131
Демек, семантика-грамматикалық ерекшеліктеріне байланысты
өздік етісті-ырықсыз етіске, ырықсыз етісті-өзгелік пен ортақ етістерге
қарама-қарсы қоямыз. Мысалы:
жуынды – жуылды, сүртінді –
сүртілді;
пісірілді
–
пісірткізді,
пісірісті;
шақырылды
–
шақыртқызды, шақырысты және т.б. Өзара іштей мағынасы мен
тұлғасы жағынан айырмашылықтары да бар етіс түрлері бір-бірімен
оппозиция негізінде жұп құрайтын етістіктің семантикалық
категориялары деп есептейміз.
Рай категориясы мәселесі көп қырлы күрделі тілдік құбылыс.
Райдың грамматикалық формасымен берілетін іс-қимыл реальді немесе
ирреальді болуы мүмкін. Қимылдың реальді / ирреальді оппозициясы –
бұл ашық райдың бұйрық, шартты және қалау райға қарама-
қарсылығы.
Ашық рай (АР) грамматикалық формаларының жалпы мағынасы
– қимылдың реальділігін (іске асатындығы) білдіру, ал бұйрық рай (БР)
мен шартты рай (ШР) грамматикалық формаларының жалпы
мағынасы – іс-әрекетке қозғау салу және іс-әрекеттің болу-болмауын
шамамен болжап көрсету [63;106].
Қазақ тіл білімінде А.Ысқақов амалдың (әрекеттің, қимылдың
т.б.) ақиқатқа қатысын білдіруіне қарай, етістік райлары іштей
сараланып, ашық (негізгі) райлар және неғайбыл (жәрдемші) райлар
деп аталатын екі салаға бөледі. Олардың негізгі сипаттары мен
айырмашылықтары мынадай: 1) Ашық (негізгі) райда арнаулы
грамматикалық көрсеткіштер болмайды, неғайбыл (жәрдемші)
райларда арнаулы қосымшалар болады. Арнаулы көрсеткіштері
болатыны және болмайтынына қарай, неғайбыл райлар мен ашық рай
бір-біріне қарама-қарсы қойылып қаралады. Демек, олар формалары
жағынан көрсеткішті және көрсеткішсіз райлар деп танылады да,
семантика-грамматика жағынан ашық (негізгі) рай амалдың (әрекеттің,
қимылдың) реальді екенін, ал неғайбыл (жәрдемші) райлар амалдың
реальді емес екенін білдірулеріне орай бір-біріне қарсылас
категориялар деп танылады. 2) Ашық рай амалды реальді етіп
көрсететіндіктен, мезгіл ұғымымен - өткен, қазіргі және келер
шақтармен байланысты болады да, сөйлеу тілінде сол шақ формалары
арқылы көрінеді. Ал неғайбыл райлар амалдың реальді емес (нареальді)
екенін, яғни амалдың негативті сипатын білдіріп, олардың
бұйыру,
қалау, шарт ету, қажет санау, ләзім көру тәрізді модальдік реңктер
түрінде атайды да, тек келешекке мегзегені ғана болмаса, шақ
категориясына тікелей қатыспайды [3;312-313].
Достарыңызбен бөлісу: