Гвидо Кавальканти (шамамен 1260-1300) Флоренциядағы «Жағымды жаңа стиль» мектебін басқарған. Ол Флоренцияда атақты әулетке жататын отбасында дүниеге келген. Флоренция «ақтар» мен «қаралар» деп екіге бөлінген, Гвидо «ақтар» жетекшісі болған. Оның Корсо Донати бастаған «қаралар» тобы арасындағы ұрысы қаланың тыныштығын бұзғандықтан кейін, үкімет екі топтың да жетекшілерін қуғынға ұшыратады. Кавальканти кешірім алғанымен, айдауда жүріп қатты науқастанады да, Флоренцияға қайта оралған соң, 1300 жылдың тамыз айында қайтыс болады.
Кавальканти Аристотель мен арабтардан қалған жаратылыстану ғылымдарындағы теорияларды, медицина мен логиканы терең меңгерген. Ол рухтың мәңгілік екенін жоққа шығарып, жұмақ пен тозаққа, о дүниедегі өмірге сенбеген. Қарапайым халық пен білімді бюргерлердің көз алдында Кавальканти нағыз құдайсыз адам болған. Оның Мадонна мүсінінің құдіретті күшін келеке ететін «Менің Мадоннамның сұлу жүзі» атты сонетасы ақынның абыройын арттыра түседі. Оның туындыларында «қайғы», «азап», «сағыныш», «зарығу», «қорқыныш», «махаббат» пен «өлім» деген сияқты сөздер жиі кездеседі. Кавалькантидің лирикасында бұл сөздер тек ұйқастық (Amore – Morte) үшін емес, сонымен қатар жалпы адам тұжырымдамасы мен оның жер бетіндегі трагедиясын суреттеу үшін қолданылады.
Данте Алигьери.Әлем әдебиетінің қалыптасуының Қайта өрлеу дәуіріне дейінгі тарихи оқиғалар мен жаңа идеяларды «Құдіретті комедия» атты шығармада кеңінен сипаттаған Данте туралы Ф. Энгельс былай деген: «Ол - ортағасырлық феодализм соңы мен жаңа капиталистік дәуірлер тоғысында өмір сүрген ұлы тұлға. Данте – орта ғасылардың соңғы, ал жаңа заманның алғашқы ақыны».
Данте Флоренцияда 1265 жылдың мамыр айында дворяндық отбасында дүниеге келген. Оның тегі дворяндық болғанымен, ол гвельфтер отбасынан шыққан. Флоренциядағы гвельфтерді «пополо» халқы қолдап отырған. Жасынан теология, философия, астрономия мен ортағасырлық схоластиканы терең меңгерген ақын Флоренцияның саяси өміріне де белсенді араласқан. Ол көпестердің мүддесін жоқтаған «ақтар» партиясының құрамында болды. 1293 жылы Флоренцияда «әділеттілік ұстанымдары» атты сол кездегі Еуропаның ең демократиялық конституциясы жарық көреді. Дантенің жастық шағы гвельф республикасының гүлденуімен сәйкес келеді. «Жағымды жаңа стиль» мектебінің ең жарқын шығармасы Дантенің «Жаңа өмірі» болды. Ол арқылы «Жағымды жаңа стиль» дамып қана қоймай, көптеген жетістіктерге де қол жеткізеді.
Данте өзінің «Жаңа өмірінде» флоренциялық Беатриче Портинари есімді жас әйелге деген зор махаббаты туралы айтады. 25 жасқа келмей жатып қайтыс болған әйелдің өліміне қайғырған ақын шығармасында тек оған арналған жеке махаббат сезімдерін емес, сондай-ақ, әлемді құтқара алатын жалпы сезімдерді де жырлайды. «Жаңа өмір» атты шығарманың желісі жеңіл әрі қарапайым құрылған.
