Есте сақтауды қалай дамытады.
Адамның 20 жастар шамасында таза механикалық есте сақтау қабілеті тез әлсірейді. Адам неғұрлым көп білсе, оның алдағы уақытта есте сақтауы да оңай болады. Кез келген нәрсе қайталауды қажет етеді. «Повторение – мать учения» деген орыс халқының мәтелі де осы ойға негіз болып тұр.
Есте сақтау – адам миының қызметі, ол психикалық процесс. Білім алуда, ой еңбегімен айналысуда есте сақтау процессі өте маңызды орын алады.
Ой еңбегімен айналысқанда есте сақтауды белсендендірудің мынандай тәсілдері бар:
- оқыған материалды не үшін есте сақтау қажеттігін түсіну;
- кейбір ақпараттардың ұзақ мерзімге есте сақтау қажеттілігін анықтау;
- оқыған материалды түсіну – оны есте сақтаудың және қайта жаңғыртып айта алудың кепілі;
- оқу материалын тек оқып қана қоймай, түртіп жазып отыру;
- мәтінді мағынасына қарай бөліктерге ажыратып, әр бөліктегі түйін сөз тіркестерін, тірек сөздерді анықтап алу;
- ойша оқығанды көз алдына елестетіп, мәтінді баяндап беру жоспарын құру.
Егер адам түсінбей оқыса, ондай нәрсе есте сақталмайды. Ұғынықсыз нәрсені есте сақтаудың мүлде қажеті жоқ. Осындай қарапайым тәсілдерді қолдана отырып адам есте сақтау қабілетін дамытуына болады. Кейбір студенттер материалды шала түсініп жаттап алғанды дұрыс көреді. Бірақ ондай жаттанды білім санасында ұзақ сақталмайды. Мысалы, емтихан тапсырып болғаннан кейін жатталған ақпараттар студенттердің естерінен шығып кететіні де осы себептен.
Студенттердің оқу еңбектерінің нәтижелерін кредиттік оқыту жүйесі бойынша бақылау түрлері.Жалпы білім беретін орта мектеп пен жоғары оқу орындарының оқу жұмыстары түрлерінде айырмашылықтар өте көп. Қазіргі барлық жоғары оқу орындарында оқыту жүйесі кредиттік технологияға негізделген. Сондықтан бірінші курс студенттері осы оқыту жүйесінің ерекшеліктерімен таныс болғаны абзал. Оқу еңбегіне байланысты кредиттік жүйеде студенттердің өздігінен білім алуға көп көңіл бөлінеді. Сонымен қатар білімді бақылау, бағалау түрлері де ерекше.
Кредиттік оқыту жүйесінде студенттердің білімдері мен дағдыларын бақылаудың ағымдық, аралық, қорытынды түрлері маңызды орын алады. Білімді бақылау және бағалау баллдық-рейтингтік жүйе бойынша іске асырылады.