Амрита Притам 1919 жылы 31 тамызда Лахор қаласына жақын кішкентай Гуджранвала қаласында дүниеге келді. Тарихшы және ақын Картар Сингхтің отбасында тәрбиеленді. Амританы отбасы дәстүрлі сикхтік дінге сай тәрбиеленді және жастайынан әкесі оны өнер мен әдебиетке деген махаббатқа баулыды. Притамның ақындық өнері өте ерте оянды. Амританың 10 жасында анасы дүниеден озды, Амританың сөзі бойынша сол кезде ол өзін ерекше жалғыз сезінді. Осы кезде ол әкесінің көмегімен ситара (үнділік ұлттық музыкалық аспап) ойнап отырады. Сонда музыканың әуенімен шабыты келіп өзінің алғашқы өлеңін жазады – «Суық сәулелер» (1935) деген. Музыка мен поэзия әлемі оны басқаша бөлек махаббатқа, романтикалық армандарға, сиқыр мен ғажайып дүниеге толы әлемге жетелейді. Оы алғашқы өлеңі Амританың алғашқы өлеңдер жинағына кіреді. Кейін Амрита радиода қызмет істейді, радиодағы қызметімен қатар пенджаб әдебиетін зерттейді. Солайша ХІІ ғ. бастап кейінгі заманға дейінгі пенджаб әдебиетінің антологиясын құрайды. Ақын қыз мемлекет әдебиетінің өміріне белсенді ат салыса бастайды, отандық ақындарды бір тудың астына біріктіру мақсатымен көп жұмыс жасайды және оған бар күш-жігері мен энергиясын бағыттайды. 1966 жылдан бастап өзінің редакциялауымен және басқаруымен пенджаби тілінде «Нагмани» («Сиқырлы тас») атты журналын жариялап отырады. Өзінің айтуы бойынша, журнал түрлі шығармашылық бағыттарға бай және жоғарғы талаптарға сай деп есептейді. Өзінің шығармашылығын ақын 3 кезеңге бөледі: бірінші – Үндістанның бөлінуіне дейінгі уақыт, яғни 1947 жылға дейін, екінші – мемлекеттің бөлінуіне дейін және үшінші – соңғы жылдарындағы шығармашылығы.
Қырық жылғы шығармашылық еңбегінде Амрита Притам әр түрлі жанрдағы поэтикалық жинақ, әдебиеттік және публицистикалық жұмыстар, очерктер, романдар және әңгімелер жинақтары секілді алпыстай кітап жазды. Алайда Амрита Притам, ең алдымен, ақын ретінде танылған. Сыншы Шанта Сероджит Сингх: «Амританың бар күші прозадан гөрі поэзияда, оның поэзиясы прозаға қарағанда анағұрлым бай, толық, бірінен кейін бірі жаңа серпінді болып келеді», - деген. Оның поэзиясында ынтық ыстық сезімдер мен қатты уайымдарға, жалынды махаббатқа толы. Амрита әйел туралы емес, әйел атынан жазады. Осының арқасында оның өлеңдері шынайылыққа, тереңдікке, ақиқатқа толы. Амританың шығармашылығының алғашқы кезеңі сентимантальды-романтизмнен алыстай бастаған шынайы өмірге жақын және дәстүрлі-діни ескілікке толы күнделікті тұрмыс-тіршілік ұстанымына деген қарсылықты бейнеледі. Оның өлеңдері шынайы өмірге жақын, адами ішкі сезімдерді баяндайды. Үнді әдебиетінің басты тақырыптарының бірі – әйел теңсіздігі, олардың көп нәрсеге құқықтарының болмауы. Амрита бұл мәселеге де тоқтала кете қоймайды. Бұл тақырыпта әйел ақын ана емес, басқа да үнді әдебиетінің ақындары да талай жырлаған. Мысалы, хинди тілінің ақыны Сумитрандан Пант «Әйел», «Еркек көлеңкесі» деген өлеңдерінде әйел құқығының әлеуметтік жағдайда ғана емес, этикалық жағынан да тапталуына ызасы келгені жайлы айтылады. Басқа ақындар билікте отырған қолдарында күші бар еркектерді әйелдерге түсінушілікпен қарауларына шақырса, Амрита қайта әйелдердің намыстарын оятуға, өз абыройларына нық болуға, өз өмірлері мен құқықтары үшін қарсы шығуға және өз бақыттарына күресуге жетелейді. Бұл тақырып оның кейінгі шығармашылығындағы басты тақырыбына айналады («Асыраушы»). Бұл өлең құқығынан айырылған, өз еркімен емес, ата-анасының қалауымен махаббатсыз тұрмысқа берілген, абыройы төгілген әйелдің монологы түрінде берілген. «Күту» өлеңінде баласы «міне, енді-енді дүниеге келетін» баласы бар, күнде ішіп алып үйіне мас болып келетін күйеуін күтетін қайғылы әйелдің ойлары жайлы. «Құдіреттілік» атты өлеңінде адамзаттың ең таза асыл сезімі – махаббаттан айыратын «аяусыз жабайы салттар» мен әділетсіз діни дәстүрлерге қарсылығын білдіреді. Осындай тақырыптарға сай «Сиыр қорасы», «Сауда» және т. б. өлеңдері бар.
Амританың өлең жинақтары: «Таң» (1950), «Ойынға арналған тастар» (1956), «Қара раушан гүлі» (1967), «Болмыс» (1968) және т.б. Романдары: «Дәрігер Дэв» (1947), «Ұя» (1952), «Бояудан қалған із» (1963), «Бір сұрақ» (1959), «Жабық есік» (1961), «№ 36 құдық» (1964), «Жер мен теңіз» (1965) т.б.