215
Қызыл жебе
Қияқ мұртты адвокаттың аузынан Рысқұл «Қызыл Жебе» деген
сөзді естіп селк ете қалды. «Мынау бүлдірер ме екен?
Қызыл
Жебенің аруағын неге қозғады? Иә, Қамбар ата, иә, қылқұйрық
біткеннің төресі, кеш мені! Сенің қаның менің мойнымда емес.
Кеш, жануар! Мен алданған адаммын. Мен де залымдықтың
құрбанымын. Кеш, қанатты жаралған қайран дүлдүл!».
Боташ Шоқұлының сөзін прокурор қайта-қайта бөле берді.
Орнынан шошаң-шошаң тұра берді. Судья оны тәртіпке шақырып,
кішкентай балғамен қоңырауды қайта-қайта қаңғырлатты.
Бұл қиян-кескі үздіксіз шайқастың бір көрінісі еді.
Ақыры судья өзінің жолдастарымен бірге басқа бөлмеге
шығып кетті. Көпке дейін оралмады.
Уақыт осындайда өзінің құдіретін танытады. Түрмедегі әр күні
Рысқұлға бір жылдай көрінсе, қазір әр минут бір күндей созылып,
сірә өтпей қойды. Бұрын қанша сабыр сақтаса да, тағдыры бір
тал қылға ілініп тұрған мына шақта, батырдан да дегбір кетті.
«Иә, тірі жетімдердің көз жасы, қолдай гөр», – деген. Тұрар мен
Түйметайы дүниенің бәрін көлегейлеп, көз алдында тұрып алды.
Судья жолдастарымен бірге залға қайта оралған кезде құлаққа
ұрған танадай тыныштықтан
шыбынның ызыңы ғана естіліп
тұрды. Тіпті шыбындаған ешкінің құйрығындай тыныш таппай
отырған прокурордың өзі де қалшиып қалды. Судья жұрт отырар-
отырмастан үкімді жариялады.
– Он жыл каторга!
Прокурор бүйі тигендей ұшып тұрды.
Қуанғаннан адвокат та атып тұрды.
– Қалайша, – деп шар етті прокурор.
– Прокурор мырза, соттың үкімі жарияланып қойды. Енді
оны өзгерту тек Түркістан генерал-губернаторының құдіретінде
ғана. Сотталушы Рысқұл Жылқайдаровқа соңғы сөз,
қандай
тілек-арызы бар?
Рысқұл сөз бастамас бұрын қос иығын қомдап алды. Қасқабас
судьяға ғана қарап тұрып:
– Ей, сот! Мен қатырғыға қатын, бала-шағамды бірге ала
кетемін. Оған қалай қарайсың? – деді.