме; поэзия: лирика, поэма әрқайсысы жеке-жеке теориялық талдауға түскен. Тәуелсіздік заманында әдебиеттану ғылымы алдына әдебиет тарихын қайта қарау, жаңа заман биігінен бағалау талабы қойылып отыр. Осы тұрғыдан кітаптың соңғы бөлімінде «Абайдың эпистолярлық романы» атты теориялық зерттеудің мәні ерекше.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және Мұрағат комитетінің «Издание социально важных видов литературы» бағдарламасы бойынша дайындалған ф.ғ.д., профессор Ш.Елеукеновтың «Казахская литература: новое прочтение» атты жинағы жарық көрді. Автор қазақ халқының рухани мұрасын толықтай қалпына келтіру мен фольклор ауыз және жазба әдебиеттердегі «ақтаңдақтардың» басын ашу қажеттігін теориялық талдау арқылы айтады.
Зерттеуші қоғамдағы жаңа құбылыстарды сипаттайтын қазіргі әдеби процесс пен ұлттық прозалық туындыларды талдайды: «В художественном контексте мировой литературы», «С позиции нового времени», «Единство национального и общечеловеческого в казахской прозе», «Евразийская общность литературных традиций», «Годы и люди», «Чего требует время».
Жинақтың «Әлем әдебиетінің көркем контексінде» атты бірінші бөлімі Абай поэзиясы, оның эпистолярлық романы, Мағжан поэзиясы туралы зерттеумен ашылады. Автор Абай эпистолярлық романы А.С.Пушкиннің «Евгений Онегин» романының бір версиясы деген теориялық негізді дәлелдейді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   50




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет