Ведалық әдебиет. Мохенджо-Даро мен Хараппа өркениеттерінің жойылу себептері мен мерзімі нақты белгілі емес. Инда алқабының жоғарғы бөліктеріндегі қазба жұмыстарының нәтижесінде, ғалымдар шамамен б.з.д. ІІ мыңж. жататын жойқын жорықтардың қалдықтарын тапқан. Ол даму сатысы төмен болған халықтардың шабуылы екені де айқындалды. Гиндукуш тауларынан өтіп, Ауғанстанға шабуыл жасаған, одан Пенджабқа соққан сол арий тайпалары екені әбден мүмкін. Олар біраз уақыт Инда жерінде болып, Ямуна мен Ганга бассейндеріне өткен.
Ведалық әнұрандарда осы шабуыл жайлы айтылған. Онда арийлердің заң, құдай, құрбандық дегенді тіптен білмейтін «дасью», «қара тәнділермен» шайқасы, дасью қамауларының жойылу және ведалық пантеонның басты құдайы Индра жайлы жазылған. Индра жиі «Пурандара» яғни «қалалардың қиратушысы» деп аталады.
Қалай болғанымен, арийлердің Мохенджо-Даро мен Хараппа өркениеттерімен беттесуі кездейсоқ болғаны, әлде олардың арасында бір бізге белгісіз байланыстың болғаны нәтижесінде мәдениеттердің алмасуына себеп болды. Үндістанның солтүстік–батысындағы осы алмасу кезінде болған крит–микендік өркениеттің грек, этрус–римдіктің кейіннен неміс өркениетіне ауысуына ұқсас келеді.
Арийлердің үнді жеріне келуін тек жанама мәліметтер арқылы талдауға болады. Сондай мәліметтердің арасындағы маңыздысы – веда әдебиеті. Ежелгі Үндістанның материалды, әлеуметтік және саяси өмірінің жалғыз ақпарат көзі болып саналады. Қазіргі таңда «Ригведаның» б.з.д. 1000 ж. жазылған деген пікірге күмән туады. Оған себеп - «Ригведа» тілінің Авестадағы гаттар тіліне жақындығы. «Ригведамен» бір уақыт немесе одан да кейінгі кезеңге жатқызылатын Авеста - Иран әдебиетінің құнды ескерткіші болып табылады. Өз кезегінде, «Ригведа» кейбір бөлімдерінде ежелгі мәдениетті суреттесе де, оның кейінгі кездегі үнді жерінде пайда болған арийлердің келу кезеңінен 300-500 жыл аралықта бөлектене алмайды.
Сондықтан үндіарийлік немесе ведалық мәдениеттің басталуы шамамен б.з.д. ІІ мыңж. сәйкестендіріледі. Үндіарийлік тайпалар Үндістанға басып кіруіне дейін ежелгі иран халықтарымен территориалды және этникалық қауымдастық құрады. Үндіирандық тілдің іздері Богазкейде табылған және б.з.д. ХY ғ. басына жататын Хетт патшасы мен Митанни патшасы арасындағы келісім-шарттардың жазбаларында сақталған. Оларда вавилондық және хеттік тәңірлермен қатар, келісім–шарттарды сақтаушы ретінде шақырылған Митра, Варуна, Индра және Насатья – шығу тектері жағынан үндіирандық құдайлар аталады.
Берілген барлық мәліметтер, гипотезалық түрде болса да, арийліктердің Үндістан территориясына баса көктеп кіруінің бейнесін еске түсіреді. Б.з.д. II мыңж. Орта Азия немесе Оңтүстік орыс жерлерінде қоныстанған арийлер Үндістан шекарасына, яғни оңтүстік-шығысқа қарай және оңтүстік-батыс бағытында Алдыңғы Азия аумағына жылжи бастады. Осыған байланысты бір уақытта Үндістанда ведалық мәдениет, Месопотамияда арийлік патшалар және Орта Азияда иран диалектілері пайда болды.
Ведалық әдебиет негізінде өлеңдер мен проза формасында берілген кең көлемді мәтіндер жинағы, ұрандар мен ән-әуендер, рәсімдер түсініктемесі мен аңыз-әңгімелер, философиялық диалогтар және метафизикалық ой толғаулар көрініс табады. «Веда» сөзінің өзі «білім» деген мағынаны білдіреді, нақты айтсақ, жоғары әулиелі білім, және де веда ескерткіштері мәңгілік жасаған құдірет күші ретінде саналады. Ведалармен жетік таныспай тұра, Үндістанның рухани мәдениетін, діни әрі философиялық ілімдерін, осының ішінде тек индуисттік емес, сонымен қатар буддалық ілімдер тарихын жетік түрде тану мүмкін емес, дегенмен, буддисттер веданы мойындады.
Алғаш уақытта қасиетті үш веда: «Ригведа» - ұрандар ведасы («рич» сөзі «ұран» дегенді білдіреді), «Самаведа» - өлеңдер ведасы (саман-мелодия, әуен), «Яджурведа» - құрбандыққа шалу рәсімімен байланысты нақыл сөздер (яджус - құрбан, құрбандық формуласы) болған. Кейін үш ведаға төртіншісі – «Атхарваведа» - дұғалар ведасы (атхарван - дұға, сиқырлы формула) қосылды.
Бұл төрт веда барлық ведалық әдебиеттің негізі болып табылады, олардың композициясына байланысты, самхиттер, яғни жинақтар деп аталады. Өлең түрінде жазылған самхиттерге көбінесе брахмандар жатады, олар – рәсімге түсініктеме беретін, теологиялық мағынадағы прозалық мәтіндер. Брахмандармен араньяк және упанишадтар жақын болды, олар өлең мен проза формасында жазылған философиялық трактаттар, негізінен, адам болмысы, табиғат, Құдай және адамзат, олардың бұл өмірде байланысы мен орналасуы жайлы нақты мәлімет береді. Еврейлердің Библия кітабы немесе мұсылмандардың Құран Кәрімі тәрізді, самхиттер, брахмандар, араньяктар мен упанишадтар біріге отыра брахманизмнің қасиетті канонын құрайды. Оларға қатысты Үндістанда «шрути» («естілген») термині қолданылып, осының өзі ведалық мәтіндер оқылып, қағаз бетіне түсірілмеген, оның орнына мәтіндер қарапайым түрде айтылып, халыққа естіліп отырды.
Шынымен, санскриттік жазбалар б.з.д. I мыңж. II жартысында қолданылып, қазіргі кезге дейін ауыздан ауызға таралып, тек қана ауызша түрде ұрпақтан ұрпаққа сақталып отырды.
Соңында, «шрути» атты ведалық мәтіндер категориясынан тыс, тіпті, оларға жатпайтын, тағы бір кең көлемді әдеби класс – «веданга», яғни «ведалар бөлігі» болған еді. Бұл сутраларда рәсімдер, фонетика мен грамматика, этимология, метрика мен астрономия болмысы немесе көмекші пәндер қарастырылып, дұрыс түсіндірілу мен ведалық діннің таралуы барысында маңызды болды.
Ведалық ескерткіштер шеңбері, осылайша, сипатталады. Осы тәрізді кең көлемді әдебиет бірден бір уақытта пайда болған жоқ. Жеке мәтіндер тілі, мазмұнының сипаты, жылнамалар сияқты салыстырмалы мәліметтер ведалар пайда болуының дәуірін, шамамен, 500-700 жылдар және одан кейінгі деп анықтайды.
Веда әдебиеттерінің кезеңденуі барысында әрбір ведалық мәтін хронологиялық түрде айрықша болды. Бір-бірінен жүзжылдықтар арқылы бөлініп тұрған веда ескерткіштері түрлі саяси-әлеуметтік қатынастар деңгейін көрсетеді. Сонымен қатар ведалық канондар тұтас діни-рәсімдік кешен тәрізді, бұл ескерткіштер үнді дәстүрімен, оқырман қауымымен бір тұтас әрі өзара байланысты мәтіндер жүйесі ретінде қабылданды. Бұл жүйе, бір жағынан, құрбандық шалу рәсімдеріне негізделсе, екінші жағынан, ежелгі үнді көріністерінің ғарыштық және діни-философиялық ерекшеліктерімен сипатталады.
Негізінен, ведалық құрбан шалу рәсімдеріне басты төрт абыз қатысқан, олар: хотар - ұрандарды оқып тұратын абыз, удгатар - бұл рәсімдерді әнмен қамтамасыз ететін, адхварью - осы рәсімді жүзеге асыратын дұға оқушы болса, брахман - барлық күрделі процесті қадағалап отырды, себебі бұл кезде ережеден тыс қате орындалған жағдайда, құдай ашуына қалу қаупі болатын еді. Бұл кезде, рәсім мәтіндері бойынша, хотар «Ригведа» мәтіндерін оқып, удгадар – «Самаведа» әндерін айтып, адхварью – сиқырлы «Яджурведа» формулаларын айтып тұрғанда, брахман – бұл үш веданы жетік біліп, қате айтылған кезде дұрыстауына міндетті болды. Әр абыз құрбан шалу барысында белгілі бір әулие тәрізді, оның артындағы табиғи апатына немесе аспандық энергия түрін сипаттады. Ведалар триадасы құдайлар көрінісі ретінде қабылданады: Агния – от құдайы, Ваю – жел құдайы, Сурья – күн құдайы. Бұлар ежелгі үнділік мифологиясыда әлемнің үш кеңістігі жер, аспан және ауа бейнелейді, яғни «Ригведа» - жер, «Яджурведа» - ауа, «Самаведа» - аспан.
Ал «Ригведаның» бірнеше мәтіндері болған, бізге жеткені - Шакал аталатын мәтіні. Мәтін он мандалға (кітап) жинақталған, түрлі көлемдегі 1028 әнұраннан тұрады. Бұл мандалдарды әдетте рулық кітаптар деп атайды, себебі әр кітапта әртүрлі абыздардың руы жазылған. «Ригведа» авторларын ежелгі үнділіктер риши, яғни қасиетті даналар деп атаған және оларға Брахма құдайдың өзі қолдау береді деп түсінген.
«Ригведа» ұрандарына, негізінен – мақтау сөздер, дұғалар, өтініштер, үнді пантеонындағы құдайларға тағзым ету т.б. жатады. Олардың бірінде: «Таудан аққан көңілді жылғалардай ұранымыз құйылар...» - деп айтылған еді.
Самаведа және Яджурведа самхиттерінің Ригведадан айырмашылығы олардың негізінде дәстүрлі салттар болады. Самаведаның бізге дейін үш редакциясы жеткен еді. Солардың ішіндегі ең кереметі болып Каутхума редакциясы болып табылады. Каутхума 1603 әнұраннан тұрды. Самаведа үнді әндерінің тарихи дамуында үлкен рөл атқарды.
Яджурведа - абыз адхварьюларға арналған үнді прозасының ежелгі үлгілері, бұған құдайға табынушылық, құрбан шалу секілді дәстүрлі салттар негіз болған. Яджурведаның сақталған редакциясының екі негізгі Қара Яджурведа және Ақ Яджурведа мәтіндері бар. Ақ Яджурведаға – әнұрандар мен құрбан шалу формулалары, ал Қара Яджурведаға негіз болған теотологиялық және салттық прозалар.
Атхарваведа - сиқырлық жалбарынулар мен ырымдардан тұрған, ол ырымдар мен жалбарынулар солтүстік америка мен африкалық үнділеріне белгілі болған. Сақталған Атхарваведаның екінші редакциясы – Шаунаки, ол 20 кітапқа бөлінген, 731 әнұраннан тұрады.
Веда әдебиетін «веданга» деп аталатын туындылар аяқтайды. Веданга ерекшелігі -ондағы трактаттардың сутра формасы бойынша жазылғандығы. Сутраның алғашқы түсінігі – жіп, ал кейін ол қысқаша түсініктеме деген сөз деп берілді. Яғни, алғашында ол матаның жібі секілді, ал кейіннен оны тезірек түсіну үшін веданга қысқаша түсінікті формада деп түсіндіріледі.
Б.з.д. YI ғ. кейін ежелгі үнді елі жөніндегі тарихи мағлұматтарын, саяси және әлеуметтік жағдайын әдеттегідей діни әнұран мен философиялық диалогтардан емес, буддистік және джайндік тарихи кітаптарынан аламыз. Б.з.д. YII ғ. буддалық дереккөздерінен солтүстік Индияда 16 монархиялық және тайпалық мемлекеттер өмір сүргенін және олардың бір-бірімен гегемония үшін соғыс жүргізгенінен хабардармыз. Олардың ішінде ең құдіреттісі Ганганың төменгі жағалауындағы Бенгалия жерінде орналасқан Магадха мемлекеті болған. Бимбисара (545-493), Адаташатру (493-491) және әсіресе Махападма Нанда (б.з.д IY ғ.) атты Магадха патшалары үнді территориясының батысы мен шығысына биліктері тараған. Ал Маурье әулеті кезінде Магадха мемлекеті (317-180) құдіретті империяға айналған. Елдің саяси және мәдени бағыттары алғашқы рет осы кезде біріктірілді. Ауыл шаруашылық, қолөнер мен сауда-саттық дамуы жоғарғы деңгейге жетті. Ирригациялық жүйелер, көпірлер салу, пайдалы қазбалар жұмысы бұрын сонды болмаған қарқынмен дамыды. Маурье империясының үстемдігін кейде Алтын дәуір деп те атайды.
Магадха мемлекетінің құдіреттілігінің артқандығының өзі саяси және мәдени орталықтың Инда бассейнінен Ганганың төменгі ағысындағы жерлерге көшуімен сипатталады. Ал б.з.д YI ғ. Инда алқабын парсылар басып алғандықтан, үнділік мәдениетте парсылықтар ықпалы білінеді. Әсіресе, маурье әулеті өнерінде парсы әсері жақсы көрінген. Б.з.д. 326 ж. парсы жерлерін аптап, үнді еліне Александр Македонский басып кіреді. Қолбасшы жорығында Пенджабтағы кішігірім мемлекеттерді жойғанмен, ішкі Индияда орналасқан Магадхаға жорығынан бас тартты... Мұндай соғыстар кейін де жалғасып жатты.
Осындай қарқындылықпен I мыңж. II жартысында үнді тарихында әлеуметтік өзгерістермен қатар оның рухани мәдениетінде маңызды оқиғалар болды. Ол екі мықты діни джайнизм мен буддизм ағымдарының пайда болуымен сипатталады. Джайнизм ағымын қалаушы – Вардхамана Махавира, ал буддизм негізін салушы - Гаутама Будда болып саналады.
Джайндар құдай барлығын теріске шығарып, монахтарға қатал әдеп ережелерін қойған еді; тірі жандарға қиындық тигізбеу, тек қана шындықты айту және т.б. Махавира секілді Гаутама Будда кшатрилердің арасында патша жанұясында дүниеге келген. 29 жасында ол қолындағы барын тастап, шындықты іздеуде ел аралап кеткен. 6 жылдан кейін кейбір деректер бойынша ол іздегенін тапқан дейді. Сонда Будда алғаш өзінің жан сырын ашқан екен.
Будда өз алдына жаңа дінді шығаруды мақсат етпеген. Ол өмірге деген жаңа жолды көрсеткісі келді, бұл жол адамдарды қиындықтардан босатады деп сенді. Ол «төрт асылды ақиқаттарды» үйретті: қиналу бар, қиналудың себептері де бар, қиналудың бітуі де бар және осылардан босатылатын таза жол бар деп айтқан екен.
Ежелгі және ең құнды буддалық әдебиеттің бөлігі ретінде қасиетті буддистік канондар саналады. Оның толық нұсқасы пали тілінде сақталған. Аңыздар бойынша Будданың өлімінен кейінгі Раджагрихтағы алғашқы жиналыста «қасиетті үш себеттің» екеуі құрастырылған делінеді.
Пали каноны Типитака (Үш себет) деген атпен белгілі, ол б.з.д I мыңж. Цейлондағы Ваттагаман патшаның бұйрығы бойынша жазылған. Тхеравадин сектасына қатысты бұл нұсқасы басқалардан қарағанда толығырақ редакция болып есептеледі.
Пали Типитакасы Виная–питаки (Өсиет пен уағыз себеті) буддалық қоғамдағы тәртіп ережелерімен байланысты, Сутта–питаки (Мәтіндер себеті) Буддалық ілімнің этикалық негіздерін құрайды және Абхидхамма–питаки (Данагөйлік себеті) осы үш ілімнің метафизикалық принциптерін түсіндіретін бөлімдерден тұрды.
Өз алдына жаңағы бөлімдер бірнеше тараулардан тұрады. «Виная–питаки»: «Сутта-вибханга», «Кхандхаки» және «Паривара» үш тараудан тұрса, «Абхидхамма–питаки»: жеті тарау, ал «Сутта–питаки»: «Дигха-никая», «Маджджхима-никая», «Самъютта-никая», «Ангуттара-никая», «Кхуддака-никая» атты бес тарауға бөлінеді. Ал әрбір тарау бірнеше пішіні мен мазмұны жағынан аяқталған кітаптан тұрады.
Типитака тек тарихи және діни ескерткіш емес, оның құрамындағы мәтіндер көркемділікпен жазылған, ол тек үнді әдебиетінің емес, бүкіл әлемдік әдебиеттің туындысы ретінде танылды.
Әлемдік танымалдыққа бірнеше басқа себептермен «Джатакалар» кітабы ие болды. Джатакалар - Будданың алдыңғы уақыттағы туылулары жөніндегі әңгімелер жиынтығы. Үнділік метампсихоз (рухтардың ауысуы) ілімі бойынша Гаутама Будда болып жаратылмастан және нирванаға жетпестен әр түрлі өсімдіктердің, жануарлардың, құдайлар мен адамдардың бейнесінде бірнеше рет болған. Пали канонындағы джатакалар жинағы 547 әңгімеден құралған. Әр джатака: кіріспе, қорытынды және прозаикалық әңгімелер болып 3-ке бөлінеді.
