Жас кезінде өзіміз үйде барда күндіз біздің үйдің есіктері еш жабылмайды. Даладан жарық пен таза ауа кіргізіп, есік жабық болса, мұрынды дереу бітеп қалатын көк иісінен жайымызды сақтап тұрады. Егер бар болып, қарынға тамақ салып алса, жан сақтаудың бұл да таптырмайтын тәсілі. Ал жоқ болса, уақасы жоқ. Адам тамақ ішпей де өмір сүре алатынын біз тәжірибеде көріп жүрген жандармыз.
Есік жабық кезде үй ішіндегі адамдар біреуін біреуі әзер көреді. Дастарқандағы тамақты әзер таниды. Әйнектерін кір басқан бір ғана ойық терезе үйге түсер жарықтың қас жауы.
Әлгіндей терезеде желдеткіш бола ма?
Есік жабық болса, еңсең басылып, үйде емес, үңгірде отырғандай боласың.
Таңертеңгі уақыт. Екі есіктің екеуі де ашық. Төр үйде сыз еденге төселген құрым киіздің үстінде төрт көзіміз түгел азанғы шайымызды ішіп отырмыз. Шай емес-ау, ақ су.
«Төрт көзге» кіретіндер: әкем Ыдырыс, шешем Әсбет, тәтем (әкемнің інісі) Смағұл, ағайым Сатылған және мен.
Бір үйде бес жанбыз. Ауылдағы үлкен де емес, кіші де емес, орташа семья.
Арық тізесі ағаштай сорайып, иегін тіреген аурушаң шешем жез шәугімнен ақ су құйып отыр. Еденге жая салған жамаулы шыт дастарқан. Дастарқанның дәл орта тұсына құрсаулы қоңыржағал ағаш тостағанмен қара талқан қойылған. Тостағанда бір ғана ағаш қасық.
Жұмыскер қасықта дамыл жоқ. Тостағанды шыр айналып, әркімнің алдына бір барады. Әр ауызға талқанды бір жеткізіп қайтады.
Әкем Ыдырыс кең өңеш, қомағай адам. Қасық оның қолына тиген кезде тостағандағы талқанның бір жамбасы үңірейіп қалады.
Науқасшаң шешем қасыққа сирек қол созады. Жұтсаң, кебек жұтқандай өңешті тұтқырлап ұстап қалатын дәмсіз қара талқанды ол дені сау біздерге ұқсап қарпып жей алмайды. Мүмкін болса, бір уыс, жарым уыс ақ талқанды өзіне бөлек жасап жейді. Бір түйір, жарты түйір тәтті табылса, аузының дәмін алып, ақ суды сонымен ішеді.
Мен ішерімді бағана ішіп болғам. Сонда да дастарқан басынан тұрып кете алмай, жіпсіз байланып отырмын...
Оның сойылдай мықты себебі бар...
Кенет, ауыл қазағының дағдысымен есік қақпастан екі адам салаң етіп кіріп келді.
– Ассалоумағалейком!
– Әликсалам. Төрлетіңіздер.
Ұзынды-қысқалы екі еркек аласа есікті денелерімен бітеп, қалбиып тұр. Оның бірі – тәпелтек бойлы жалпақ жігіт Ұзақбай – осындағы ауыл совет хатшысы. Екіншісі – дембелше толық денелі ақсары жігіт – бейтаныс.
Ұзақбайдың қолында папкасы бар (Мен оның папка ұстамай жүргенін көрген емеспін). Бейтаныс жігіттің де қолында кітап, қағаздары бар.
– Шайға келіңіздер, – деп, әкем мен ағаларым былай-былай сырғып, тосыннан салаң ете қалған қонақтарға төрден орын босатысып жатыр.
Папка, қағаздарын төрдегі жүктің үстіне қойды да, қонақтар отырысты. Бейтаныс жігіттің кигені қайырма жағалы сырт жейде, галифе шалбар, етік. Беліне жалпақ қайыс белбеу буынған. Кепкасын шешіп, оны да жүк үстіне қойып жатыр. Басы қасқа бас екен. Жалтыр кең маңдайы алакеуім үйдің ішінде жарқ ете қалды.
Тосын кісілердің келуіне байланысты туған аз қарбалас маған жақсы болды. Дастарқанның шешем жақ бұрышында шоғыр болып, төрт-бес тал домалақ арзан кәмпиттер жатқан. Манадан сұғымды қадап, тұрып кете алмай отырғаным да сол еді ғой. Қолыма ілінген бір тал кәмпитті көз ілеспейтін жылдамдықпен қақшып алдым да, мен-дағы қонақтарға орын босатқан болып, түрегеп кеттім. Ұры мысықша жымып, есікке қарай жөнеп барам.
Дәл осы кезде Ұзақбай:
– Әй, тоқта! – деп, дауыстай қалсын.
Селк етіп, тоқтай қалдым. Қолға түсті деген осы! Ұзақбай үлкен басын әкеме қарай бұрып:
– Ыдыке, мына балаңыздың жасы сегізге толды ма? Нешеде?
– Қайтеді?
– Биыл біздің ауылда мектеп ашылады, – деді Ұзақбай. – Мына кісі бала оқытуға келген мұғалім. Соған мектепке баратын балалардың тізімін алып жүр едік.
Мен уһ дедім. Қолға түспеген екем.
Мектеп ашылады деген хабарға құлағым елең ете қалды. Менің жасым түгіл өз жасынан жылда шатасатын момын әкем менің қаншада екенімді дәлдеп айта алмады.
– Қайдам, Әсбет білмесе? – деп, өзінен гөрі зейінді шешеме қарады.
– Алдағы наурыз көжеде тоғызға толады. Рысжан күйеуге берілетін жылы туған, – деді шешем.
– Рысжан қайда, мұнда берілмеді ме?
– Мұнда емей-ақ, дәл осы жылы болатын. Кебеже жәкемдікі бәріміз ана ар жақта қара судың бойында отырғаңда туған. Молдағожаны құтырған ит талайтын жыл.
– Иә, иә, шөп шабыс кезі болатын, – деп, әкем есіне енді түсіре бастады.
– Бұның туған жылы қай жыл екенін айтсаңыз, мен есептеп шығарайын, – деді ақсары мұғалім. Ол салмақпен баптап сөйлейтін адам екен.
Шешем менің тышқан жылы туылғанымды айтты. Қасқа бас мұғалім саусақтарын жұмып, есептей бастады:
– Тышқан жылы болса, тышқаннан кейін сиыр, – бір; сиырдан кейін барыс, – екі; барыстан кейін қоян, – үш; қояннан кейін ұлу, – төрт; ұлудан кейін жылан, – бес; жыланнан кейін жылқы, – алты; жылқыдан кейін қой, – жеті; қойдан соң мешін – сегіз... Биыл мешін. Дұрыс айтасыз, балаңыз сегіз жасқа толып, енді тоғызға қараған. Оқу жасына толыпты.
Қасқа бас мұғалім тізімге жазбас бұрын:
– Оқығың келе ме? – деп сұрады. Мен құлшынып:
– Келеді! – дедім.
Өмірі тіл сындырып, оқу оқымақ түгіл, оқулық дейтін нәрсені қолға ұстап көрмеген дүм қараңғы әкем үшін оқу – ол менің қолымнан келе қоятын нәрсе емес.
– Бала неме миы ашып кетіп жүрмесе? – деп, ол мұғалімнің бетіне шүбәлана қарады.
– Ашымайды, оқимын! – дедім мен.
Біздің үйдегі бірден бір оқудың дәмін татып көрген адам Сатылған ағайым. Ол бұдан төрт-бес жыл бұрын осы ауданның Қолтық дейтін жерінен үш класс оқып келген. Сатылған мені қостады:
– Оқиды!