Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
161-бап. Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын бұзу 1. Қызметкермен еңбек шартын заңсыз тоқтату, не жұмысты қалпына келтіру туралы соттың шешiмiн орындамау, сол сияқты азаматтың құқықтары мен заңды мүдделерiне елеулi зиян келуiне әкеп соққан Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын өзге де бұзу - бір жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыруға немесе онсыз екі жүз қырық сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не төрт айға дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады. 2. Әйелмен оның жүктілігі себебі бойынша еңбек шартын жасасудан негізсіз бас тарту немесе онымен еңбек шартын негізсіз тоқтату немесе үш жасқа дейінгі балалары бар әйелмен осы себептер бойынша еңбек шартын жасасудан негізсіз бас тарту немесе онымен еңбек шартын негізсіз тоқтату, сол сияқты мүгедекпен оның мүгедектігі себебі бойынша, не кәмелетке толмағанмен оның кәмелетке толмағандығы себебі бойынша еңбек шартын жасасудан негізсіз бас тарту немесе еңбек шартын негізсіз тоқтату- бір жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыруға немесе онсыз бес жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не үш жүз сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не алты айға дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады. 3. Басқару қызметiн атқарушы адамның ақша қаражатын өзге мақсаттарға пайдаланумен байланысты жалақының толық көлемiнде және белгiленген мерзiмде төленуiн бiрнеше рет кiдiртуi - үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыруға немесе онсыз бес жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не үш жүз сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не алты айға дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады. 4. Жұмыс берушінің уәкілетті органның тиісті рұқсатынсыз Қазақстан Респбуликасының аумағына келген шетелдіктерді және азаматтығы жоқ тұлғаларды жұмысқа бірнеше мәрте қабылдауы, сол сияқты жұмыс берушінің шетелдік жұмыс күшінің Қазақстан Республикасында пайдалану ережелерін бірнеше мәрте бұзуы, - бес жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не үш жүз сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не алты айға дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады.