Ясауи;
- әулие-әмбие есімдері құрметіне қойылған антропоним: Пірбекет;
- ұлы хандардың, батырлардың құрметіне қойылған есімдер: Абылай,
Абылайхан, Әбілмансұр (Абылай ханның шын есімі), Бейбарыс, Ерасыл
(Қабанбай батырдың шын есімі), Ерназар, Жәңгір, Исатай, Кенесары, Керей,
Қазыбек, Қарасай, Қасымхан, Маханбет, Райымбек, Сырым, Тәуке, Хақназар,
Шыңғыс, Шыңғысхан;
- жыраулар, билер мен шешендердің құрметіне қойылған есімдер:
Ақтамберді, Жиренше, Майқыби, Төлеби;
- ұлы тұлғалар, ақын-жазушылар, ғалымдар мен саяси қайраткерлердің
құрметіне қойылған есімдер: Абай, Әлихан, Әл-фараби, Бейімбет, Жамбыл,
Мұқағали, Мұхтар, Олжас, Сәкен, Шәкәрім, Шоқан, Ыбырай, Ілияс;
- мемлекет басшыларының (президенттердің) құрметіне берілген есімдер:
Ататүрік, Нұрсұлтан, Рамзан;
Осы тұрғыда Б. Әбдуәлиұлы «прототип есімдер» туралы: «Тәуелсіздік
жылдарында отандық тарихтың жаңғыруымен Елхан, Бейбарыс, Қасым,
Абылай, Ерасыл, Кенесары, Әлихан, Тұрар, Жүсіпбек, Мағжан т.б. секілді
есімдер қойыла бастады. Кеңес өкіметі тұсында да елге танымал Амангелді
(Иманов), Болатбек (батыр бала), Асқар, Ботагөз («Ботагөз» романының
кейіпкері), Кәмшат (Дөненбаева), Зылиха (Тамшыбаев) т.б. секілді есімдер
болды. Әрқайсысының елге танылған батырлық, еңбекқорлық т.б. қасиеттері
прототиптік мағына ретінде өз есімдеріне орнықты» деп баяндайды [86, 65 б.].
Мұнда прототип есімдердің бастапқы мағынасына қарағанда, әлеуметтік
мағынасына басымдық берілетіндігі, яғни тарихта есімі танымал болған
48
тұлғалардың қоғамда атқарған ісіне, тұлғалық қасиеттеріне баса назар
аударылады.
Қазақта өмірден озған ата-бабасының, жақын туыстарының атын беру
салты бар. Нәрестеге өмірден өткен атасының, әкесінің немесе туысының
құрметіне сол кісінің есімі беріледі. Зерттеу жұмысында жинақталған тілдік
материалдарды саралау кезінде ер балаға өмірден өткен туысының орнын басар
ұл болсын деген ниетпен қойылған Орынбасар есімі кездесті.
Мәдени-тарихи (әлеуметтік) есімдер діни наным-сенімдер, тотем мен
табуға қатысты есімдерді қамтиды:
- аспан денелеріне, яғни, ай мен күнге табынуға байланысты берілген
есімдер: Айбол, Айтуар, Айсерік, Күнтуған;
- жабайы аңдар мен жыртқыш құстарды, кейбір хайуандарды тотем етуге
қатысты жасалған есімдер: Арыстан, Барысхан, Жолбарыс, Қаршыға, Бүркіт,
Сұңқар;
- ислам дініне қатысты араб тіліндегі есімдер: Абдулла, Абдулазиз, Аян,
Дінмұхамбет, Ислам, Исламхан, Мұхамбетәмин, Нұрмұхамбет, т.б.
Табумен байланысты есімдер. Табу (ағыл. taboo, фр. interdiction de
vocabulaire, нем. Verbot, Tabuierung) – қолданылуына тыйым салынатын сөздер
немесе сөз қолданыстары. Мифтерге сену, ырымшылдық, соқыр сенім табу
қалыптасуына себепкер болады. Ауру аттары, құдайлар мен жын-пері, аруақ
аттары, ауланатын жануарлар, туыстық атаулар мен өлімге қатысты атаулар
туыстық атауларға (күйеу, қайын ата, қайнаға, қайын ене) табу сөздермен
айтылады [103, с. 371].
Әлеуметтік лингвистика терминдерінің сөздігінде табу терминіне келесі
анықтама берілген: «Табу (полинез. tabu белгілеу, айрықшалау + pu тұтастай,
tapu ˃ tabu тұтастай айрықшаланған; ерекше белгіленген) ағыл. taboo – 1. Нақты
бір іс-әрекетке, оның ішінде атын атап айтуға болмайтын заттарға қатысты
тілдік іс-әрекетке тыйым салатын алғашқы қауымдастық сипатындағы
әлеуметтік институт. 2. Этномәдени факторлардың ықпалымен қолданылуына
тыйым салынуы тиіс сөз немесе сөйленіс. Табудың пайда болуын дінмен,
ырыммен, моральдық тыйымдармен және адамгершілік нормаларымен,
реттеушілік қызметі бар әлеуметтік институттармен, нышандық-таңбалық
жүйелермен байланыстырады» [57, 232 б.].
Қазан төңкерісінен бұрын қазақ тұрмысында сөзге тыйым салу, астарлап
сөйлеу дәстүрін Т. Жанұзақов: «Ерте заманнан бар бұл дәстүр халық арасында
кеңінен етек алған. Сөзге тыйым салу, астарлап сөйлеу әдеті кісі аттарына да
әсерін тигізбей қалмаған. Бұрынғы кезде ауылдағы әйелдер ерінің, ата-ене,
қайнаға, қайыніні, қайынсіңілілерінің атын атамаған. Сөйтіп, ат тергеу ғұрпы
кеңінен тараған. Бұлайша сөзге тыйым салуды ғылымда табу дейді» деп атап
өтеді [13, 82-83 бб.].
Ә. Ахметов «Түркі тілдеріндегі табу мен эвфемизмдер» атты еңбегінде
қазақ келіні күйеуінің әке-шешесі көзі тірі кезінде өзі тапқан бірінші баланы да
өз атымен атамай, оның жынысына қарамастан, кенже бала немесе бөпе-жан
сияқты эвфемистік есім қолданғандығы жайлы баяндайды. Ізетті келін өзінен
49
бұрынырақ келін болып түскен қайнысының әйелін де, яғни жасы кіші
абысынының да атын тергеп, оны келіншек деп атаған. Кейде тыйым салынған
есімдерді тергеп айтуға мүмкіндік болмай қалcа, әлгі есімдердің бір дыбысын
өзгертіп, Мәмбетті – Сәмбет, Тұрсынды – Мұрсын, Ахметті – Сахмет және
т.с.с. бұзып айту да эвфемистік есімдер жасаудың бір тәсілі ретінде
қолданылған [137, 39 б.].
Ш.Б. Салықжанова ат тергеуге байланысты: «Әйелдер күйеуінің атын
атамай «әлгі», «біздің үйдегі», «от ағасы» немесе баласының атымен атау
(Еркетайдың әкесі деп) дәстүрінің қалдығы әлі кездеседі. Тіпті күйеуінің
құрдастарының аттарын атауды да ұят санап құрдас, замандас немесе аттас деп
атау дәстүрі болған. Сөйтіп, жаңадан түскен жас келін болсын, оның абысын-
ажындары болсын ат тергеуді міндет санаған» [138, 421 б.].
«Мәдениет арқылы өрнектелген ұлт болмысы тек тіл арқылы танылады»
[139, 4 б.]. Ұлттық мәдениет пен болмысты сипаттайтын антропонимиядағы
табу мәселесі ата-бабамыздың дәстүрі ретінде осы күнге жеткен мәдени мұра.
Олар сыйластық пен құрметті, ізеттілікті білдіретін этикеттік бірліктір болып
есептеледі. Бұл дәстүр еліміздің оңтүстік аймақтарында әлі күнге дейін
сақталған. Әсіресе жаңа түскен келін сол әулеттегі үлкендерді атымен
атамайды, қайнылары мен қайынсіңлілеріне ат қойып, сол атпен атайды. Қазіргі
кезде ат тергеу салты негізінен жасы егде ауыл тұрғындары арасында
қолданылады,.
Достарыңызбен бөлісу: |