209
Қызыл жебе
Рысқұл орнынан ыңырана тұрып, иығына шекпенін ілді, ескі
киіз қалпағын қолына алды. Бұрылып Бронниковқа қарап еді,
ол Рысқұлдың кетіп бара жатқанына қыбы қанғандай сыңай
танытып, зәрлі мысқылмен мырс етіп қала берді. Надзиратель
бұл кейпін аңғармай қалған жоқ. «Ә, бәлемдер, ырылдасып
жатырсыңдар ғой»,– деді ішінен.
Рысқұлдың аяғына табалдырықтан шыға бере кісен салды.
Бір тұтам ғана ұзындығы бар кісеннен адымы жазылмай, Рысқұл
кібіртіктеп барып сүрініп кетті де, қайта көтеріліп, еңсесін
көтеріп, бойын тік ұстап жан-жағына тәкаппарлана қарап,
қыбыр-қыбыр адыммен кете барды. Айдауылдың біреуі алдына,
екіншісі артына түсіп келе жатты.
Үш қабат есіктен өтіп, аулаға шыға келгенде Рысқұл көзін
қолымен көлегейлеп қалды. Күн жарқырап тұр екен, көзі қарықты.
Жарыққа бірте-бірте үйренген соң, аула түбіндегі атқора жаққа
қарап еді, Тұрар жалғыз дөңгелекті зембілмен жас тезекті сыртқа
алып шығып келе жатыр екен. Ауладағы ірің көз надзиратель
оның алдын кес-кестеп тұра қалды.
Тұтқынды қақпадан айдап шығар кезде, аулада артық жүріс
болмасқа керек.
Әкесі сыртқы қақпаға жақындаған кезде Тұрар шыдай алмай:
– Көке! – деп айқайлап жіберді.
Рысқұлдың тұла бойы дір-р ете қалды, бірақ қайырылған жоқ,
кісенін салдыратқан күйі қақпадан шыға берді.
Қақпаның сыртында трашпенке тұр екен. Тұтқын мен екі
айдауыл көлікке отырған соң, жарау қос ат көшені қоңыраулатып,
ілезде Старокладбищенская көшесіне түсіп, округтік соттың
үйіне қарай зымырай жөнелді.
Көшедегі адамдар қоңыраулы трашпеңкені әуелі салтанатпен
әкім келе жатыр екен деп қалады да, кісендеулі аяғы салбырап
отырған киіз қалпақты қазақты, алды-артына мылтық ұстаған
айдауылдарды көріп, бірі таңырқап, бірі үрке қарап, бірі тез-тез
шоқынып қала береді. Әлдекімдер басынан мыжырайған кепкесін
алып, бас игендей болды. Әлде әкім дей ме, әлде тұтқынға оң
сапар тілей ме, белгісіз.
Достарыңызбен бөлісу: