Бақылау сұрақтары:
1. «Шешендік сөздер – қазақ ауыз әдебиетінің зерттелу жағынан тың саласы» деген түсінік туралы өз ойыңызды айтыңыз.
2. Халықтың шешендік дәстүрінің аңыз-әңгімелердегі көрінісін қалай дәлелдей аласыздар.
Әдебиеттер:
Г.Қосымова. Қазақ шешендік өнерінің негіздері. Білім баспасы, 2003ж.
Тіл мәдениеті. Шешендік өнер: Оқулық / Б.Қ.Қапасова.-Алматы, 2014-224б.
№11 практика тақырыбы: Шешендік өнердің ауыз әдебиеті үлгүгілеріндегі көрінісі.
Қарастырылатын мәселелер:
1. Шешендік сөздер — қазақ ауыз әдебиетінің зерттелу жағынан тың саласы.
2. Халықтың шешендік дәстүрінің аңыз-әңгімелердегі көрінісі.
Әдістемелік нұсқау Әр халықтың бір-біріне ұқсамайтын этномәдениеті, ғасырлар бойы қалыптасқан халықтық педагогикасы, озық дәстүрі болады. Халық педагогикасында жинақталған бай қазынамыз - балалар әдебиеті, ертегілер, батырлар жыры, жұмбақтар, жаңылтпаштар, аңыздар, мақал-мәтелдер, шешендік сөздер, әдет - ғұрыптар, салт дәстүрлер. Соның бірі шешендік өнер — халықтың ғасырлар бойы жинақтаған ұрпақ тәрбиесі жөніндегі ой-пікір, білім тәжірибелер жиынтығы.
№12 тақырыбы: Шешендік сөздердің тегі мен түрі, мазмұны мен құрылысы
Мақсаты: Шешендік сөздердің тегі мен түрі, мазмұны мен құрылысы жайлы мәлімет беру
Жоспар:
Шешендік сөздердің тегі мен түрі
Шешендік сөздердің мазмұны мен құрылысы
Кілт сөздер: тек, түр, мазмұн, құрылыс, шешендік сөз нұсқалары, дау, толғау, сұрыпталған, арнау, өлең-жыр.
Шешендiк сөздердiң тегi мен түрiн айқындауға А. Байтұрсынов классификациясының маңызы сол, тыңнан түрен тартып, жол салғандығында. Академик З. Қабдоловтың Эллада дәуiрiндегi Аристотельдiң ”Поэтикасының” маңызы қаншалықты болды десек, қазақ топырағырдағы Ахаңның ”Әдебиеттанытқышының” маңызын да соған теңгере айтқан бағасының практикалық мәнi әдебиет теориясын қазақ топырағына алғаш рет жерсiндiруi едi. Ал бұл академиялық байламның тiкелей А. Байтұрсынов түрлеген шешендiк сөздерге де қатысы бар.
Жаңа методологиямен қаруланған әдебиеттану ғылымының тың конценциялар, ғылыми болжаулар ұсынуы – заңдылық. Сонымен қатар бұл құбылыс оның өсiп-өркендеуiнiң жемiсiн, диалектикалық даму потенциялын да аңғартады. Жалпы, әдеби дамудың мәнi де сол болса керек.
Ғылыми айналымдағы ғылыми-сыни, әдеби-теориялық зерттеушiлiк ой пiкiрге үзiлдi-кесiлдi қаулы шығарып, оны өзге арнаға бұрып жiберу, өзекке тебу ғылыми этикаға жат болса да ақиқат үшiн кей тұста көңiл төрiндегi салиқалы ойларымызды жарыққа шығарғанымыз абзал.
Бұл тұрғыдан келгенде бiз жоғарыда айтқанымыздай шешендiк сөздердiң табиғатын танудағы негiзгi доминат қағытпа сөз(реплика) және соның диалог, монолог сияқты түрлерi екенiн қайталап айтамыз. Шешендiк сөздердегi негiзгi ой қазығы – күтпеген тапқырлықтың, оқыс уәждiң айналасына байлануы шарт. Сонда ғана ол тыңдаушының жүрегiн тебiрентiп, билiк шешiмiнiң әдiлдiгiне риясыз сендiредi.
Мәселен, қазақ елiне келген бiр елдiң елшiсiн бiреулер өлтiрейiк деп, екiншi жақ өлтiрмеймiз деп, үлкен дау-дамай болыпты. Сонда осы мәселенi ақылдасып шешу үшiн Ұлы жүзден Төле би, орта жүзден Қазыбек би, кiшi жүзден Әйтеке би бас қосып, бiр төбеге шығып отырса, алдарындағы көлге бiр топ қаз келiп қоныпты.
Мұндай би атағын алу үшiн би болам деген қазақ өзiнiң заң iсiне жетiкiгi және шешендiк қабiлетi бар екендiгiн халық алдында сан рет көрсетуге тиiс болған. Ондай адамдардың атағы бүкiл қазақ даласына тез жайылып, олардың аты жұрттың бәрiне мәлiм болып отырған. Сонымен бұл би деген атақ келiп билiк айтуға және төрелiк сөз сөйлеуге патент сияқты нәрсеге айналған,” – деуi аталмыш өнер тегiнiң мейiлiнше қиын, күрделi екендiгiн андатады /70:56/. Сонымен қатар Ш. Уәлиханов пiкiрiнiң тағы бiр құнды жағы ел аузына жүрген шешендiк сөз үлгiлерiнiң әртүрлi дау-шарда билер аузынан шығуына байланысты аталмыш сөз үлгiлерiн билiк сөзбен қатысты анықтауымызға ой салатындығында. Қазақта ”Ердiң құнын екi ауыз сөзбен шешкен” деген нақыл бар. Бұл сөз бiлмеуден, сөйлей бiлмеуден туған нәрсе емес. Қайта аз сөзге көп мағына сыйғызған, ойға орын мол қалдырған ұлттық таланттын бiр қыры. Осыған орай қазақ халқы бiр ауыз сөзге тоқталған бiтiмге келген, яғни басқаша толғасақ ұлттық менталитеттiң бiр көрнiсi.
Фольклортанушы - ғалым Ә.Қоңыратбаев шешендік сөздерді заңдық, нақылдық, философиялық, сатиралық деп жіктесе, Б.Адамбаев шешендік арнау, шешендік толғау, шешендік дау деп жіктеген.
Шешендік арнау
Қазақта қазалы боп көңіліне қаяу түскенге көңіл айту, дертті болғанның көңілін сұрау, аты шығып таныла бастаған жасқа бата беру, бәйге атына, шұрайлы қоныс, шалқар көлге сын айту– асыл дәстүр. Аузы дуалы адамдардың дәл осындай өмірлік ситуацияларға байланысты айтқан сын, сәлем, әзіл, бата сөздері ұрпақтан-ұрпаққа ауысып біздің заманымызға жеткен. Мұндай сөздерді шешендік арнау деп атайды. Шешендік арнаулар - имандылық пен ар-намысты сақтауды өмірлік қағидаға айналдырып, аталы сөзге уәж айтпаған дала перзенттерінің кісілігін паш ететін мұра. Қазақ үшін арттағыға айта жүрерлік өнегелі сөз қалдыру жігіттің жігіттігін танытар қасиеттердің бірегейінен саналған. Сөз қадірін өз қадіріндей көрген қазақ үшін орынды сөйлеу, қысылтаяңда сөз тауып, ұтымды жауап қайтару үлкен сын.
«Уәли төре науқастанып жатқанда Байдалы би былай деп көңіл сұраған екен:
- Ауру көңілін кім ашар?
Хал сұраған теңі ашар.
Ер жігіт көңілін кім ашар?
Көркем, сұлу, сүмбіл шаш,
Қара көзді, имек қас
Жарқырап тұрған жар ашар,
Баланың көңілін кім ашар?
Алдындағы қаттасы,
Артындағы панасы,
Ата менен ана ашар,
Аттың көңілін кім ашар?
Күніне жеті қараған,
Жал-құйрығын тараған,
Баптап мінген ер ашар.
Жақсылық пен жамандық,
Бәрі хақтан болған соң,
Шүкірлік қылған жарасар.
Сонда Уәли төре басын көтеріп, Байдалы бимен амандық-саулық сұрасыпты» (4, 18б).
Қазақтардың дүниетанымында сөз құдіреті ерекше. Халық «жақсы сөз – жарым ырыс» деп алғыс пен оң батаның адамның ісінің оңғарылуына, жолының болуына тікелей қатысты санаған. Жас балаға, келінге, жорыққа аттанып бара жатқан ерлерге, дастарханға т.б. арнайы бата берілген. Қазақта даналық пен ділмарлықтың тоғысуынан туған небір бата сөздер бар. Солардың бірі Жетес бидің Төледен бата алуы жайында.
