Квазимодоның поэзиясына пессимисттік көңіл-күй тән. Оның ерте өлеңдеріндегі мұң мен лирикалық меланхолия өмірдің қатыгездігін көрсететін сезімдерге айналады. Ол бастапқыда табиғат сұлулығы жайлы өлеңдер жазып («Су мен Жер» жинағы, 1930), кейін өмірдің қатыгездігі мен қасіреті жайлы жазуға көшкен. Ол өзінің 1942 ж. жарыққа шыққан өлеңдер жинағын «Кенеттен кеш батты» деп атаған. Қиын қыстау кездегі халықтың ауыр жағдайы ақынның жан дүниесіне қайғы-мұң ұялатады. Ақын өзінің «Менің елім Италия» (1949), «Өмір түс емес» (1947), «Күнен күнге» (1958), «Теңдесі жоқ жер» атты өлеңдерінде адамзаттың жауына қарсы күреске шақырады. 1959 жылы Квазимодо Нобель сыйлығының лауреаты атанады.
Луиджи Пиранделло (1867-1936) - Италияның ең атақты жазушыларының бірі, Сицилия аралының Агридженто деген жерінде дүниеге келген. Оның отбасы италия халқының бірігуі мен тәуелсіздік жолында күрескен. Әкесі күкірт кенінің қожайыны Стефано Пиранделло өз фирмасын ашып, ұлына инженерлік білім беруді армандайды. Бірақ Луиджи Рим университетінің гуманитарлық факультетіне оқуға түсіп, «Джирдженти провинциясының диалектері, ертегілер, халық әндері, айтыс» тақырыбына диссертация қорғап, өзінің филологиялық білімін Боннада аяқтайды.
Оның жазушы болуына италиялық веризмнің негізін қалаушы теоретик Луиджи Капуанның (1839-1915) жас әдебиетшілер үйірмесімен жақын араласуы әсер етеді. Веризм (шындық, шыншыл) – француз натурализмі ықпалымен пайда болған реализмнің италиялық нұсқасы. Веризм тұсында Пиранделлоның алғашқы новеллалары мен романдары жарыққа шығады («Шеттетілген» 1901). Бұл шығармада жазушы өмірдің шынайы келбетін, әдет-ғұрпын, қарапайым адамдардың тағдырын, өмірдің шынайы тұстарын шебер көрсетеді. Ол көзге көрінетін шынайы құбылыстарға сүйене отырып, тек айғақтармен шектеліп қалуға болмайды деп тұжырымдады. Италия және Еуропа әдебиетінің тарихына Пиранделло жаңашыл драматург, интеллектуалды философиялық-психологиялық театрды құрушы ретінде енеді.
Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдары Пиранделлоның «Басқаларға арналған құқық» (1915), «Джакомина, бұл жайлы ойланып көр!», «Лиола» (1916), «Қалай ойласаң солай болады» (1917), «Қызығушылық ойыны», «Бірақ бұл шындық қой» (1918), «Адам, жыртқыш және адамгершілік» (1919), «Бұрынғыдай, бірақ бұрынғыдан жақсырақ» (1920), «Генрих IY» (1922), «Әркім өзінше» (1924), «Бүгін біз айтысып жатырмыз» (1929) және т.б. пьесалары дүниеге келді. Пиранделлоның пьесалары тұлғаның жан-жақты идеялары мен өмірдің әр түрлі түсінігіне негізделген.
Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Италия әдебиетінде фашизмге қарсы күрескен Элио Витторини, Итало Кальвино, Карло Леви, Рената Вигано сынды жазушылардың шығармашылығы үлкен жетістікке жетіп, халыққа рух беріп, жүректеріне үміт отын ұялатады.