ХХ ғасырда Италия әдебиетінің жалпы жағдайы және ондағы пайда болған бағыттар.
Италия әдебиетінде футуризм бағытының дамуы және оны ұстанған жазушылар.
Веризм бағытын ұстанған жазушылар және олардың шығармашылығы.
1945-1990жылдардағы әдебиет. Неореализм бағыты.
Умберто Эконың шығармашылығы.
Испания әдебиеті Қайта өрлеу дәуірінде әлемге Сервантесті таныстырып, Гонгори, Кеведо, Кальдерон, Лопе де Вега шығармашылықтары арқылы ХҮІ-ХҮІІ ғасырдағы поэзия мен драматургияны дүниеге әкелген испан әдебиетінің гүлдену кезі келмеске кеткен. Дегенмен ХХ ғасыр басталысымен испан әдебиеті Еуропа әдебиетінде маңызды орынға ие болады. Оған елде болған маңызды оқиғалар да әсер етеді.
ХХ ғасырда Испания испан-америка соғысында жеңіліс тауып, өзінің отарлары мен бұрынғы күшінен айрылған болатын. Бұл оқиға 1898 жылы орын алғандықтан, «98 жылдың ұрпақтары» атанған жазушылар Мигель де Унамуно, Пио Барохи, Антонио Мачадо, Хуана Рамона Хименесо шығармашылықтары осы кезеңмен байланысты болады.
1898 жылдан кейін Испания экономикалық және саяси дағдарыс кезеңіне тап болады. Экономикалық тоқырау кезінде шаруалар мен жұмысшылар арасында толқулар басталып, бірқатар елдерде (Катамония, Баск елдері) ұлттық автономия үшін күрестер жүріп жатты. 1923 ж. Испаниядағы төңкерістен кейін Примо де Ривераның әскери-монархиялық диктатурасы орнады. Ол 1930 ж. дейін созылды. 1931 ж. монархия құлап, буржуазиялық республика орнайды. Осы жағдайда таптық қақтығыстар ұлғайып, ел ішіндегі фашизимге қарсы бағытталған, азаматтық ұлттық-революциялық соғысқа айналады. 1936-1939 жылдары болған азаматтық соғыс генерал Франконың фашистік диктатурасының орнауымен аяқталады.
Испан әдебиеті осында үлкен апаттар мен мәдениеттің жойылуы, интеллигенция мен еркін ойлаушылардың қудалануы кезінде өмір сүруін жалғастырады. Сол тұстағы әдебиет елдің тарихына қайта үңіліп, болашаққа деген сенім шырағын жағып, халықтың даналығы мен күш-қуатына деген сенімді күшейтумен болған.
ХХ ғасырдың алғашқы жартысында «98-ші жылдың ұрпағына» жататын жазушылардың шығармашылығы испан әдебиетінде белең алған ең маңызды құбылыс болады. Бұл жазушылар сыни реализм канондарына қатаң бағынатын, дәстүршіл аға буын өкілдеріне өздерін қарсы қойды. Олар шығарманың стилі арқылы автордың өзіндік ерекшеліктерін көрсетуге тырысады. Натуралистер өз кейіпкерлерінің бойындағы ата-бабаларынан алған қасиеттеріне үлкен мән берген болса, олар керісінше өз кейіпкерлерін қоршаған ортаның әсеріне берілмейтіндей етіп бейнелейді. Қарапайым адамдардың өмірін суреттеуде олар испандықтарға тән ержүректілікті ашып көрсетеді. Оларды ұлттық психологияның негізі қызықтырып, халық пен отан тақырыбы үлкен маңыздылыққа ие болады. Елде болып жатқан оқиғалар философиялық роман мен лирика жанрын ұстанған испандық жазушылардың шығармашылығында көрініс табады.
ХХ ғасырдың бірінші жартысында авангардтық ағым пайда болады. Алғашқылардың бірі «креасьонизм» (испанша crear - жасау) болған. «Креасьонизмнің» эстетикалық ұстанымдары мен оның артынша пайда болған «ультраизм» (латынша ultra – шегінне тыс, тысқары) француздық авангардтың, сюрреализмнің ықпалымен қалыптасады.
Уақыт өте «Креасьонизм», «ультраизммен» байланысы жоқ «таза» ақындар тобы құрылады. Оларды кейде «университеттік ақындар» немесе «академик ақындар» деп те атады. Олардың ішінде француз поэзиясын аударған әйгілі ақын, әрі филолог – Хорхе Гильенді ерекше атап өтсек болады. Оның метафорасы күрделілігі жағынан Гонгор поэзиясына ұқсас. Оның алғашқы өлеңдері 20-шы жылдары басылып шыға бастайды. Гильеннің испандық барокко поэзиясының дәстүріне сүйенуі 20-шы жылдардағы испан әдебиетіндегі неогонгоризмнің бір көрінісі болып табылады.
1930 жылдан бастап публицистика жанры, яғни памфлеттер, репортаж-романдар, хроникалар, үгіт пьесалары дами түседі. Оған мысал ретінде Сирвальдің «Құрылтай жиналыстың белгілері», Бенавидестің «Жерорта теңізінің соңғы теңіз қарақшысы», Альберти мен Эрнандестің пьесаларын келтіруге болады. Сондай-ақ, Асеведтің «Көртышқан», Галанның «Ұйымдастырылған жабайылық», Арондтың «Мінбе» сияқты әлеуметтік романдары жарық көре бастады. Мәдениет қайраткерлерінің бірігуінде 1936 жылы құрылған «Антифашисттік интеллигенция альянсі» маңызды рөл атқарады. Жас жазушылардың поэтикалық жинақтары шығарылады («Азаматтық соғыстың романсеросы», 1936).
Өнердің теоретигі ретінде эстетикалық ойлардың дамуына Мадридтағы философия кафедрасын бірнеше жыл басқарған ірі испан философы Ортега-и-Гасет өз үлесін қосады. Тарихи сана философиясы идеясын Ортега-и-Гасет өзінің әдебиет мәселесіне арналған еңбектерінде әрі қарай дамыта түседі. Оған « Дон Кихот» туралы ойлар» (1914), «Прусттың өнеріндегі түр, уақыт және кеңістік ұғымдары» (1924), «Өнердегі көзқарастар туралы» (1924), «Өнерді гуманизациясыздануы» (1925), «Көпшіліктің толқуы» (1928), «Роман жайлы ойлар» (1930) мысал бола алады. Ортегидің еңбектерінде қоғам жайлы әлеуметтік-мәдени анализ әдебиеттегі дамудың негізгі тенденцияларымен бірігеді. Ортеги-и-Гасетаның экзистенционализмі мен рациовитализмі сол дәуірдегі испандық жазушылардың дүниетанымы мен шығармашылығына ықпал етеді.
Испан әдебиетінде 40-жылдары диктаторлық режимге қарсы көңіл-күйлер «тремендизм» (исп. tremendo – қорқынышты, жаман) әдебиетінде көрініс табады. Философиядағы экзистенциализмнен негіз алған «тремендизм» әдеби ағым ретінде Камило Хосе Селаның (1916) шығармашылығында, әсіресе оның «Паскуале Дуартенің отбасы» (1942) мен «Ара ұясы» (1943) романдарында көрініс тапқан. Села фашизм кезіндегі адамдардың қорқыныш пен үрейге толы өмірін шынайы көрсете білген.
50 жылдары әдебиетке экзистенциализмді қабылдамайтын жазушылар келе бастайды. Олар өздерінің әдістерін «объективті және әлеуметтік реализм» деп біледі. Осы жылдары бұқара халық пен жекелеген адамдардың сана-сезімі оянып, олардың саяси белсенділіктері арта түседі. Жұмысшылар, студенттер, зиялылар түрлі әлеуметтік, діни, ұлттық сипаттағы режимге қарсы күрестер ұйымдастырады. Хуан Гойтисоло (1931) «Қолдың ептілігі» (1954) және «Жұмақтағы қайғы» (1955) романдарында өзін франкистік Испанияны әшкерелеп, кейін осы тақырыпты «Ерекше белгілер» (1966) романында жалғастырады.
Әлеуметтік қайшылықтар Мигель Делибесаның (1920) «Егеуқұрық» (1962), «Мариомен өткен бес сағат» (1966), «Әкелер соғысы» (1975), «Сеньер Кайно кімге дауыс бермек» (1979) атты шығармаларына да арқау болады. Делибестің кейіпкерлеріне өмірдегі қиындықтарды жеңуге көмектесетін қайратты мінез тән. Олар өмірді сүйеді. Басты кейіпкердің ішкі монологын баяндайтын «Мариомен өткен бес сағат» атты романында Делибес психологизм саласындағы өз шеберлігін көрсете білген.