«Тоғыз жасар Жетес тоқсандағы Төле биге сәлем бере барыпты: сонда Төле би былай деген екекн:
- Бата басқа, қына тасқа, ақыл жасқа, не қалайсың балам? – депті.
Сонда Жетес бала:
- О, қасиетті баба! Ат берсеңіз өліп қалады, тон берсеңіз тозып қалады. Ат, тонға бергізіс өлмейтін, өшпейтін, өмірі естен кетпейтін бір өсиет айтсаңыз соған ризамын, - депті.
- Онда қолыңды жай, балам, - деген Төле би:
- Бір үйдің баласы болма,
Көп үйдің санасы бол!
Бір елдің атасы болма,
Бар елдің данасы бол!
Бір тонның жағасы болма,
Көп қолдың ағасы бол!
Ақты ақ деп бағала,
Қараны қара деп қарала.
Өзегің талса, өзен бойын жағала,
Басыңа іс түссе көпшілікті сағала,
Өзіңе-өзің кәміл бол,
Халқыңа әділ бол,
Жауыңа қатал бол,
Досыңа адал бол! – депті».
Шешендік толғау сөздер
«Шешендік арнау сөздер адамдар арасындағы қарым-қатынас пен көңіл-күйін бейнелесе, шешендік толғау халықтың табиғат құбылыстары мен өмір өзгешеліктеріне өзіндік көзқарасын көрсетеді. Көп жасағаннан көрген-білгендерін қорытып, келесі ұрпаққа айтар аманат-ақылын, өсиет-насихатын баяндайды». Шешендік толғаудың бір түрі – шешендік жұмбақ, ол адамның ақылы мен ой қарымын байқау үшін айтылады.
«Төле би тоқсан жасқа келгенде Қаз дауысты Қазыбек сәлем бере барыпты. Елдің жақсылары, шешендер, ойшылдары жиналып, әңгіме-дүкен құрып отырғанында:
- Қаз дауысты Қазыбегім келді. Бәрің түгел жиналыңдар. Сендерге айтар он түрлі жұмбағым бар, соны шешіңдер, - депті Төле би.
- Айтыңыз, айтыңыз?
- Айтсам, он түрлі жұмбағым мынау: бір, екі, үш, төрт, бес, алты, жеті, сегіз, тоғыз, он.
Отырғандар таң-тамаша болады.
- Бұл не деген жұмбақ? Осындай да жұмбақ бола ма?
- Төке, бұл жұмбақты мен шешейін, рұқсат етіңіз? - дейді Қаз дауысты Қазыбек.
- Рұқсат, рұқсат.
- Бір дегеніміз – бірлігі кеткен ел жаман.
- Екі дегеніміз – егесіп өткен ер жаман.
- Үш дегеніміз – үш бұтақты шідеріден шошынған ат жаман.
- Төрт дегеніміз – төсектен безген жас жаман.
- Бес дегеніміз – белсеніп шапқан жау жаман.
- Алты дегеніміз – асқынып кеткен дерт жаман.
- Жеті дегеніміз – жас келіншек жесір қалса, сол жаман.
- Сегіз дегеніміз – серпілмеген қайғы жаман.
- Тоғыз дегеніміз – тоқалы той, топырақты өлімде бас көрсетпесе, сол жаман.
- Он дегеніміз – оңалмас кәрілікке дауа болмас деген, - дейді Қаз дауысты Қазыбек.
- Рахмет, дәл тауып шештің. Ойы да, тілі де жүйрік тұлпарым, - деп Төбе би Қазыбекке разы болыпты» (3, 27б.)
Шешендік толғау - көпті көрген көсемдіктің, аузымен құс тістеген жүйріктіктің, ақыл дариясының тереңінде тұнып жатқан ерекше ойлылықтың белгісі.
Шешендік дау
«Шешендік дау - қазақ қауымының заттық және құқықтық даулы мәселелерді шешетін ежелгі әдет заңынан елес береді. Шешендік дауды мазмұнына қарай шартты түрде жер дауы, жесір дауы, құн дауы, мал дауы және ар дауы деп беске бөлуге болады».
Түрмесі мен соты жоқ қазақ халқы үшін би – шешендер ар-намыстың, әділеттіліктің кепілі, адамдар арасындағы құқықтық қатынастардың қатал сақшысы болған. Ел мен ердің тағдырын екі ауыз сөзбен шешетін би – шешендерді дала демократиясы туғызған. Олар ел мен елдің, ру мен рудың, ер мен ердің арасындағы түрлі мәселелерді реттестіріп, ел бүтіндігін сақтаған. Осындай бір даулы мәселе Кіші жүз бен Орта жүздің арасында өтіпті.