Кіріспе бөліміне Будданың өзінің жаратылуы жөнінде әңгімелері кіреді. Қорытындыда Будданы қоршаған тыңдаушылар туралы әңгімелер. Ал қалғандары прозаикалық әңгімелер болады. Олар көбінесе фольклордан алынған және өңделген халық мысалдары, ертегілері, фантастикалық аңыздар мен анекдоттарға ұқсайды. Джатакалар әрдайым буддизмге табынған халықтардың тілдеріне аударылып отырған.
Белгілі арыстан мен бұқа туралы джатак осыған мысал. Өйткені оларды бірін-бірі шиебөрі ұрыстырған өлтіріп тынады (340 джатака); арыстан терісіне оранған есек, өзін даусы арқылы танытып қояды (189 джатака); көлдегі балықтарды бірінен кейін бірін жеп тұра берген тырнаны, шаян тұншықтырып өлтіргені (38 джатака); қарға даусын өтірік мақтап, оның тамағын жеп алған шиебөрі /түлкі/ туралы (224 джатака); екі қазбен көкке самғап сайрай бастаған тасбақа туралы (215 джатака); Ағаш шеберінің өз ұлына маңдайындағы шыбынды қағып жіберуін өтінгенде, ақымақтығынан әкесін мерт қылғандығы (44 джатака) және т.б.
Неміс ғалымы Т. Бенфей теориясы бойынша әлем ертегілерінің отаны Үндістан жері, соның ішінде ертегі сюжеттерін құрастырушылар мен таратушылар буддистер деген. Джатакалар құрамына кірген кейбір әңгімелер Үндістанға басқа елдерден келген. Алайда буддистік «Типитака» мен «Джатакалар» кітаптары әлем әдебиеті мен фольклорында өзінің маңызын жоғалтпақ емес.
Классикалық ежелгі үнді эпостары - «Махабхарата» мен «Рамаяна» үлкен атаққа ие.
Махабхаратанемесе Ұлы Бхараты жайлы көлемді туынды. Ол 18 кітапқа бөліген жүз мың қос шумақты өлең жолдарынан тұрады. Махабхарата YII-YIII ғ. құрастырылған. Махабхаратада, негізінен, билік үшін жүргізілген соғыс жайлы айтылады. Бұл соғыс екі кауравами және пандавами патшалық тектері арасында болған.
Махабхарата кіріспесінде бұл туындыны және веда мен пурандарды Вьяс шығарған, кейіннен ол Вайшампане есімді оқушысына айтып берген делінеді. Ал Вайшампане бұл туындыны патша Джанамеджаидың құрбандық шалу кезінде оқыған дейді. Кейін «Махабхаратаны» Наймиш орманындағы аскеттеріне ойшыл Уграшравас айтқан дейді. Осылайша, бұл туынды бүкіл ежелгі үнді әдебиетінде таралған.
Үнді әйгілі эпосының екіншісі - «Рамаяна» («Раманың амалдары»)7. «Махабхаратамен» жақындығы көп болғанымен де, едәуір басқаша қалыпта құрылған. «Рамаяна» көлемінің аздығы бірден байқалады. Ол жеті кітапқа (канд) бөлінген, 24000 қос тармақты шумақ-шлокалардан тұрады. «Илиадаға» қарағанда «Одиссея» секілді «Махабхаратаға» қарағанда «Рамаяна» фольклорлық сарындағы ертегі элементтеріне толы, әңгімеде көп басты әзәзілдермен күрес, сиқырлы құбылыстар, әуедегі ғажайып ұшулар мен жауынгер-маймылдар туралы болады.
Назар аударарлық соңғы нәрсе – «Махабхаратаға» қарағанда «Рамаянаның» әңгімесінде руханилық жағы өзгеше келеді: жартылай жабайы қаһармандық ахуал нәзік сезімталдықпен алмастырылады, атақ-даңққа деген құмарлық ұнамды бекзаттық пен адамгершілікке, тазалыққа ұмтылған, жоғары міндет пафосы махаббат пен сенімділік пафосына жол береді.
Екі эпостың да композициялық негізі ұлы шайқас қаһарманның заңды құқығы мен намысына әділетсіз қастандық жасаудан басталды: Паристің Еленаны ұрлап әкеткеніндей қаһарманның әйелінің ұрлануы ұзақ жылдарға созылған және көптеген айбынды жауынгерлердің өліміне алып келген қанды соғыстың себепшісі болады.
Осы туындылар мен жанрлардың барлығы әлемдік әдебиеттің дамуында негіз болды десек қателеспейміз. Бұл ескерткіштер үнді әдебиетінің көркем шығарма мен көркем туындыларының пайда болуына жол ашты .