62
Қызыл жебе
... Бұл бір мұңды ертекті Рысқұл ертеде, бала күнінде естіген.
Қазір сол бейшара перизаттың халі өз басына түсіп тұрғанына таң
қалды. Сол аяғын сүйрете басқан сайын істік темір бармағының
қалың етіне қадала түсті...
Қайтар жолда айдауыл Рысқұлдың ізінде баттиып-баттиып
қара дақ қалып бара жатқанын байқап:
– Ей, тоқта! Аяғыңа не болды? – деді.
– Әжетхана тақтайының жаңқасы жырып кетті. Түк те етпейді,
– деп Рысқұл елемеген болды. «Бойымды тінтіп, ышқырдағы
темірді біліп қояр ма екен», – деп іштей қыпылдап та тұр. Бірақ
оның жүзінен айдауыл секем алар ештеңе аңғарған жоқ.
Айдауыл сеніп қалған сияқты. Ал сенбесе ше? Бассалып
тінтсе ғой, ышқырындағы сабы жоқ, тот басқан пышақты тауып
алады...
Артындағы ақырған
айдауылға бұрылып қарағанда, өзінің
қанды ізіне көзі түсті. Дәл осындай, сорғалаған қан ізін ол бұрын
қайдан көріп еді? Тау-Шелектен бе еді, Тау-Түргеннен бе еді?
Әлде Талғардың арғы беті ме еді?
Таңның
арайы ажарланып, жаңа күннің шырайы кіре
бастаған екен. Ұйқысы шала, көзі кіртиген айдауыл мылтықтың
ұштығымен екі жауырынның ортасынан нұқып қалып:
– Бас аяғыңды! – деді.
Рысқұл қысқа да болса қатерлі жолда келе жатып,
қайдағы
бір сорғалаған қанның ізін бұрын қайдан көргенін есіне түсіре
алмай, әлек болып өзінің қазіргі халін ұмытып кеткеніне ренжіді.
Әрине, жылдам басу керек, бір шиі шығып қалмай тұрғанда
тезірек абақтының ішіне кіру керек.
Рысқұл әйгілі аңшының
жылдамдығымен озып кетіп еді,
айдауыл:
– Ей, жайырақ! – деп қорқып қалды.
Бұйрықтың аты – бұйрық. Айтылды – орындау керек. Ол
жүрісін бәсеңдетті. Айдауылға таңғы таза ауа ұнады білем,
басына бір шалдуар ой шап етіп түсе кетті. Түрменің шұлғау
сасыған тымырсығынан о да азар.
Асылы, тұтқыннан гөрі қарауылдың халі мүшкіл сияқты. Ол
екі жағынан қамаулы. Бірі – тәннің қамалуы.
Тұтқын отырған