«Ел арасы даулы болып, Кіші жүздің бір топ кісісі Орта жүздің жылқысын барымталап бара жатқанда жай түсіп, бір адам өледі. Кіші жүз Сылдыр көмей темір жақ шешенді бас қылып, Орта жүзден құн сұрай келеді.
«Құнды қылышпен алмас, қисынмен алар» деп Орта жүз дауға Айыр көмей сүйір жақты шығарады. Сонда талапкерлердің алдынан шығып, Айыр көмей сүйір жақ: «Қара жамылып, қаралы ту тігіп, қалың қол келетін менде нең бар, ағайын?» - дейді. Сонда Сылдыр көмей темір жақ шығып:
- Кеден, кеден болды,
Кедергі неден болды?
Ебелең елден болды,
Жобалаң жолдан болды.
Жерің ала болды,
Бұлтың шала болды.
Біздің елде жай түгіл жауын жоқ,
Бұл өлім сенен болмай неден болды?
дейді. Сонда Айыр көмей сүйір жақ тұрып:
- Аймен амалдас емеспін,
Күнмен күмәндас емеспін.
Жермен жерлес емеспін.
Бұлтпен бұландас емеспін.
«Ат» деп мылтық бергенім жоқ,
«Шап» деп қылыш бергенім жоқ,
Отын қойып бергенім жоқ,
Оғын жонып бергенім жоқ.
Өзіңнен маған құдайдың бір атасын жақын қыл да, менен адамыңның құнын ал, ағайын! – дейді.
Сылдыр көмей темір жақ Айыр көмей сүйір жақтың сөзінен тосылып, Кіші жүз айыпқа өздері тоғыз төлеп, еліне қайтқан екен. «Кеден, кеден болды, кедергі неден болды?» - деген сөз содан қалған екен".
Шешендік сөздердің құрылысы
Ғасырлар бойы жинақталған, сұрыпталған шешендік сөз нұсқаларынан халықтың тіл байлығын, ақыл-ой қорын және шебер сөйлеу мәнерін үйреніп, үлгі алуға болады. Шешендік сөздер екі компоненттен тұрады: түсінік сөз және шешендік сөз. Түсінік сөз шешендік сөзге кіріспе іспетті қызмет атқарады. Шешендік сөздің қандай оқиға, жағдайға байланысты туғандығы және кім айтқандығы жайлы баяндайды. Түсінік сөз айтылмыш шешендік сөздің мәнін түсінуге жәрдемдеседі. Түсінік сөздің көркем болуы шарт емес, тек ықшамды, әрі түсінікті болуы шарт. Шешендік сөз құрамының бұл бөлімін айтушы өзінің мүддесі мен мақсатына қарай өзгертіп, уақиғаларын алмастырып, кейіпкерлерін ауыстырып жіберуге мүмкіндігі бар.
Шешендік сөз түсініктен кейін айтылады. Шешендік сөздің тілі көркем, уақиғасы тартымды болумен бірге сөздері сұрыпталған, сөйлемдері қалыптасқан. Көп өзгеріске түспейді.
Шешендік сөздерді Б.Адамбаев құрылысына қарай термелі сөз, пернелі болып екіге бөлген. Құрылысы өлең-жырға ұқсас шешендік сөздер термелі сөз деп аталады. Шешендік терме үшін буын-бунақ саны біркелкі болуы шарт емес. Шешендік терме әуенге, әнге қосып айтуға келмейді. Шабытпен шапшаң жауаптасуға, ауызекі сөйлесуге оңтайлы.
Қара сөзбен айтылатын шешендік сөздерді пернелі сөз дейміз. Шешендік пернелі сөздердің ерекшелігі сөздері көркем, сөйлемдері ықшам, бір-бірімен көлемі жағынан қарайлас келеді. Сабақтас сөйлемдер сияқты ой, уақиға желісі бірінен-бірі туындап, жалғасып жатады. «Ағайын бар болсаң көре алмайды, жоқ болсаң бөліп бере алмайды. Жақсы болсаң күндейді, жаман болсаң жүндейді. Қайын жұртың қолының ұзынына қарайды, жағаңның қызылына қарайды, берсең жағасың, бермесең жамансың», - деген шешендік сөздер пернелі сөздің үлгісі бола алады.
Достарыңызбен бөлісу: |