Данте адамдарға тура жол көрсететініне нық сенімді болған. Осы сенімі арқылы ол тек Флоренция халқымен емес, соған қоса бүкіл Италия халқымен тығыз байланыста болған. Осылайша, ол қуғын-сүргін кезінің алғашында канцоналар мен «Ұлттық тілдегі поэзия өнері», «Той» атты философиялық шығармаларын және «Монархия» атты саяси еңбегін жазады. Осылайша «жағымды жаңа стильдің» орнына Данте атағандай «көркем немесе тамаша жаңа стиль» келеді. «Тамаша стиль» Қайта өрлеу дәуірінің ұлттық бет-пердесіне жол көрсеткендей болады.
Дантенің дүниежүзіне даңқы шыққан әйгілі шығармасы - «Құдіретті комедия»36 (1307-1321). Бұл поэма - Италия қоғамының өтпелі дәуірін жан-жақты сипаттаған, бүкіл ортағасырлық мәдениеттің философиялық түйіні, көркем синтезі іспеттес шығарма. «Құдіретті» деген сөз Данте поэмасының діни мазмұнын емес, оның поэтикалық шеберлігін көрсету үшін қолданылған.
«Құдіретті комедияның» астарында көп мағына жатыр. Бұл - Данте поэтикасының бір түрі. Кейбір мағынасы жеке және саясатпен байланысты болып келетін «Құдіретті комедияның» қысқаша мазмұнына тоқталар болсақ, ну орманнның ішінде үрейге толы кезеңде, түнерген қараңғылықта жолдан адасқан Данте тау-қыратқа шығуға ұмтылады. Тау-қырат - әділдік пен халықтың аңсаған береке-бірлігінің нышаны. Дантеге бұл қыратқа шығу оңай көрініп, ол оған тез көтеріле бергенінде жалғандық, сатқындық пен нәпсіқұмарлықтың нышаны болып табылатын бабыр алдынан шыға келеді. «Құдіретті Комедияның» саяси тұжырымдамасы бойынша бұл аң олигархиялық басшылықтың, әсіресе, Флоренция үкіметінің көрінісі іспеттес. Дегенмен Данте үмітін үзбей, бабырды айналып өтуге бел буып, жолын жалғастырып келе жатқанда, енді оның алдынан арыстан мен қасқыр шығады. Арыстан – тәкаппарлық пен зорлықтың, жауыздық мен қатыгез монархтардың аллегориясы, ал қасқыр - өзімшілдік пен ашкөздіктің белгісі. Бұл қасиет, Дантенің айтуынша, елбасыларға, шіркеу шенеуніктері мен «қалтасы қампиған» халық өкілдеріне тән. Дантені ең қатты шошытқан да дәл осы қасқыр, өйткені қасқыр үшін Данте қайтадан төмен түсіп, қараңғы орманға, яғни адамзаттың қайғыға батқан жеріне оралады. Ну орманның түнегінен Данте Вергилийді көреді. Ол – адамзат ақылы, «данышпан көп тәңірлікке сенуші, көреген, дана», оған қоса, ол - ақын. Мұндағы Вергилий жай ғана ежелгі мифологиялық кейіпкер емес, ол адам туралы ғылымдардың – studia humanitatis көрінісі сияқты. Қайта өрлеу дәуірінің ғалымдары бұл ғылымға қарсы «діни ілімді», теология мен жалпы ортағасырлық шіркеулік түсінікті қояды.
«Құдіретті комедияның» алғашқы екі өлеңінде Дантенің өмірлік тәжірибесі көрініс тапқан. Яғни Данте еңбегін халық тілінде жазу арқылы философиялық, қоғамдық-саяси және өмір шындығы арасындағы қайшылықтарды шешкен. Шындығында, ол болашақтың «моделін» салып кеткен. Оның тәжірибесін Петрарка мен Боккаччо, Чиквеченто сияқты ұлы тұлғалар да қайталаған.
Данте 1321 ж. 14 қыркүйегіне қараған түні көз жұмады. Ол өмірінің соңына дейін өз мойнына алған әділет ақыны миссиясынан танбай, өмірде қандай қиындықтар мен ауыртпалықтар кездессе де, ешқашан ақиқаттан жалтармаған.