Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар
Мохенджо-Дара мен Хараппа өркениетін сипаттаңыз.
Үнді тілдері классификациясына тщқталыңыз.
Ведалық әдебиетті мазмұндаңыз (Веда-Ригведа-Самаведа-Яджурведа-Атхарваведа).
Ригведа мәтіні және оның құрамы.
Самхиттер, брахмандар, араньяктар мен упанишадтар қандай канонның негізін құрайды?
Джайнизм мен буддизм ағымдарының пайда болуын сипаттап, олардың негізін салушылар жөнінде айтыңыз
Буддалық «Типитака» және ол қанша бөлімдерден тұратынын анықтаңыз
Джайндік қасиетті мәтіндер – шветамбар каноны «Агама»
Джатакалар жайын сипаттаңыз
«Махабхаратаны» мазмұндаңыз
«Рамаянаны» мазмұндаңыз
Ежелгі Иран әдебиеті
Ежелгі Иранның жазу өнері б.з.д. ІІ мыңж. бастап Гиндукуштан Дон сағасына дейін, Оралдан Парсы шығанағына дейін созылып жатқан кең алқапта өмір сүрген халықтар мен Иран тайпаларының көне мәденеитінің бір бөлігі болып табылады. Б.з. І мыңж. бастап шығыс және батыс ирандықтар қоныс тепкен территориялар анықтала бастады. Шығыс ирандықтар Орта Азияны (қазіргі Ауғанстанның біраз бөлігі мен Гиндукуш тау тарамдарының бір бөлігін қоса алғанда) мекен етіп, шығыс-еуропалық халықтармен, Қытай және Үндістанмен өзара қатынаста болды. Шығыс Иранның орталықтары Ферғана, Хорезм, Согда, Дрангиган, Памир мен Хорасан қалалары болды. Батыс ирандықтар қазіргі Иран жерінде өмір сүріп, Месопотамия мен Жерорта теңізінің алқабын мекендеген халықтармен қарым-қатынас жасады. Батыс Еуропаның орталық қалалары Мидия, Атропатен мен Фарс қалалары болды. Шығыс және батыс ирандықтардықтардың қарым-қатынасы ғасырлар бойы үзілмеді.
Ежелгі ирандықтардың, әсіресе көшпелі тайпалардың сенімі туралы мәліметтер Геродот пен Ктесия сияқты антикалық жазушылардың еңбектері мен көне шығыс тілдерінде жазылған жазбаларда кездеседі. Уақыты жағынан бізге жеткен иран жазба ескерткіштерінің алғашқысы – бірнеше бөлімнен тұратын қасиетті кітап Авеста. Оның ең көнесі 17 дұғадан тұратын «Гаталар» туындысы. Оның авторы - ежелгі иран дінінің негізін салушы Заратуштра.
Гаталар құрылған б.з.д. І мыңж. алғашқы ғасырлары Орта Азия мен Иранда рулық қоғамнан ерте таптық қоғамға өту кезеңі болып табылады. Бұл уақытта адамдар темір балқытуды игеріп, темір құрал-саймандар пайда болып, отырықшылық мал шаруашылығы мен егін шаруашылығы қалыптасып, дами бастады. Шығыс ирандықтар көшпелілер және отырықшылар болып бөлінді. Отырықшы ирандықтар үш әлеуметтік таптарға жіктелді: малшылар мен егіншілер, әскерилер және абыздар. Бұл қоғам біртіндеп әскери демократиядан аристократиялық олигархияға өтіп, алғашқы мемлекеттер пайда бола бастады.
Бізге дейін сақталған ескерткіштер мен фольклор арқылы ежелгі иран халқының алғашқы дүниетанымдары туралы және олардың табиғатпен белсенді қатынаста болғандарын біле аламыз. Осы кезде адамдарды от жағып, үй салуға, жануарларды қолға үйретіп, киім тігуге, егіншілікке үйреткен әдеби батырлар туралы аңыздар пайда бола бастады. Теріс зұлым күштермен күрескен батырлар туралы жырлар, шамандық өлеңдер мен абыздық ұрандар пайда болып, шешендік өнер дами түсті.
Иран тайпалары ежелгі тарихының осы кезеңінде пайғамбарлар немесе бір ғана ұлы пайғамбар Заратуштра арқылы арнаулар, гаталар оқылды. Бұл туындылар өздерінің әсемдігімен тыңдаушының жүрегін жаулап, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып отырды. Кейінірек оларды абыздар қағаз бетіне түсіреді. Гаталарда өмір, болмыс пен өзін-өзі ұстау нормалары көрсетіледі. Гаталардың бейнелеу жүйесіне табиғат пен қоғамдағы қарама-қарсы күштердің шынайы қақтығысын қамтитын әмбебап поляризация тән.
Жалпы, әлем екіге бөлініп қарастырылды: біріншісі – шынайы «заттар әлемі», екіншісі – ойдан шығарылған «рухтар әлемі». Заратуштра «екі дүниеде де, заттар мен рухтар әлемінде де жеңілдік беруіңді сұраймын» деп жалбарынатын. Гаталардағы түсініктер бойынша, құдайлар мен мейірімді рухтардың патшалығында жердегі тәртіпке мұрат болатын үйлесімді, таңғажайып тәртіп үстемдік етеді. Бұл үйлесімділік гаталарда көрініс тапқан үштік принципке негізделген. Онда 3 саны қасиетті болып есептелінеді.
Сол кездегі қоғамның үш топқа бөлінуіне байланысты аспан әлемінде де үштік үстемдік етеді: жоғарғы құдай – Ахура Мазда, оттың рухы – Арту Вахишта және малдың пірі – Воху Мана. Аспан үштігі игі рухтармен қатар жүреді. Мұндай игі рухтар төртеу: металл рухы – Варйа Хшатра, жердің рухы – Спентра Армаити немесе Арматай, судың рухы – Аурват және өсімдіктер рухы – Амертат. Кейін бұл жеті құдай Амеша Спента, яғни өлмес әулие аталып, оларға мистикалық сипат берілген болатын. Жалпы, гаталарда мистикалық сипат жоқ.
Игі рухтарға зұлым рухтар тобы қарсы келеді. Мұнда да, алғашқы «үштік» симметриясы сақталған: Ахура Маздаға қарсы зұлым рухтардың басшысы Друдж (өтірік құдайы) келтірілсе, одан кейін Ако Мана (жауыз ниет) мен Айшма (қарақшылар құдайы) келеді. Олармен қатар адамдарға қастандық жасайтын жауыз рухтар тобы өмір сүреді.
Осы ілім бойынша осы дүниеде тура жолдағы адам жақсылыққа ие болып, ал жалған жолмен жүргендер зұлымдыққа ұшырап, шынайы жаза ақыретте беріледі делінген.
Гаталар арасында нақты жанрлық айырмашылықтар жоқ, дегенмен оларды екі топқа бөліп қарастыруға болады: біріншісі – мадақтар, екіншісі – уағыздар.
Достарыңызбен бөлісу: |