Қызыл жебе
бе, әйтеуір әлгі солған қарасора, өзгенің назарын аудармаса да,
бұған бір түрлі ыстық көрінеді. Мүмкін, қарасора оған өзінің
қырық құрақ құрым киіз үйін еске салған шығар. Қашып арасына
кіріп кетсе таптырмайтын Ақсу-Жабағылының қара орманын
елестете ме екен.
Әттең, Ақсу-Жабағылының тасына табаны бір тисе, мұз
жастанып, қар төсенген арқарлармен ауылдас болып, мына
қысастығы қыруар, қулық-сұмдығы, кесір-кесапаты күллі
әлемнің күлін суырар сұмдық дүниесін талақ етіп тастап кетер
еді.
Жоқ, одан бұрын ол Саймасай мырзаға барып сәлемдесер.
Өйтпесе, өмір бойы өтелмес, жоқ, екі дүниеде де кешірілмес
қарыз мойнын қыл арқандай қылқындырар. Өз басының жәбір
көргендігі үшін ғана емес. Бой-бой! Әсте олай емес. Әділет деген
атаңа нәлеттің қасқыр талап кеткен иттей қаңсылап қалғаны үшін.
Қылмысты Саймасайлар істейді, жазасын Рысқұлдар тартады.
– Сонда бұл қалай, мырзам? – деп бір ғана сауал беру үшін.
Мына түрмеге келіп түскен түннен бері ойынан кетпей қойған
сұрақ бұл. Саймасайға барып бір сәлем беру, бір сауал қою енді
бүкіл қалған ғұмырының ең кіндік мақсатына айналған. Құрым
үйде қалған қатынын сағынып бара жатқан жоқ. Он жасар тірі
жетім Тұрарды аяйды, әрине. Оған да қарайламас. Көп болса,
маңдайынан бір иіскеп, басынан бір сипар. Содан кейін...
Қарасораға қарай береді. Арасынан тас шегіртке шықылдайды.
«Сорыңды ұрайын, – дейді Рысқұл шегірткеге. – Түрменің
ауласына сені біреу әкеп қамаған жоқ қой. Неге кетпейсің
құдайдың даласына».
Тас шегірткеге, шекшекке ұрсып қойып Рысқұл ауыздығын
сыңар езулеген қарашыл жылқы дайын шаң басқан қурайға қарай
қиялап кете береді. Айдауыл сонысынан секем алғандай:
– Көзіңе қара, тура жүр! – деп арс ете қалды.
Рысқұл ілдәбайлап соғыла салған дәретхананың дуал жақ
қабырғасын қиратып қашып кетуді де бір ойлады. Бірақ мылтығын
шошайтқан қарауыл қалт қарап, кірпік қақпай тұрады.
Сонысына ыза болған тұтқын кейде айдауылдың титығына
тиіп, «патшалар жаяу баратын» жерден шықпай отырып алады.
58
Қызыл жебе
Айдауыл аяғы талғанша қаққан қазықтай қозғалмай тұрады,
ақыры шыдамы таусылған соң ұятты былай жиып қойып,
сықырлауық есіктің саңылауынан сығалап:
– Өліп қалдың ба? Әлде шұқырға құлап кеттің бе? Шық уақыт
бітті алдақашан! – деп ақырады.
– Е, алла, мұндайды көрсеткеніңе де шүкір, – дейді тұтқын
айдауылдың жынын қоздыра түсіп. – Мына менен гөрі сен
сорлының көрген күнің де, адам басына бермей-ақ қоятын
тіршілік-ау, – деп қояды айдауылға.
Бір күні кешкі дәреттен қайтып келе жатып, қарауытқан
қаудың қасынан өте бергенде, әдетінше жолдан шығыңқырап,
қияс басқанда оң аяғының тұмсығы әлденеге тірелгендей болды.
Еңкейіп қарамай, тек көзінің қиығын салып еді, үшкір бірдеңенің
ұшы қылтиып жатыр екен. Тоқтамай, сыр бермей өтіп кетті.
Келесі күні таңертеңгі дәретке бара жатып, кешегі қылтиғанды
сол аяғының тұмсығымен тағы бір түртіп өтті. Жерге кіріп
жатқан темір екен. Қайтар жолда тағы бір түртіп өтті. Істік темір
босаңқырап қалды.
Сәл еңкейсе қолмен суырып-ақ алатын нәрсе. Амал нешік,
еңкеюге жол жоқ. Еңкеймек тұрғай, сәл бұрылсаң айдауыл
секем алып қалады. Еңгезердей шомбал палуан жалт беріп, бір
ұрып құлатып, құтылып кете ме деп қорқатын да шығар, әйтеуір
Рысқұлдың әрбір адымы аңдулы.
«Батыр – бір оқтық» деген осы. Әйтпесе мына жапырағы
түскен сасыр сояудай немені бір сүйкеуден қалдырмай, қашып
кетер еді... Сидиған қурайдай болса да айдауылдың мылтығы бар
да, амал жоқ.
Әйтеуір әлгі темірді тағы бір түртіп босатып кеткеніне де көңіл
тоқ. Тіршілік болса ертең тағы күн бар, үміт алда. Тұтқынның
тұтқасы – үміт. Үміт үзілген күні тұтқын – шын тұтқын. Ал
Рысқұлдың бүткіл өмірі жақсылықты алдан күтумен өтулі.
Түнімен есінен сол бір істік темір кетпей қойған. Жер бетіне
шығып жатқаны, шамасы, сынық сүйем құралпы. Былқылдап
қалғанына қарағанда, жасырынып жатқаны және бір сынық
сүйем бар шығар.
|